Ақай, Тоқай ↔ ақай-тоқай бас жоқ, көз жоқ, яғни себепсізден - себепсіз, күтпеген жерден бір әрекет жасау немесе бір нәрсені айтып салу дегенді білдіреді [63,138 б]. Ә.Қайдар «Тысяча метких и образных выражений» атты еңбегінде бұл тіркестің шығуына себеп болған қоғамдағы есімдері елге танымал Ақаев, Тоқаев сияқты адамдарды мысалға келтірген [95,23 б].
Біздің топшылауымыз бойынша, ақай сөзінің түбірі ақа сөзінен шыққан болуы мүмкін. Бұл сөз Батыс өңірінде аға деген мағынада жұмсалады, яғни диалектілік сөз. Тоқай сөзінің негізінде тоқ деген дыбыс жатыр, бір мәселені талдау барысында тоқ еткізу – ешкіммен ақылдаспай өз бетінше шешім қабылдауды айтады немесе ақай сөзінің дыбыстық варианты ретінде жұмсалуы мүмкін. Егер тіркестегі бірінші компонент ақа сөзі аға ретінде жұмсалып, осыған сәйкес екінші компоненттегі Тоқа есімді адам аты ұйқас үшін алынуы мүмкін. Ұқсас дыбысты сөздер арқылы жасалған Ақай және Тоқай дейтін кейіпкер аттарының жасалуына бұрыннан бар тұрақты тіркес уәж болған эмоциялық бояуды әрлендіріп, мәнерлілігін арттырады.
Әдесемә - „ә» десе, „ мә « де – жағаласа кету, беттен алу [95,566 б], яғни Ә одағайы белгілі бір сөздермен тіркесе, қабаттаса қолданылып, адамның әр түрлі көңіл-күйін білдіреді. Ә дегенде, мә деу - әдетте бірін-бірі сыйламайтын, қырсық, қыңыр адамдардың жауаптасуы. Бұл сөздің пайда болуының алғашқы уәжі – «ә» одағайының біреуге дөрекі айтылып, соған сәйкес жауабының да солай берілуі. Осындай контекстен, яғни нақты ситуацияның кейін дерексізденіп, жалпыланып, адамдар арасындағы келіспеушіліктен туындайтын тұрақты тіркеске айналған.
Көктиын ↔ көк тиын түк ақшасы жоқ, көк сөзі ертеде болат, асыл, металл деген ұғымда жұмсалған [139,37 б], олай болса, заты металдан жасалғандықтан, көк тиын атанып түр. Жазушы кейіпкердің жағымсыз іс-әрекетін әжуалап, сықақтау үшін белгілі бір көркемдік нақыш беру қызметінде жұмсайды. Проф.А.И.Ефимов «Жазушылардың өзіндік стилі деп көркем шығармалардағы жалпы халықтық тілдің тәсілдерін өңдеп жұмсаудағы сөз құрау жүйесін айтады» дейді.
Тасжүрек ↔ тас жүрек қатал, мейірімсіз [140,42 б] дегенді білдіреді..
Бұрынғы күйеуім – Тасжүрек, Қызметі өсіп ед, Біздерді тастай қашты кеп [79,48 б]
Тасбауыр > тас + бауыр. Тас – табиғатынан, жаратылысынан қатты, мықты, ал бауыр – адамның нәзік келген ішкі ағзасы. Адам өзінің бірге туған қандасын, жамағайын-туысқанын, тіпті жақын тұтқан дос-жарандарын да «бауырым» дейді. Тілімізде соматизмдерден жасалған ТТ көп: «бауыр басты», «бауырына алды», «бауыр ет», «бауырын елжіретті» т.б.
Бауырмал сөзіне қарама-қарсы алынған тасбауырлық қатігез, рақымсыз, мейірімсіз,яғни ешкімге жаны ашымайтын, басы ауырмайтын, балтыры сыздамайтын өте қатты адамдар деген ұғымнан тұрақты тіркес туған. Қазақ тіліндегі ТТ-дің көпшілігі күлкі-әжуа, келеке, әзіл-сықаққа бай келеді. Сатирик-юмористер ана тілінің шұрайлы көзін кейіпкер атына қолданудағы негізгі уәжі де осы болып тұр.
Мишық Мізбақпасов міз бақпады, селт етпеді. Дарынсыз жазушы «Мізбақпасовтың 7 жылдағы 7 кітабы магазин сөресінде міз бақпай телміріп тұр» [29, 70 б]. Жақсы кітап сөреде жатпайды, ал мағынасыз, мәнсіз кітаптар өтпей, міз бақпай тұрады. «Басында ми жоқ, мишық ғана бар» кітап авторын осы кітаптың өтпеуінен ирониялық тәсілмен аты-жөнін жасалуына уәж болған.
Түлен Түрткенов ↔ түлен түрткен ‘түлен түрту’. Сөздің шығу төркіні жөнінде Ә.Қайдар екіжақты жорамалды келтіреді: Оның бірі –түркі халықтарына ертеден таныс теңіз жануары тюлень [95,312 б].
Тілімізде түлендей түлеу деген тіркес тегін айтылмаған, түлен қоян секілді ақ түстен сұр түске ауысып отырады. ТТ-тің жасалуына негіз болған фактор тюленьнің теңізден басын тез шығарып, тез тартып алуы шайтан секілді бірде көрініп, бірде жоғалуымен салыстыруынан тууы мүмкін. Сондай-ақ малы жоғалған қазақ «Түлен ата, түрте көр» десе, әлгі мифтік бейне жоғалған, адасқан малды ашықтыққа түрткілеп алып шығатын болған. С.Қасқабасовтың айтуы бойынша, Тулон – мифологиялық бейне («Рүстем – Дастан»). Осы уәжділік бір орнында отыра алмайтын, ұшқалақ, жеңілтек кейіпкердің іс-әрекетіне қарай қойылған.
Түр-түстің табиғатын зерттеген ғалымдар Ф.Р Ахметжанова, Қ.Т. Қайырбаевалар түр-түс атауларының «фразеологизм құрамында негізгі түстік мағынасынан гөрі, ауыспалы мағынада қолданылуымен ерекшеленетіндігін» [141,24 б] айтады.
Ақ түстен → Ақкөңіл > ақ көңіл арамдығы жоқ адам,
Ақжаулық > ақ жаулық некесі қиылған әйел,
Ақжол > әділ жол, Ақжем > әуреге түсу,
Ақкөз > надан, Ақпатша >,
Ақсақал > көпті көрген кісі,
Ақсүйек >1.төре тұқымы, 2.ойын аты,
Ақтабан > жалаңаяқ босып кету,
Алакөз > ауыз бірлігі жоқ,
Алатай > араздық, елді бөлу,
Алаяқ > қу, залым;
Көк түстен→ Көкауыз >мылжың,
Көкаяз > 1.қатты тоң жер, 2.шикі,
Көкбет > қаһарлы, Көкдолы > ашуы қатты,
Көккөз > орыс халқының уәкілі,
Көкми > топас, Көкбейнет >,
Көктиын > ақшасы жоқ;
Қалған түстер жалқыдан кездесті:
Қызылкөз > пәлеқор,
Сары Уайым > қайғы-қасірет,
Сұржебе > садақ оғы.
Осы түр мен түс атауларын қолдану, табиғат құбылысын, нәзік табиғатты сезіну «осы түсті қолданып отырған қаламгердің өз басына тән психологиялық, эстетикалық, творчестволық ерекшелігі, сондай-ақ дүниетанымы, ой толғанысы, мінез-құлқы, көңіл-күйі т.б қасиеттері тұруы сөзсіз»,– деп тұжырымдайды Ә.Қайдар. Түр-түстен жасалып тұрған аттардан халық даналығын, шешендік өнердің негізін, халықтың тарихын, ой-жүйесін бейнелейтін тұрмыс ережелерін байқауға болады. «Әрбір дәуірде салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той - томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер арқылы жетуі мүмкін» [142,34б].
Ғалым Р.Ә.Авакова: «Халықтың рухани творчествосының жемісі тілдің ажарын кіргізетін, оның құдіретін арттыра түсетін, ойды бейнелеп, астарлап, өзінің нақышымен жеткізетін, ата-бабадан мұра ретінде келген сөз қазынасының дайын қолданылатын үлкен саласы – фразеологизмдер этнос тілінің құрамдас бөлігі болғандықтан оларға этнолингвистикалық талдаудың ғылым үшін құндылығы ерекше. Адамзат тарихын өз бойына сақтаған халықтың фразеологиялық қорында философиялық ойлары, дүниені танып білуі, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық мәдениеті көрініс тапқан» [143,54 б] ,– дейді.