ҚОРЫТЫНДЫ.
Қазақ мәдениеті халқымыздың өмір сүру салтына тән ерекшеліктерді бойына сіңіріп қалыптасты. Өткен ғасырлардан бері даламызда өркен жайған көшпелі мал шаруашылығы қолөнер, кәсіп, еңбек құралдары мен баспана, сәулет өнеріне өз нақышын қалдырды. Күнделікті тұрмыста қолданатын бұйымдарды жасау үшін түрлі материалдар қолданылды. Ағаш өңдеу, тері өңдеу, жүннен жіп иіру, тоқыма тоқу, іс тігу кәсіптері озық деңгейде дамыды. Қазақ зергерлері темірді қамырдай илеп, ағаштан түйін түйе білді. Олар батырларға қару-жарақ, сауыт-сайман соқты, ат әбзелдерін жасады, ағашты сүйекпен ойыстырып әшекейледі. Жүн мен түбітті, тері-терсекті торқадай құлпыртып бұйым жасауға машықтанған ісмерлердің даңқы алысқа тарады. Сонымен қатар, қазақ халқының өмірінде ежелден бері ағаштан жасалған үй бұйымдарының алған орны ерекше. Біздің қазақ жері орманды алқаптарға өте бай. Ағаштың физикалық, механикалық қасиеттерін ата-бабаларымыз ерте кезеңнен бастап білген. Ағаш шеберлері бұйымдарды жасау барысында ағаштың қаттылығын, жұмсақтығын, иілгіштігін, беріктігін, шыдамдылығын және морт сынғыштығын табиғи өрнегіне қарай таңдаған.
Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан немесе жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымы күнделікті тұрмысына қажетті заттарын ағаштан, темірден, металдан, теріден, сүйектен жасап алатын. Ағаштан жасалған бұйымдардың түрі сан алуан. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық “үйші”, “арбашы”, “ұста”, “ерші” деп даралады. Ал, бұл шебердің әрқайсысы өзінің негізгі кәсібінен басқа да уақ-түйек бұйымдар түрлерін жасай белді. Әсіресе “ұста” атанған шеберлер үй бұйымдарының көптеген түрлерін жасаумен бірге, әр түрлі металл және сүйек өңдеу ісімен де айналысты.
Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады. Ата-бабаларымыздан қалған мұраны сақтау, біздің алдымызға қойған мақсат қана емес, басты міндеттеріміздің бірі болып табылады. Музей ата-бабалар мұрасын сақтауда, зерттеу мен насихаттауда үлкен роль атқарады.
Музей-табиғат пен адам қолымен жасалған өнер туындыларын және көне заман ескерткіштерін, үлгі нұсқаларын жинақтаушы сақтаушы, насихаттаушы және бұл мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізе отырып, осы негізде қоғам мүшелеріне тәлім-тәрбие беретін ғылыми-мәдени және рухани мекеме.
Орталық Мемлекетік музейдің екінші экспозициялық залы қазақ халқының антропологиялық ерекшелігінен бастап, тіршілік қамын, шаруашылығын, барша этнографиялық болмыс-бітімін, дәстүрлі мәдениетінің сыр-сипатын көрсетуге арналған. Мұнда Қазақстанның әртүрлі өңірінен жинақталған халқымыздың материалдық мәдениетінің ескерткіші түрлі шаруашылық және тұрмыстық бұйымдары, әшекейлер, ұлттық киім-кешектер, ыдыс-аяқтар, кілем, алаша, сырмақ, түскиіз, және қару-жарақ, батырлар мен сал-серілерді бейнелейтін атрибуттық бұйымдар секілді этнографиялық көрнектер бар. Музей қорынан ағаштан жасалған көптеген бұйымдарды көруге. Музей қорындағы сақталатын ағаш бұйымдар: төсек ағаш, жастық ағаш, жүкаяқ, кебеже, сандық, әбдіре, жағлан, қант шаққыш тоқпақ, саба аяқ, піспек, астау, тегене, табақ, шара аяқ, ожау, тостаған, қасық, күбі, ағаш шелек, келі – келсап және басқада көптеген бұйымдар. Бұл бұйымдар аса шебер ұсталар қолынан шыққан деп айтуға болады. Өйткені ағаш бұйымдардың беттеріне ою ойып, түрлі түсті бояулармен өрнек салып, әсемдеумен бірге сүйекпен, әр түрлі металлдармен, түрлі түсті тастармен, шынылармеен көркемдеген. Ендеше мұндай ұсталар ағашпен қатар, темір, мыс, жез, күміс ұстау ісін де меңгерген шынайы өнер иелері болған.
Орталық Мемлекеттік музейдің этнография залының экспозизиялық көрінісіне қазақ халқының дәстүрлі баспанасы – киіз үйдің қойылуы ерекше мән береді. Көшпелі халық өмірінде, жорықтар мен аң аулаушылықта киіз үй құрылысының тез тігілуі мен тез жиылуға арналып жасалуының маңызы зор болған. Қазақ халқы ертедегі көшпелі мәдениеттің ең негізгі дәстүрлерін өзіне мұра етумен бірге, оны ары қарай дамытты және байытты. Міне, сондай мәдени дәстүрдің белгісінің бірі – көшпелі өмірге ыңғайлы киіз үй. Сонымен қатар, музей қорларында киіз үйдің жекелеген бөліктері сақталуда.
Музей қызметкерлері ата – бабаларымыздың мол мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру үшін үлкен еңбек сіңіруде. Олар музей қорларында сақталатын әр затқа ұқыптылықпен қарап, сақтау, қорғау тәртіптерін бұлжытпай орындап отырады. Өзінің алғашқы қалпын жойып, түрлі өзгерістерге ұшыраған бұйымдарға реставрация жұмыстарын жүргізеді. Өте құнды, яғни, бірегей бұйымдардың көшірмелерін жасайды. Қорлар құрамындағы бұйымдарды келермендер назарына ұсынып, түрлі көрмелер ұйымдастырады. Бұл, әрине, үлкен жауаптылықты талап ететін қиын, әрі маңызды жұмыс. Осындай музейлер саны көбейе берсе екен деймін.
Достарыңызбен бөлісу: |