Бұл -өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н. Назарбаев былай деді: «Менің ойымша,қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі де жете зерттелмей, зерделенбей келе жатқан тылсым дүние».
Ғасырлар бойы көшіп қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисынданады. Осы атаулы сөздің мән мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштіктен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.).Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жасөскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру-тұрмыстың дағдылы машығына айналды. әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналды.
Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе құрт қайнатқан батырым» сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көпелі қауым бірін бірі жақсы білді, әр адамның қадір қасиеті,оның жасына, жол жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Бұндай қауымдастық адам аралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін, түсініп, жеке бастың өзіне бұра татуына мүмкіндік бермеді.
Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қалыптасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттары мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этносты таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға оайлас жеке дара жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындары еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадырлеп, қастерлеп әлпештеді. Оны әдемілік пен әдертіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрінісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда.
Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері- қазіргі қазақтардың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын. Өйткені қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, от басындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айрылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандылық, үнемі малшаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қаңсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық-біздің ұлттық мінезімізді жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы.
«Бұрынғы уақытта»-деп жазды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында: Қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»-дейді (Алаш.1917.30 наурыз.16-номір).Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден сіңіп кеткен жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүйездік пен салғыттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. осы секілді келеңсіз қасиетер әлі күнге дейін алдымызда оралып, заман талабына бейімделуге бөгет жасауда. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке әуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы секілді жағымсыз қасиеттер келіп қосылды. Бізде бұдан да басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелілік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жәйт еңсемізді көтертпей, құлдық психологияның шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқанын естен шығармауымыз керек.
Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадыр қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтап тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленулері тиіс.Төменде қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттам беріліп отыр.
1.1 ОТАНСҮЙГІШТІК Халқымыздың кір жуып, кіндік кескен атамекенін аялап, елінің тілі мен мәдениетін, әдебиеті мен тарихын, біртуар аяулы перзенттерін мақтан тұтып, қадірлеп-қастерлеуді ұрпағына аманат еткен.
Бізде қай жүзге жататыныңды, қай рудан екеніңді білу ес жиып, есейгеннің белгісіндей дей отыра, мұның түпкі мақсат-мұраты біреу, ол-ынтымақты ел болуға бағытталған. Ер-азамат үшін туған халқын жан-тәнімен сүю, оның шаруашылығы мен мәдениетінің өркендеп көркеюіне бар-күш жігерімен білімін, еңбегін жұмсап, үлес қосу перзенттік парыз болған. Қаз дауысты Қазыбек би: «Алтын ұяң-Отан қымбат...туып-өскен елің қымбат, кіндік кесіп кір жуған жерің қымбат»- деп тебіренген ғой. Қазақ елі- біздің Отанымыз, атамекеніміз, қастерлеп келе жатқан туған жеріміз. Осы жерді жан-тәнімен сүйетіндер де, оны көздің қарашығындай қорғап, сақтайтындар да ең алдымен қазақ халқы, оның сендердей ізбасарлары. Қаршадайындай өз отбасын, әкесі мен шешесін, бауырлары мен туған-туысқандарын қастерлеп, қадір тұтқан адам ғана есейе келе туған халқы ел-жұртын, атамекенін шын көңілмен сүйетін болады. өйткені халқымыз «Отан отбасынан басталады» деп бекерге айтпаған.
Ата-анасын, өз үрім-бұтағын жанындай жақсы көріп сүймеген баланың ел-жұртын, халқы мен ұлтын сүйетін толыққанды азамат болуы екіталай. Ұлтжанды кісінің имандылық- адамгершілік қасиеттері, сондай-ақ, оның жекжат-жұрағатқа деген оңды көзқарасынан да жақсы байқалады.Ата-бабаларымыз Алтайдан Атырауға, Еділ мен Жайыққа дейінгі ұлан-ғайыр, кең жазира даланы ғасырлар бойы басқыншы жаудан сан рет қорғап, бостандық пен тәуелсіздік жолында шыбынжанын пида еткен. Олардың халқы үшін қалтқысыз қызмет еткенін өзімізге үлгі өнеге етіп, осындай ата-бабаларымыздың болғанын қалайша мақтан тұтпаймыз!
1.2 НАМЫСҚОЙЛЫҚ Бұл- әр этностың өз халқының ар-ожданын, имандылық пен қадір қасиетін көздің қарашығындай сақтай білуінен, қажетті жерінде бұл үшін жанын пида етуден көрінетін қасиет.
Қазақ халқы өзінің ұлы мен қызын қаршадайынан намысқойлыққа баулып, Отанына, кір жуып, кіндік кескен жеріне дақ түсірмеуді қатты ескерткен, «арым- жанымның садағасы» деп, ар-намысты бәрінен де жоғары бағалаған.
