Еліміз егемендігін алып, нарықтық реформаларды іске асыру арқылы әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесіне жеке, тәуелсіз субъект есебінде қатысуға мүмкіндік алды. Жаһандану жағдайындағы барлық елдердің экономикалық тұрғыдан бір-біріне өзара тәуелділігі ұлттық экономиканы дамытуда сыртқы экономикалық байланыстардың маңыздылығы жылдан жылға күшейе түсуде. Әлемдік экономикалық қатынастарға басқалармен тең және өзара тиімді негізде қатысу, отандық экономиканың дамуына қолайлы сыртқы жағдай жасау үшін біз халықаралық экономикалық қатынастар жүйесіндегі қалыптасқан заңдылықтар мен олардың өзгеру бағыттарын білуіміз керек.
Тәуелсіздік жылдары нарықтық реформаларды іске асыру үшін бұрынғы идеологиялық көзқарас негіз болып табылатын экономикалық теория мен оны оқыту жүйесінен де бас тартуға тура келді. Әлемде қалыптасқан экономикалық теорияның негізгі ағымдары мамандар дайындау жүйесіне енгізілді. Қазіргі заманғы экономикалық теория Микроэкономика, Макроэкономика және Халықаралық экономика деп аталатын бір-біріне байланысты үш бөліктен тұрады. Халықаралық экономика – бұл жүйедегі ең күрделі және көлемді саласы. Іргелі экономикалық ғылымдар жүйесінде халықаралық экономика бастапқыда микроэкономика мен макроэкономикадағы заңдылықтарды халықаралық экономикадағы қатынастарды талдауда қолданылған болса, уақыт өте ол жалпы экономикалық теорияның жеке бөліміне айналды да, халықаралық экономикалық қатынастар тәуелсіз оқу пәні болып, оны игерген оқырмандар жеке мамандыққа ие болды.
Халықаралық экономиканың зерттеу объектісі – әлемдік экономика, яғни әлемдік экономикалық жүйе, ал оның мәні осы әлемдік экономикалық жүйеде қалыптасатын әртүрлі субъектілердің өзара қалыптасатын экономикалық қатынастар мен олардың тиімділігі. Әлемдік экономика – өзгермелі динамикалық жүйе, сондықтан барлық уақытқа және әр түрлі қоғамдарға тән халықаралық экономикалық әмбебап теориясы жоқ. Бірақ экономикалық теорияның ұзақ мерзімді дамуының нәтижесінде халықаралық экономикалық қатынастарының негізгі бағыттарының (болмаса негізгі құрамдас бөліктерінің) қалыптасқан теориялары жеткілікті және уақыт өте жаңғыртылып отырады. Әдетте, оларды толығымен оқулықтар қарастырады. Оқулықтар белгілі себептермен жиі ауыстырылмайды. Әлемдік экономика – динамикалық жүйе. Ол тынымсыз өзгерісте болады. Сондықтан оқулықтарда ағымды мәліметтермен және соңғы өзгерістермен толықтырып отыратын қосымша оқу құралдар қажет.
Ұсынылып отырған оқу құралының авторларының ойынша мұндай құрал тек «Әлемдік экономика» мамандығының оқушыларына ғана емес, экономика мен халықаралық қатынастар саласындағы барлық мамандықтардың оқушыларына өте керек құрал. Себебі қазіргі кездегі ұлттық шағын ашық экономикада (қазақстанның экономикасы) ішкі және сыртқы экономикалық үдерістер тығыз байланысты, және мұндай экономикаға халықаралық экономикадағы өзгерістердің ықпалы, үлкен экономикамен салыстарғанда әлдеқайда күшті. Экономикалық қатынастар халықаралық қатынастардың құрамды бөлігі, олардың негізі деуге де болады. Сондықтан халықаралық қатынастардың кез келген маманының халықаралық экономика туралы жеткілікті білімі болуы шарт.
Оқу құралы үлкен үш бөлімнен тұрады:
Бірінші бөлімінде экономикалық ғылым жүйесіндегі «Халықаралық экономика» пәні мен құрылымының қалыптасуы, қазіргі заманғы халықаралық экономикалық қатынастардағы халықаралық сауданың теориялық және тәжірибелік ерекшеліктері, сауда саясаты мен технологиялық халықаралық алмасуы қарастырылады.
Екінші бөлімі халықаралық валюталық-қаржылық қатынастарындағы халықаралық капитал қозғалысы, халықаралық несие, төлем балансы, валюта бағамдары мен нарықтарына арналады. Сонымен қатар, халықаралық экономиканың ашық жүйесінде макроэкономикалық тепе-теңдік модельдері арқылы макроэкономикалық механизм сұрақтарына жауаптар берілген.
Үшінші бөлімде жаһандану жағдайындағы сыртқы экономикалық байланыстар, яғни жұмысшы күшінің халықаралық көші-қон қозғалысы, интеграциялық және жаһандану өлшемдері қарастырылады.
Ұсынылып отырған оқу құралы өзіміздің университеттің оқушыларына ғана емес, қазақстандағы осы бағыттан білім алуға ұмтылған жас мамандарға да көмегі болады деп үміттенеміз.