Тақырыпты зерттеудің мақсаты. Осы жұмысты жазудағы алға қойған мақсатым біріншіден: 1) XVIII ғасырдың ортасындағы Абылай хан және оның көрші елдермен қарым қатынасы 2) Абылай ханның ішкі және сыртқы саясаты болып табылады
Міндеттер. 1) XVIII ғасырдың 50 – 60-жылдары Орта жүз бен Ұлы жүз аумағында Жоғарғы биліктің нығаюының және көршілес елдермен қарым-қатынасының тарихнамасын
2) Абылай ханның ішкі және сыртқы саясатының тарихнамасын зерттеу болып табылады
Тақырыптың деректік қоры. Тақырыптың деректік базасына келер болсақ. Абылай ханның көрші елдермен қарым-қатынасы негізінен Ресей мен Қытай секілді екі үлкен алып империялармен жүргендіктен ол туралы “Казахско-Русские отношение XVI – XVIII веках” атты архивтік деректе, “ Цинская империя и казахские ханства. Вторая половина XVIII – первая треть XIX в. Сборник документов и материалов” атты деректе келтіріледі.
Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бұл тақырыпқа қалам тартқан кісілер көп болды. Олардың қатарына Витевский В.Н, , Хафизовой К. Ш, Вяткин М, Левшин А.И, Сулейменов Б.С, Басин В.Я, Спасский Г.И, Бекмаханова Н.Е, Уәлиханов Ш. Ш. Сулейменов Р. Б, Моисеев В. А,Кузнецов В. С, Златкин И.Я, Гурьевич Б. П. Жатады.
Реферат құрылымы. Баяндама Кіріспеден, Негізгі бөлімнен, Қорытындыдан, Пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады.
I ТАРАУ. Орта жүз бен Ұлы жүздегі жағдай аз уақыт тұрақтанғаннан кейін XVIII ғасырдың 40-жылдарының аяғына қарай тағы да шиеленісе бастады. Қонтайшы Галдан-Церен қайтыс болған соң Жоңғарияда орын алған өзара қырқыс осы құдіретті державаның әлсіреуіне жіне бүкіл аумақтағы саяси жағдайдың шиеленісуіне акеп соқты. Қалыптасқан жағдайды пайдаланған қазақ даласының билеушілері де Жоңғария мен көрші мемлекеттердің істеріне белсене араласа бастады. Орта жүз бен Ұлы жүздің ресми ханы Әбілмәмбет болып қалғанына қарамастан, нақты билік бірте-бірте ықпалды сұлтан Абылайдың қолына жинақтала берді, ол қазақ-жоңғар соғыстарының барысында қалыптасқан батырлар мен билердің үлкен қолдауына сүйенетін . Үмбетей жырау өзінің Бөгенбай қайтыс болғанда оны жоқтауға арнаған толғауында жекпе-жекте Шарышты жеңгеннен кейін Абылай хан болды дейді.
Абылайдың замандасы Тәтіқара жырау да оның Орта жүзге хан болғанын растайды.1 Бұқар жырау Абылай 25 жасында таққа отырды дейді.2 “Құбылып шыққан бәйшешек” деген толғауында ол тағы да Абылай өте жас кезінде хан болды деп мәлімдейді.3 Мәшһүр Жүсіп Көпеев “Абылай ханның дәуірі” деген туындысында Арыстан Толыбайұлы ақыннан дәйексөз келтіреді, онда Абылайдың Көкшетауда 48 жыл хан болғаны айтылады.4 М.Дулатов өзінің “Абылай” деген еңбегінде нақ солай деп жазады.5 Шәкәрім өзінің “Уәлібақының ұрпағы” деген зерттеуінде Шарышпен жекпе-жектен кейін Абылайдың Әбілмәмбет ханның шатырына шақырылғанын жазады. Әбілмәмбет ханның ұсынуымен Абылай Шақшақ Жәнібектің батасын алып, хан деп жарияланады. Оның жорамалдауы бойынша, бұл шамамен 1735 жылы болған.6 Қазақ деректемелерінде Абылайдың билікке келуі осылайша баяндалады. Қалай дегенмен де, Абылай 30-жылдардың аяғынан бастап елдің саяси өмірінде тағдырлы соғыс және проблемаларын шешкен көрнекті тұлғаға айналды. Сол арқылы Абылай бүкіл күш-қайратын жоғарғы билікті нығайтуға және Қазақ хандығын ұзаққа созылған саяси дағдарыстан шығаруға бағыттады. Қазақ руларының Абылай төңірегіне топтасуы оның Жоңғарияға қарсы белсенді де нысаналы қимылдауына көп жағынан көмектесті.
