«Шырағың сөнбесін» Заманымыздың ірі жазушысы Тахауи Ахтановтың «Шы-
рағың сөнбесін» атты көлемді романы, сырт қарағанда, Ұлы
Отан соғысы тақырыбына арналған сияқты көрінеді. Кітаптың
аннотациясында да осылай таныстырылған. Бір жағынан,
дұрыс та болар: оқиға XX ғасырдағы ең сұрапыл соғыстың ең
бірінші күнінен бастап, аяқталған кезіне дейінгі мезгілде өтеді,
кейіпкерлердің баршасы – осы өрт жалынында шарпылып
жатқандар. Әрі-беріден соң, жай қызықтап қана оқып шықсаң,
роман шым-шытырық оқиғалы туынды болып та көрінуі
мүмкін. Тіпті, шіркін «мұның сюжетін киноға да алуға болар
ма еді!» деп те ойлайсың. Ғаламат кино болып шығар еді, бірақ
онда тек әрекет-қимылдарын, ұрыс-шайқастарды, босқын-
қашқындардың бастан кешкендерін ғана көрер едік.
Ал, меніңше, үңіле, жазушының айтпақ ойын (идеясын) біл-
мек болып, зер сала оқыған оқырманның танымынша, бұл
романның негізгі тақырыбы – адам және дүние, яғни адам
және оның өмір сүріп жатқан кезеңі, қоршаған ортасы... тіпті
қазбаласақ, адамның ішкі дүниесі.
Мұндағы кейіпкерлердің портреттері – моральдық бейне-
лері: ар-ұят, намыс-жігер, өштік-қастық, рух күш-қуаты т.б.
тұрғысынан беріледі.
Өрмектің арқауы соғыс болғанмен, оны дүние етіп шығарған
өрмек жіптері – адамдар, жазушы тандаған кейіпкерлер. Бас
кейіпкер – Нәзира, совет армиясының командирі – аға лейте-
нант Қасымбектің жаңа түскен келіншегі, 19-ға толмаған өмірі
үшке бөлінген, алдыңғы екі бөлігін «дүлей соғыс қылышпен
шапқандай кілт үзіп тастап, өзін қаңбақтай домалатып, белгісіз
жаққа» алып кеткен жап-жас қазақ қызының өмірінің үшінші
бөлігіндегі тағдыр-талайы әңгімеленеді. Осы бас кейіпкер –
оқиғалар қазығы емес, ол сол оқиғаларда көрінген адамның
жан дүниесінің иесі, әйтеуір бір адамның емес, қазақ әйелінің
ой-пайымы, тартысы, сол тартыста көрінетін ұлттық және
адамдық келбеті, рухы, рух күші. Демек, романның тілі мен