ҚР орталық мемлекеттік музей қорындағы ағаштан жасалған бұйымдар мазмұНЫ



бет6/14
Дата27.02.2022
өлшемі287,5 Kb.
#26539
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
-dip -qr-ortalyq-memlekettik-muzey-qoryndagy-agashtan-zhasalgan-buyymdar

Тақырыптың құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспе, екі тарау, әр тарау екі тараушадан, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.


І ТАРАУ. ОРТАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ АҒАШТАН ЖАСАЛҒАН БҰЙЫМДАР.
1.1 Қазақ халқының дәстүрлі баспанасы - киіз үйдің жасалынуы және құрылысы (музей экспозициясы бойынша).
Қазақ халқының өмірінде ежелден бері ағаштан жасалған үй бұйымдарының алған орны ерекше. Көшпелі мал шаруашылығымен немесе жартылай отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысқан қазақ қауымының күнделікті тұрмысына қажетті ағаштан жасалған бұйымдардың түрі сан алуан. Ағаш өңдеуді кәсіп еткен шеберлерді халық оларды өндіретін бұйымдарына қарай “үйші”, “арбашы”, “ұста”, “ерші” деп даралады [1.9]. Ал, бұл шебердің әрқайсысы өзінің негізгі кәсібінен басқа да уақ-түйек бұйымдар түрлерін жасай белді. Әсіресе “ұста” атанған шеберлер үй бұйымдарының көптеген түрлерін жасаумен бірге, әр түрлі металл және сүйек өңдеу ісімен де айналысты.

Ағаштан бұйым жасайтын шеберлер: Емен, қайың, самырсын, үйеңкі, қызыл қарағай, шынар, қара ағаш, ырғай, шырғай, тасжарған, мойыл, қайыңның түбірі (безі), жөке, тал, арша, жаңғақ ағашы, май қарағай сияқтыларды пайдаланады. Бұлардың бірі қатты, бірі жонуға оңай, жылтыр, ал кейбіреуі жарылмайтын, қаңсымайтын болса, енді кейбіреуі иілгіш жеңіл, су сіңбейтін бірақ бояу сіңгіш, желім ұстағыш болады. Әрбір істің ерекшелігіне қарай әр түрлі сападағы ағаштар пайдаланылады [2.123]. Орталық Мемлекетік музей қорынан осы айтылған ағаштардың көптеген түрінен жасалған бұйымдарды көруге болады. Мысалы, емен ағашынан жасалған тұғыр (КП 12708. 1930 жылы шебер Қ.Жазықбаев жасаған.), тобылғы шыбықтарынан өрілген кесеқап (КП 1490 ХХІ ғасырдың аяғы-ХХ ғасырдың басы, Жетісу), қайың діңінен жасалған келі (КП 20711/2 ХХ ғасырдың басы) тағы басқалар [30].

Ағаш өңдеу өнерінің ішінде аса іскерлік пен қыруар еңбекті шынайы талғамды керек ететін түрі-киіз үй сүйегін жасайтын үйшілер ісі.

Көшпелі халық өмірінде, жорықтар мен аң аулаушылықта киіз үй құрылысының тез тігілуі мен тез жиылуға арналып жасалуының маңызы зор болған. Сондай-ақ, киіз үй-дала тұрғындарының ұсақ-түйек заттары мен күндізгі күннің қайнаған ыстығы, түннің салқындығына және көктем мен күздің үздіксіз төккен нөсерлі суық жаңбырына қарсы қорған болу жағы да қарастырылған.

Қазақ халқы ертедегі көшпелі мәдениетінің ең негізгі дәстүрлерін өзіне мұра етумен бірге, оны ары қарай дамытты және байытты. Міне сондай мәдени дәстүрдің белгісінің бірі– көшпелі өмірге ыңғайлы, киіз үй болды [3.10].

Қазақтың киіз үйі, өзінің мәдени тұрмыстық шаруашылық жағдайына байланысты үш түрге бөлінген:



  1. Қазақ халқының жазды күні тұруына арналған киіз үйі;

2. Мереке- жиын кезінде және қадірлі қонақты күтіп алатын киіз үй.

  1. Жарық кезінде тігетін киіз үй [4.23].

Негізінде, киіз үй қазақ үй, ағаш үй, қара үй деп үшке бөлінеді. Оның себебі батысы мен шығысы, түстігі мен терістігі мыңдаған километрге созылған қазақ жері көптеген туысқан республикалар мен өлкелерге шектескендіктен республиканың осындай географиялық жағдайы киіз үйдің сырт формасы, істелу технологиясына да аздаған өзгешеліктер енгізген сияқты. Оны киіз үйдің әр жерде әр түрлі аталуынан да байқауға болады [5.86].

Мысалы, Оңтүстік облыстарда оны киіз үй деп атаса, батыс оьлыстарда ағаш үй, киіз үй деп қатар айтылғаны байқалады. Негізінде нағыз термин ретінде мұның киіз үй деп аталуы дұрыс.

Жалпы киіз үйдің үлкен-кішілігін керегелер санына қарай белгілейді. Киіз үйдің 2, 3 қанаттан бастап 12, 18, 30 қанатқа дейін жететін түрлері болған. Киіз үйдің керегесінің басы 70-80- нен 360 см-ге дейін барады. Міне осыған орай киіз үйдің түрлері мен атауларының да көп екендігі байқалады.

Хан сұлтандар мен атақты байлардың үйлері 8 қанаттан бастап 30 қанатқа дейін баратын үлкен және өте бай жиһазды ою-өрнекпен безендіріліп, әшекейленген. Бұларды ақ орда, алтын орда, алтын үзік деп атаған [3.14].

Орташа шаруалар мен кедей шаруаларға тән киіз үйлерді алты қанат ақ үй, боз үй, қоңыр үй, қараша үй, қара лашық, күрке отау, итарқа, жолым үй, көтерме туырлықты, қалмақы үй, жаба салма, жаппа деп атаған.

Жолаушылар мен жорықшылардың тігетін үйлерін: абылайша, ақ қос, қос қақа (арбаның үстіне тігілетін үй) жорық үй деп атаған.

Ас үйлерді: асхана, ас үй, кілет үй, кібіт деп атаған. Сондай-ақ құрыш киізден, қамыстан, шиден- қақыра, доғара, аран, қалқа, тошала, сияқты киіз үй тектес үйшіктер мен күркелер де салынатын болған. Мұндай кішігірім үйлер қақыра, немесе қалқа сияқты үйлер көбінесе жаугершілікте, майдан шебінде далаға жауын-шашыннан қорғану үшін тігілген.

Орталық Мемлекеттік музейдің этнография залында алты қанатты киіз үй экспозицияланған Бұл киіз үйді жасаған адам өкінішке орай қазіргі күні белгісіз. Сонымен қатар музей қорларында киіз үйдің жекелеген бөлшектері де сақталуда.

Киіз үй сүйегіне жарайтын ағашты, көбінесе үйшілердің өздері ерте көктемнен бастап әзірлеп, кемінде бес-алты ай, кейде, тіпті, жыл бойы көлеңкеде кептіреді. Киіз үй сүйегіне арналып дайындалатын ағаштың ұзындығы мен жуандығы кереге-уық жасауға жарамды болуы қажет, ал олардың қисықтығына онша мән берілмейді. Шаңырақ үшін дайындалатын қайың мүмкіндігінше түзу, бұтақсыз болуы қажет. Кейде мұндай ағаштар тым жуан болса, оларды кесіп, ұзынынан жарып, ыңғайлап шауып қояды. Үй ағашын кесіп, бұтақтап, қабығын сыдырады. Мұндай етудің өзіндік себептері де бар. Біріншіден, жаңа кесілген жас тал мен қайыңның қабығы оңай сыдырылады, көп еңбекті қажет етпейді; екіншіден, қабығы алынбаған ағашты көлеңкеге жиып қойса, ол жуырмаңда кеппей, қабық астында құрт пайда болып, ағаш борсып, шіри бастауы ықтимал. Сондықтан, кесілген ағашты жылдам аршып, бас-аяғын тегістеп отап, керегеге жарайтындарын бір бөлек, уыққа арналған әлдіректерін бір бөлек 20-30 ағаштан бір-бір бума жасап, көлеңкеге бірінің үстіне бірін жинай береді [6.21]. Мұндай бумаларды, әдетте сыдырылған тал қабығының өзінен-ақ буады. Үй ағашын бұлайша бумалап кептірудің де өзіндік себебі бар. Біріншіден, тасымалдауға ыңғайлы, екіншіден, көлеңкеге жиналған көп бумалардың бәрін дұрыс, біркелкі кептіру үшін оларды әлсін-әлсін аударыстырып, астын үстіне, ортасындағысын шетіне шығарып қозғап отырады. Ал, барлық бумаларды бір шамада жел қақтырып отыруға немесе шыжыған ыстықтарда ағаш тез қурап, жарылып кетпеу үшін оларға су бүркетіндей етіп бумалап жинау тым қолайлы болады. Осындай әдіспен әбіден кепкен үй ағашын үйшілер: “Қақсал кепкен ағаш”,- дейді және ол жоғары бағаланады [1.9].

Үйшіге қажетті жабыдықтар: тез, сықаурын, жонғы, қуыс жонғы, тісті жонғы (сызғы ырғыш), тесе шот, шаппашот, балта, қашау, қол ара, ою пышақ, үскі сияқты саймандармен бірге кереге, уық және шаңырақ жасауға арналған әр түрлі қарапайым қалыптар мен кепкен ағашты жібітуге арналған қоз, мор, обын атанатын ыстық “пештердің” болуы да аса қажет. Осы айтылған саймандар мен жабыдықтардың барлығын да тәжірибелі үйшілер, көбінесе, талғамдарына сай етіп, өздері жасап алады.

Тез-үйшілердің ең басты, негізгі құралдарының бірі. Тезді, көбінесе, сүйегі ауыр, тығыз және жарыла қоймайтын мықты қарағаш, қайың және жиде ағаштарының (ұзындығы 80-100 сантиметр) жуан кесінділерінен жасайды. Тез жасау үшін мүмкіндігінше ағаштың қатар өскен екі мықты бұтағы бар тұсын таңдайды. Өйткені, бір метрдей жерінен кесілген екі бұтақ сүйірлеу ұштарымен жерге кіре тездің бір басындағы екі аяғының рөлін атқарады. Ал, екінші басы қолдан жасалған, жерге мықтап орнатылған арнайы аша ағашқа жатқызады. Жерге бұлайша орнатылған тез оның үстінен қанша күш түссе де, мызғымайтын берік болады және үйшінің жұмыс істеуіне жағдай туғызады. Бұтақты ағаш кесіндісінің жөні келмегенде тез ағашты айыр ағаштарға жатқызады. Қайткен күнде де үйші іске кіріскенде тез солқылдамай, нық тұратындай болуы қажет. Үйші тез басқанда ылғи түрегеп тұрып істейтіндіктен, оның биктігі бір метр шамасында болуы керек.

Тез ағаштың үстіңгі жағының дәл ортасына ені бір қарыс, тереңдігі сынық сүйемдей көлденең кертпек жасалады. Кертпектің екі басының оң және сол жағынан арнайы жасалатын тік тесіктерге кертпек биктігінен сәл асып тұратын екі қайың қазықшалар орнатылады. Қисық ағашты түзетуде немесе түзетілген ағашқа иін жасап мүсіндеуде осы қазықшалардың атқаратын қызметі өзгеше. Өйткені, ағаштың қисық тұсы осы қазықшалардың бірімен сықаурын алақанының арасында сығылудың нәтижесінде түзетіледі [2.128].

Сықаурын- міндетті түрде әбден кепкен, жуандығы білектей, ұзындығы 1,5 метр шамасындағы қайыңнан жасалады. Сықаурынның бір жақ тегістелген жуан басын “алақан”, үйшінің жамбасына дәл келетін орта тұсын “жамбастық”, ал, жіңішке ұшын “тұтқалық” деп атайды. Қандай қисық ағаш болмасын оны оқтай етіп түзететін немесе түзу ағашты көңілдегідей етіп ию арқылы оған жаңа мүсін беретін аты шулы тездің қарапайым көрінісі мен құрамы осындай ғана “Қисық ағаш жатпайды тез қасында” деген халық мақалы да киіз үй сүйегін жасаудағы қарапайым қазақ тезінің орны бөлек екенін аңғартқандай .

Әбден кепкен үй ағашын тезге салып түзету үшін, ең алдымен, оларды от қызуына қақтап, балқытып алу керек. Ағаштарды қыздырып балқыту үшін арнайы пештер жасалады. Олар “мор”, “обын”, “қоз” сияқты пештер.

Қазақстанның солтүстік аудандарында мор деп аталатын пешті тақыр жерге ұзындығын 3,5 метр , биктігі мен көлденеңін 30-40 сантиметр етп, екі қабырғасы мен төбесін кірпіштен не тастан қалайды, бір басынан 2,5 метр мойын шығарады. Осы мойынға үй ағаштарын тігінен салып, пештің аузынан от жағады. “Обын” атты пеш жерден қазылып жасалады. Ол үшін ұзындығы 3,5 метр, тереңдігі мен көлденеңі 40-50 сантиметр ор қазады. Ордың үстіне 3-4 жерден көлденең шабақ ағаштар орнатып, үстінен үй ағаштарын, ұзыннан-ұзақ сұлата жатқызады да, шыммен бүркей жауып, обынның бір жағынан от жағады, екінші жағынан түтін шығады. Бұл пештерге үй ағаштарын салып жібіту ісін үйшілер тілінде “мор салу” не “обын салу” дейді.

