343
біріне үндес келіп жатады. Дулат суреттеген өз елін, қазақты
қорқытатын «ел пысығы», айталық, болыс «майырдың
бұйрығын алғанда, борбайына құйрығын қысып, алдына түсіп
томпаңдаса», Абай бейнелеген болыс та:
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап...
Әлсіздің сөзін салғыртсып,
Шала ұғамын қырындап... –
деп өзі мойындайды. Абай да:
Мәз болады болысың
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың
Шенді шекпен жапқанға... –
деп, Дулат айтқан «шен-шекпенге сатылған, батпаққа елін
батырған» ұлықтар портретіне ұқсас етіп беріп тұр. Әрине,
бұл жерде Абай образды Дулаттан «ұрлап тұрған» жоқ: екеуін
де осылайша сөйлетіп қойған – өмір шындығы, олардың сол
шындыққа барған суреткерлік талғамдары.
Абайдың қазақ
халқының тағдырын толғаған көп сөзі жүз жыл кейінгі біздің
заманымызға арналғандай көрінсе, Дулаттың да:
Жеріңнің алды шұрайын,
Дуан салып жайланып.
Датыңды айтсаң майырға,
Сібірге кеттің айдалып.
Бейнең қандай болды екен,
Қарасаңшы бір мезгіл
Қолдарыңа айна алып... –
дегені де бейне бізге айтып тұрғандай. Ар жағын былай
қойғанда, соңғы 70-80 жыл бойы Дулат айтқандай:
Болашақты болжамай,
Жол сауданы олжалай.
Ақбөкендей алданып,
Жылқыдай делбе сандалып... –
империялық торға, коммунистік әміршілдік құрығына түскен
жоқпыз ба? Жалғыз ел билеу, заң-сот істеріне қатысты ғана
емес, өзге сәттерде де екі алыптың үндес,
идеялас тұрғанын
көреміз. Мысалы, ақынға, ақындыққа екеуі де қатаң талап
қояды. Дулат: