4. Тұтас педагогикалық үдеріс құрылымы Тұтас педагогикалық үдерістің негізгі бір бөлігі — оқыту үдерісі. Оқыту құбылысының әртүрлі деңгейде: жалпы педагогикада, дидактикада, әдістемеде, психологияда бейнеленуінің өзіндік ерекшеліктері бар. Педагогика деңгейінде оқыту – қоғамдық тәжірибені өскелең ұрпаққа беру әрекеті —педагогикалық әрекеттің тұтас қыры. Дидактика деңгейінде оқыту – білім беру мазмұнын үйрету мен үйренудің бірлігі.
Әдістеме деңгейінде оқыту – оқыту (сабақ беру) әрекеті мен нақты оқу пәнінің
материалдарын оқып–үйренудің бірігуін жүзеге асыру формасы.
Психология деңгейінде оқыту – мұғалім мен оқушының нәтижесінде оқушының интеллектісін байытып, психикалық дамуы жүзеге асатын өзара іс-әрекетінің жиынтығы.
Оқыту оқушы мен мұғалімнің әрекеті ретінде көрсетілген: «Оқыту – оқушы мен мұғалім жүзеге асыратын екі жақты үдеріс»; «Оқыту үдерісі мұғалімнің, сол сияқты оқушының да әрекеті»; «Оқыту – мұғалімнің материалды балаға түсіндірудегі, пәнді оқыту барысындағы оқушының әрекетін бақылаудағы, оқушының материалды оқып–үйренуі мен алған білімдерін қолдана білуіне басшылық жасаудағы, олардың білімдері, біліктері мен дағдыларын тексерудегі іс- әрекеті.
Оқу(үйрену) – оқушылардың белгілі бір пәнді және оқытушының түсіндіргендерін қабылдаудағы, өтіліп отырған фактілер мен құбылыстарды, олардың арасындағы байланыстарды ойға тоқудағы, білімді бекіту мен қолданудағы мұғалім басшылығымен жасайтын саналы қызметі».
Тәрбие үдерісі. Орта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының басты міндеттерінің бірі – еліміздің болашағының біртұтас іргетасын және жалпыазаматтық біріктіруші мақсат жүйесінің негізін құратын жаңа идеологиялық тұжырымдама «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен Патриоттық Актісін жүзеге асыру болып табылады.
Педагогикалық үдерістің психологиялық құрылымы: танымдық үдерістер (қабылдау, ойлау, еске сақтау, ақпарат сіңіру), оқуға қызығушылық (оқуға қызығуды, қабілетті ынтаны айқындау), қуат (көтеріңкі не түсіңкі дене мен күш-қуаты, белсенділік, еңбекқорлық не шаршау динамикасы) деп педагогикалық үдерістің құрылымын жан-жақты ашуға тырысқан. Бұл, сонымен қатар, педагогикалық үдерістің тұтастығы, педагогикалық үдерістің заңдылықтары, педагогикалық үдерістің кезеңдері, педагогикалық инновациялар, қазіргі мектеп мұғалімі сияқты жүйе ретінде де қарастырылады.