Жылжымайтын және жылжымалы мүлік
1. Жылжымайтын мүлікке (жылжымайтын заттар) жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын объектілер жатады.
Егер кондоминиум объектісінің құрамындағы пәтерлер және өзге де тұрғын үй-жайлар, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлар дара (бөлек) меншікте болса, олар дербес жылжымайтын мүлік объектілері (түрлері) болып танылады.
2. Мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелері, ішкі суда жүзу кемелері, "өзен-теңіз" жүзу кемелері, ғарыш объектілері, магистральдық құбырлардың желілік бөлігі де жылжымайтын заттарға теңестіріледі. Заңнамалық актілермен жылжымайтын заттарға өзге мүліктер де жатқызылуы мүмкін.
Осы Кодекстің және өзге де заңнамалық актілердің жылжымайтын заттарға байланысты қатынастарды реттейтін нормалары Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тікелей көзделген жағдайда, осы тармақта көрсетілген заттарға қолданылады.
3. Ақша мен бағалы қағаздарды қоса алғанда, жылжымайтын затқа жатпайтын мүлік жылжымалы мүлік деп танылады. Заңнамалық актілерде көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жылжымалы заттарға құқықтарды тіркеу талап етілмейді.
Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу
1. Жылжымайтын мүлікке құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) туындауы, өзгеруі және тоқтатылуы осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда мемлекеттік тіркелуге жатады.
Мемлекеттік тіркеудің жылжымайтын мүлікке байланысты өзге де объектілері "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
2. Егер осы Кодексте және "Жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттiк тiркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, жылжымайтын мүлiкке құқықтар (құқықтар ауыртпалықтары) мемлекеттiк тiркелген кезден бастап туындайды, өзгередi және тоқтатылады. Егер тіркеуден бас тартылмаса, мемлекеттік тіркеу кезі деп өтініш берілген кез, ал электрондық тіркеу кезінде – жүргізілген тіркеу туралы хабарлама жөнелту арқылы тіркеуші органның құқықтардың (құқықтар ауыртпалықтарының) туындауын, өзгеруін немесе тоқтатылуын растаған кезі танылады.
3. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган тіркеуге ұсынылған құқық белгілейтін құжатта жазба жасау арқылы жүргізілген тіркеуді құқық иеленушінің өтініші бойынша куәландыруға міндетті. "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке меншік құқығы (өзге заттай құқық) туралы куәлік береді.
4. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жариялы болып табылады. Тіркеуді жүзеге асыратын орган жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы ақпаратты кез келген тұлғаға "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген шектеулерді ескере отырып беруге міндетті.
5. Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тарту не тіркеуден негізсіз жалтару жағдайларында сотқа шағым жасалуы мүмкін.
6. Мемлекеттік тіркеу тәртібі осы Кодекске және "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленеді.
7. Азаматтық әуе кемелерін, теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, "өзен-теңіз" жүзу кемелерін, ғарыш объектілерін жылжымайтын мүлікке теңестірілген объектілер ретінде мемлекеттік тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі, сауда мақсатында теңізде жүзу, ішкі су көлігі, ғарыш қызметі саласындағы заңдарымен реттеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |