Тоғыз Тоңқылдақ < тоңқылдақ – тоңқ деген дыбысқа еліктеуден туындаған сөз сияқты, бірақ этимолог ғалым Э.Нұрмағанбетов түркі тілдерінде «тоңқ»сөзінің – «дөрекі, олақ, есуас, ақымақ» деген мағыналарын келтіріп, «тоғыз есуас» немесе «тоғыз ақымақ» деген тұжырымға келеді [171,274]. «Ер Төстікте» тоғыз ұл, тоғыз қыз кездеседі. Қазақта «Білгенің бір тоғыз, білмегенің тоқсан тоғыз» дейтін мақал бар, «тоғыз тарту», «тоғыз құмалақ», «тоғыз көзді кіреуке, «тоғыз қабат торғауыт» деген тіркестерге қарап, «тоғыз» саны – тұрмыстық сан деуге негіз бар. Санау жүйесінде 1-ден 9-ға дейін бірлік сан бар. Осыған қарағанда, «тоғыз» сөзі толыққандылық және сандық шек ұғымын береді.
Отызбай, Отызбірбай < отыз бір бай. Отыз – дәстүрлі сан. Ғалым И.Ысқақов «отыз» сөзінің шығуын «о тіс», «ол-тіс» деген ұғымдармен байланыстырады [172,142 б]. Бұл кейіпкер аттарында белгілі бір символдық мағына бар деу қиын, шындығында комикалық мақсатта жұмсау, яғни экспрессивтілік мағына басым тәрізді.
«Қырық» санымен келген СЮП-тер:Қырық+қабат(ов), Қырық+бес, Қырық+сақина, Сорокбай.»Қырық» санымен тіркескен сөздер мен ұғымдар қазақ ауыз әдебиетінен мол орын алады: қырық өтірік, қырық қарақшы, қырық шілтен, қырық уәзір, қырық күн т.б.
«Қырық» санының семантикасы туралы академик І.Кеңесбаев: мақал-мәтел, нақыл сөздер және басқа сөз орамдары да бұл санның «әшейін» сан емес, бір кезде киелі мөлшер екендігін көрсетеді. «Қырық» саны гректің «сараконта» не герман тайпалары қолданған «зеркр» деген сөзден шыққан дерек бар екен. Ғалым Қ.Тәжиев бұл пікірмен келіспейтінін айтады, қырық санын «түркі дүниетанымы негізінде пайда болған төл туындысы» деп қарайды [168,12 б].
Қырыққабатов< қырық қабат «қырық қабат үй» десек, үйдің қабатының санын емес, өте көп, сансыз деген ұғымды беру үшін қолданамыз. Жергілікті сөйлеу тілінде ұлтабарды қырық қабат деп те атау бар. Ұлтабар – бауырдың астыңғы жағында болады, ұзындығы 12 елідей, сан қабат жалбыршақ қарыннан тұрады. Сыртқы түріне, орналасқан жеріне қарағанда айырып алу қиынға соғар адамны» ішкі органы.
Кейіпкер Қырыққабатов мырза да – қулығына құрық бойламайтын, іші мерез, сұмдықтың неше атасын меңгерген жағымсыз кейіпкер. Сорокбай< сорок +бай кейіпкерін алсақ, сорок – қырық сөзінің орысша айтылуы. Ауыз екі тілде «мен қырық десем, сен сорок дейсің»– бір нәрсе жайында айтысып, мәмілеге келе алмайтын адамдар арасындағы келіспеушілікті білдіреді.
Елу. Тілімізде «елу – ердің жасы» дейтін нақылға айналып кеткен сөз бар. «Отызында орда бұзған, қырқында қамал алған» ердің елуге келуі – елеулі оқиға. «Елу» санымен байланысты Елубай, Елубек, Елухан сияқты адам есімдерін естіп жүрміз. Ал енді кейіпкер атына «Елу+бес+бес+бай» деп қойылуы автордың стильдік мақсатта алғандығы байқалады.