Реферат тақырыбы: Қазақ халқының батырлары



бет5/9
Дата01.05.2023
өлшемі107 Kb.
#88615
түріРеферат
1   2   3   4   5   6   7   8   9
Талғат Бигельдинов
Даңқты ұшқыш-шабуылдаушы, Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленген жалғыз қазақ, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов 1922 жылғы 5 тамызда Ақмола облысы Қорғалжын ауданындағы Майбалық ауылында дүниеге келген. Отбасының тұрмыс жағдайы нашар болып, оның үстіне Талғаттың ата-анасы ерте дүниеден өтеді. Қазақтың дәстүрі бойынша алты жасынан бастап әкесінің інісінің тәрбиесіне берілген Талғаттың балалық шағы Пішпек қаласында (Кеңес Одағы кезінде – Фрунзе, қазір - Бішкек) өтеді. Талғат жастайынан ауыр жұмыспен айналысып, әжесіне көмектеседі, мал бағып, сиыр да сауады. Сол кезде қазақ мектебі болмағандықтан, Талғат татар мектебінің 4 сыныбына барады. Ол ауладағы түрлі ұлт өкілдері балаларымен ойнап, кейіннен қазақ тілімен қатар орыс, татар тілдерін меңгереді.
Талғат бала күнінен аспанға ұшуды аңсап, ұшқыш болуды армандайды. Орыс тілін білмесе де, 13 жасында барлық қиындықтарға қарамастан, өз арманына қол жеткізу үшін өз еркімен орыс тілді мектепке ауысады. Деректерге сәйкес Талғат татар мектебінен орыс мектебіне ауысқанда қиыншылықтар басталған. Орыс тілі сабағы ол үшін қиын пән болды. Бір күні орыс тілінің мұғалімі әбден қиналып, бос сыныпта отырған Талғаттың үстінен түседі. Сөйтіп оны үйінен келіп сабақ алуға шақырады. «... Ол бірнеше апта бойы бізге сабақ берді, қандай тамақ болса да, бізге беретін, бірақ өзі аш-жалаңаш отыратын. Содан бері мен орыс тілінде сауатты жазамын», - дейді Талғат Бигелдинов естелігінде. 16 жасар өжет жігіт «Екі капитан» романын оқып шыққаннан кейін, әскери ұшқыш болуды басты мақсатына айналдырады. Ол 1938 жылы Фрунзедегі аэроклубқа түседі. Басында бойы аласа болған соң аэроклуб басшылары Талғатты алғысы келмепті. Бірақ жастың табандылығы мен қайсарлығына олар тәнті болған. Ал 1940 жылы Балашов әскери авиациялық ұшқыштар мектебіне түсіп, кейін Оренбургтағы Чкаловск әскери авиациялық училищесіне ауысып, 1942 жылы ефрейтор шенінде бітіріп шығады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Талғат соғысқа аттанғысы келгенімен, ұшқыштық шеберлігін әлі де жетілдіру қажеттігін түсініп, Ил-2 ұшағын басқарудың қыр-сырын игеру үшін Ижевск қаласына аттанады. Талғат Бигелдинов 1942 жылдың қаңтарында Калинин майданындағы 296-авиациялық дивизияның 800-шабуылдаушы авиаполкіне қосылады. Бұл кезең қанды соғыстың нағыз қызған кезі еді. Кей кездері жауынгерлік тапсырмалардан тәжірибелі ұшқыштардың өзі аман оралмады. Алайда қатарында Талғат та болған он тоғыз жасар жас ұшқыштар ажалдан қорықпады, керісінше шайқастың алғы шебіне шығуға ұмтылды. Сонымен қатар, олар аты аңызға айналған күшті атысты, «ұшқыш танк» аталып кеткен Ил-2 ұшағымен қаруланған болатын. Ал фашистер «Ил-2» ұшағын «Қара ажал» деп атаған екен.
Ұлы Отан соғысы жылдары Талғат Бигелдинов әскери тапсырмамен 305 рет әуеге көтерілген, 7 жау ұшағын атып түсіріп, аспанда жалпы есеппен 500 сағат болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет алған Анатолий Ефремов 244 рет ұшса, Талғат Жақыпбекұлы одан 61 рет артық көкке көтерілді. Ил-2 шабуылдаушы ұшақты шебер басқарған Талғат Бигелдинов гитлершілдердің көптеген техникасын жойып, немістерді өлтіреді, ұшақтарды құлатып, барлау жұмыстарын жүзеге асырады. Аты аңызға айналған ұшқыш өзінің бір сұхбатында былай еске алады: «Бір шайқаста бізге қарсы жаудың 60 жойғыш ұшағы көкке көтерілді! Біздің тоғыз ұшағымыздың алтауы ғана әуеайлаққа оралды. Мен еріксізден жолдастарымнан бөліне «мессерге» шабуыл жасап, бетпе-бет келіп, оны аттым. Кейін белгілі болды, «Мессершиттің» ішінде отырған адам - әуе шайқасының шебері, 200-ден астам жауынгерлік ұшуды жүзеге асырған, Испания, Франция, Балкан жерінде көрсеткен ерлігі үшін марапаттар алған неміс капитаны фон Дитрих екен».
1944 жылғы 26 қазанда гвардия аға лейтенанты Талғат Бигелдинов жоғары марапатқа ұсынылады. Оған Знаменка, Кировоград қалаларын босату кезіндегі ерлігі мен әскери шеберлігі, әрі атып түсірген төрт жау ұшағы үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1944 жылдың күзінде гвардия капитаны Бигелдинов 144-ші гвардиялы шабуылдаушы авиациялық полкы эскадрильясының командирі болып тағайындалып, 1945 жылғы 24 маусымда Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен Жеңіс шеруіне қатысады.
1945 жылғы 27 маусымда гвардия капитаны Талғат Бигелдиновтің кеудесінде екінші мәрте «Алтын жұлдыз» жарқырайды. Бұл жолы ол эскадрильяны шебер басқару мен Краков, Оппельн (қазіргі Ополе), Катовице, Бреслау (қазіргі Вроцлав) және Берлин қалалары үшін шайқастардағы әскери ерлігі үшін марапатталды.
Соғыс аяқталғаннан кейін, 1950 жылы Т.Бигелдинов Әскери әуе академияны тәмамдайды. 1956 жылға дейін КСРО Әскери әуе күштерінде қызметте болады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиация саласында еңбек еткен. Қазақ КСР Азаматтық авиация басқармасы төрағасының орынбасары лауазымында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Өскемен және басқа да облыс орталықтарында ұшып-қону жолақтарын салу жұмыстарына басшылық еткен. 1968 жылы Талғат Бигелдинов Мәскеу инженер-құрылыс институтын бітіріп, Қазақ КСР Мемқұрылыс жүйесіне қызметін ауыстырады.
Ол 2-ші, 3-ші және 12-ші шақырылымдардағы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған. Ұлы Отан соғысы мүгедектері мен жетім балаларға көмек көрсететін халықаралық қайырымдылық қорының президенті болып жұмыс істеді.
Талғат Бигелдинов 1966 жылы жарық көрген «Илдер шабуылдайды» кітабында өмірінің авиациядағы, майдандағы және соғыстан кейінгі кезеңдері туралы баяндайды. Батырдың бұл кітабы КСРО көлемінде кеңінен танылды. Сондай-ақ, ол «305-ші рейд» және «Мәңгілік шыңында» кітаптарының авторы. Талғат Бигелдиновтің батырлық ерліктері бірнеше рет теледидар бағдарламалары, деректі және көркем фильмдер үшін негіз болды. Тірі кезінде аты аңызға айналған Талғат аға батырлықтың нышаны, авиацияны армандаған балалардың үлгі тұтар тұлғасы болды. Ұлы Жеңістің 55 жылдығына орай 2000 жылғы 9 мамырда Көкшетау қаласындағы Даңк аллеясына Кеңес Одағының екі мәрте батыры Талғат Бигелдиновтің мүсіні орнатылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет