ІІ ТАРАУ. 2.1. XVIII ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда жаңа жалпы қазақ ханын сайлауға барлық жағдайлар қалыптасты. Бірден-бір лайықты кандидатура ықпалды Абылай сұлтан болатын, ол 1740 жылдың өзінде-ақ, Ш.Уәлихановтың анықтауы бойынша, қазақ даласының ең беделді әміршісі болған еді. 1757 жылдың һзінде Цин империясымен ресми жазысқан хаттарында ол өзін хан деп атаған. 1770 жылы әбден қартайған Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін Абылай Қазақ хандығының шын мәніндегі бірден-бір билеушісіне айналды.
XVIII ғасырдың 60-жылдарының аяғына қарай Қазақ мемлекеті Абылайдың белсенді сыртқы және ішкі саяси қызметі арқасында біршама мықты әрі біртұтас мемлекетке айналды. 1770 жылы сұлтан қырғыз жерлеріне тағы бір жорық жасады. Шату асуы арқылы Қызылсу және Шамси өзендерінің аңғарына өтіп, қазақтар қырғыз жасақтарын ауыр жеңіліске ұшыратты. Көптеген тұтқындар Орталық Қазақстанға көшіріліп, онда Абылайдың жеке вассалдары – төлеңгіттері құқығымен қоныстандырылды. Ресей билігінен Жоңғарияға қашқан еділ қалмақтарын талқандағаннан кейін сұлтанның беделі бұрынғысынан да арта түсті. Ресейдің отаршыл әкімшілігі қазақтардан қалмақтардың қайтарылуына жәрдем көрсетуді талап етті, алайда Абылайдың өз ойлағаны бар еді.
Сол кезде Абылай Қытай мен Ресейдің қолдауына қол жеткізуге тырысып, халықаралық аренада белсенді әрекеттер жасады. 1768 жылы өзінде-ақ ол цин императорының өзін «барлық қазақтар мен сұлтандардың бастығы» деп тануына қол жеткізген еді.28 Сонымен бірге 1769 жылдың аяғында ол Ресейден өзі үшін 10 мың адамдық армия бөлуді сұрап, оның орнына аманатқа өз балаларының бірін ұсынды. «Егер... бізге жау шабуыл жасаса, бізге бір сан немесе кем дегенде мың немесе без жүз адам көмек көрсетілетін болады. Ал оның үсітіне жоғарыда аталған бір сан әскер, менің тірі кезімде болсын немесе менің балаларымның тірі кезінде болсын, былайша пайдаланылар еді: алыстағы жаулар үшін – бір сан, жақындағылары үшін – мың, ал егер онша көп болмаса – менің ішкі жауларыма қарсы – бес жүз».29 Сол кезде Абылай өзінің аманат баласын генерал етуді сұрады, аманаттар сұлтанның өз таңдауы бойынша екі-үш жылдан соң алмастырылып отыратын. Әрине бұл талаптар ол кезеңде іс жүзінде орындалмайтын талаптар еді, мұны сұлтан жақсы түсінді. Бұл ретте Абылай шекаралық әкімшілікке өзінің қытайлармен, түсініліп жүргеніндей, әсте де онша жақын еместігін және Ресей протекторатынан әсте де бас тартпақшы болып жүрмегіндігін білдірген еді.
1771 жылы Абылайды жалпы қазақ ханы етіп сайлау үшін жағдай жасалды. 1771 жылдың күзінде ұзақ уақыт бойы ақылдасқаннан кейін барлық үш жүздің өкілдері жаңа ханды сайлау үшін хандықтың ежелгі астанасы Түркістан қаласына келді. Абылайға ықпалды жырау Бұқар Қалқаманұлы, Әбілпейіз және Болат сұлтандар,30 Нұралы ханды қоспағанда, Кіші жүз қазақтарының билеушілері,31 Орта жүзбен Ұлы жүздің өкілдері сөзсіз қолдау көрсетті. Халық көп жиналған кезде қазақ дәстүрі бойынша Абылай ақ киізге көтеріліп, үш жүздің ханы болып жарияланды. А.И.Левшиннің айтқанындай, ол «оған (атаққа) торғауыттарды жеңуі арқылы және Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін, барлық қырғыз-қазақ ордаларының ған емес, түркістандықтар мен ташкенттіктердің де сайлауы арқылы ие болды».32 Сөйтіп Абылай Қазақ хандығын қалпына келтіре алды.
2.2. Бүкілхалықтық мойндауға және үш жүздің ханы атағына қарамастан, Абылайдың билігі шексіз билік болған жоқ Сұлтандардың едәуір бөлігі, әсіресе Барақ сұлтан мен Әбілмәмбет ханның ұрпақтары Абылайды заңсыз иеленді деп санады. Мәселен, Дайыр сұлтан 1781 жылы Орынбор губернаторына Абылай «ханның қадір-қасиетін мүлде әділетсіз иеленгенін, өзінің бала кезінде бауырларымен Түркістанда болғанын, хандықтың барлық әділеттілік бойынша өзіне тиесілі» екенін жазды.33 Наймандардың билеушісі Әбілпейіз, иеліктері Обаған мен Есіл арасында орналасқан Құдайменде сұлтан тәуелсіз еді деуге болады. Түркістан мен Сырдарияның ортаңғы ағысында билікті бөліскен Сәмекенің баласы Есім мен Әбілмәмбеттің баласы Болат өздерін хан деп атай берді. Хан билігіне наразы болған кейбір рубасылар оны тіпті әскери күшпен құлатуға да тырысты. Дағдылы құқықпен шектеулі Абылай, Ш.Уәлихановтың айтуынша, сұлтандар мен рубасылардың бетімен кетуін ауыздықтауға ұмтылды. Абылайдың орасан зор беделі қазақтарды ханға бағынышта ұстады. Абылай өзгерген срытқы саяси жағдайда аман қалу үшін Қазақ хандығының саяси жүйесін көбірек орталықтану жағына қарай өзгерту қажет екенін өте жақсы түсінді. Бұған жету үшін хан бірнеше бағытта әрекет жасады.
Біріншіден, Абылай биліктің орталықтандырылуын нығайтуға ұмтылды XVIII ғасырдың бірінші ширегінде әрбір ру бірлестігі іс жүзінде автономиялы болды және оларды өздерінің билері, рубасылары басқарды. Бұл жүйе жағдайында хан көп жағынан билердің еркіне тәуелді болды және оныың жекелеген рулар деңгейінде шешім қабылдауға ықпал етуге үлкен мүмкіндіктер болмады. XVIII ғасырдың 20 – 30 жылдарында бұл жүйе өзгере бастады, белгілі бір ру әскербасы және саяси көшбасшы етіп шақырған сұлтандардың рөлі арта түсті. Абылай жүздер мен үлкен бірлестіктерді басқаруға дәстүрлі қазақы кісілік рухы негізінде бір орталық буындары элементтерін енгізуге ұмтылды. Ханның көптеген балалары осындай билеушілері рөліне кірісті. 1774 жылы Әділ сұлтан Ұлы жүздің бір бөлігінің билеушісі болып тағайындалды, оған арнап Абылай Талас аңғарында қала салып, оған қарақалпақтарды қоныстандырды. Солтүстік-шығыс Жетісуда оның басқа бір баласы Сүйік, Орталық Қазақстанда Қасым билік етті. Орта жүз бен Ұлы жүздің барлық дерлік жері ханның балалары арасында бөлінді. Тек Кіші жүзде және Орта жүздің батыс бөлігінде Қайып ұрпақтары, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарында – Барақтың ұрпақтары, ал Қытаймен шекара өңіріне таяу жерлерде және Сырдарияда Әбілмәмбеттің ұрпақтары – сұлтандар билік етті.
Орталық билікті күшейту үшін Абылай қолданған шаралардың екінші кешені – бір тұлғаның қызметіне және оның тұлға ретіндегі қасиеттеріне сүйену. Мәселен, дағдылы құқықтың дәстүрлі түсініктеріне қарамастан, Абылай хан қылмыскерлерді өлім жазасына кесуге үкім шығару құқығын өзі алды. Бұл міндет бұрын билер қазылығында ғана болатын. Билер кеңесі мен рубасы-ақсақалдар съезінің құқықтары едәуір шектелді. Алайда дағдылы құқықтың дәстүрлі болуы және басқарудың нақты тұтқаларындағы кемшілік Абылайға хандықтың саяси жүйесіне реформаны ақырына дейін жүргізуге мүмкіндік бермеді. Оның үстіне бүкіл басқару жүйесін соғыстар қиратып кетті деуге болатын еді. Федерализм элементтері рулық басқару принциптерімен тығыз ұштасып жатты, хан билігін бұрынғысынша билер мен сұлтандар едәуір дәрежеде шектеп отырды. Мемлекеттік машинаның орнықтылығы түгелдей және толығымен ханның өз беделіне, оның күрделі саяси проблемаларды шешеу кезінде ымыраластық таба білуіне байланысты болды.
Ендіг Абылайдың сыртқы саясатына келер болсақ. Абыалайдың сыртқы саясаты да икемділігімен және ымырашылдығымен сипатталады. Оның Ресей мен Қытай сияқты күшті мемлекеттермен қатынастарының Орта Азия мемлекеттерімен қатынастарынан едәуір айырмашылығы болды. Отаршыл империялардың күш-қуатын өте жақсы ұғынған хан, бір жағынан, өз иеліктерінде екі державаның да ықпалы күшеюіне жол бермей, олармен қатынастарда барынша икемділік көрсетуге тырысты. «Қазақтар әуел бастан-ақ екі жақтылықты ұстанды,» - деді цин императоры өзінің 1779 жылғы жарлығында: ...Абылай бізге бағынған кезде Ресей Абылайдың өз боданы екенін мәлімдеп, наразылық жәберді. Біз сонда былай деп жауап қайтардық: «Сіздер Абылайды өз адамымыз дейсіздер. Егер сіздер оны жақсылап басқарсаңыздар, ол ешбір жағдайда бізге бағынуға өтпеген болар еді... Ал сіздер, орыстар, бұған қалай кедергі жасай аласыздар?.. Егер болашақта мұндай оқиға бола қалса, сақтық жасау керек».34 Бір жағынан, Абылай қытайдың өкімет орындарын өзінің адалдығына үнемі иландырып отырды, екінші жағынан, ол мәселені «Ресей сарайына әлдеқайда ынталықпен... ал қытай ханымен хат жазысуды бір нәрсе үшін, оған бағынышты қырғыз-қайсақтарға қытайлардың реніш көрсетіп, қысып жасамауы үшін жалғастырып» отырған сияқты етіп көрсетті. 35 Хан өз иеліктерін агрессияшыл көршілерінен осылайша қауіпсіздендіріп қана қоймай, жекешіл пайда келтіруге де тырысты. Мәселен, 1772 жылы ол Ресейден өзінің сыртқы және ішкі жауларына қарсы күресу үшін тағы да әскер сұрады. Бұл орайда ол өзінің Қытаймен өзара келісімі бар екенін былай деп хабарлады: «Қай жақтан және қандай да бір патша бізге дұшпандық әрекет немесе арсыздық жасайтын болса, оған қарсы тұратын болады және егер сол богдыханнан күш сұрасам, ол менің талап етуім бойынша он мыңға дейін немесе жиырма мыңға дейін болса да әскери адамдар берер еді... ».36 Шынына келгенде, Абылайдың адалдығына күмәнді Ресей де, Қытай да оған әскер бөлуден бас тартатын.
Ресейдің өкімет орындары Абылай ханды өзінің қыпал өрісінде ұстауға ұмтылды, сондықтан да 1777 жылы хан жазбаша өтініш жасаған жағдайда оның хан атағын тануға әзір екенін ресми түрде хабарлады. Мұндай дипломатиялық қадам өзінің сыртқы саяси аренадағы беделін нығайта түсетінін түсінген Абылай Петербургке өзінің баласы Тоғым бастаған елшілік жіберді. 1778 жылы ғана ІІ Екатерина оны хан деп және Орта жүздің ғана ханы деп бекіту туралы грамтоаға қол қойып, оның Кіші жүз бен Ұлы жүзге билігін танығысы келмеді. Бұған ызаланған Абылай Орынборда, Троицкіде, тіпті Петропавлда да ант беруден бас тартты. Отаршылдық өкімет орындары хан ордасына шенеунік жіберуге де келісті, алайда хан «мен өз дәрежеме халықтың сайлауымен әлдеқашан-ақ бекітілгенмін» деп мәлімдеп, ант беруден үзілді-кесілді бас тартты.37 Ханның мұндай мінез көрсетуін оның 1773-75 жылдардағы Пугачевтің көтерілісінен кейін Ресей империясының күш-қуатына шүбалана қарауымен түсіндіруге болады, ал ол көтерілістің барысында Абылай жалған атақ жамылушыны қолдап, тіпті онымен бірлесе отырып, орыс бекіністеріне шабуыл жасауға да ниеттенген еді.38 Ханға ықпалын мүлде жоғалтудан қорқып, Ресейдің өкімет орындары 1779 жылы оған 300 сом және 200 пұт ұн мөлшерінде жыл сайынғы жалақы тағайындады,39 бірақ 70-жылдардың аяғына қарай Абылай Ресеймен қандай да болсын қатынастарының бәрін мүлде үзді.
Абылайдың оңтүстіктегі көршілерімен қатынастары басқаша болды. Абылайдың күш салуы арқасында қайтадан қазақ аймағына айналған Жетісуда қырғыздармен қақтығыстары жалғаса берді және Абылай оларға қарсы аратұра жорықтар жасап тұрды. 1774 және 1779 жылдары сондай жорықтар жасалды. Соңғысы қырғыз руларының бір бөлігінің Қазақ хандығына бағынуына жеткізді. Ташкентпен және Ходжентпен соғыста Сайрам, Шымкент, Созақ және Ташкент қазақтарға қайтарылды.
Сонымен Абылай ханның XVIII ғасырдың 70 жылдарындағы сыртқы саяси қызметі Қазақ мемлекетінің бірлігін уақытша қалпына келтіруге, оның халықаралық аренадағы жағдайының нығаюына жеткізді.
Абылайға дейін де, одан кейін де бірде-бір қазақ ханының мұндай шексіз билігі болған емес. Бұл ең алдымен оның билігінің сөзсіз құдіреттілік сипатына байланысты еді. Ш.Уәлиханов былай деді: «құрмет (ханға) әлдебір мистикалық сипатта болды... Бұл хан уақыт қастерлі еткен еркін жеңілдіктерге қарсы рақымсыздықпен әрекет ете отырып, өз әрекеттеріне ұрпақтары оны әулие деп санайтындай сипат бере білді».40 Көреген саясатшы және шебер дипломат Абылай өзіне ергендердің сүйіспеншілігіне және қарсыластарының құрметіне лайық бола білді. Бұған ханның жеке қасиеттері де едәуір дәрежеде себепші болды. Текті әулетіне қарамастан, балалық шағында оның бақташы да, түйеші де болуына, жоңғарларға қарсы соғысқа қатардағы жасақшы ретінде қатысуына және шайқаста батыр атағын алуына тура келді. Абылай мұсылманша жақсы сауатты болды, оқып, жаза білді. Ол сирек кездесетін саяхатшы, тамаша қолбасшы және дипломат болды. Дегенмен де, ол тарих көшін өзгертсе де, көшпелі өркениеттің бұрынғы күш-қуатын қайтадан қалпына келтіре де алмады. Ол қайта түлеткен біртұтас Қазақ хандығы ханның өзі қанша өмір сүрсе, сонша өмір сүрді. 1781 жылы шамамен 70 жасында Абылай Ташкенттен Түркістанға келе жатқанда дүние салып, Қожа Ахмет Йасауи кесенесіне жерленді.