Тілдің қоғамдағы рөлі
Қоғамсыз тіл болмайды, тілсіз қоғам болмайды деген қағида қазіргі заман тіл білімінде берік орын тепкен, талассыз тұжырым деуге болады. Тілдің қоғамдық мәні жөніндегі алғашқы бұлдыр болжам ежелгі заман ойшылдарынан басталғанымен, тілді қоғамдық құбылыс деп санау, тіл мен қоғам байланысын арнаулы проблема етіп көтеру 19 ғасырдан ғана басталды. Тіл мен қоғам арасында болатын қарым-қатынас - өте күрделі, көп қабатты, кең салалы проблема. Бұл проблеманың қарауына жататын басты тараулар мыналар жатады: тілдің табиғаты мен әлеуметтік мәні, оның шығу, даму тарихының адам қоғамы тарихымен бірлігі, тілдің адамдардың этникалық бірліктерімен, қоғамдық формациямен байланыстылығы, тіл қызметінің салалары, олардың әлеуметтік сыры, қоғамның тілге, тілдің қоғамға тигізетін әсерлері, тілдің қоғам мәдениетімен, ғылыми-техникалық прогреспен қарым-қатынасы, олардың тілдегі көрінсітері, тілдер араларында болатын қарым-қатынастар, халықаралық қарым-қатынастағы тілдік бөгет, одан құтылудың жолдары, т.б. Қалай болған күнде де, өз дамуының алғашқы басқышында тұрған кезде дыбыс тілінің өте қарапайым, тым жұпыны, сөздік құрамы өте тапшы болуы табиғи нәрсе.
Ғылым атаулының қай-қайсысы да зерттеуді, түсінуді жеңілдету үшін, өз нысанын түрлі топтарға бөліп, жіктеп қарайды. Бұл тәсілді тіл білімінде латын тілінен ауысқан термин бойынша классификация деп атайды. Адам қоғамының алғашқы рулық бірліктен ұлттық бірлікке қарай дамитыны сияқты, тіл де ру тілінен тайпа, халық, ұлт тіліне ауысып күрделене дамиды. Ертедегі шағын қауымдастықтар тілінен кейінгі замандардағы күрделі қауымдар тіліне қарай даму жолында екі түрлі процесс болды. Оның біріншісі – белгілі бір дәуірдегі біртұтас тілдің өз ішінен ыдырап, жеке диалектілерге, тілдерге бөлшектену процесі. Бұл процесс – тіл білімінде дифференциация деп аталады. (лат.-өзгелену, ажырасу). Екіншісі – жеке диалектілердің, тілдердің бір-бірімен жақындасу, бірігу процесі. Бұл процесс тіл білімінде интеграция деп аталады (лат.-қосылу, жақындасу).
Бір тілдің немесе бір территориялық-әлеуметтік ортада қызмет ететін тілдер тобының белгілі географиялық аймақ, болмаса саяси-әкімшілік құрылым шегінде өмір сүру формасының жиынтығы тілдік жағдаят деп аталады. Тілдік жағдаят - әлеуметтік тіл білімінің зерттейтін мәселесі. Тілдік жағдаяттың сандық белгілеріне: тілдік жағдаятқа қатыстьы тілдердің саны, олардың әрқайсысында сөйлеушілердің саны, қоғамдық қатынаста әр тілдің қолданылу аясының мөлшері, қолдануда басым тілдердің саны т.б. жатады. Тілдік жағдаяттың сапалық белгілеріне: тілдік жағдаятқа қатысты тілдердің бір тектес немесе әр тектес болатыны; тілдердің функционалдық сипаты тең немесе тең емес екендігі; мемлекет аумағында басымдық ететін жергілікті ті ме, әлде кірме тіл ме екендігі жатады. Мысалы, Мали Республикасында француз тілі, Ганада ағылшын тілі басымдық етеді.
Көп ұлтты мемлекеттерде әр түрлі ұлт өкілдері бір-бірімен қатынас жасау үшін, өзінің ана тілінен басқа тілді де, өзімен аралас-құралас халық тілін де білу қажеттігі туады. Сөйтіп, өздерінің күнделікті өмірінде олар екі немесе одан да көп тілдерді жарыстыра қолдана береді. Осыдан барып екітілділік немесе көптілділік пайда болады. Ол – тіл білімінде билингвизм деп аталады.
Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия, Океания, Латын Америкасы жеріндегі Испания, Португалия, Франция отаршылдарының ұрпағы – креолдардың тілдері. Креол тілдердің пайда болуы тілдердің пиджинделу процесімен, яғни пиджин тілдердің қалыптасуымен байланысты. Бұл процесс жергілікті халық тілдері мен одан тегі бөлек келімсектер тілдерінің қарым-қатынасындағы тілдік жағдаятқа байланысты туған. Пиджин тілдер бір кездегі отарлау саясатына байланысты еуропалық келімсектер тілінің жергілікті этностар тілімен үнемі және жаппай қарым-қатынасы жағдайында жаңарып өзгеруінен пайда болған тілдер.
Тіл басқалығы барлық дәуірде де адамдар қарым-қатынасына бөгет болған. Осы бөгеттен құтылудың жолын халықтар ежелгі заманнан бастап-ақ іздестірген. Бірыңғай ортақ тілдің болуын өзіне дейінгі қоғамдық формациялардың қай-қайсысынан да көбірек қажет еткен – капиталистік қоғам. Қазіргі заманда кейбір ұлтаралық тілдердің бір мемлекет шеңберінде қалмай, дүние жүзінің түрлі аймақтарына таралу фактілері бар. Антикалық Еуропада латын тілінің бүкіл Еуропа халықтарына канондық тіл болғаны сияқты, араб тілі де ислам діні тараған аудандар үшін канондық тіл болған, 17-18 ғасырларда жер шарының әр түрлі аймақтарына кең тараған испан, француз, неміс тілдері болса, 19 ғасырда мұндай дәрежеге ағылшын тілі, 20 ғасырда орыс тілі жетті. Бірақ бұл тілдер халықаралық деп аталғанымен, олардың ешқайсысы да әлемдік тіл болған жоқ. Алайда, бұл бағыттағы ізденістер толассыз жүріп жатты. Сондай ізденістің нәтижесінде бірнеше жасанды, көмекші тілдердің жобасы ұсынылды. Солардың ең елеулісі – волапюк, эсперанто жасанды тілдері. Волапюк - әлемдік тіл деген мағынаны білдіретін ағылшынның вола және пюк деген 2 сөзінің бірігуінен жасалған. Бұл жобаны 1880 жылы неміс католигі Шлейер жасаған.
Жасанды тілдер ішінде көптеген елдерде тарап, кең етек алған қазіргі түрі эсперанто деп аталады. Эсперанто 19 ғасырдың ІІ жартысынан бері қарай белгілі болып келеді. Оны қалыптастырушы және осы атауды беруші – поляк дәрігері Заменгоф. Ол 1887 жылы жарық көрген «Лингвоинтернация» (халықаралық тіл) деген кітабына эсперанто деген бүркеншік атты автор еткен. Эсперанто үміттенуші деген мағынаны білдіреді. Кейбір мәліметтерге қарағанда, 56 елде эсперантистердің ұлттық бірлестіктері бар көрінеді. 25-тей радиостанция эсперанто тілімен хабар таратып тұратын көрінеді.
Лондондағы арнаулы эсперанто кітапханасында осы тілде жазылған 30 мыңдай еңбек жиналған көрінеді. Ресейде эсперанто одағы 1920 жылы құрылып, жұмыс істеп келеді. Эсперантоның тілі жеңіл де қарапайым. Оның сөздік құрамы үндіеуропа және басқа да тілдерге белгілі ортақ сөздер негізінде жасалған. Эсперантода не бары 16 грамматикалық ереже, 40-қа жуық жұрнақ пен сөз алды қосымша бар. Әліппесі латын графикасы неізінде жасалған, ол 28 таңбадан тұрады. Ғылыми-техникалық терминдер есебінен эсперантоның сөздік қоры молайып отырады: түбір сөздер саны 1887 жылы 927 болса, 1970 жылы 16000-ға дейін көбейген. Эсперанто – нағыз тіл емес, тілге көмекші, тәжірибе ретіндегі дүние. Оның сипаты мен мәні, қызметі, болашағы туралы ғалымдар арасында бірізділік жоқ. Эсперантоның тар шеңберлігі, материалдық құрылымының тапшылығы, тым қарапайым жұпынылығы, қызметтік мүмкіндік өрісінің тарлығы оның болашағына күдікпен қарауды арттыра түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |