5-Тақырып. Математикалық ұғымдар, сөйлемдер және оларды
үйрену әдістемесі
1) Мақсаты.
Бір объектіні екінші объектіден, олардың қасиеттері, белгілері, ерекшеліктері арқылы ажырату. Зерттелетін объектілердің өзіне тән жеке қасиеттері және жалпы қасиеттерін анықтай отырып, объектінің белгілерінің жиынтығы – ұғым мазмұнын құрайтын мысалдар келтіру арқылы түсініктеме беру. Оқу бағдарламасы анықтайтын математикалық білімнің, іскерлік пен біліктіліктің барлық жүйесін терең және саналы меңгеруін қамтамасыз ету, математикалық ұғымды меңгеруге үйрету. Математиканы оқыту әдістерінен алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана білуге, өздігінен білім алуына көмектесу.
2) Сұрақтар.
1. Аксиомалар, теоремалар, аксиоматикалық әдістер..
2. Математикалық ұғымдарды нақты – индуктивтік әдіспен ендіру әдістемесі.
3. Математикалық ұғымдарды абстракты – дедуктивтік әдіспен ендіру әдістемесі.
3) Тапсырмалар.
1. Математикалық ұғымдар мен сөйлемдердің түрлеріне сипаттама беріңіздер.
2. «Көпбұрыш» ұғымы енгізілетін сабаққа жоспар-конспектті құрыңыз.
3. Келесі теореманың дәлелдеуін талдаңыз: «Параллелограмм диагоналінің ортасы оның симметриясының центрі болып табылады» Мұндағы қолданылатын ұғымдар мен пікір жүйесін ерекшелеңіз.
4. «Сызықтық функция» және «Тіктөртбұрыш» тақырыптарындағы ұғымдарды енгізу, олардың мазмұнын ашу, икемдікті қалыптастыру, білімді бекіту, оларды тереңдету және кеңейту үшін олардың қолданылу аясына сәйкес тапсырмаларды сипаттаңыз.
5. Ұғым - қарастыратын объектінің, құбылыстың соған ғана тән ерекше қасиетін сипаттайды. Ұғымға мысал: сан, кесінді, шек, туынды және т.б. Ұғымға тән сипаттамаларды айтыңыздар.
6. Ұғымның мазмұны деп, нәрселердің ұғым қамтитын елеулі белгілерінің жиынтығын айтады. Ұғымның көлемі деп, нәрселердің осы ұғымға тарайтын жиынтығын айтады. Мысалы, «Үшбұрыш» ұғымының мазмұны-үш қабырға, үш төбе, ал көлемі «барлық мүмкін болатын үшбұрыштардың» жиыны. Мысалдар келтіріп, сол ұғымның көлемі мен мазмұнын айтыңыздар.
7. 7-сыныпта «Бұрыштың косинусы» ұғымына сабақ жоспарын құрастырыңыздар. Осы ұғымды оқу кезінде оқушылардың ынтасын қалай арттыру керек?
8. «Параллелограмм», «ромб», «тіктөртбұрыш» ұғымдары арқылы шаршыға анықтама беріңіздер. Осы тапсырманы орындау үшін оқушы қандай білім мен іскерлікті меңгеруі тиіс? Осыған ұқсас бірнеше тапсырмаларды құрастырыңыздар.
9. Математикалық ұғымдарды қалыптастыру әдістемесіне және математикалық сөйлемдердің маңызды түрлеріне сипаттама беріңіздер.
10. Үшбұрыштың орта сызығы туралы теореманы оқыту әдістемесін жасаңыз.Дәлелдеу идеясын меңгеретін бірнеше тапсырмаларды құрастырыңыз. Сабақтың жоспар-конспектісін жасаңыз.
11. Келесі тапсырманың шешу әдістемесін жасаңыз: «Тең бүйірлі трапецияның доғал бұрыштың төбесі арқылы жүргізілген биіктігі үлкен табанды 2 және 5 см-ге тең бөліктерге бөледі.Трапецияның орта сызығын табыңыз»
Достарыңызбен бөлісу: |