3. Топырақ эрозиясы және топырақ жамылғысын қорғау
Топырақтың құнарлылығын кемітетін табиғаттың бір апаты – топырақ эрозиясы. Топырақтың құрылу процесінің ұзақ екендігін түзуші аналық тау жынысынан құнарлы 18 см топырақ қабаты пайда болу үшін өте қолайлы табиғи жағдайдың өзінде 1400 жылдан 7000 жылға дейін уақыт керек екенін айтса жеткілікті. Ал бұл қабатты желдің ұшырып әкетуі оп-оңай. Топырақ эрозиясының екі түрі бар: жел эрозиясы және су эрозиясы. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының Топырақтану институтының зерттеулері нәтижесінде республикада эрозияға бейім жер 70 млн гектардан астам немесе республика аумағының 26%-ы. Оның 52 млн гектары жел эрозиясына бейім, 17 млн-нан астамы су эрозиясына бейім.
3.1 Жел эрозиясы
Жел эрозиясының басым болуы, біріншіден, Қазақстан жерінің көп бөлігінің жазық және ашық болуы; екіншіден, күшті желдің жиі соғуы; үшіншіден, топырақтың құрылымы бос немесе механикалық құрамы жеңіл (құмды, құмдауытты) топырақтардың молдығы. Сондықтан мұндай әсерлерді игеру өте жауаптылықты қажет етеді. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игерген кезде эрозияға бейім жерлер жыртылып, бекерге эрозияға ұшырады. Мысалы, Павлодар облысында (1955-1958 ж.) күңгірт қара қоңыр, қоңыр топырақты аймақ жыртылып, 805 мың гектар жер эрозияға ұшырап, егіске жарамай істен шығып қалды. Қостанай облысының Әулиекөл ауданының көп жері осындай жағдайға ұшырады.
3.2 Су эрозиясы
Аққан судың топырақтың беткі қабатын шайып кетуін, жыра мен сай-саланың, жар мен орлардың пайда болуын топырақтың су эрозиясы деп атайды. Нөсер жаңбырдан немесе мөлшерден артық суарған топырақтың беткі қабаты шайылады. Басында ұсақ жыралар пайда болып, олар суарған сайын ойылып, тереңдеп, сайға айналады. Жалпы топырақтың су, жел эрозиясы – адамның жер ресурстарын тиімсіз пайдаланудың салдары деп ұғамыз. Топырақтану институтында топырақ эрозиясы бөлімі ашылып, солтүстік, оңтүстік аймақтардың су эрозияларын зерттеп, олармен күресу шараларын ұсынды.
1) агротехникалық шаралар: еңісі үлкен беткейлерде жерді су ағысының бағытына көлденең жырту, қыста қар тоқтату, топырақты қайырмасыз соқамен жырту, т.б.;
2) мелиорация шаралары: жыра мен сай, өзен жағаларына, суару түрлері бойынша ағаш және бұта отырғызу;
3) гидротехникалық шаралар: жыраларды бекітетін инженерлік құрылыстар салу, арықтар мен каналдардың түбін су өткізбейтін бетондалған тақта, пленкалармен қаптау, т.б. Бұл шаралар топырақтың су эрозиясына ұшырауын азайтады.
Пайданылған әдебиеттер
1. «Қазақ энциклопедиясы»,5 том
2.Қазақстанньң физикалық географиясы, Алматы: Атамұра, 2008. ISBN 9965-34-809-Х
Достарыңызбен бөлісу: |