1.3.3 Фитофорлық аттар Фитоним – кез келген өсімдікке берілген атау [Н.В.Подольская, 1988;143- б], мысалы раушан гүлі, ал кез келген өсімдік атауынан жасалған ЖқЕ-дер ономастикада фитофорлық аттар деген атауға ие [Н.В.Подольская, 1988;144-б]. Өсімдік дүниесінің адам өмірінде, оның күнделікті тұрмыс тіршілігінде атқаратын жүгі, рөлі жоғары. Өсімдік атауларын тілдік (лингвистикалық) тұрғыдан талдау, лексика-семанталық құрамын анықтап, морфологиялық құрылысын айқындап, олардың шығу тегін, түп-төркінін (этимология), стильдік жағынан қарастыруды мақсат етіп қойдық. Себебі онсыз сатира мен юморда қолданылған аттардың уәжделуін, қолданысын анықтау қиынға соғады. Фитонимдерді топ-топқа жіктеудің түрлі принциптері бар. Өсімдіктің өзі табиғатта үш топқа бөлінеді: ағаш, бұтақ, шөп. Қазақ тіліндегі өсімдік атауларын жинап, жан-жақты тілдік талдау жасаған проф. Б.Қалиев оларды өсетін жеріне, шаруашылық маңызына қарай және ботаникалық т.б. жағынан да бөлуге болатынын айтады. Біздің зертеуімізде гүл, жапырақ, тамыр, бүршік т.б. атаулардың қатысымен жасалған аттар кездесті. Өсімдіктердің сыртқы түрі мен жуан-жіңішкелігіне, қатты-жұмсақтығына қарай ғалым Ш. Сейітова оларды төрт топқа бөлген екен. Біздің мақсатымыз лингвистикалық тұрғыдан зерттеу болғандықтан, фитофорлық кейіпкер аттарын алдымен ботаникалық тұрғыдан 6 топқа бөліп қарастырдық.
Ағаш:Ағаш+бай, Сандал+бай, Тас+емен+ов, Шыбық, Зәйтүн. Бұтақ: Бұта+ғали, Жапақ, Қияқ Қамыс+ов, Қамыс+бай, Қурай, Шілік, Ши+гүл, Ши+бұт, Ши+борбай, Борықбаева. Шөп: Адыраспанов, Ажырық, Бұзаубас, Ебелек, Запыран, Жантақ, Желбіржекен, Қалақай, Қаңбақ+тай, Мия+гүл, Наша+бек, Шағыр, Шөңге+бай, Усойқы, Пішен+баев. Дақыл: Арпа+бай, Тары+бай, Жүгерин, Күріш+бек, Мақта+жан, Уыт+бай. Бау бақша: Әңгелек, Әпелсин, Бүлдірген, Бәдірең, Жаңғақ, Жуагүл, Көсік, Пісте+бек, Түйнек+бай, Шие+байұлы, Шатыраш+ұлы, Пәшек, Бошақ. Гүл:Гүл+дерай, Гүлбазар,Ине+гүл, Қызғалдақ, Сарғалдақ, Гүл+жапырақ, Бәйшешек, Ләйлі+көк, Сары+күл, Шай+күл. Әр өсімдікке тән ерекшелік фитофорлық кейіпкер аттарының жасалуына уәж бола алады. Шигүл, Шибұт, Шиборбай деген аттарды алып қарасақ, түбіріндегі ши сөзінің денотаттық мағынасы – өсімдік атауынан шыққан, ши шығару, яғни ұрыс-керіс туғызу – коннататтық мағынасы. Осы секілді әр сатиралық-юморлық аттарды талдай берсек, фитофорлық аттардың түрлі нәрселерге ұқсастықтан жан-жануарға, құстарға, адамдарға, наным-сенімге байланысты уәж негізінде жасалғандығын көруге болады.
Антропономиялық өрісте табиғаттың, оның ішінде өсімдік әлемінің сөз жасауға әсері мол да ерекше. Әрбір атаудың мағынасы сол атау туғызған халық түсінігіне, танымына байланысты белгіл бір уәжбен аталған. Әдетте кез келген нәрсеге емес, тұрмыста жиі қолданылатын етене жақын нәрселер, құбылыстар ұқсастырылады да, адам санасында ассоциациялық бейне туады. Сол мақсатта сықақшылар өзіне таныс өсімдіктің атауымен салыстырады және оны ұтымды пайдаланады. Мысалы, капустаның сыртқы қабатталуына қарай қырыққабат деп аталынып жүр.
Кейіпкер Қырыққабатов мырза – қулығына құрық бойламайтын, іші мерез, сұмдықтың неше атасын меңгерген жағымсыз кейіпкер (Ғ.Қабышұлы). Қырыққабат атауының басқа да мағынасы бар, нақтыласақ ұлтабар деген органикалық мүшенің қабатталуына қарай ауызекі тілде қырыққабат деп атайды.
Кей өсімдіктердің улы, жағымсыз қасиеттерін атайтын, оның қаупінен сақтандыратын белгісі бар дайын тілдік атаулар бар. Әр өсімдіктің дамуындағы, сыртқы түрі мен түрлі биологиялық қасиеттері, табиғи өзгерістері де сатириктер назарынан тыс қалмаған.
Усойқы – хош иісті ақ гүлі бар өсімдіктің улы болуына байланысты ащы қыршаңқы тілді адамдарды да усойқы деп атайды, Тарыгүл – ұсақ, Ебелек – жеңілтек, Қаңбақшал –жеңіл, Миягүл – тілі ащы адам, Мақтажан – жұмсақ мінезді адам, Қызғалдақ – сұлулық, әдемілік символы, Шырпы– арық, Дөңбек – жуан ағаштың үлкен бір кесіндісі. Зор денелі адамдарды жуандығына қарай дөңбектей деп атайды. Жантақ– шөлде өсетін, көбінесе түйе жейтін тікенекті өсімдік түрі. Қаңбақ – шөлді жерде өсетін шар тәрізді, домалап, ұшып жүретін өсімдік. Ертегіде кездесетін Қаңбақ шал да домалап жүреді. Қалақай – тиген жерін дуылдатып, ащытатын өсімдік. Тілі шақпа адамдарды ‘қалақай тілді’ дейді. Жеңілтек адамдарды қаңбақтың жеңілдігімен салыстырады. Зәйтүн – субтропик жақта өсетін, мәңгі көгеріп тұратын ағаш. Дәстүр бойынша, гректер олимпиада ойындарында жеңген жеңімпаздарды зәйтүн бұтағының алқасымен марапаттаған. Қылпық –бидай-арпаның масағының мұрты, Уытбай- арақ, бозаны ашыту үшін салатын құлмақ тәріздес дән.
Қазақ тіліндегі өсімдік атауларының уәжділігін зерттеген ғалым Ұ.Әділбаева ебелектің 4 мағынасын көрсетеді: 1. Құмды, сортаңды жерде өсетін бір жылдық шөптесін өсімдік. 2. Ою-өрнектің бір түрі. 3. ауыс. Дәрменсіз, әлсіз, қауқарсыз. 4. ауыс. Жеңілтек, ұшқалақ [Ұ.Б. Әділбаева, 2001; 26-б]. Осы соңғы жеңілтек, ұшқалақ мағынасы, яғни ебелектің ұшып жүретіндігі кейіпкер атының жасалуына уәж болып тұр. Мысалы, халықта елбең-елбең жүгірген, ебелек отқа семірген деген сөз бар.
Қазақ ономастикалық кеңістігінде ФА-тар өсімдіктің түрлі ерекшелігіне, қасиетіне, сапасына, түр-түсіне т.б. белгілеріне байланысты жасалған.
Тілімізде «пәлегі – ащы, түйнегі – тұщы « дейтін тіркес бар, мұндағы пәлек деп отырғаны – келін, түйнегі – немересі. Пәлек – қауын-қарбыз, асқабақ, қиярдың желісі. Бұдан басқа өсімдіктің бәріне қатысты атаулардан туындаған Дәріқыз, Дәрібала, Дөңбек, Мауыз, Кендір, Сыптай, Тамыр, Тікенович, Пәлек, Шырпы сияқты фитофорлық аттар да кездеседі. Келтірілген аттардың бәрі кейіпкер бейнесін ашуда толықтай қолданылған немесе стилистикалық мақсатта қолданылған деп тұжырымдауға болмайды, әлі де зерттей түсетін жақтары бар.