Сабақтың мақсатын қою Жаңа сабақ Бүгінгі біздің сабағымыз қазақ халқының ұлы ойшыл ақыны Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналады. Сабағымыз ауызша журнал ретінде өтеді.
Олай болса, Абай өмір сүрген кезеңге көз жіберейік.
«Ой қозғау» стратегиясы: «Абай кім? Абай туралы не білеміз?» деген сұрақтарға жауап жазады.
Журналымыздың бірінші беті: Абайдың өмірбаяны, балалық шағы (интерактивті тақтадан слайд көрсетіліп, слайд бойынша оқушылар әңгімелейді).
Абайдың шын аты Ибраһим болған. Абай деп әжесі Зере еркелетіп қойған. Бала кезінде екі ананың арасында тел өскен Абайды жеңгелері Телғара деп еркелетіпті. Тіпті М.Әуезовтың өзі Абай туралы жазбақ болған романын ең алғаш “Телғара” деп атаған екен. Сол Телғараның дана Абайға айналып, ұлы ақын болу жолына көрелік.
Абайдың бар өмірі өзі туып өскен Шыңғыс болысы, қазіргі Абай ауданы, бұрынғы Семей облысында өтті. Ұлы ақын 1845 жылы әйгілі Қасқабұлақ басында, киіз үйде дүниеге келді. Әкесі Құнанбай бүкіл Тобықты елінің қаһарлы әміршісі, қатыгез, ал шешесі Ұлжан керісінше ағайын-туысқа қайырымды, мінезі жұмсақ, тілге бай адам болған.Міне, сәби шағынан-ақ Абай от пен судай екі ұдай, кереғар мінезді адамдар ортасында өмір кешті. Аяулы әжесі Зере мен анасы Ұлжанның жас бала қиялы мен санасының, мінез-құлқының қалыптасуына әсері мол болды. Ол екеуі айтқан ертегі, аңыз-әңгіме, күлдіргі, мысқыл, ел басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала-Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті.
Абай ауылда ескіше сауат ашып, Семейдегі Ахмет Ризаның медресесіне оқуға түседі. Алайда, әкесі Абайды билік ісіне араластырып, баулу үшін оқуын аяқтатпай, 14 жасында қайтарып алады. Абайдың медереседегі оқуы осымен аяқталады.
Абай Шығыстың классик ақындары Фирдоуси, Низами, Науаи, Әл-Фараби және т.б. Шығармаларын қызыға оқыды. Оның шығыс классиктеріне деген ынтасының зор болғаны сонша, өлең жазуға деген алғашқы талпынысы соларға сиынудан басталды.
(Оқулықпен жұмыс, сөздікпен танысу)