1750 жылы Жоңғарияда Лама-Доржының билік басына келуі өзара қырқысқан күрестің қайтадан тұтануына әкеп соқты. Бұл күресте жеңіліс тапқан Даваци нойон жиендері Әмірсана мен Байнджурды алып, 1751 жылдың көктемінед қазақтарға қашып келіп, олардың абақ-керейлердің билеушісі Қожаберген батыр қабылдады.7 Жоңғарияның билеушісі өзінің саяси бақталастарын қайтаруды талап етті. 1752 жылдың жазында ордада Орта жүз бен Ұлы жүздің батырлары мен рубасыларының съезі болып, онда Абылай және батырлардың көпшілігі Давациді қолдауды жақтады. Бұл шешімді қабылдау кезінде содан аз уақыт бұрын елшілікті бастап Жоңғарияда болып қайтқан және Лама-Доржы жағдайының әлсіздігін жақсы білген Төле би шешуші рөл атқарды.
Қазақтардың Даваци нойонды беруден бас тартқанына ашуланған Жоңғария билеушісі Лама-Доржы Орта жүзге Сайын-Бөлек пен Шадыр басқарған әскер жіберді. Жоңғарлар Орталық Қазақстанда көшіп жүрген үйсін, уақ, және керейлердің қоныстарына шабуыл жасады. 3мыңнан астам қазақ тұтқынға алынып, орасан мал мен мүлік қолға түсірілді.8 Бұған жауап ретінде Абылай Сайын-Бөлекке қарсы Давациді жіберді, оған Қожаберген басқаратын абақ-керейлердің жасағын күшейту үшін қазақ ұлыстарында тұтқында жүрген барлық жоңғар жауынгерлерін де қосып берді. Сонымен бірге ірі ауқымды соғысқа дайындық басталды, қазақ ауылдары асығыс Тобыл мен Обағанға көшірілді, қазақ жасақтары Торғай өзенінде жиналатын болып белгіленді.9 1753 жылдың жазында жоңғар әскерлері қазақ даласына тағы да басып кірді, алайда Давацидің 1753 жылғы қыркүйектегі Жоңғарияның терең түкпіріне жасаған батыл жорығы Лама-Доржының өлтірілуіне жеткізді. Даваци жаңа қонтайшы болып жарияланды, ол бірден Абылайға елшілік жіберіп, өзінің ризашылығы мен достығына сендірді. Қазақтардың іс жүзінде жеңуі және Жоңғарияда қазақтарды жақтаушының билік етіп отыруы қазақ жүздерінде Абылай сұлтан беделінің күшеюіне жеткізді. Алайда дала өңірінде бейбітшілік ұзаққа созылмады. Даваци билікті ұстап тұра алмады. Оның бұрынғы одақтасы әрі туысы,қазақтар жағынан қолдау тапқан Әмірсана оған қарсы шықты. Жағдайдың жаңдан шиеленісуін Орталық Азияда белсенді басқыншылық саясат жүргізіп келген Цин империясы шебер пайдаланды.
