Бiздiң басымдықтарымыз өзгерiссiз күйiнде қалады . Бұл - XXI ғасырдың ығытына қарсы тұруға қабiлеттi әрi ұзақ мерзiмдi ұлттық мүдделердi қамтамасыз етуге бағытталған, белсендi, жан-жақты және үйлесiмдi сыртқы саясат. Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақпен ынтымақтастықты дамыту басым бағыттар болып қала бередi. Азия мен Таяу Шығыстың негiзгi елдерiмен өзара iс-қимылға зор маңыз берiледi. Қазақстанның қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және ел iшiндегi реформаларға қолайлы жағдай туғызу мақсатында Үкiметтiң алдында осы мемлекеттермен арадағы негiзгi шарттар және келiсiмдердi бұлжытпай жүзеге асыру мiндетi тұр. Осыдан бiр ай бұрын Мәскеуде қол қойылған Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараны делимитациялау туралы шарттың тарихи маңызы зор. Тарихымызда тұңғыш рет бiз өзiмiздің стратегиялық әріптесiмiз Ресеймен заң жүзiнде ресімделген мемлекеттік шекараға ие болдық. Осылайша біз соңғы жылдары ұзына бойы 14 мың километрден асатын шекараны толығымен межелеуге қол жеткiздiк. Бұл бiздiң мемлекеттік құрылыстағы жоспарларымызды жүзеге асыруға қолайлы жағдай туғызатын ұлттық қауіпсіздігіміздің маңызды кепілі. Бiз стратегиялық тұрғыдан Қазақстанның мүдделерi толығымен ескерiлген жағдайда Бүкiләлемдiк Сауда Ұйымына тезiрек кiруге ықыластымыз. Қазақстан Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына, ТМД, ЕурАзЭҚ-тi реформалауға, БЭК-тi құру жөнiндегi жұмыстарға да ерекше мән бередi. Бiздiң елiмiз үшiн барлық бағыттар бойынша ЕҚЫҰ-мен бұрынғысынша iс-қимыл жасау маңызды болып қала бередi. 2009 жылы осы ұйымға төрағалық етуге бiздiң кандидатурамыздың ұсынылуына барынша жауапкершілікпен қараймыз . Бүгiнгi бастамалар сонымен қатар осы мақсаттарға қол жеткiзудi көздейдi. Қазақстанның әлемде қуатты экономикасы бар әрi халықаралық қоғамдастықтағы тұғыры берiк өңiрлiк держава ретiнде қабылданатынын да естен шығармағанымыз абзал. Бұл мәртебенi қастерлеуiмiз және елiмiздiң қазiргi әлемдегi беделiн нығайту үшiн қосымша күш-жiгер жұмсауымыз керек.