Реферат Тақырыбы: Абай мұрасы -адамгершілік ілімінің қайнары Қабылдаған: Насирдинов б орындаған: Кыргызханов С



бет1/2
Дата04.05.2023
өлшемі25,92 Kb.
#89927
түріРеферат
  1   2
Байланысты:
Абай


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІМ.ӘУЕЗОВ атындағы ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІ
«Абайтану» ғылыми орталығы
Реферат

Тақырыбы: Абай мұрасы –адамгершілік ілімінің қайнары
Қабылдаған: Насирдинов Б
Орындаған:Кыргызханов С
Тобы:ЮМ-21-1к6

ШЫМКЕНТ 2023




Абай мұрасы –адамгершілік ілімінің қайнары

Біз неге Абайды ұлтымыздың рухани ұстазы, адамзатқа ортақ өлмес сөздің иесі дейміз? Жалпы Абайды не үшін оқимыз? Сөзді бұлай бастаудың себебі, кейінгі кезде: «Біз Абайды түсіндірмеуіміз керек, біз Абайды түсінуіміз қажет» - деген сөздерді оқып, естіп жүрміз. Олай болғанда, ұстаз бен шәкірт, мектеп пен оқушы, тұлға мен қауым сынды үйретуші мен үйренушінің қажеті не? Бұл орайда Абай: «Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер – әуелі хауас сәлим(өзіндік дұрыс қасиет; өзіңе тән мінез-құлық) һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махабаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады» - дейді. Яки, адамның махаббатпен білмекке құштар болуын оятатын осы үш үйретуші. Осы үшеуі бірігіп нағыз жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы замандас болған қоғамда, сол елдегі халықтың келешегі жарқын, атар таңы арайлы болмақ. Міне, сондықтан да Абайдың «сахараны басқан қара түн-түнекті қақ жарып, жалғыз қолда жалынды жалғыз шырақ ұстап, халқына бет нұсқап: «таңың белден атады, күнің сонау жақтан шығады» - деумен өткен арпалысты ғұмыры халқын, қала берді адам баласын адамдық игі қасиеттерге, білім-ғылымға, адамзатқа ортақ мораль принциптері мен гуманизмге шақырумен өтті. Сондықтан, біз Абай мұрасын түсініп қана қоймай, шамамыз келгенше, түсіндіруіміз де қажет. Мұны:


Біреу білмес, сен білсең,
Білгеніңнің бәрі – тұл , -
деп Абайдың өзі де айтқан.
Сонымен, Абайды біз не үшін оқып, неліктен түсініп қана қоймай, қал-қадырымыздың жеткенінше түсіндіруіміз керек? Қанша жерден құбылтып, құйқылжытып, түрлі стильде, алуан терминдерді қолдана отырып сөйлесек те, Абай мұрасының күллі мазмұны адамды тәрбиелеуге, адамгершілік ілім бұлақтарынан нәр алуға жетелейді. Екінші сөзбен айтқанда, Абай мұрасы –адамгершілік ілімінің қайнары. Мұхтар Әуезов Абай мұрасының нәр алған, толысқан, кемелденген рухани бұлақ көздерін «Абай ақындығының айналасы», «Абай еңбектерінің биік нысанасы» атты еңбектерінде: төл әдебиет пен халық даналығы, Шығыс руханияты және орыс, сол арқылы Батыс әдебиеті мен мәдениеті деп атап-атап көрсеткен. Алайда Абай нәр алған осы айтылған рухани бұлақ көздерінің әрқайсысы күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі талай-талай зерттеулерге жүк болған ауқымы зор күрделі кең тақырыптар. Оған қоса, бұл мәселеде Абайдың ақындық кітапханасы, сол дәуірдегі осы үш мұра көздері өкілдерінің шығармашылық әдеби бағыттары мен олардағы идеялар, олардың Абайдың әдеби көзқарастары мен адамгершілік ой-танымдары, азаматтық ұстанымдарына сәйкестігі сынды қадау-қадау мәселелері бар.Қазақ халқының Шоқаннан соңғы ғұлама ғалымы (ал Абай хакім) Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1926 жылы жарияланған «Әдебиет танытқыш» атты әдебиеттану ғылымына арналған ғылыми еңбегінде өнер түрлерін жіктеп, саралай келе, сөз өнерін арнайы теориялық тұрғыда зерттеп, оның мақсаты мен міндеттерін айқындап, әдебиет – сөз өнері болса, оның басты мақсаты – адам тәрбиелеу екендігін дәйектеген. Ғалымды бұл байламға әкелген Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты сөз өнеріне принципті талаптар қойған атақты өлеңінің әсері болғаны даусыз.