Қазақстанның көпшілік аудандарында үй ағаштарын дайындау әдісі өте қарапайым келеді, яғни жағылған оттың қозына жібітеді. Мұндай әдіс үйшілер тілінде “қоз салу” дейді. Қоз жасау үшін тездің жанынан мол етіп қой не түйе құмалақтарынан немесе қидан от жағады да, күлін жинамай орнында қалдырады. Ертеңіне сол күлдің үстіне тағы от жағып, әлі кебе қоймаған дымқыл құмалақ, тезек қалап, лапылдатып жандырмай бықсытып қояды да, от астындағы ыстық күлге алдын ал су бүркілген үй ағаштарын сұғып, 20-30 минуттан соң бір-бірлеп суырып алып, тезге салып өңдей бастайды. Дымдау үй ағаштарын қозға салар алдында оның күймей, буланып жылдам жібуіне жағдай туғызады. Кейде қозды құмнан да жасайды. Ол үшін тездің жанына көп қылып ұсақ құм үйеді, оны біраз жаймалап, үстіне қи жағады. Құм әбден қызған уақытта жоғарыда айтылғандай үй ағаштарын балқытып, жібітетін қоз болып шыға келеді [3.17].

Жонғы-үй ағаштарының сыртқы кем-кетігін тегістейтін құрал. Мұны ұзындығы екі сүйем, ені екі елідей темірден соғады. Екі шетінде ағаш саптары бар, өткір жүзді аспап. Мұның түзу жонғы, қуыс немесе ойыс жонғы, тісті немесе ыру жонғы деп аталатын үш түрі болады. Түзу жонғының өткір жүзі түзу болады. Үй ағашын алғашқы өңдеу кезінде және керегенің басын, уықтың алақанын шығара тегістей жону үшін қолданады. Қуыс немесе ойын жонғыны ағашқа жұмырлық бейне бере жону үшін пайдаланады, тісті жонғының жүзі иректеліп тіс тәрізденіп шығарылады, оны кереге басы мен уық алақанына ыру-сызықтар жүргізу үшін қолданады. (Мұны сызғы деп атайды). Түзү жонғының екінші жағына иректеп тіс жасауға байланысты оны екі бірдей процесті орындауға қолданады.

Үскі-кереге желісінің көк өткізетін көздерін және уық алақанындағы уық бау өткізетін көзді тесу үшін арнайы жасалған құрал. Ел арасында үскінің бірнеше түрі болған. Соның ішінде ең көп тарағаны- араларын 20-25 сантиметр етіп жерге қағылған екі қазықтың бас жағында бір-біріне қарама-қарсы тесіктері болатын, оған темір үскі орнатылатын түрі. Үскінің жұмырланған ағаш бөлігінің өн бойына ұсақ кертпектер жасап қояды. Ол кертпектер үскінің нық және жылдам айналуына себін тигізеді. Өйткені, үскіні айналдыратын ұзын қайыс бау осы ағаш білікшеден 2-3 рет шалынып алынады да, оның екі ұшынан бір кісі екі қолымен кезек тартып отырады, сонда үскі зыр қағып оңды-солды айналады. Ал, үйші айналып тұрған үскіге кереге шыбықтарын тосып, оның алдын ала белгленген көк өткізтін көздерін лезде тесіп шығады [7.31].

Үскілердің жоғарғы жағынан басып тұруға арналған екі басты қалақ ағаштың ортасындағы тесікке кіндік кигізіледі де, ырғақ үстіне шалқасынан сұлата жасқызған кереге сағаларының көк өткізетін көздерін жоғарыдан төмен қарай тесіп шығады. Үскінің бұл түрлері де қайыс бау арқылы екінші бір кісінің күшімен жұмысқа қосылады.

Ырғақ-кереге сағаларының мүсін біркелкілігін сақтау үшін арнайы жасалатын қалып. Ырғақ жасау үшін ұзындығы кереге сағаналарымен шамалас жарыстырыла қойылған екі сырғауылдың үстіне көлденеңінен ұзындығы 1 метрдей төрт ағаш шабақтар қырынан бекітіледі бұл шабақтардың әрқайсысының биктіктері мен орналасатын орындары кереге сағаналарының мүсініне байланысты болады. Сондықтан, мұндай ырғақ үстіне кереге сағаналарын шалқасынан салғанда олардың біркелкілігінің немесе сәл ғана үйлесімсіздіктерінің өзі үйшінің қырағы көзіне бірден шалынып, кемшілікті дереу жөндеп отыруға мүмкіндік береді. Керегенің әр қанатын көктеп болған уақытта да оны осы ырғаққа шалқасынан жатқызғанда, оның мүсіні ырғақ қалпымен үйлесетін болуы керек, мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты, берік болу шарттарының сақталғанын көрсетеді.

Уыққа арналған қалып, көбінесе, үш қазық арқылы жасалады. Ол үшін алғашқы уықты әбден өңдеп болған соң (негізгі мәселе оның иінінде) оны тақыр жерге қырынан жатқызады да, уық алақанының сыртынан, иін ортасының ішкі жағынан және уық қырының сыртынан биктігі 1 метрдей түзу жонылған үш мықты қазық қағылады, ал солардың арасында жасалған уықтарды ретімен бірінің үстіне екіншісін қырынан қыстыра береді. Мұндай қазықтардан жасалған қалыпқа қыстырылған уықтардың иіндері сол қалпында қатып, кейін су тисе де, жазылмайтын күйге түседі. Уық иіні көбіректеу жасалатындықтан, оны дереу қалыпқа салып қатырмаса, балқып тұрған уық иіні жазылып кетеді.

Керегеге арналған ырғақ болсын, үш қазықтан тұратын уық қалпы болсын үйші жұмысының өнімділігін арттруға себін тигізеді. Уықтың иініне де, кереге сағаналарының мүсініне де көзі қанығып, әбден дағыдыланған тәжірибелі үйші жасап жатқан бұйымның белгілі үлгі деңгейіне дүп келді-ау деп ырғаққа не уық қалыбына салғанда, көбінесе, жаза баспайды, ішінара үйлесіңкіремей қалған жерлерін дереу жеріне жеткізе жөндеп жібереді. Осы айтылған станоктар еңбек өнімділігін, сапасын арттырумен қатар үй сүйегі бөлшектерінің біркелкілігін, формасының беріктігін қамтамасыз етеді.

Ал ендігі кезекте киіз үйдің жасалу технологиясына тоқталайық. Үйші жұмысқа кіріспес бұрын неше қабат үйдің сүйегін жасайтынын біліп, соған қарай дайындалған ағаштарының қажеттілерін іріктеп, ыңғайлайды. Жұмыс орнын, саймандарын жөнге келтіріп алып, көбінесе, таң сәріден іске кіріседі. Әрине, шебер үйшілердің бос отыратын уақыты болмайды, негізгі күнкөріс осы кәсіппен байланысты болғандықтан, олар, әдетте, бір үй сүйегін бітсе, екіншісін бастай береді. Соның өзінде үй сүйегін әркімнің тапсыруы, алдын ала келісімі бойынша жасайтындықтан оның әрқайсысын әркімге арнап, іске кіріседі. Өйткені, әркімнің қалауы әр түрлі болады. Айталық. Біреуге- 4, біреуге- 6, енді бреуге- 8 қанат не оданда үлкен үй керек болады. Біреулерге тым сәнді, әшекейлі үй қажет болса, енді біреулерге қарапайым баспана болса болғаны. Осы жағдайлардың бәрі үйші еңбегіне айтарлықтай әсер тигізеді [7.27].

Киіз үй сүйегінің ең күрделісі де, қыруар еңбекті қажет ететіні де кереге болғандықтан, үйші ең алдымен кереге сағаналарын дайындауға кіріседі. Ол үшін алдын ала дайындалған қозға немесе мор мен обынға, керегеге арналған ағаштардың он шақтысын салып, әбден жұмсартады. Жақсы кепкен ағашты қозға салар алдында суға малып алса, ол тез жұмсарып, бабында балқыйды, ағаштың сырты күймейді де. Қозда жатқан ағаштарды біртіндеп алып өңдеуге кіріседі. Ең алдымен ағаштың кисық жерлерін тезге салып, түзетіп алады. Ол үшін қоздан шыққан ыстық ағашты биялай киген сол қолымен ұстап, оның қисық жерін тездің кертпегіндегі қазықшаның тұсына апарып ұстайды да, оны сықаурын алақанымен жанши отырып түзетеді. Сықаурынды оң қолымен ұстап тұрып, сабы жағын жамбасқа салып, бар дене салмағымен бір басып, бір босатқан уақытта түзетілетін ағашты ретіне қарай аударыстырып, қозғап отырады. Оның ұзына бойындағы олпы-солпы түзетіп шығады да, бас-аяғын шаппашотпен шауып, сағаналар ұзындықтарын біркелкі етеді. Одан соң ағаштың жуан басының екі жағын түзу жонғымен тегістейді, тісті жонғымен ыру сызықтарын жүргізеді. Кереге сағаналарының қалған ұзына бойын түгелдей қуыс не ойыс жонғымен жұмырлай жонады. Жону, түзету жұмысы біткен соң тезге салу арқылы кереге сағаналарына арнайы мүсін бере, әр жерінен белгілі мөлшерде иіндер жасайды. Осының нәтижесінде кереге сағанасының басы сәл шалқақтау болады, мойын тұсы ішке еніңкі, бүйірі сыртқа теуіп шығыңқы келеді. Ал, бір жағы біртіндеп ішке тартып, төменгі ұшы тіп-тік келуі қажет. Кереге сағанасын тігінен қойғанда оның басы мен етегінің ең төменгі ұшы бір түзу бойында болуы шарт. Мұның өзі киіз үй сүйегінің орнықты және берік, әсіресе, киіз үйдің салмағына керегенің шыдамды болуының басты шарты. Кереге сағанасының Осылайша мүсінделуі бүкіл қанатының әдемі болуына айтарлықтай әсерін тигізеді.

Мүсінделген кереге сағаналарын көлеңкеде тұратын ырғақ үстіне қатарлап қоя береді. Шалқасынан қатар жатқан кереге сағаналары ұзындығы, жуандығы және иіндерінің үйлесімділігі жағынан егіз қозыдай ұқсас, біркелкі болуы қажет. Мұндай біркелкілік болмаса, кереге қанатын дұрыстап көтеру мүмкіндігі де болмайды. Ал, әуреленіп көктеген күннің өзінде керегенің жиналып-жазылуының өзі қиынға соғады, көрер көзге десиықсыз, олпы-солпы болумен бірге тым осалкеледі, әсіресе, оның көгі шыдамай үзіле беретін болады. Орталық Мемлекеттік музей қорында ХХІ ғасырдың бірінші жартысында жасалған кереге сақтаулы. Бұл керегенің жиналған кездегі көлемі 277х74 см болады. Кереге музейге 1986 жылы 16-қазанда өте нашар сақталған күйінде түскен. Бірақ музей қызметкерлерінің қыруар еңбегінің арқасында реставрация жұмыстары жүргізіліп, бастапқы қылпына келтірілген. Қазір ол КП 20735/1-7 номерінде музей қорында сақтаулы [30].

Киіз үйдің ең көп тараған негізгі түрі- алты қанат үй. Алты қанат үй дегеніміз-алты керегелі үй деген сөз. Сонда үйдің үлкен-кішілігі оның қанат санымен анықталады. Қанат санына қарай кереге бастарының саны, кереге басына қарай уық саныәр түрлі болып келеді. Мұнымен бірге кереге көздерінің үлкен-кішілігіне қарай тор көз кереге (жұдырық сыярлықтай ғана) және жел көз кереге (Қос жұдырық сыярлық кең көзді) болып екіге бөлінеді. Олай болса, тор көз және жел көз керегелі киіз үй сүйегінің кереге басы, оған қарай уық саны да әр түрлі болады. Мәселен, Қызылорда, Алматы облыстарынан өзіміз ел арасынан жинаған деректерге қарағанда, тор көзді 12 қанат үйде-180 бас, 8 қанат үйде- 130бас, 6 қанат үйде-90 бас, 5 қанат үйде-80 бас, 4 қанат үйде-60-65 бас болсса, жкл көз керегелі 6 қанат үйде-72 бас, 5 қанат үйде-60 бас болады. Тор көзді керегенің біреуінде (яғни, қанатта) 15-16 бас, 6 қанат үй керегелерінің үшеуі 15, қалған үшеуі 16 басты болып келеді, яғни үйдің қанат саны қанша өскенімен, оның жартысы 15, жартысы 16 бастан тұратындығы заңдылық. Ал, жел көзді керегенің біреуінде 12-13 бастан болады, ал оның жартысы 12, қалған жартысы 13 бастан тұрады. Бұлай болу себебі, қанаттарды бір-бірімен қосқан, яки үйді тіккен уақытта екі керегенің бір-бір басы бірігіп, бір бас болып шығады да, тігілген үйдегі керегелердің әрқайсысының басы тор көзді керегеде 15-тен, жел көздіде 12-ден шығады. Бұл арада айта кететін тағы бір заңдылық- киіз үй сүйегінің қанат саны 6-дан артқан соң оның керегелері әрдайым тор көзденіп жасалады, ал жел көз керегелі үйлер, әдетте, 4, 5 және 6 қанаттан аспайды. Көп қанатты үлкен үйлердің сүйегі салмақтырақ болады. Үйдің көлемі үлкейген сайын жауын-шашын, дауыл, құйын кездерінде үй сүйегіне сырттан түсетін күште көбірек. Сондықтан өз салмағы мен сырттан түскен табиғи күштердіңтегеурініне үлкен үйлердің сүйегі төтеп беретіндей орнықты, әлді болуы қажет. Тор көзді үлкен үйлерсүйегінің жасалуы күрделі, бағасы да қымбат түсетіндіктен, оларды кезінде ауқатты адамдар ғана жасатты. Ал, жел көзді шағын үйлердің сүйегі жеңіл, жасалуы оңай, бағасы да арзан болғандықтан, орта шаруалар қаымының басым көпшілігі осыны қанағат етті. Алты қанат киіз үйдің бір тор көз керегесіне жұмсалатын сағаналардың үлкенді-кішісін түгел қосқандағы жалпы саны 42 шыбықтан тұрады.Оның ең ұзын ерісінің саны 18 болса, қалғандары сағанақ атанады да,қос-қостан барған сайын қысқара береді. Оның жалпы саны24-ке жетеді.Кереге ерісінің ұзындығы 2 метр болса, сағанақтың ең ұзындары1,6 метр, ең қысқалары 30 сантиметр шамасында болады [1.12].

Жасалып жатақан киіз үй сүйегінің керегелеріне жетерліктей түгел сағаналар түзетіліп, жонылып, мүсінделіп, ырулар жүргізіліп болған соң, олардың барлығына да көк өткізетін көздер тесіп шығу қажет. Әрбір кереге сағанасына қанша тесік жасалатындығы керегенің тор көз, не жел көз болып жасалуына байланысты. Керегенің басы қанша болса, кереге қанатында жоғарыдан төмен қарай сонша көз бар, ал әрбір кереге ерісінің соншама көк тесігі жасалады.

Кереге сағанасына жасалатын 15 тесіктің аралары тең болуы қажет, бұл жағдай кереге көздерінің біркелкілігін қамтамасыз етеді. Кереге ерісінің бас жағынан төмен қарай 5 тесік жасалып, 6-сы тесілмейді, одан әрі 3 тесік жасалып, 10-сы тесілмейді, одан әрі керегенің етегіне дейін тағы 5 тесік қатар тесіледі. Кей уақытта 18 басты тор көз кереге ерісіне 15 тесік жасалып, 4 азат қалдыратын жағдай да кездеседі. Мұндай жағдайда әрбір үш тесіктен соң бір азат қалдырып отырады. Керегедегі көз санының өсуіне байланысты азат саны да артады. Азат саны жиі қайталанса, керегенің жиылып-жазылуын жеңілдетеді. Азат қатары бір үй сүйегінің барлық қанаттарында бірдей болуы қажет.

Кереге сағаналарының көк өткізетін көздері үскімен түгелдей тесіліп болған соң ғана оның қанатын көктей бастайды. Ол үшін, ең алдымен, көктелетін кереге астына арнайы төселетін жастық ағашты орнықтырып, оның үстіне көктелетін кереге сағаналарын орын-орнына қояды. Сондықтан кейін кереге көктеу ісіне кіріседі. Кереге сағаналарының ең ұзын ерісін екі қатар етіп қиғаштап орналастырады да, ұзынды-қысқалы сағаналар ерісінің екі жағынан, жоғарыдан төмен, төменнен жоғары келесі қанатқа дәл қиысатындай болып көктеледі. әдетте, керегенің бір ерісінен ұзынды-қысқалы екі сағанақ шығады.

Керегені көктеу үшін түйе сірісінен алдын ала тілініп дайындалған жалпақ, ұзын тапсаны су бүркіп жібітеді. Содан кейін бір үшын арнайы мүйіз ине көзінен өткізіп, екінші жағынан кішкене тесік жасап, одан ине арқылы таспаны түгел өткізгенде, оның соңғы ұшында түйін пайда болады. Түбі түйінделген ұзын таспаны екі қабатталған кереге сағаналарының тесіктерінен төменнен жоғары қарай өткізіп, таспаны тартыңқырап тұрып түбінен керегеге тигізе тесіп, одан таспаның инелі ұшын қайта өткізеді де, қиып алады. Екі жағы нық түйілген түйе сірісі аз уақыттың ішінде тас болып қатады да қалады. Мұндай көк тозып үзілмесе, өз бетімен ешқашан шешілмейді, кереге сағаналарын біріктіріп мықты ұстайды, жуыр маңда тозбайды да. Бір үй сүйегіне қажетті кереге қанаттарының бәрін көктеп болған соң, оның басқа бөлшектерін жасауға кіріседі [4.34].

Кереге сағанақтарының көгі мен уық алақандары тесіліп болған соң, оның әрқайсысы майда түрпі, темір қырнауыш немесе шыны сынықтарымен мұқият өңделіп, көбінесе, жосамен боялады. Ал, шамасы келгендер кереге мен уықтарды түгелдей қызыл, жасыл, көк түсті май бояулармен боятады, содан олар сырлы үй атанады. Тек қайыңнан жасалған киіз үй сүйегін мұқият өңдеген соң өсімдік майын неше қайтара сіңіре жағады. Содан барып өте ұнамды қайың ағашының өзіндік табиғи түсін сақтайды. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысында Шоқан Уалихановқа әкесі арнайы жасатқан 10 қанат киіз үй сүйегінің боялмағандығы, мұқият өңделгендігі, керегелерінің өте әдемі мүсінделгендігі туралы 1865 жылы Шоқан өлгеннен кейін Шыңғыс ауылында болып, осы киіз үйде жатқан генерал А. К. Гейнс мұндай тамаша үйді бұрын-соңды еш жерден көрмегендігін баяндайды. Міне, дәл осы Гейнс көрген Шоқан үйінің қайыңнан жасалғандығы туралы академик Ә.Х Марғұлан еңбектерінен де көреміз. Ал, енді сән-салтанат қуған, әсіресе, сауда-саттықпен, қаламен байланыста болған қазақ әкімдері мен ірі байлары кейде сырлы үйлерді місе түтпаған. Олар кереге бастарын, уық алақаны мен қаламдарын күмістетіп, сүйектетіп те әшекейлететін болған. Мәселен, XIX ғасырдың екінші жартысында адай руынан шыққан Талпақов Қаражігіт деген бай киіз үйінің сүйегін таза күміс, күмістелген темір және өрнектелген сүйек әшекейлермен мейілінше мол безендірген екен. Сол туралы осы күнге дейін ел арасында тамсана сөз етеді. Қазақ әкімдерінің әр уқытта Россия патшаларына сыйлаған немесе әр түрлі көрмелерге жіберген киіз үй сүйектерін айтулы шеберлерге жасатқан, сыр, күміс, сүйек сияқты әшекейлермен түрлендіре безендірген. Осындай қымбат үйді XIX ғасырдың бірінші жартысында Бөкей ордасының ханы Жәңгір бірінші Николайға сыйға тартқандығы туралы П. Столянский жазса, XIX ғасырдың екінші жартысында Зайсан қазақтары бірінші Николайдың баласы Николайға сыйлаған үй де нағыз өнер туындысы болғандығы туралы академик Ә.Х. Марғұлан жазды [4,35].

Кереге мен шаңырақ арасын біріктіріп, киіз үйдің төбесін шығарып тұратын иінді ұзын ағаштарды уық деп атайды [9.12]. Бір үй сүйегіне арналған уық саны кереге бастарының жалпы сандарына тең болады. Олай болса, уықтың саны да, әрқайсысының ұзындығы да, әлділігі де киіз үйдің көлеміне, яки қанат санына, керегенің тор көз, не жел көзділігіне тікелей байланысты болады. Әдетте, киіз үйдің маңдайшасына алты уық байланады. Сонда кереге бастарының санына 6 маңдайша ұяларын қосып, жалпы уық санын есептеп шығару қиынға түспейді. Орта есеппен 6 қанат үйдің уығының ұзындығы 12- 13 қарыстай болады. Әрине, әр жағдайда, әсіресе, шаңырақ көлеміне қарай уықтың ұзындығы жоғарыда көрсетілген мөлшерден не аздап ұзарып, не қысқаруы да ықтимал. Қанат саны өскен сайын уықтың ұзындығы да арта түседі. Мәселен, 8 қанат үйдің уықтары 15- 16 қарысқа дейін барады. Уық иіні иінділеу келсе, яғни 130- 150 градус доғал бұрыш шамасында болса, үй төбесі күмбезделіп шығады, ал иіні аздау болса, яғни 145- 150 градус доғал бұрыш шамасында болып, уық алақаны қысқалау келсе, үй төбесі конус тәрізді шошақтау болады. Біздің көп жылдар бойы ел арасынан жинаған деректерімізге қарағанда, Жетісу өңірінің киіз үй уықтары иінсіздеу, шаңырағы шағындау келеді де, үй төбесі қалмақ үй тәрізді шошақтау болады екен, ал Қазақстанның қалған өңірінде уық иіндірек, шаңырақ көлемділеу болады да, үй төбесі күмбез тәрізді жалпақтау келеді. Академик Ә.Х. Марғұлан дәл осындай талдау жасай келіп, төбесі конус тәрізденген киіз үй конструкциясын киіз үй сүйегінің көне түрі ме деген болжам жасайды [4.36]. Шынында да, жалпы киіз үйдің пайда болу, даму процестеріне ой жүгіртсек, бұл болжамның дұрыстығына шүбәлануға болмайды.

Уақыттың ұзына бойын қазақ халқы төртке бөледі:

- алақаны- кереге басына байланып бекітілетін жалпақтау түбі;

- иіні- алақанға жалғаса иілетін тұсы;

- қары- иіннен ұшына дейінгі оқтығы;

- қаламы- шаңырақ тесігіне еніп тұратын уықтың төрт қырлы ұшы [5.83].

Уықтың алақанының бетін түзу жонғышпен тегістеп алып, тісті жонғышпен ыру жүзгізеді. Уық түбін шапашотпен доғалдап шауып,үскімен уық бау өткізетін тесік жасайды. Уықтың қарын ойыс жонғымен жұмырлап жонады. Уық иінінен бастап қаламының дәл ұшына дейін біртіндеп жіңішкере береді. Уықтың мұндай конструкциясы, үйшілердің айтуынша, тегін қалыптаспаған. Біріншіден, уықтың жеңілдеу болына әсерін тигізсе; екіншіден, шаңырақ шеңбері де онша жуан болмайтындықтан, оған жасалатын көптеген тесіктер саусақ сиятындай ғана болып жасалатындықтан, уық ұшына қарай жіңішкере беруі керек; үшіншіден, дөңгелене құрылған кереге бастарынан киіз үй аумағының 1/3-дей көлемде болатын, дөңгелек шаңыраққа қарай жарыса ұмтылатын уықтардың кереге басына бекітілетін алақан аралықтары алшақтау болады да, уық қаламдары сұғынатын шаңырақ ұяларының арасы 2,5- 3 сантиметрден аспайды. Олай болса, уықтар аралығындағы кеңістік те, уықтардың өздері де төменнен жоғары қарай біртіндеп жіңішкере беріп, шаңырақ шеңберінде тыныштық тапқандай келісті көріністі аңғартады. Мұның өзі халық шеберлерінің ғасырлар бойы эстетикалық талғамы дамуының нәтижесі; төртіншіден, қаламының жуандығы оның алақанымен тең болса, олар шаңырақ шеңберіне сыймайды, ал уық иіні жіңішке, әлсіз болса жоғарыдан түсетін салмаққа шыдамайды. Сондықтан, уықтардың төменгі жағының жуан, әлді болуымен қатар жоғары қарай жеңілдеп, жіңішкеруі заңды қажеттіліктен туған өнер үлгісі. Уықтың ең жоғарғы жіңішке ұшынан оның 7- 8 сантиметрдей төрт қырлы қаламын шығарады. Уық қаламының төрт қырлы болуы мен түбінен ұшына қарай жіңішкере беруі уықтың аунамауына және шаңырақ ұясына оның нық сұғынып, орнықты болуына ең қолайлы жағдай туғызады. Төрт қырлы уық қаламын шапашот және түзу жонғы арқылы теп-тегіс етіп шығарады, оның біркелкілігіне мұқият көңіл бөлінеді.

Уық алақанының ішкі бетіне жүргізілетін ырудан басқа басы артық ою-өрнектер жүргізуді уық ағашы көтермейді, сондықтан уықтар көбінесе жосаланып, кейде сырланып немесе күміс, сүйек әшкейлерімен көркемделеді. Әбден жасалып біткен уықтарды 20- 25-тен біріктіріп, бас-аяғын жіппен байлап, көлеңке жерге қояды, олар үй сүйегі түгелбіткенше тұрады.

Орталық Мемлекеттік музей қорында осындай уықтардың бірнеше түрі сақтаулы. Солардың біріне тоқталып кетейік: ХХ ғасырдың ортасына жатады, уықтың жасалған ағашы қызыл түспен боялған. Музейге Алматы қаласының тұрғыны Досжанов К. Тапсырған. Инвентарлық номері КП №20736/1-119.

Шаңырақ-киіз үй үйді төбесін шығарып тұратын шеңбер. Шаңырақты, көбінесе, тұтас немесе екі-үш бөлек қайың кесіндісінен, кей жерлерде қара талдан да жасайды [12.17]. Шаңыраққа арналған ағашты да алдын ала дайындап, сыртқы қабығын сыдырып, көлеңкеде кептіреді. Шебер үйшілер шаңырақты тұтас ағаштан да, екі не үш бөлек кесінділерден де жымын білдірмей, дөп-дөңгелек етіп иіп жасайды. Шаңырақ ағашының дияметірі 7-8 сантиметр болатындықтан, оны сындырмай дұрыс шеңбер етіп июде оңайға түспейді. Дегенмен, қазақ үйшілері өздерінің тым қарапайым қалыптарына салып, шаңырақ шеңберін, яғни тоғының, шын мәнісінде, мінсіз етіп шығарады. Ел арасында ең жиі кездесетін шаңырақтардың дияметірі 1-1,8 метрдей, кейде 2 метрге де жететін шаңырақтар болады. Дияметірі белгілі болған шаңырақ тоғынының (шеңберінің) ұзындығын табу қиын емес, яғни шаңырақ тоғынының ұзындығы оның дияметірінен 3 есе артық болады. Сонда шаңырақ тоғынының ұзындығы 3-5 метр шамасында болады десек, қателеспейміз. Шаңырақ ағашын шаппа шотпен ыңғайлап, астынғы бетін шығара шауып, жонғымен мұқият тегістеп болған соң, оны құрым киізге орап, дымқыл жерге көмеді, содан оншақты тәуліктен соң, шаңырақ ағашы өз бойына жеткілікті ылғал тартып үлгереді-ау дегенде, оны қазып алады. Осыдан кейін үстіне себілген су бойына сіңген кезде дайын тұрған қозға көмеді. Ыстық қозда бие сауым уақыт (1-1,5 сағаттай) жатып әбден жібіген шаңырақ ағашын кірпіштен не ағаштан арнайы жасалатын қалыпқа салып иеді. Айталық, жасалатын шаңырақ дияметіріне сай етіп жер бетіне дөңгелентіп кірпіш қалап қатырып қояды. Немесе жуандығы жеңді білектей ағаш кесінділерін қатарластырып қойып, бір-бірімен кепіл ағаштар арқылы біріктіріп, оны шет-шетін арамен дөңгелентіп, шаңырақ дияметіріне дәлдеп кеседі де шаңырақ қалпы ретінде пайдаланады. Мұндай арнайы шаңырақ қалпын-байтес дейді [10.28]. Арнайы қалыптың болуы үйші жұмысын жеңілдетіп, көптеген қолайлылықтар туғызады. Шаңырақ тоғынының жалғасатын екі басын астастыру ісі де осы қалыпқа кигізіп қойып жасағанда оңай орындалады.

Шаңырақ көздерінің саны киіз үй сүйегіндегі уық пен керегелер басының санына байланысты жасалады. Оны тоғынның төменгі жиегімен жоғары қарай төрт қырлап тесіп шығады. Бұл тесіктер уық қаламдарының нық және бөгетсіз сұғынуына сай асқан дәлдікпен жасалуы тиіс. Сондықтан, шаңырақтың сыртқы және ішкі көз тесілетін жерлерін алдын ала белгілеп алып, үскімен тесіп алады, содан кейін оны жіңішке қашаумен төрт қырлап кеңітіп шығады. Одан соң көздердің бір келкі болуы үшін уық қаламындай етіп соғылған “қалам- темір” не “көзеу” деп аталатын аспапты отқа әбден қыздырып алып, шаңырақ көздерін күйдіріп жөндейді. Бұл күйдіру жұмысын үйшілер тілінде “көзеу” дейді.

Шаңырақтың төбесін шығарғанда түндікті төмен түсіріп алмас үшін оған күлдіреуіш орнатады. Шаңырақ шеңберінің дияметірімен жоғары қарай көтеріле иіліп, бір-бірін дәл ортасынан кесе өтетін шыбықтарды күлдіреуіш дейді. Күлдіреуіштің әр қатарында 3-тен 8-ге дейін шыбықтар орнатылады, оларды арнайы жасалған қарғаша немесе бақалақ деп аталатын кепіл ағаш тесіктерінен өткізеді. Кепіл ағаш саны әр күлдіреуіштер тобында екіден не төрттен жасалады. Кейде оларды күлдіреуіш шыбықтарының төменгі жағынан әрқайсысына шегемен жапсыра бекітеді. Күлдіреуіштің бұлайша жасалу тәсілі- қазақ арасында ертеде келе жатқан дәстүрлі өнер.

Қазақстанның оңтүстік өңірінде шаңырақ күлдіреуішін жасау тәсілінің кейнірек қалыптасқан басқаша түрі де болады. Оны халық табақты күлдіреуіш дейді. Шаңырақтың төбесін алақандай табақ тәрізденген қалың дөңгелек тақтай шығарып тұрады, 5- 6 имектеу күлдіреуштен оны шаңырақ шеңберімен біріктіреді. Табақтық төменгі бетінің ортасында шаңырақ көтергенде бақанның басын тірейтін саяздау ұя жсалады, оның айналасында ою-өрнек ойылады. Күлдіреуіштің мұндай түрін жасау оңай-ақ, бірақ көркемдік және беріктік жағынан дәстүрлі күлдіреуіш жағынан әлдеқайда төмен. Көпшілік бұқараға арналған шаңырақтарға ешқандай әшекей жасалмайды, тек жосалаумен ғана шектеледі. Ал, сән қуған байлар шаңырақты да үйдің басқа сүйектерімен қосып сырлатады немесе шаңырақ бөлшектерінің үй ішінен көрініп тұратын беттерін мүмкіндігінше саяз сызықтар жүргізу арқылы әр түрлі өрнектермен көркемдетеді. Ою-өрнектер негізінен, геометриялық, символдық, өсімдік және зооморфтық мотивтер элементтерінен тұрады. Шаңыраққа ою-өрнек жүргізетін құралдың негізгісі ұшкір пышақ сияқтанып темірден соғылатын арнайы аспапты қобы дейді.

Шаңырақ бөлшектерін сырлау, оюлаумен бірге күмістеу, сүйектеу тәсілдерімен де өрнектейді. Әрине, күмістелген, сүйектелген шаңырақтарды сән қуған ауқатты адамдар ғана жасатады.

Киіз үйге арналған дәстүрлі “сықырлауық” ағаш-есік: екі ашпалы есіктен, маңдайшадан, екі босағадан және табалдырықтан тұрады. Осы есік бөлшектері бөлек-бөлек жасалады, керек болған жағдайда арнайы жасалған тетіктері арқылы үйлесе бірігіп, біртұтас “сықырлауық” есік болып шыға келеді. Сықырлауық есік болшектерінің бір-бірімен шегесіз біріктірілетіндігі көш-қонның кезінде қолайлылық туғызады. Киіз үй есігінің биктігі тігілген үйдің керегесінің биктігіндей, яғни орта есеппен 170- 175 сантиметр, ал ені 120- 122 сантиметр шамасында болады. Маңдайшаның ені 10-12 сантиметрдей, екі босаға мен табалдырық ендері 7- 8 сантиметр. Маңдайша, босаға және табалдырық ағаштары жарылмай кепкен, бұтақсыз қайыңнан шабылады. Маңдайшаның енділеу келетін себебі- оның жоғарғы жағынан уық байлайтын түзу бұрышты 6 тесік қашалады, кейде маңдайшаның үстіне уықтың алақаны сыйып тұратындай тереңдігі 3- 4 сантиметр шамасында ұялар жасалады. Маңдайшаның астыңғы жағының, табалдырықтың үстіңгі жағының екі бастарынан қос босағаның бас-аяқтары сүғынып тұратын түзу бұрышты екі ұя болады. Ал, екі ашпалы есіктердің топсасы есебінде олардың босаға жағынан, жоғарғы және төменгі шеттерінен маңдайша мен табалдырықта арнайы жасалған дөңгелек ұяларға кіріп тұратын «сықырлауық» атты жұмыр дөңестер шығарылады. Бұл жұмыр дөңестер маңдайша мен табалдырық ұяларына кіріп тұрады, есікті ашып-жапқанда сықырлаған дыбыс шығарады. Киіз үйдің екі ашпалы ағаш есігінің “сықырлауық” атануы, бәлкәм, осыдан да болар. Сықырлауықтың ашпалы есіктері әртүрлі әдістермен жасалады. Бірде есіктің әр ашпасы тұтас қайың не терек ағаштарының жалпақ тақтайларынан жасалса, енді бірде бірнеше жіңішке қарағай тақтайлардан құрастырылып жасалады. Киіз үй есігі мен маңдайша, босағаларының ішіне қарайтыне беттеріне ою-өрнектер ойылып, түрлі- түсті бояулармен сырланып, сүйектеліп безендіріледі [11.35]. Кейде бәсекелес төрелер мен байлар киіз үй есіктерінің ішкі жағын түгелдей әр түрлі өрнекті сүйек, күміс әшекей және түрлі- түсті асыл тастармен де сәндейтін болған. Әдетте, маңдайша мен босағалардың сыртқы беттері, табалдырықтың екі жағы да ешбір ою-өрнек, әшекейлермен безендірілмейді. Оның есесіне ашпалы есіктердің сыртқа қарайтын беттеріне ою-өрнектер ойылып, түрлі түсті бояулармен сырланады. Әдетте, ашпалы есіктердің ішкі және сыртқы беттеріне жүргізілетін ою-өрнектер екі түрлі болады, ішкі беттеріндегі оюлар өте күрделірек келеді.

Кейде ашпалы киіз үй есігінің әр ашпасын ұзынды-қысқалы тақтайлардан түзу бұрышты рама тәріздендіріп құрастырады. Ортасына тақтайдан шаршы не сопақтау 2-3 табақшалар орнатады немесе есік ашпасының үстінгі жағының 1/3 бөлігіне тақтай табақша орнына жұмырлданып безендірілген бірнеше таяныштар тігінен орнатылады. Ал, басқа табақшаларға ою-өрнек нобайын үш қырлы саяз сызықтар жүргізу арқылы немесе түрлі түсті бояулармен көркемдейді, кейде осы айтылған өрнектеу әдістері қатар жүргізіліп әсемделеді [13.95].

Киіз үй есіктернің ішкі беттеріне ою-өрнектің сан алуан түрлерін бедерлеп оймыштау тәсілі сирек кездеседі. Дегенмен, Қазақстанның батыс және оңтүстік батыс өңірлерінде ішінара кездесіп отырады. Мұндай есік беттеріндегі ою-өрнектің өзі бедерленіп ойылады, оның түрі (фоны) әжептәуір тереңдікке дейін түгелдей қашалып, сәнді өрнек айқындала түседі. Бедерлі оймыштың әр өрнегі өте нәзік болады, бірімен-бірі астасып келеді, өткермеленіп жатқандай бейне орындалады, ол өрнектердің әрқайсысының фоны түрлі- түсті бояулармен боялғанда бұйымның әсемдігі артып, нағыз өнер туындысы дерлік дәрежеге жетеді. Мұндай есік беттеріндегі ою-өрнектің өзі бедерленіп ойылады, сәнді өрнек айқындала түседі. Мұндай есік болшектерінің ою-өрнектер негізгі өсімдік, символдық және зооморфтық мотивтердің біте қайнасып араласуының нәтижесі деуге әбден болады. Бедерлі ою-өрнекті қашау арқылы орындау тәжірибелі шеберлердің ғана қолынан келеді. Олар өз ісіне өте жауаптылықпен қарап, жасаған есіктерінің өте сәнді болуын көздейді.

Қалың бұқара киіз үй есіктерін ешбір ою-өрнексіз-ақ жасата береді. Тіпті, кейбіреулердің ашпалы ағаш есіктері де болмайды ғой, оның орнына “есік-ергенек”, “ит-кірмес” атанатын ағаш шарбақтармен-ақ күн көреді. Оның есесіне, әр үйдің есігінің сыртынан жабылатын киіз есіктер болады.

Көшпелі елдің шаруашылық жағдайына қарай, жорық немесе көші-қон кезінде уақытша тігілетін баспананың негізгі түрі- қос. Оның қаңқасын жасау киіз үй сүйегіндей қиынға түспейді. Қос қаңқасының құрамы ұзындығы 3 метрдей 30- 35 уық пен диаметрі 1 метрдей шағын шаңырақтан ғана тұрады. Қосқа арналған қарапайым шаңырақтың киіз үй шаңырағына кішілігі болмаса, басқа айырмасы шамалы. Ал, қос уықтары тіптен өзгеше болады. Олар көбінесе қарағай мен шырша ағаштарынан жасалады. Бұл ағаштар оқтай түзу және кепкен уақытта өте жеңіл болады. Қос уығына ұзындығы 3 метрдей, түп жағының жуандығы 5 сантиметр шамасында болатын қарағай кесіндісі жарай береді. Мұндай сырықтардың бұтақтарын шауып, қабығын жонып, жіңішке ұшынан төрт қырлы қалам шығарса болады, қосқа арналған әлді уық шыға келеді. Осындай 30- 35 уықтың қаламдарын шағын шаңыраққа сыртынан көлбете сұғындырғанда, конус тәрізді қостың қаңқасы қалыптасады. Мұндай қостарға ағаш есік салынбайды, сыртынан жабылатын киіз есіктері ғана болады. Қостың киіз жамылышы екі үзік пен бір түндіктен ғана тұрады. Өзі жеңіл, жылы, жиюы мен тігуі де оңай мұндай қостарды революцияға дейін, көбінесе, даладағы жылқышылар баспана есебінде пайдаланған.

Сөйтіп қазақтағы үйшілер өнері сонау көне замандардағы көшпнлілік салтына байланысты қалыптасып, ғасырлар бойы даму, жақсару процесі нәтижесінде шынайы халықтық өнер дәрежесіне жертен. Ал, Орталық Мемлекеттік Музей сол өнер туындыларын болашақ ұрпақ үшін сақтап, қорғап, насихаттайтын бірден-бір орталық.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет