Ми қыртысындағы қызметтердің орны
Алдыңғы мидың құрылысын зерттеу, әрине, қыртыстың жеке аймақтарының қызметтік маңызын тексеріп білуден бөлек жүрізілуі мүмкін емес еді. Қызметтердің үлкен жарты шарлар қыртысындағы орнының мәселесі ертеден бері ғылыми жаратылыстанудың ең күрделі салаларының бірі болған. ХІХғ. екінші жартысында организмнің жасушалық құрылысы ашылды, Ч. Дарвиннің белгілі еңбектерінде эволюциялық теория толығымен расталды, Д. И. Менделеев химиялық элементтердің периодты кестесін ашты, ал ми туралы ғылым ешбір айтарлықтай алға басқан жоқ. Дәл осы кезеңді сипаттай келе, И. П. Павлов былай деген: «Жаратылыстану ілімінің Галилей заманынан бері келе жатқан қарқынды жүрісі мидың жоғарғы бөлігінің алдында, немесе, жалпы айтқанда, жануарлардың сыртқы ортаға деген күрделі қатынастарының мүшесі алдында едәуір тоқталды». Ми жұмысының ерекшеліктері туралы сұрақ таласты болды. Ми қалай жұмыс істейді? Оның құрылысында жеке қызметтерді таңдап басқаратын бөлек-бөлек орындар, орталықтар бола ма, жоқ әлде әртүрлі, әсіресе психикалық, қызметтерді реттеуге бүкіл ми тұтас қатыса ма?
1825жылдың өзінде француз оқымыстысы Ж. Галль бүкіл ми қыртысы әртүрлі психикалық қабілеттерді басқаратын көптеген орталықтармен жабылғанын болжаған. Жеке қабілеттердің (мысалы, математикалық) жақсы дамуы, Галльдың айтуы бойынша, белгілі бір орталықта қыртыс массасының күшті дамуымен қамтамасыз етіледі. Бұл қыртыстың белгілі бір аймақтары бас сүйегінің ішкі қабырғаларына қысым жасауының арқасында пайда болатын, бас сүйегінің бетіндегі шығыңқы, тегіс емес жерлердің қалыптасуына әкеп соғады («математикалық төмпешіктер» деген атау осыдан қалыптасқан). Галльдың ілімі (френология) сәйкес ғылыми зерттеулермен расталмай, тез арада теріске шығарылды. Қызметтердің орны туралы сұраққа М. Флуранс, Ф. Мажанди және басқалар қарама-қарсы көз қарас білдірді, олар қыртыс әрбір актіде түгел біртұтас құрылым ретінде қызмет жасайды және арнайы жергілікті орталықтар жоқ деп есептеген. Осыған ұқсас, қыртыстың барлық бөлігінің эквипотенциалды (тең мағыналы) маңызын қолдайтын көзқарастар да дұрыс болмады.
Келесі зерттеулер сөйлеудің моторлық орталығының ерекше маңызын анықтап, жергілікті орталықтардың бар екендігіне қарсы пікірлерді теріске шығарды. П. Броктың қорытындылары афазиямен науқастанғандарды клиникалық бақылаудың нәтижелерін ауру өлгеннен кейінгі миды зерттеудің патологоанатомиялық мәліметтерімен салыстыру негізінде жасалды. Бұл жаңалық қызметтердің орны туралы ілімнің дамуының басы болды. Бұдан әрі О. Фрич, Е. Гитциг, одан кешірек Г. Мунк тітіркендіру және экстирпация әдісімен өткізген классикалық тәжірибелер үлкен жарты шарлар қыртысындағы қызметтердің орны туралы ілімге көптеген бағалы үлес қосты. Бұл зерттеушілер қыртыстың белгілі бір аймақтарын электр тоғымен тітіркендіріп, және де алып тастап немесе бұзып, жануарлардың содан кейінгі әрекетінде қандай өзгерістер болатынын бақылады. Осындай тәжірибелер нәтижесінде олар ми қыртысының маңдай бөлігінде қозғалтқыш орталықтардың бар екендігі анықтады. Келесі Г. Мунк, Д. Ферриери, одан кешірек В. М. Бехтерев тәжірибелері ми қыртысында қозғалтқыш орталықтардан басқа жалпы сезімталдықтың есту, көру, иіс сезу, дәм сезу орталықтарының бар екендігін анықтады. Осы кезеңде П. Флексиг маңдай және төменгі төбе бөліктерінің психикалық процестердегі маңызын атап өтті. К. Вернике жоғарғы самай қатпарының артқы бөлігінің сөйлеудің рецептивтік қызметімен байланысын көрсетті (сөйлеудің сенсорлық орталығы). Г. Липман төбе бөлігінің праксис қызметіне қатысын анықтады. Праксис – бұл жеке өмір тәжірибесінде қалыптасатын үйреншікті қозғалыстар.
Осылайша, біртіндеп, жеке қызметтердің орнына қатысты ми қыртысының эквипотенциалды (тең мағыналы) еместігі анықталды. Сол замандағы зерттеулер маңдай бөлікте қаңқа бұлшық еттерінің және сөйлеу мүшелерінің қозғалысын басқаратын қозғалтқыш орталықтың жатқанын, сонымен қатар психикалық процестердің орталықтарының («жоғарғы» орталықтар) орналасқандығын көрсетті. Төбе бөлігі жалпы сезімталдықтың әртүрлі процестерінің реттелуімен тығыз байланыстырылды. Самай бөлігінде есту орталығы және сөйлеуді түсіну орталығы (сенсорлық орталық), желке бөлігінде көру орталығы, ми жарты шарының ішкі бетіндегі ілмек тәрізді қатпарда иіс сезу орталығы анықталды; дәм сезу орталығының орны таласты болды, оның орналасуы маңдай бөлігінің оперкулярлы аймағына жатқызылды.
Қыртыстың жалпы біртұтас қызмет атқаруындағы мидың жеке аймақтарының қызметтік маңызын зерттеуде белгіленген дұрыс тенденцияға қарамастан, сонда да бірқатар қарама-қайшылықтар болып, әртүрлі бағыттар туды. Сөйтіп оқымыстылардың бір тобы локалистикалық бағытты ұстанды да, қыртыстың әртүрлі аймақтарына қатаң белгіленген қызметтік мән берді. Осы мағынада олар психикалық процестердің әртүрлі орталықтарын сипаттап (зейін, жады, ерік, мінез орталықтары және т.с.с.), оларды мидың белгілі бір аймақтарына орайластырды. Осы сияқты қарастыру аспектінде, А. Г. Иванов-Смоленский көрсеткендей, анатомо-психологиялық корреляциялар (ұштастырылу) принципі әрекет еткен, яғни қыртыстың белгілі бір анатомиялық аймағына жеке психикалық қызметтердің орындалуы тіркелініп қойылды, сонда физиологиялық тізбек мүлдем ескерусіз қалды. Әсіресе енсіз локализационизммен неміс ғалымы К. Клейсттің жұмыстары ерекшеленді.
Зерттеушілердің басқа тобы аздап басқаша тұрғыдан қарады, олар қыртыстың біртұтас реакциясына жергілікті белгілерден гөрі үлкен маңыз берді. Кейінірек бұл К. Лешли еңбектерінде көрініс тапты, ол жергілікті белгі екінші кезектегі маңызға ие болады, ал қызметтің бұзылуы мөлшерлік шамаға (зақымданған ми массасының өлшемімен) байланысты деп есептеген. К. Гольдштейн қыртыстың жеке аймағы зақымданғанда қалған қыртыстың барлық жерінде өтетін қайта құрылудың маңыздылығын атап көрсетті, бұл қыртыстық қызметтердің сипатын күрт өзгертеді.
Осылайша, қызметтердің орны туралы ілімді тарихи даму тұрғысынан қарастырғанда бір-біріне қарама-қайшы негізінен екі бағыт болғандығы көрінеді.
Ғылым дамуының өткен кезеңдерінде үлкен жарты шарлар қыртысындағы қызметтердің орны жөніндегі сұрақтың қанағаттанарлық шешімінің болмау себептері неде? Әртүрлі бағытты ұстанушыларда үнемі туындап отырған қарама-қайшылықтардың қайнар көзі қайда? Бұл сұрақтың жалпы өте күрделі екендігін айтпағанда, осы мәселенің сәтті шешілуін тежеген белгілі бір себептер болды.
Ең алдымен, бұрынғы авторлардың жұмыстарында бақыланған фактілерді қатаң ғылыми түрде түсіндіруге негіз болатын белгілі бір методологиялық принцип болған жоқ. Диалектикалық ыңғайдың болмауы, көрсетілген мәселені дұрыс жолға қоймай, шешілмес қарама-қайшылықтарға әкелді. Бұл мәселені организмде өтетін әртүрлі процестердің қарым-қатынасы мен өзара байланыс әрекеті баса атап көрсетілетін диалектикалық әдіс негізінде қарастыру осы жалған қарама-қайшылықтарды түбегейлі жояды. Мидың жеке аймақтарының жергілікті шектелген жұмысы қыртыстың біртұтас реакциясына қарама-қарсы келмеуі керек, бұл ми қызметінің бүтін процесінің тек екі қарама-қарсы жағы ғана. Осы мәселенің шешілуінің қиындауына екінші себеп сол кезеңде ми физиологиясы саласында ғылыми зерттеулердің әлсіз дамуы болды.
Орыс ғалымы И.М.Сеченовтың мидың жұмысындағы рефлекторлық принципті ашқан еңбектері мен И.П.Павловтың қалыпты және патологиялық жағдайда ми жарты шарларының қыртысында жүйке процестерінің белгілі өту заңдылықтарын анықтаған еңбектері аса ерекше маңызға ие болды. Бұл үлкен жаңалықтар орыс ғалымдарын табиғаттану ғылымында әлемдік деңгейге көтерді.
И. П. Павловтың мидың физиологиялық қызметі туралы ілімі клиникада невропатологтар мен психиатрлардың жұмысын тереңдетті. И. П. Павловтың еңбегі арқасында үлкен ми жарты шарлары қыртысындағы қызметтердің орнының мәселелері жаңа түсінікке ие болды. Осы мәселенің даму жолында алға үлкен қадам жасалынды.
Қазіргі уақытта А. Р. Лурия мен оның шәкірттерінің еңбектері мидың қыртысының әрбір аймағы белгілі бір қызмет атқаратынын және анатомиялық құрылысы мен физиологиялық сипатының ерекшеліктері болатындығын дәлелдеді.
Ми қыртысындағы қызметтердің орны жайлы қазіргі заманғы түсінік А. Р. Лурия, Г. И. Поляков пен олардың шәкірттерінің еңбектерімен байланысты.
Ми бөліктерінің және оның аймақтарының маңызы жайлы анатомиялық, физиологиялық және клиникалық зерттеулерді салыстыра отырып, ғылым олардың айырмашылығын дәлелдеп, ерекшеліктерін ашты (11-сурет). Сонымен әрбір бөлікте біріншілік, екіншілік және үшіншілік алаңдар бар. Біріншілік алаңдардың ерекшелігі соматотопиялық проекцияның құрылымдық және қызметтік ұйымдастырылуы болып табылады, онда шеттегі жеке нүктелер (тері бетіндегі, қаңқа бұлшық еттеріндегі, көз торшасындағы, есту жасушаларындағы) ми қыртысындағы біріншілік алаңдардың қатаң шектелген сәйкес жерлеріне проекцияланады (көрініс табады), сондықтан біріншілік алаңдарды проекциялық алаңдар деп те атайды. Біріншілік алаңдар шеттегі құрылымдармен тікелей байланысқан, бұл алаңдарда белгілі бір жолдар не басталады (мысалы, пирамидалық жол қыртыстың маңдай бөлігінен басталады), не аяқталады (мысалы, көру жолы мидың желке бөлігінде, есту жолы самай бөлігінде, жалпы және терең сезігіштіктің жолы төбе бөлігінде аяқталады).
Алдыңғы және артқы орталық қатпарда мидың сыртқы бетінде мимикалық және артикуляциялық бұлшық еттерді қамтамасыз ететін үлкен аймақ бар, одан сәл жоғары (қатпардың ортадағы үштен бір бөлігі) ми қыртысының қолдарды және әсіресе саусақтардың қимылын қамтамасыз ететін жерлер орналасқан. Қатпардың ең төбесінде, мидың ішкі бетіне өтетін жерінде аяқтарды қамтамасыз ететін аймақтар жатады. Алдыңғы және артқы орталық қатпарларда қозғалтқыш және сезгіш бөлімдердің орналасуы адам үшін артикуляциялық моториканың және қолдың икемділігінің маңызды екенін көрсетеді. Аяққа жауапты орталықтар, адам үшін маңызы аздап төмен болғандықтан, қыртыстың ішкі бетіне қарай ығысқан.
Достарыңызбен бөлісу: |