XVIII ғасырдың 50-жылдарының орта шеніне қарай Цин әскерлері Жоңғарияның шекарасында тұрып, басып кіруге дайындалды. Давацидің әлсіреуі, Әмірсана мен оның қазақ одақтастарының жеңістері мәселенің шешеілуін тездетті. 1755 жылдың ақпанында император Цянь-лун шабуылға шығу туралы бұйрық берді, онда атап айтқанда , «егер әскерді дереу жорыққа шығармасақ, қазақтардың жолы болады да, олар өз пайдасына жетеді» делінген. 10 Бұл арада Абылай және Әмірсананың ағасы Батма-Церен басқарған, Іле бойында және Бороталда Давацидің жақтастарын талқандаған қазақ жасақтары айтылып отыр.11 Басып кіруге Әмірсананың Цин үкіметіне өзара қырқысқан күресте көмек көрсету туралы өтініш жасауы ресми дәлел болды. Көктемде қытай әскерлері Әмірсананың жасақтарымен бірге Жоңғарияның аумағына кіріп, Давациді оп-оңай талқандады. Алайда бұдан кейінгі оқиғалар Әмірсана мен Цин империясының мақсаттары мүлде қарама-қарсы екенін көрсетті. Егер біріншісі орталықтанған күшті мемлекетті қалпына келтіруді тілесе, соңғысы оны жойып, Жоңғарияның аумағын өзіне толық қосып алуға ұмтылды. Қорытындысында көтеріліс шығып, онда Әмірсана: «Қазір Абылай және басқалар менімен одақты нығайтынын хабарлады.» - деп жазды.12 Қазақтар жоңғарларға көмекке 8 мың адамдық жасақ жіберді деген мәлімет сол кезде пайда болды.13 Мұның бәрі Цин өкімет орындарын шындап алаңдатты, олар көтерілісшілерге қолдау көрсетуді дереу тоқтатуды талап етіп, Орта жүзге бірқатар елшіліктер жіберді. Абылай елшілерді өзінің Цин империясына адалдығына үнемі сендіріп отырды, алайда жоңғарларға көмек көрсетуін тоқтатпады. Көреген саяхатшы болған ол Жоңғарияның қазақ қоныстарын қытай экспаниясынан қорғап, аралық орын рөл атқаратынын тамаша ұғынды. Дегенмен Әмірсана жеңіліс тауып, қазақтарға қашты.
Жоңғар мемлекетінің құлауы аймақтағы саяси жағдайды түбірінен өзгертті. Қазақтың Орта жүзі мен Ұлы жүзі Қазақстан жөнінде де басқыншылық жоспарлар жасаған орасан зор агрессияшыл Цин империясымен бетпе-бет қалды. 1756 жылдың көктемінде Абылайға Әмірсананы ұстап беруді үзілді-кесілді талап еткен грамота жіберілді. «Өздеріңе келешекте төнетін қасірет туралы мықтап ойлаңыздар, сонан соң өкінесіңдер, бірақ кеш болады» - деп қорқытты император қазақтарды.14 Дегенмен де, Абылай қытайларға қарсы тұруға шешім қабылдады.
1756 жылдың жазында Қазақстан аумағына екі ірі топқа бөлінген Цин армиясы басып кірді. Солтүстіктегі армияны маньчжур генералы Хадаха, батыстағысын – генерал Дардана басқарды. Қазақтар мен қытайлардың алғашқы қақтығысы 1756 жылдың мамырында Шаған Оба ауданында болды. Қантөгісті шайқастан кейін қазақтар батысқа қарай шегінуге мәжбүр болды.
Келесі үлкен шайқас Қарқаралы тауларында Жарлы өзенінің жағасында өтті. Қазақтар қытайларға тау шатқалдарында тосқауыл жасады, алайда тәжірибелі генерал қулықты біліп қойды. Табан тірескен шайқас қытайлардың жеңісімен аяқталды, оның барысында 500-ден астам қазақ өлтіріліп, 11 адам тұтқынға түсірілді. Шегінушілерді өкшелей қуып, қытай армиясы Нұраның жағасына жетті, бұл жерде оған Әмірсана мен Қожаберген батырдың тобы қарсы тұрды. Қазақтар мен жоңғарлардың табан тіресіп қарсыласуына қарамастан, цин әскерлері өзінің батысқа қарай жылжуына жалғастыра берді.
Бұл кезде Абылай Баянауыл тауларында әскер жинап жатқан еді. Хандаханың хабарлағанындай, күздікүні маньчжурлар «Абылайдың Бөгенбай бастаған жасағымен ... шайқас жасады». Шайқас Баянауылдың батысына қарай Шідерті өзенінің бас жағында болды. Маньчжур генералының лепіре рапорт бергеніне қарамастан, цин әскерлері зор шығынға ұшырады, шайқас болған жерді қазақтар «Шүршітқырылған» деп атап кетті.15 Қазан айында Нияз таулары маңында қытайлардың Бөгенбай батырдың топтарымен шайқасы болды. Қазақ жасақтарымен көптеген қақтығыстар және олардың табандылықпен қарсыласуы цин генералдарының Солтүстік және Батыс армияларын суық түскенге дейін біріктірмек болған бастапқы жоспарларын бұзды. Екі армия да көп шығынға ұшырады, тың күштер мен азық-түліктің жетіспеушілігін бастан кешірді. Олардың көп қиындықпен 1756 жылдың қазан айында Есіл жағасында бірігуінің сәті түсті. Цин әскерлері өте қиын жағдайға ұшырады. «Аттары болдыртты. Қатаң қыс түсті. Аттар, басқа да мал мен азық-түлік әлі де келіп жеткен жоқ ... Хат жызып асықтырып отырмыз... Қысты бұл арада өткізу мүмкін емес...», - деп баяндады Дардан императорға.16 Ақыр аяғында цин өкімет орындары өз әскерлерін Қазақстаннан кері шақырып алуға мәжбүр болды. Цянблун мүләйімсіп былай деп мәлімдеді: «Қазақтар алыста жатқан тайпаболып табылады. Бір қашқынға бола үлкен армия... олардың жеріне таптап жатыр... Сондықтан әскерді болашақта қайтадан аттандыруға тырысу үшін оларды даладан уақытша әкетеміз».17 1756 жылдың аяғында соғыс қимылдары қайтадан Жоңғария аумағына ауысты. Жоғары Ертісте, Аягөзде қазақ жасақтары пайда болды, жоңғарлардың Қытайға қарсы қозғалысын тағы да Әмірсана басқарды. Алайда күрес нәтижесі белгілі болатын. Көктем ішінде цин әскерлері көтерілісшілердің бытыраңқы топтарын талқандап, 1757 жылдың жазында Тарбағатай таулары арқылы қазақ жеріне келіп кірді. Осында, Аягөз ауданында қазақтардың қытайлармен соңғы шайқасы өтті. Тамызға қарай қытайлар Семей бекінісі ауданында Ертіске дейін жетті. Қазақ билеушіслері Жоңғарияны қалпына келтіру үшін күрестің келешегі жоқ екенін түсіне бастады. Абылай, Әбілпейіз сұлтандар мен Қожаберген батыр қытайлармен келіссөз жүргізіп, өздерінін жеңілгенін мойындады, Цин империясымен саяси және экономикалық байланыстарды жолға қоюға тілек білдірді.18 Қытай әскери басшылығы Абылайға Пекинге елшілік жіберуді ұсынды, оған сұлтан келісті және 1757 жылдың қыркүйегінде Ханжігер мен Өміртай бастаған елшілік жәберді. Императордың қабылдауы кезінде қазақ елшілері, бір жағынан, өздерінің 1756 – 57 жылдардағы Қытайға қарсы қимылдарын қателік және Әмірсананың арамдығы деп түсіндірді, екінші жағынан, Тарбағатайды өздерінің заңды қоныстары деп жариялап, оны қазақтарға беруді талап етті. Біздің құжаттардан көріп отырғанымыздай, Абылай өзінің Қытайға бодандығын іс жүзінде мойындаған жоқ, ал бітім жасалды. Солай бола тұрса да, ресми империялық дипломатияның дәстүрлеріне сәйкес, қытайлар қазақтар өздерінің «алыста тұратын сыртқы вассалдарымыз»19 деп санай бастады. Көптеген қазақ билеушілері – Абылайдың дұшпандары нақ осы көзқарасты ұстанды, олар осылайша орытың өкімет орындарының көз алдында ықпалды сұлтанның абыройын түсіруге тырысты. Қазақстанның Қытаймен бұдан кейінгі қатынастары негізгі екі проблемаға байланысты болды. Біріншісі және ең маңыздысы жер проблемасы еді. Қазақтар жайылымдарды, әсіресе Ертіс пен Іле аңғарларындағы және Тарбағтайдағы бай жерлерді қайтарып алуға ұмтылды. Ал циндер бұрын Жоңғарияға қараған барлық жерлерді дәмеленді. 50-жылдардың аяғында бұл проблемалар негізінен дипломатиялық жолмен шешілді.
Мәселен, қазақ елшіліктері 1757 жылы Тарбағатайға, 1759 жылы Ертістің жоғарғы ағысындағы жерлерге, 1760 жылы Іленің жоғарғы ағысына өз құқықтарының танылуына қол жеткізді. Қытайлар бұған келісіп, қазақтарға заңды түрде тиесілі жерлерді жоңғар көтерілісшілеріне қарсы күресте көмек көрсетуге уәде бергені үшін қайтарып берді. Алайда XVIII ғасырдың 60-жылдарының басында циндердің бұл бағыттағы саясаты өзгерді. Қытай әскерлері қазақтарды олардың Шығыс Қазақстандағы орнығып алған жерлерінен күшпен қуып шығаруға тырысты. 1762-65 жылдардағы әрекеттер ерекше қатігездік болды. Солай бола тұрса да, қазақтар бұл жерлерде одан әрі тұра берді,мұның өзі қытайдың өкімет орындарын бұған көнуге және қытай деректемелерінде алым деп аталатын жалдау ақысын төлеген жағдайда 1767 жылдан бастап қазақтардың Тарбағатай және Іле аудандарында көшіп жүруіне келісуге мәжбүр етті.
Қазақ-қытай өзара қатынастарының маңызды екінші проблемасы сауда болатын. Қытайларға атты әскерін толықтыру үшін қазақ жылқысы өте қажет болды, ал қазақтар қытай тауарларына мүдделі еді. Цин өкімет орындары Қазақстанмен сауданы қатаң бақылады, оның өткізілетін орнын, тауарлар бағасын шектеді, қазақтар цин империясы аумағында еркін сауда жасауына кедергі жасады. Тұтас алғанда XVIII ғасырда Қытаймен шекарада сауда алмасу қатаң шектеулі түрде жүргізілді.
Абылай билігінің нығаюы. Цин агрессиясына тойтарыс беру және Қазақстанның шығысындағы жерлердің қайтарылуы Орта жүзде ғана емес, Ұлы жүзде де және ішінара Кіші жүзде де Абылай сұлтанның билігін нығайтты. 1752 жылы Барақ сұлтан қайтыс болғаннан кейін ол іс жүзінде қазақ жерлеріндегі бірден-бір толық құқылы билеушіге айналды.
Сыр өңірінің жерлері Ұлы жүзге билік етуден дәмелі, сондықтан да Абылай сұлтаннның пікіріне амалсыздан құлақ асатын Ералы сұлтанның билігінде болды. Иелігі Арал өңірінде орналасқан Досалы сұлтан да іс жүзінде Нұралы ханға тәуелді емес еді.20 Кіші жүзде мынадай жағдай қалыптасты: Ресей әкімшілігінің қолдауына қарамастан Нұралы хан күрделі сыртқы саяси проблемаларды жеке-дара, Абылайдың келісімінсіз және қолдауынсыз шеше алмады.21 Қартайған Төле бидің басқаруындағы Ұлы жүздегі жағдай да сондай еді. 1758 жылы Орынбор кеңсесі жіберген М.Шихов былай деп жеткізген: «үлкен орда қазір өз ханы Төле бидің иелігінде болып отыр, ол Сайрамға... жақын жерде көшіп жүреді, ал... Түркістан қаласына Әбілмәмбет хан, Түркістанға жақын жерде көшіп жүреді ал көбінесе Түркістан қалашығының өзінде тұрады және оның тұрғындарынан барлық алымдарды жинап алады».22 Әблімәмбеттің мәртебесі екі жақты болды. Бір жағынан, ол жоғарғы хан деп есептеле берді және Ұлы жүз бен Орта жүз қоныстарын тексеру сапарына жиі шығып тұрды.23 Ханмен бірге Түркістан қаласына сапар шеккен М.Асанов «оның, ханның, дағдылы жүрісі сияқты, өте баяу жүріс болды, өйткені қандай киіз үй кездессе де, соған барып, әрқашан қонып қалады» деп хабарлады. Екінші жағынан, Әбілмәмбет Абылайсыз бірде-бір елеулі шешім қабылдамайтын, тіпті оларды ықпалды сұлтандарға тапсыра салатын. Мәселен, 1763 жылы Орталық Азия елдерінің циндерге қарсы одағына қосылуға шақырып, өзіне жолданған хатты ол Абылайға жіберген.24 1762 жылы Әбәлмәмбет өзінен Сәмекенің ұлы, хан атағынан дәмелі Есім содан төрт жыл бұрын алып қойған Түркістан қаласын Абылай сұлтан мен Қазыбек бидің арада жүруі арасында ғана қайтарып алды. Көріп отырғанымыздай, XVIII ғасырдың 50 – 60-жылдарында Орта жүз, Ұлы жүз, ішінара Кіші жүзде де нақты алғанда Әбілмәмбеттің жоғарғы билігінде және іс жүзінде Абылай сұлтанның басқаруында болған.
Орта жүзде Абылай билігінің нығаюына оның елдің оңтүстік шекараларын нығайту жөніндегі белсенді қызметә себепші болды. 50-жылдарлың аяғы – 60-жылдардың басында қазақтардың қырғыздармен қатынастары ерекше шиеленісіп кетті. Алатаудың солтүстік жағындағы, Жоңғария құлағаннан кейін қазақтар да, қырғыздыр да көз тіккен Жетісу жайылымдары дау нысанасына айналды. 50-жылдардың аяғында бұл жерлерге Ұлы жүздің қауымдары берік орнығып алған еді, алайда 60-жылдардың басында жер дауы ашық соғысқа ұласты. 1760 жылы қырғыздар дулат және қоңырат руларының қоныстарына шабуыл жасады. Бұған жауап ретінде Абылай едәуір әскер жинап, сол жылдың тамыз айында Талас қырғыздарын жеңіліске ұшыратты. Сөйтсе де, 1764 жылы қырғыздар Жетісу қазақтарына тағы да жорық ұйымдастырып, наймандардың ауылдарын күйзелтті. 1765 жылдың жазында Абылай басқарған 30 мыңдық армия қырғыздарды тағы да талқандады. Бұл жорық Ш. Уәлиханов жазып алған атақты «Абылай туралы жырда» жырланған25 Қазақтардың жеңіске жеткеніне қарамастан, 60-жылдарда жанжал шешілген жоқ. Бұған Қазақстаннан халықаралық аренадағы күрделі жағдайын, қытайлардың басып кіруі қаупінің сақталуы, сондай-ақ күшейіп келе жатқан Қоқан мемлекеті тарапынан қауіп тууы себеп болған еді. Абылайдың қырғыздармен сияқты, соңғысымен де талай рет соғыс қақтығыстары болған. 60-жылдадың екінші жартысын Орталық Азия мұсылман мемлекетттерінің арасында Цин империясына қарсы одақ қалыптаса бастады.
Бұл одаққа бастама көтерген Ауғанстан билеушісі Ахмад шах болатын, ол мұсылмандық Шығыс Түркістанды «дінсіз» қытайлардың билігінен азат етуді талап етті. 1762 жылдың өзінде-ақ Абылай сұлтан мен Әбілмәмбет хан Орта Азияны басып алуға бара жатқан қытай армиясын өз иеліктері арқылы өткізуден бас тартқан еді. Ақсақалдар кеңесінде «қытай әскерлері қарсы аттанғандар түркістандықтар және самарқандықтар болсын... қазақтар солармен бірге соғыссын» деген шешім қабылданды.26 Сонымен бірге қазақ билеушілері ауғандықтарға ашық қосылуға асықпады және Пекинмен дипломатиялық байланыстарын жалғастыра берді, тіпті Қоқан бегі Ерданаға қарсы күресте әскери көмек сұрады. 1767 жылы Абылай қоқандықтарды талқандап, Ердана барып тығылған Пішпек бекінісін қоршап алды. Алайда зеңбірек және 20 мың жаяу әскер беруді сұрап, Қытайға жасаған өтінішіне жұмсақ айтылса да, үзілді-кесілді бастартылған жауап келді.27 Дегенмен, 60-жылдардың аяғында Абылай Қазақстанның оңтүстігінде де өз жағдайын нығайтып алды, Ұлы жүздің қазақтары әділетті түрде оны өз мүдделерін қорғаушы деп біле бастады. 60-жылдардың аяғына қарай Абылай сұлтан Қазақстанның көпшілік бөлігінде жоғарғы билікті нығайтып алды. Орта жүз бен Ұлы жүз оған толық бағынды, Кіші жүздің көптеген билеушілерімен ол әулеттік қыз алысып, қыз берісу арқылы туыстық жағынан байланысты болды. Батыр хан мег Ералы сұлтан оның одақтастары еді, тіпті Нұралы хан да онымен санасуға мйжбүр болды. Әбден қартайған Әбілмәмбет ресми түрде жоғарғы билеуші қалғанымен, сол кезеңнің өзенде-ақ Абылай ресми хат алысқанда хан деп атала бастайды. Әбілмәмбет қайтыс болғаннна кейін ғана Абылай 1771 жылы жалпы қазақ ханы болып жарияланды. Бұл біртұтас тәуелсіз Қазақ хандығын сақтауға жасалған соңғы әрекет еді.