Қой азықтандыру мөлшерлері мен мерзімдік азық рациондары Қойдың тұмсығы ілгері қарай бағытталған сүйір, күрек тістері өткір, еріндері жұқа, икемді, епті келіп, азу тістері қатты азықты ұсатуға бейімделген. Ол биіктігі 3-5 сантиметр, тіпті одан да төмен қылтиып шыққан шөпті тістеп жей алады, ал мұндай аласа шөпті басқа мал жей алмайды. Қой жердегі масақты, тіпті түсіп қалған дәнді де, сондай-ақ сояулы шөптер мен бұталар бұтақтарының жапырақтарын да жеп, басқа мал түлігінің ашығатын жайылымында өзіне қажетті азығын тауып, қорек ете береді.
Қойдың осы жоғарыда айтылған биологиялық ерекшеліктерін, оның басқа ауыл шаруашылығы жануарларға қарағанда жайылым шөбінің түрлерін бір жарым –екі есе артық жей алатындығын бір жақты түсініп, бұл қойдың азыққа көнбіс, талғампаз еместігінің белгісі деп бағалау қате. Керісінше, бұның өзі қойдың азықтың алуан түрлі болып келуіне бағытталған, яғни азықтандырудың биологиялық жағынан толық құнды болуына қойылған қатал талабының көрсеткіші екендігін, бұл талаптың қойдың бүкіл эволюциялық дамуының нәтижесінде туғандығын дәлелдейді.
Қой азықтың бір түрімен (жайылымнан басқа) ұзақ уақыт азықтандыруға төзе алмайды. Біркелкі азық олардың тәбетін төмендетіп, тіршілік қабілеті мен өнімін, әсіресе жүн өнімінің мөлшері мен сапасын күрт кемітіп жібереді.
Қойды жеткіліксіз, нашар азықтандырған кезде жүні мүлде дерлік өспей қалады. Ал организмге түскен қоректік заттар ең алдымен оның тіршілігіне, өсіп-жетілуіне қажетті процестерге жұмасалады да, артылса ғана жүннің өсуіне пайдаланылады. Егер ұзақ уақыт қоректік заттар, әсіресе азот пен фосфор, кальций жетіспесе, организм тіршілік етуі үшін бұл заттардың жетіспеген мөлшерін жүннің құрамынан алып пайдаланады. Сонымен бірге бұл кезде өскен жүннің сапасы төмендеп, жүн талшықтары жіңішкеріп кетеді.
Мұндай жүн тез үзіледі, төменгі сортқа жатқызылады, әрі бағасы анағұрлым төмен болады. Сайып келгенде қой шаруашылығында, әсіресе биязы жүнді немесе жүнді-етті бағыттағы қой өсіргенде, аз ғана уақыт берілген сапасыз азық жыл бойғы еңбектің нәтижесін төмендетіп жібереді.
Нормамен азықтандырудың негіздері
Мал өнімділігін арттырып, оның шаруашылыққа пайдалы басқа да көрсеткіштерін жақсарта түсу үшін ең алдымен төмендегі мәселелерге назар аудару керек:
-Мал организміндегі зат алмасу ерекшеліктеріне, жасына, жынысына және өнімділігіне байланысты, қоректік заттарға деген қажеттігі, яғни азықтандыру нормасы;
- Азықтандыру рационы;
- Азықтандыру типі (жүйесі);