Ежелгі грек театры Театрдың даму кезеңдерінің бірі — көне замандағы театр мәдениеті. Ертедегі грек драмасы мен театры — жүзім мен шарап жасау Құдайы Дионистің құрметіне ауылдык жерде мереке өткізу негізінде пайда болды. Бұл мерекелерде маскалы адамдар, теке терісін кигендер (теке — Дионистің қасиет тұтатын жануары) өнер көрсетті. Маскалылар хорының би аралас әндерінде диалог элементтері мен сахналық қимыл- әрекет басым жатты. Эллинистік дәуірге дейін хор грек драмасындағы басты элемент болып келді. Феспид бірінші болып б.з.д. 534 жылдың көктемінде Ұлы Дионис мерекесінде, өзінің трагедиясын көрсетіп, бас жүлдеге ие болды. Сондықтан да б.з.д. 534 жыл әлем театрының туған жылы деп саналады. Ақын Феспид хордан ерекше орындаушыны — актерді бөліп шығарды. Сөйтіп, дүниеге бірінші актер — протагонист келді. Хор басшысы — корифей бастаған хор 12, кейіннен 15 адамнан құралды. Грек драмасы өзінің даму процесінде діни әдет-ғұрыптардан бірте-бірте алшақтай берді. Сонымен бірге драма грек мифтеріндегі материалды молынан пайдаланды.
Қазір біз қолданатын "трагедия" және "комедия" сөздері Ежелгі Грекияда өткен мерекелерден шыққан. "Трагедия" сөзі гректің екі сөзінен алынған: "трагос" — теке және "одэ" — өлең, ән, яғни "текелер әні" деген ұғымды береді. Бұл ат бізді Дионистің серіктері — сатирлерге әкеледі. Сатирлер адам мен текенің қосындысынан тұрады: денесі адамдікі болғанымен, текенің мүйізі, сақалы, тұяқтары, құйрығы, жүні, т.б. белгілерін жапсырып алған.
Комедия "Комедия" сөзі "комос" — Диониске арналған мейрамдағы көшеде қыдырып жүрген қызу әрі көңілді халық және "одэ" — өлең, ән деген ұғымдардан шығып, қыдырып жүрген халықтың әні деп аударылады. Гректің ақындары —Эсхил, Софокл, Еврипид, Аристофанның шығармалары грек халқының қоғамдық-саяси және рухани өмірін жан-жакты көрсетті. Театр ойындары ашық далада өткізілді. Театр ғимараты орхестрен (дөңгелек алаң), театрыннан (көрермендер орны) және скенадан (алғашқы актерлердің киініп, сахнаға шығуына прпалған жай палатка) кұралды. Ежелгі Грекия театрларына көп көрермен сыятын.
Мысалы, Дионистің Афиныдағы театры 17 мың пдамға арналса, Эпидаврдағы театрға 10 мыңдай адам бара алатын. Көрермендерге — бүкіл Афины азаматтарына театр ойын-сауықтарына бару үшін мерекелік ақша берілетін, ал олар сол ақшаға отыратын орындары көрсетілген арнаулы темір жетондарды сатып алатын. Қойылымдар таңертең басталып үш күнге созылатындықтан, көрермендер тамағы мен сусындарын өздерімен арқалап әкелетін.