1. ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ МІНЕЗ БІТІСТЕРІ
Бұл -өте күрделі, әлде де толық зерттеліп, шешімін таппай келе жатқан мәселе. Осы жәйтті жақсы аңғарған Н. Назарбаев былай деді: «Менің ойымша,қазақтардың қайталанбас этикалық, психологиялық әлемі әлі де жете зерттелмей, зерделенбей келе жатқан тылсым дүние».
Ғасырлар бойы көшіп қонып жүрген халық өзі өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына, мәдениеті мен тарихына, табиғатына орайлас жас буынға тәлім тәрбие берудің айрықша талап-тілектерін дүниеге әкелді. Мәселен, бұлар жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық нормасын «сегіз қырлы, бір сырлы» делінетін қанатты нақыл сөздермен қисынданады. Осы атаулы сөздің мән мағынасы мыналар еді: көшпелі мал шаруашылығын жете игеру; еңбек сүйгіштіктен қиыншылыққа төзе білу; ел намысын қорғау; жаудан беті қайтпау; ата тегін жадында сақтау; сөз асылын қастерлеу; тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау; ата салтын бұзбау (жасы үлкенді сыйлау, құдайы қонақтың меселін қайтармау, көрші хақын жемеу, т.б.).Көшпелі өмір тіршілігі қара күшке мығым қиыншылыққа төзімді, құбылмалы табиғат жағдайына тез икемделгіш болумен бірге, жан-жүйесі жағынан да жан-жақты жетілген, кемел адамдарды қалыптастырды. Үйде де, түзде де бала ес білгеннен бастап із кесіп, жол қарап, жұлдыз санап өсті. Олардың көзі қырағы, құлағы сақ, қияндағыны шалатын болды. Аң аулап, мал бағып, күнделікті күйбең тіршілікпен жүрсе де жасөскін ақынның сөзін, жыраудың жырын, әншінің әні мен әуенін қалт жібермей тыңдап, ел аузындағы ұтымды мақал мен мәтелді, ертек пен жұмбақты, терме мен шежірені жадында сақтап, халық даналығын өзіне рухани азық етіп отырды. әрдайым көшіп-қонуға дайын отырған қазақтар үшін аң-құс аулау, мал күзету, жау түсіру-тұрмыстың дағдылы машығына айналды. әрбір көшпенді әрі жауынгер, әрі малшы, әрі шаңырақ иесі болып саналды.
Осы айтқанымыздың дәлелі болып табылатын кейіннен мақал болып кеткен «Өнерді үйрен де, жирен», «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Шебердің қолы ортақ», «Жауда жүрсе ат ойнатқан батырым, үйде жүрсе құрт қайнатқан батырым» сияқты бес аспап адамның психологиясы жайлы қанатты сөздер біздің заманымызға дейін жетті. Көпелі қауым бірін бірі жақсы білді, әр адамның қадір қасиеті,оның жасына, жол жоралғысына, әлеуметтік ортадан алатын орнына қарай белгіленіп отырды. Бұндай қауымдастық адам аралық қатынастарды қаршадайдан көріп өскен бала да өсе, ер жете келе ортақ мүдделікті, көзқарас сәйкестілігін, кісілік белгісін, түсініп, жеке бастың өзіне бұра татуына мүмкіндік бермеді.
Психологиялық тұрғыдан «бірауызды» болып қалыптасқан жандар үнемі өздерінің рулық одағына етене сіңіскен салттары мен дәстүрлерді ұстанды. Осыған орай көшпелі тұрмыс тәліміне лайықталған бата беру, ант ішіп ақталу, айтысқа, дау-дамайға төрелік айту сияқты этносты таптаурындар (стереотип) кең өріс алды. Әрине, осы топтық санамен бірге әркімнің жеке басының әлеуметтік және биосфералық факторларға оайлас жеке дара жас, жыныс ерекшеліктерінің де болатындары еске алынды. Мәселен, көшпелі халық қыз баланы ерекше қадырлеп, қастерлеп әлпештеді. Оны әдемілік пен әдертіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы деп, ал мінезі жайсаң, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» дейтін болды.
Қоғам өмірінде қазіргі кезде жүріп жатқан терең саяси-экономикалық өзгерістер халқымыздың баға жетпес рухани байлықтары: тілі мен ділі, діні мен тарихы, өнері мен әдебиеті, табиғи ортасы, күн көрінісі мен шаруашылығына (қолөнері, киім-кешегі, ою-өрнегі, әуез аспаптары, үй жиһазы, т.б.) байланысты небір асылдарды, қысқасы, ұлттың бүкіл болмыс-бітімін (менталитетін) жаңартып, жаңа мазмұнмен байытуда.
Әрине, еліміз бен жеріміздің түпкілікті иегері- қазіргі қазақтардың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту қиын. Өйткені қазақ этносының қазіргі бүкіл тыныс-тіршілігінде, от басындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында кең байтақ өлкемізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері де көрініс беріп жүр. Десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айрылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншылған халық емеспіз.Жеріміздің ұланғайыр кеңдігімен, мұндағы табиғат сұлулығының әсерінен ғасырлар бойы қалыптасқан дархан, жомарттық, адамға деген мейірімділік пен өнерпаздық, қазақ биосферасының өзіндік ерекшелігінен туындаған асқан қонақжайлылық, жойқын соғыс пен қуғын-сүргінге ұшырау салдарынан тірнектеп жинаған рухани мұраны өсер ұрпаққа жеткізу ниетінен қалыптасқан балажандылық, үнемі малшаруашылығымен айналысудан қанымызға сіңген малжандылық, ешуақытта басқа жұрттың жеріне көз алартпаған бейбітшілік саясат, өзі тиген дұшпанның қабырғасын қаңсатқан көзсіз батырлық, «мың өліп, мың тірілген» кездердегі керемет шыдамдылық пен барға қанағатшылдық-біздің ұлттық мінезімізді жоталы бітістері, халқымыздың ұлттық мақтанышы.
«Бұрынғы уақытта»-деп жазды Ж. Аймауытов пен М. Әуезов «Қазақтың өзгеше мінездері» деген мақаласында: Қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы ірі, бітімді, қайратты, сауықшыл ел болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен»-дейді (Алаш.1917.30 наурыз.16-номір).Әрине, патшалық отарлау мен большевиктік империялық саясат тудырған ұнамсыз қасиеттердің біразы бізде қазір де баршылық. Қанымызға әбден сіңіп кеткен жағымпаздық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық пен жалақорлық, бойкүйездік пен салғыттық, жалқаулық пен шалағайлық, т.б. осы секілді келеңсіз қасиетер әлі күнге дейін алдымызда оралып, заман талабына бейімделуге бөгет жасауда. Әсіресе, Кеңес өкіметі жылдарында ұлттық мінезімізге дінсіздік, спирттік ішімдікке әуестік, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қазақтың түсіне де кірмеген мерез қасиеттер еді) осы секілді жағымсыз қасиеттер келіп қосылды. Бізде бұдан да басқа еліктеп-солықтаулар (батысшылдық, ермелік, еліктеушілік, желөкпелілік, т.б.) жетіп артылады. Бұл жәйт еңсемізді көтертпей, құлдық психологияның шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ келе жатқанын естен шығармауымыз керек.
Қазақ халқы сонау есте жоқ ескі заманнан өзінің қадыр қасиеттерін қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай сақтап, бұған шаң жуытпай, өз ұрпағын ауыздандырып келген ел. Сондықтан да қазіргі ұрпақ осынау ұлттық қасиеттерімізді ерекше қастерлеп, мақтап тұтып, жас өскіндер осы рухта тәрбиеленулері тиіс.Төменде қазақтың ұлттық мінез бітістерінің кейбір жақтарына сипаттам беріліп отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |