Құлақ- күрделі құрылысты мүше. Сыртқы құлақ қалқаны мен сыртқы құлақ түтігінен тұрады. Құлақ қалқаны дыбыс толқындарын жинап, сыртқы дыбыс түтігі арқылы дабыл жарғағына жібереді. Дыбыс толқындары екі құлаққа әртүрлі мерзімде жетуіне байланысты құлақ қалқандары дыбыстың бағытын, шыққан орнын анықтайды.
Есту анализаторы - үш бөлімнен (сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтан) тұрады.
Сыртқы құлаққа– эластикалық шеміршектен тұратын құлақ қалқаны мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Сыртқы дыбыс жолының ұзындығы 2,5 см-ге жуық.
Ортаңғы құлақ – дабыл қуысынан, есту сүйекшелерінен (балғашық, төс, үзеңгі) және есту түтікшесінен (евстахиев түтігі) тұрады. Ортаңғы құлақтың артқы жағында 2 тесік (кіреберіс және ұлулы дене) бар. Бұл тесіктер ортаңғы құлақ пен ішкі құлақты бір-бірімен байланыстырып тұрады.
Ішкі құлақтың немесе шытырманның (лабиринт) құрылысы күрделі болып келеді. Оның ішкі жағында орналасқан жарғақты түтікшелердің ішінде эндолимфа сұйықтығы болады, оны кейде жарғақты шытырман деп те атайды.
Дыбыс нервтері сопақша мида бір-бірімен түйісіп, бағытын ауыстырады: оң жақ құлақтан келген дыбыс жүйкесі сол жақ самайға, ал сол жақ құлақтан келген нерв қозуды оң жақ самайға өткізеді.
Дыбыс талдағышының жас ерекшелігі.
Жаңа туған сәбидің сыртқы құлақ түтігі тар, оның терісінде түктер көп болады. 1 жасқа дейін құлақ түтігі өсіп, ұзарып кеңейеді. Сәбидің ортаңғы құлағы сұйыққа толы болады да, біртіндеп барып ауаға толады. 1 жастағы балада Евстахи түтігі қысқа, кең, түзу болады. Баланың дыбыс есту қабілеті алғашқы жылдың ішінде тез жетіліп, қарапайым дыбыстарды есту қабілеті болады. Тіпті 1 жастан аса музыкалық қарапайым әуенді аздап ажырата алады. Дегенмен ми қыртысындағы дыбыс орталығы алғашқы жылы нашар жетіледі. Ересек адамның құлағы 16 герцтен 20 мың герцке дейінгі дыбыс ырғақтарын қабылдайды, әсіресе 1000 герцтен — 3000 герц жиілігіңдегі дыбысты жақсы қабылдайды. Қалыпты жағдайда ересек адам 5м қашықтан сыбырлаған дауысты естісе, есту қабілеті қанағаттанарлық деп есептеледі.
Есту қабілетін аудиометр деп аталатын аспаппен анықтайды.
Баланың вестибулярлық рефлекстері 6-7 жаста жылдам пайда болады. Олардың рефлексінің пайда болуына әсер ету ұзақтығы жасына байланысты: 6-7 жаста 7,3 м/сек, 10-15 жаста 11 м/сек, 15-20 жаста 16 м/сек. Баланың жасы өсе келе, вестибулярлық аппараттың сезімталдығы төмендейді.