Еңбек дауларын шешуге жауапты ұйымдар
Еңбек даулары тараптардың келісімі бойынша немесе сот тәртібімен қаралады. Тараптардың келісімі бойынша еңбек даулары жоғары органдарда қаралуы мүмкін. Талап коюшылық сипаты бар жеке еңбек дауларын шешудің мынадай түрлерін бөліп көрсетуге болады:
а) еңбек дауының келістіру комиссиясында немесе сотта қаралуы мүмкін — бұл жалпы тәртіп. Бұл тәртіп дауды шешудің рәсімін бір жақтың қалауын қарайды. Екі жақтың келісіміне қол жеткен жағдайда еңбек дауын келістіру комиссиясының қарауы мүмкін. Еңбек дауының сот тәртібімен шешілуі бұған балама болып табылады.
ә) қызметкерлердің белгілі бір топтарының еңбек даулары белгіленген арнаулы іс жүргізу ережелері арқылы қаралатын айрықша тәртіп.
Екі жақтың келісімі бойынша еңбек даулары келістіру комиссиясында қаралуы мүмкін. Келістіру комиссиясы екі жақтың бірлескен шешіміне орай, жұмыс беруші мен қызметкерлердің саны тең өкілдерінен теңдік жағдайында құрылады. Жұмыс берушінің өкілдерін ұйымның басшысы тағайындайды және ол тиісті бұйрықпен бекітіледі. Қызметкерлердің өкілдері келістіру комиссиясына ұйымның жалпы жиналысында (конференцияда) сайланады. Келістіру комиссиясы өз құрамынан комиссияның төрағасы мен хатшысын сайлайды.
Келістіру комиссиясы еңбек дауын қызметкердің арызы келіп түскен күннен бастап үш күн мерзім ішінде қарайды. Белгіленген мерзім арыз түскен күннің ертеңінен бастап есептеледі. Қызметкердің арызын қарау нәтижесі бойынша келістіру комиссиясы шешім қабылдайды және ол шағымданушыға беріледі. Шағымданушының талаптарын қанағаттандырған келістіру комиссиясыньң шешімін қарсы жақ үш күн мерзім ішінде орындайды. Егер комиссияның шешімі қызметкердің талаптарын қанағаттандырмаса, онда еңбек дауы coт тәртібімен қаралады. Аудандық (калалық) соттар қызметкерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктерді шешу үшін шағымдана алатын еңбек дауларын қарау жөніндегі дербес органдар болып табылады.
Еңбек дауы жөніндегі келістіру комиссиясының шешімін қайта қарау өкілеттігі сотқа берілмеген.
Сотта тікелей кәсіпорындар (ұйымдар) қызметкерлерінің арызы бойынша келістіру комиссиясында алауыздықтар қаралмаған еңбек даулары, сондай-ақ шаруа қожалықтарында жеке еңбек шарттары бойынша жұмыс істейтін адамдардың арыздары бойынша еңбек даулары қаралады. Соттар қызметкерлердің кәсіпорынға (ұйымға) немесе кәсіпорынның қызметкерге келтірген зияндарының орнын толтыру жөніндегі арызы бойынша дауларды қарауды тікелей өз іс жүргізуіне қабылдайды. Соттар сондай-ақ шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік ұйымдардың (заңды тұлғалар), шетелдер қатысатын ұйымдардың еңбектік құқықтық қатынастарынан туындайтын даулар бойынша талаптарды да қарайды.
Достарыңызбен бөлісу: |