Өз ұрпағын ата-баба рухына тәрбиелеп, ұлттық намысты ту етіп ұстанған халқымыз «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегенді үнемі есте ұстанған. Қазақ жесірін өгейсітпеген, жетімін шеттетпеген аса бауырмал халық. Қазірде туған жұртының әдет-ғұрпынан, дәстүр салтынан бейхабар кейбіреулер имандылықтан мәңгүрттікке қарай бет алуда. Ал, мейірімсіздік пен қатыгездік солардан шығады. Ұлтымыз арақ ішімдігін «һарам» деп, оны тоғыз жаудың (жалқаулық, аңқаулық, жасқаншақтық, суайттық, өсекшілдік, мақтаншақтық, бөспелік) біріне жатқызған ғой. Қазіргі кезде сырахана мен дүңгіршектерден айналасынан шықпайтын қазақтың кейбір ұл-қыздарына көз түскенде, жігерің құм болып, санаң сарсылып, олардың осынау қылықтары ұлттық намысқа тиіп, зығырданымыз қайнап жүрген жоқ па?
1.3 ҚОНАҚЖАЙЛЫЛЫҚ Бұл-қазақ халқының әлеуметтік, географиялық, тұрмыстық жағдайына байланысты қалыптасқан ерекше қастерлі қасиеті. Бізде «қонақ десе қоң етін кесіп беретін қазақпыз» дейтін аталы сөз де бар. Тәуліктің қай мезгілінде келгеніне қарамастан «көлденең келген көк аттыны» да жылы жүзбен қабылдап, төріне отырғызып, дастархан жайып, бар мәзірін алдына қойып күту-халқымыздың санасына мықтар орнаған имандылық пен шынайы адамгершіліктің белгісі. әрбір қазақ үйінде тамағының дәмдісін, жылы-жұмсағын өздері жеместен келетін қонағына сақтайды. Майы мен құрты, ірімшігі мен женті, соғымның мүшелері - сыбаға ретінде өзінің қадірменді қонағын күтіп, көп уақыт түнекте сақтаулы тұрады. Қонақ күтіп, қонаққа баруды халқымыз өмірдің биік мәртебесі деп түсінеді.
Бұрынырақта қазақ ауылдарына қонақтар есепсіз көп келіп жататын. әрине, олардың арасында сыйлысы да, қадір-қасиеті кемдері де кездесетін.
Бірде батыр Сырым Датұлы үйіне қонып отырған Төленді биден:
-Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады, соны айырып беріңізші, -деп өтінген екен. Сонда би:-қазақта төрт түрлі қонақ бар,- деген екен.
-Арнайы қонақ- алыстан әдейі іздеп келген туыстарың, жолдастарың. Бұлар нағыз сыйлы, сағына күткен қонақтар.
-Құдайы қонақ-бейтаныс, шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүрген тосын қонақ. Олар нағыз сауабы тиетін қонақтар.
-Қыдырма қонақ- ерігіп, желігіп, үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеуді әдетке айналдырған сандалма қонақ.
-Қылқима қонақ- түтіні түзу шыққан үйлерді торып, құлқыны үшін аузына салғанын шала шайнап, қылқытып жұтып, тағы бір түтіні шыққан үйге тарта жөнелетін-нағыз сұғанақ қонақ. Осы қонақты халқымыз кейде «күнде қонақ» деп де айтқан.
1.4 БАУЫРМАЛДЫҚ Қазақтың ұлттық психологиясына тән имандылық қасиеттің ерекше бір көрінісі-бауырмалдық. Халқымыздың бауырмалдығы «бала бауыр еттен жаралған» деп, оны ерекше қастерлеп, әлпештеуден басталады. Ата текті дұрыс ажырата алу- бауырмалдылықтың бір көрінісі. Бұл «рушылдық» емес, өзінің шыққан тегін білуге деген ынтызарлық.
Өз руын ғана қастерлеу, қызмет бабында қандастарына ғана қамқорлық жасау білімді, инабатты, зиялы адамға жараспайды. Кеңпейілді, ақ-ниетті, адал жүректі, пәк көңілді қазақ халқының тумысындағы мінез-құлқына қарама-қайшы келетін «бөліну», «бөлшектену» пиғылдарын уағыздайтын адамдарда имандылық пен адамгершілік жағы жетіспей жатады. Ондайлар ел бірлігіне нұқсан келтіріп, кейде жекеленген руларды, кейде қайғы-қасіретке ұшыратуы да ықтимал.
Халқымыздың бауырмалдық секілді атам заманнан сүйегіне сіңген асыл қасиеті «Құран-кәрім» қағидаларымен де ұштасып жатады. Осы туралы қасиетті кітап: ешбір адам баласы жат емес, барлық адамзат баласы бір-біріне дос, бауыр дейді.Олай болса «Ақ, қарамыз, сарымыз-дос бауырмыз бәріміз»-деп, халықты ру мен жүзге бөлмей, кішкентай кезден баланы бауырмалдық қасиетке баулуымыз қажет. Жас ұрпақ әркез «бауыр», «бауырым», «бауырластық» деген сөздердің мән мағынасын терең де жете түсінген абзал. өйткені бауырмалдық халқымыз ерекше қастерлейтін құдіретті қасиет. Онсыз өмір жоқ, ол бар өмірдің тұздығы, жылуы мен қуаты, сәні мен мәні.