Мұны Әуезовтің «Абай Құнанбаев» монографиясындағы осы өлеңге қатысты: «Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық сөз – өлең деп қарайды», - деген тұжырымы да нақтылай түседі. Сондықтан да Абай өзіне дейінгі әдебиет үлгілерінің Шығыстық, Батыстық және ұлттық ең таңдаулы жауһарларын оқып, игеріп, солардағы озық идеяларды өз шығармаларында өрістетіп дамытты. Бұл орайда ол өзіне дейінгі әдеби-философиялық мұралардағы идеяларды өзінің сау ақыл, ыстық жүрегінің сарабына салып, қорытып, өз заманының қоғамдық-саяси жағдайлары, халықтың рухани хал-күйі, келешек мүддесімен байланыста алып, жаңаша әдеби бағытта дамытты. Сөйтіп, әлемдік ақыл-ой қайнарларынан және өз жанынан сұрыптап алған асыл құндылықтарды өзінің көркем мұралары арқылы өз заманына ғана емес, келешек ғасырларға да рухани азық боларлық өлмес сөз, өшпес өсиет етіп ұсына білді. Осылардың алғашқысы «қазақ халқының есте жоқ ескі заманынан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры»,- десек, Абайды Абай еткен ең басты қайнар да осы төл руханияттан басталады. Мұны Мұхтар Әуезов «Абай ақындығының айналасы» атты еңбегінде Абайдың нәр алған рухани бұлақ көздерін көркем тілмен кең арналы өзенге теңей келіп, «Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығып жатқан қайнар көздер – ақынның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды»,-деп баса суреттеген. Абайдың осы төл руханияттан нәр алуы бала кезден басталған. Әжесі Зере, әкесі Құнанбай, аналары Ұлжан мен Айғыз, ел ішіндегі өнер жаршылары: ақындар, билер, шешендер, күнделікті өмірдегі ұлттық шаруашылық қалып, содан туған салт, ұлттық мінез, дәстүр, ғұрып, өнер түрлері, осының бәрі – Абайдың алғашқы нәр алған рухани арнасына құяр сағалары болды. Абай осы руханияттың озығын бойына сіңірді, тозығын сын тезіне салды. Мәселен, Абайдың бала күнінде суырып салып айтқан экспромт өлеңдерінен бізге жеткен алғашқы «Кім екен деп келіп ем түйе қуған» өлеңінде-ақ қазақ дәстүріне кереғар жайт сынға алынады. Сөйтіп Абай төл әдебиет пен руханияттан алған үлгі-өрнектерді дамыта отырып, ұлттық әдебиетті жаңа сыншыл реалистік бағытқа бұрды. Бұл жолда ескілікті кертартпа кемшіліктерді сынады, халқын адамдық асыл қасиеттерді бойына сіңіруге, білім-ғылымды игеруге шақырды. Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым» деген сөзінде, қазақтың бойындағы мың кеселге қарсы күресі тұрса, «Интернатта оқып жүр»(«Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) өлеңінде халықтың келешегі ғана емес, әр адамның екі дүниедегі ғұмыры да білім-ғылымға байлаулы екендігін айтқан. Неге десеңіз, адам баласы жан мен тәннен тұрады. Тән бұ дүниеде (фәни дүние) қалып, жан о дүниеге (бақи дүние)өтеді, яки тән өткінші, жан мәңгі. Абай осы өлеңде «Интернатта оқып жүр»(«Ғылым таппай мақтанба» осы өлеңнің жалғасы) адам жаны мен тәніне керек бес түрлі жақсы қасиеттерді атап айтады. Олар: талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым. Енді ойлап көріңіздер, талап пен еңбек бұ дүниеде тән үшін керек, алайда оның жеткен нәтижесі жан қоштауын туғызады. Келесі терең ой бұ дүниеге де, о дүниеге де, тән үшін де, жан үшін де керек. Себебі терең ойдың жемісі бұ дүниеде тәнді рақатқа бөлейтін дүниелік ғылымдағы нәтижеге жеткізсе, жанды екі дүниеде де махаббатпен жаратқан Жаратушыны махаббатпен тану жолында рақатқа бөлейді. Ал қанағат пен рақым екі дүниеде де жанды кемелдендіріп, Жаратушының мейіріміне бастайды. Міне осы себептен де Абай: Ғылымды іздеп,Дүниені көздеп, Екі жаққа үңілдім. Құлағын салмас, Тіліңді алмас Көп наданнан түңілдім. Екі кеме құйрығын Ұста, жетсін бұйрығың, - деген. Яғни «бес асыл іс» бұ дүниенің де, о дүниенің де басты керегі деп отыр. Десек те, Абайдың «Сегіз аяқ» өлеңінен алынған осы шумақтағы «екі кемені» кей ғалымдар Батыс, Шығыс білім-ғылымы деген түсінік береді. Олай болғанда, жоғарыда айтқанымыздай, тұтас өлең мазмұны дидактикалық сарындағы ағартушылық бағытта жазылған білім-ғылымға шақырған туынды болуы керек. Ал «Сегіз аяқ» өлеңіне берілген 1995 жылғы академиялық жинақтың 2004 жылғы қайыра басылған төртінші басылымындағы «Түсініктерде» өлеңге: «Сегіз аяқ» (1899) – 1909 жылғы кітапта басылған (8- бөлік. Сегіз аяқ, 60-62- беттер). «Сегіз аяқ» өлеңі – кең көлемді, бай мазмұнды, терең мағыналы, ерекше көркем шығармалардың бірі. Әрбір шумағы сегіз жолдан келіп, қайырылып отыратын, өзгеше жаңа түрмен жазылған өлең. Ақын осы өлеңінде заман құбылыстарын, қоғам өмірінің шындықтарын түгел қамтып, сипаттайды. Өзінің көп ойларын толғайды, сезім-сырын, көңіл күйін шертеді – ел іргесі сөгіліп, берекесі кетіп, азып-тозып бара жатқанына күйінеді», - деген түсініктеме берілген. Ал Мұхтар Әуезов «Абай Құнанбаев» монографиясында дәл осы өлеңге:«1889 жылы, жоғарыда санауымыз бойынша, Абайдың тоқтаған тағы бір тақырыбы бар. Ол – бұдан бұрын да ақын шығармаларында бізге таныс болған көңіл лирикасы. Өз ойымен халық мұңын қоса мұңдап ойшылдық, сыршылдық үлгіде туғызған терең толғаулары. Бұл қатарға қосылатындар атақты «Сегіз аяқ», содан соң «Ішім өлген, сыртым сау», «Қажымас дос халықта жоқ» деген өлеңдер. «Сегіз аяқ» - ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі»,- деп баға берген. Демек, аталмыш туынды – Абайдың әлеуметтік-философиялық лирикасы. Олай болса өлеңнің мазмұнына «Батыс, Шығыс» емес, «Екі дүние» деген ұғым сәйкес келеді. Абайдың адамгершілік ілімі қазақ халқы үшін ғана емес, барша адам баласы үшін де ғибратты мұра болатын болса, біз осы мұраны үлгі тұтып, қаншалықты өз өмірімізде іске асырып жүрміз? Абай өсиетін осыдан 106 жыл бұрын: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар»,- деген Міржақып Дулатов атамыздың үмітін ақтай алдық па? Осыны бүгінгі күнмен бағамдап, салыстырып көрейікші. Абай алысқан бойымыздағы мың кемшіліктерден арылдық па? Қазірде қазақтың бойында өтірік, өсек, мақтан, еріншектік, дүниеқұмарлық, т.б. жаман қасиеттер жоқ па? Ал егер білім-ғылымға ұмтылсақ, қазақ елі неге әлемдегі алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарында емес?.. Біздің қазақтан шыққан өнертапқыштарымыз, әлемге танылған брендті өніміміз бар ма? Біз неге Головкин, Тэн, Ильин сияқты өздері айналысқан істе белгілі бір нәтижеге жеткендерді мақтан тұтамыз? Олардың жеке жетістіктері еліміздің материалдық, рухани қорына қандай табыс әкелді, жалпы елге солардан не пайда түсті? Бүкіл халық солардың жетістіктерінен қандай игілік көріп отыр? Өз заманындағы дәл осындай даңғаза пайдасыз мақтан жайлы Абай атамыз былай деген: «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Осы қуаныш қазақ ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар?... Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері». Әуезов Абайдың нәр алған рухани бұлақ көзінің алғашқысын «қазақ халқының есте жоқ ескі заманынан жиып, өсіріп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры» деп бекер айтпаған. Өйткені, бұл сөзде екі дәуір әдебиеті мен қазақ фольклоры жинақталып, тұжырымдалған. Мұны таратып айтсақ, қазақ әдебиеті тарихы қазіргі әдебиеттану ғылымында алты дәуірге бөлінеді: қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі (б.д.д. X-XIVғғ.), хандық дәуірдегі әдебиет (XV-XVIIIғғ.), отаршылдық дәуірдегі әдебиет (XIXғғ.), ояну дәуіріндегі әдебиет (XXғ. басы), кеңес дәуіріндегі әдебиет (1920-1991жж.), қазіргі қазақ әдебиеті (1991 жылдан бергі әдебиет). Абайға дейінгі дәуірде қазақ әдебиеті осы дәуірлердің екеуін бастан өткерді. Ал қазақ фольклоры халық мұрасы ретінде ұлттың ұлттық дәстүрінде, салтында, ғұрпы мен әдебиетінде, өнерінде сақталып жетті. Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірінің мұраларын Абай екі түрлі дерек көздерінен алған. Бірі – жазба мұралардан, екіншісі – XIVғасырлардан бастап қазақтың көшпелі өмір салтына ауысуына байланысты ел ішінде жыр дастандарды жатқа айтатын ауыз әдебиеті өкілдерінен алды. Және, тағы да қайталап айтамыз, сол алғандарын өз заманына ғана емес, халық келешегіне де оң бағыт берер мақсатта түлетіп қолданды. Мысалы, XIX ғасырдың аяғына қарай қазақ халқының шығу тарихын діни тұрғыда теріс түсіндіру етек алған кезеңде жазған (Абайдың өз қолжазбасы сақталған) «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» деген тарихи мақаласында Абай: «Біздің қазақтың ықыласы атасын ғараптан шықты дегенді, яки бәни Исраилден шықты дегенді ұнатқандай. Онысы – әр не тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс. Һәммаға мағлұм, әуелде адам балалары бұл күнгі орындарына екі жақтан толқынып келгендігі. Бірі – Үндістан тарапынан; ол жақтан келген жұрттардың көбі – білімді жұрт болып, ертерек ғылымға үйір болып, қайдан шыққандарын білгендер. Екіншісі – маңғұл жағынан келген; олар заманның көбін ғылымсыздықпен өткізіп, тауарихтарын терең білмей, түбі ескерусіз қалып, ата-бабаларын ақсақалдарының айтуымен, ауыз хабарынан білгеніне қанағат қылып жүріскен. Соның бірі, яғни сол маңғұлдан шыққан халықтың бірі – біздің қазақ. Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз, ғылымсыз қалмақтығымыз ұят», - деп бастап, XV ғасырға дейінгі қазақ тарихына дұрыс ғылыми талдау жасаған. Демек, Абай қазақ халқының жеке шаңырақ көтергенге дейінгі тарихы мен әдебиеті, мәдениетін жете білген. Ал ол білімді инемен құдық қазғандай жоғарыда айтылған дерек көздерінен жанын жеп ізденіп жүріп тапқан. Жалпы Абайдың нәр алған рухани бұлақтарын, соның ішінде ежелгі жазба мұралардан алған дерек көздері жайлы айтқанда олардың жариялану, таралу жайы, Абайға келу жолы, Абай шығармашылығындағы көрінісі сынды дәйекті дәлелдердің болуы қажет. Онсыз айтылған сөз дерексіз болжал болмақ. Орыстың бір мәтеліндегі: «Бақыт болмас еді, бақытсыздық көмектесті»- дегеніндей, отаршылдық езгімен бірге қазақ даласына буржуазиялық қоғамның өзгерістері де ене бастады. Семейде тері илейтін, кеме жөндейтін кәсіпорындар ашылып, оларда мыңдаған жатақтар жұмыс істеп, бір жерге шоғырланған халық арасында ақпарат алмасу, Ресей патшалығындағы, өзге де елдердегі жаңалықтардан хабардар болу, сауданың дамуына орай қазақ ішінен ірі саудагерлер, көпестердің шығуы, олардың қазақ ішіне жаңа өндіріс өнімдерін саудалауы, басқа да жаңа қоғамдық қатынастар орнай бастады. Қалаға жер аударылып келген революционер-демократтар, Императорлық Орыс жағрапия қоғамының Семей бөлімшесі, Семей Өлкетану музейі, Статистикалық комитет пен қалалық кітапханалар, Ресейде, жақын қалалар мен Семейдің өзінде жарыққа шыға бастаған әкімшілік басылымдар, патшалықтың Санкт-Петербург, Москва, Уфа, Қазан, Омбы,т.б. қалаларында басылған кітаптардың ел ішіне тарай бастауы, бір сөзбен айтқанда, Ресей империясының буржуазиялық қоғамдық қатынастарынан туып, шеткергі отар аймақтарға тараған бүкіл басқару жүйесі мен қоғамдық, мәдени өмірдегі өзгерістер алдыңғы қатарлы ұлт интеллигенциясының санасында сапалық серпілістер тудырды. Қазақтың оқыған жастары ішкергі Ресейдің ірі қалаларында білім алып, түрлі әкімшілік, қоғамдық мекемелерде қызмет ете бастады. Міне осындай заманда көшпелі тұрмыстағы қазақи өмір салтына лайықталған, демократиялық сипаттағы ұлттың фольклорлық мұрасы шешендік өнер, билер сөзі, ауыз әдебиеті мынадай таптық антоганистік шиеленіскен қоғамдық қатынас орнаған қоғамда халықтың қоғамдық, рухани сұранысын өтей алмады. Енді елге заманға сай түзелген сөз қажет болды. Сондықтан да Абай: «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел»- деді. Алайда Абай жаңа реалистік жазба әдебиетті тудыруда өзіне дейінгі әдебиетті мүлде терістеген жоқ, қайта ондағы тіл мәдениетін ұштады, көркемдік сөз өрнегін түзетті, әдебиетті жаңа қоғамдық қатынастарға лайық формаға түсіріп, адам тәрбиелеудің қуатты құралына айналдырды. Жоғарыда мысал келтіріп атаған Семейдегі мәдени-ағартушылық мекемелердің бәрін дерлік дүниеге әкеп, солардың жұмыстарын жолға қойып, жүргізуге ұйытқы болған - Семей облыстық Статистикалық Комитет. Комитет 1878 жылы құрылған. Негізгі жұмысы – Семей облысына қарайтын уездердегі халықтың әлеуметтік-шаруашылық есебін жүргізу және ел тарихын, мәдениетін, жағрапиялық жағдайын зерттеу болған. Комитеттің ашылған күнінен Өскеменге ауысқанға дейін 15 жылдай уақытта оның хатшысы қызметін Е.П.Михаэлис атқарған. Міне осы Комитет Семейдегі Облыстық өлкетану музейін (1883), Қоғамдық кітапхана(1883), Бастауыш білім ісіне қамқорлық жасау қоғамы(1893), Орыс Императорлық Жағрапия қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің Семей бөлімшесі (1902) сынды мәдени-ағартушылық мекемелер ашып, Абай солардың бәрінің мүшесі болып, жарнасын төлеп, әлеуметтік, мәдени, ғылыми жұмыстарына белсене араласты. Осы мекемелерде негізінен жер аударылып келген демократтар Е.П.Михаэлис, Н.И.Долгополов, Н.Коншин, С.Т.Мирошниченко, А.И.Деров, Лобановский, Леонтьев, А.Е.Грубе,т.б. қызмет еткен. Сол азаматтардың қоғамдық-саяси көзқарастарындағы ағартушылық бағыт әсерімен отарлық езгі кесірінен білім-ғылым ғана емес, ішкі рухани дамуда да деградацияға ұшыраған халқын алға жетелеуде тоқсаныншы жылдардың басына дейінгі кезеңдегі Абайдың мәдени-ағартушылық идеясы шығармаларында көрініс берген. Бұл нақты деректер. Мұның барлығы М.О.Әуезовтен соңғы атақты абайтанушы ғалым, Алаш арыстарының асыл тұяғы Қайым Мұқаметханұлының «Ұлы ақынның қайраткерлік қызметі» атты еңбегінде жазылған. Бәрімізге белгілі 1945 жылғы жинақтан бері Абайдың «Қара сөздері» 1890 жылдан бастап, 1899 жыл аралығында жазылған деген мәлімет орныққан. Осы мерзімді басшылыққа алсақ, Абайдың «Қара сөздеріндегі», өлеңдеріндегі ағартушылық-демократтық көзқарастары 1890 жылдан бері қарай жаңа бағытқа, гуманистік, ойшылдық белеске бет бұрғанын көреміз. Бұл орайда Абай ұлттық болмысқа негізделген білім мен мәдениетті насихаттау жолындағы нағыз ағартушы-демократтар мен ағартушылықты бетке ұстап, ұлттық болмысты кертартпа кесел ретінде көрсетіп, миссионерлік, великоростық мақсат көздеген жалған ағартушы-демократтарды айыра білген. Себебі халықтың ұлттық тәрбиесі тұтасымен ұлттық тағылымнан нәр алуға бағытталған. Сондықтан қазақтың барша тағылымдық ілімінде, Абай шығармашылығында ағартушы деген сөздің жоқ болуы заңды. Абайдың осындай кез-келген идеяны сана сарабына салып, ұлттық, адамшылық, мұсылмандық елегінен өткізіп барып, сол идеяларды ұлтқа үйлесімді деп танығанда ғана қабылдап, өз жүрегінде қорытып ұсынатын асыл қасиеті жайлы Көкбай: «Абай Еуропа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Сондағы көп насихаттың түп қазығы: адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығын да мұсылман дінінің дөңгелегіне әкеліп, бір шалып келіп отыратын», - дейді. Сөйтіп, Абай қоғам мен адамды бостандық, теңдік, ғылым-білімді насихаттау арқылы түзеуге болады деген ойдан Шығыстық дүниетанымға (Түркі руханияты, Мұсылмандық Шығыс руханияты) негізделген жаңа ойға, барлық кеселдерден қоғамды өзгерту, халықты білім-ғылымға шақыру арқылы емес, адамның ішкі жан әлемін түзеу арқылы ғана жетуге болады деген идеяға келген. Ойлап отырсақ, шындығында да, адам баласының бақытты ғұмыр кешкен заманы деп ешбір қоғамдық құрылысты айта алмаймыз. Өзімізді мектеп пен университетте ұстаздарымыз: «Социалистік қоғамға дейінгі алғашқы қауымдық құрылыстан өзге қоғамдардың бәрі әділетсіз, таптық антоганистік қоғамдар болды. Социалистік қоғамда ғана әділет, теңдік бар»,- деп оқытты. Алайда сол әділетсіз, таптық, антоганистік қоғамдарда өмір сүрген қаншама тұлғалардың ақыл-ойы мен еңбектерінен туған игіліктерді пайдаланып отырмыз. Сол жаман деген капиталистік қоғамның материалдық, рухани табыстарын қолданып, сол жаман деген социалистік қоғамдағы ата-апаларымыздың маңдай тері, ақыл-ойымен жасалған өнімдерді әлі күнге дейін пайдаланып келеміз?! Олай болса, заманның жақсы, жаман болмағы қоғамға емес, адамға байлаулы. Адам түзелмей, қоғам, заман түзелмейді. Ал адамды түзеу үшін адам жанын тәрбиелеу керек. Сондықтан Абай «Отыз сегізінші қара сөзінде» Алла адамды жаратқанда өзінде бар сипаттардың әрқайсысынан адамзатқа да дарытқандығын айтып, оларға түсініктемелер (тағриф) беріп, талдай келе әділет пен махаббатқа (бұл жерде махаббат деген қазіргі біздің түсінігіміздегі ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншілік сезім емес, ғаламдық мәндегі ұғым) қатысты сөздерінде: «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында Һәм ғадаләт һәм махаббат бар»,- деген. Демек, махаббат пен әділет адам баласына екі дүниеде де керек қасиет екен. Жердің тартылыс күші сияқты күллі дүниені ұстап тұрған - махаббат пен әділет. Осы ойын «Насихат» сөзінің 13- бабы ретінде арнайы жеке шығарманың құрамында барша көкірек көзі ашық адамдарға бағыштап жазған еңбегінде (қазіргі «Қырық бесінші» сөз) былайша айтқан: «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғаделет, махаббат құдайға лайықты дегендігі. Адамшылықтың алды – махаббат,ғаделет.Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан Тәңірінің ісі». Ал осы махаббат пен әділеттің мекені – жүрек. Сондықтан Абай: Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі, Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі,- деген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
 

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет