Япырай Діңкілдековна.
Бұл патроним қазақ әндерінің мәтінінде кездесетін ән атынан туды деп айту ертерек. Десек те, «суға кеткен тал қармайды» дегендей, кейіпкер атының уәжделуін, себебін іздестіргенде, қай жерде қандай ұқсастық бар, ортақ не бар, неге бұл ат поэтоним ретінде қолданған деген сұраққа жауап іздейміз.
«Я, пірім – әннің аты, қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге толы, тұнған інжу-маржан, тұмадай тұнық ән. Халық әндерін жинаушы, зерттеуші А.В.Затаевич: «Песню эту по словам сообщившего ее Г.Шынгалиева, пели в конном строю казахи, выступавшие в 1920-21 годах против бандитских шаек в уральской губернии». Әннің саздылығына тәнті болған композитор С.Рахманинов кезінде «Симфониялық билеріне» осы «Япурайды» қолданған екен. Кейін «Я, пірім» әні халыққа кеңінен танымал «Япурай» әніне айналды. «Япурай» деп өзгеріске түсу себебін өз жорамалымызбен білдірсек.
Қазақтың тамылжыған қай әнін алсақ та, «ай «деген шылау сөзбен беріліп отырады. Осындағы ай сөзінің мағынасы мен бастапқы айтылу тұлғасын дәл басып айту қиын. Ай сөзінің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші: онда қазақтың өз өмірі, өз жайы, өз жағдайы, өз арманы, өз ары, өз мұраты, өз мұңы, өз қуанышы, өз қайғысы, өз мәртебесі, өз аулы, өз аспаны, өз үлгісі, өз әдет -ғұрпы, өз салт -дәстүрі жатыр.
Сол әннің тақырыптарын сараласақ, «Шіркін-ай», «Сәулем-ай», «Еркем-ай», «Шынар-ай», «Жеңеше-ай», «Қарағым-ай», «Қоғалай» т.б. бәрінде «ай» деп тамсанады, қуанады, өкінеді, армандайды. Міне, осындай айды қосып ән айту дәстүрге айналған десек, «Я, пірім» әнінің «Япырай» немесе «Япурай» деп өзгеруін фонетикалық заңды құбылыс деп санаймыз.
Әләулай – Алдар көсенің «Шайтандарды алдауында» «Әләулайым таусылса, халаулайым тағы бар» деп айтылатын ән бар. Алдар қөсенің атынан айтылатын бұл сөз айтушының қарсыласынан қайтпайтындығын, сөзден жеңілмейтіндігін білдіретін экспрессивтік мәнге ие ерекше сөзге айналған. Сол себепті жүрген жері ойран-топан, қу, алдампаз кейіпкер атының жасалуына негіз болып тұр.
Сатира мен юморда эмоциялық-экспрессивті ыңғайда белгілі бір комикалық әсер беру үшін қолданған. Халық даналығы, сатирасы әр қилы сипатта бірде емеурін, тұспал, ишарамен айтылып, көркемдік қуаты артады. Қазақтың тілі, өнері және мәдениетінің құдіретін академик Ө.Айтбайұлы: «Бұл өзі ошақтың үш бұтындай боп жарасым табар үш тірек. Осы үш тірек біріне-бірі дұрыс үйлестірілмесе, киелі рухымыз – қазанның мәдени ошаққа барып орнығуы өте қиын» деген салмақты пікірінен көп нәрсені ұғынуға болады [154,195 б].