Сөйлеу мәдениетінің психологиялық қырлары
Сөйлеу Мәдениетінің психологиялық негіздері ізденуші-ғалымдардың да, Әдіскер оқытушылардың да әркез назарында. Бұл заңды да. Антикалық дәуір теоретиктерінің өздері-ақ еңбектерінде тыңдаушылар аудиториясын ескеру, онымен сөйлеуші арасындағы байланыстың маңыздылығы, тыңдаушылар назарын әркез бақылауда ұстау секілді мәселелер шоғырын қарастырып кеткен. Әрине, сөйлеу сәтіндегі орын алар әрбір психологиялық үдерістердің өзегіне терең үңілмесек, сөйленер сөздің қай қыры да толыққанды түсінілмейді, нәтижесінде ол ұтымды қолданыла алмайды деп түсінуіміз қажет. Сөйлеу мәдениеті ғылымына қатысты психология іліміне деген ерекше қызығушылық ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында белең алды.
Психология - психика құбылыстарын, олардың заңдылықтарын және пайда болу мен жүзеге асу тетіктерін зерттейтін ғылым. Психология алдында тұрған теориялық және тәжірибелік міндеттердің көпшілігіне байланысты қазіргі уақыттағы психология ғылымы қарқынды даму үстінде. Психикалық әрекеттің даму барысындағы оның заңдылықтарын оқытып-үйрету психологияның негізгі міндеті болып табылады. Шешеннің психологиялық мәдениеті оның сөйленер сөздің мазмұнына, пішініне, шешеннің өзіндік тұлғасына, аудиторияның ерекшеліктеріне психология ғылымы қоятын талаптарды орындауынан көрініс табады.
Сөздің психолингвистикалық теориясы аясында жүргізіліп жатқан ассоциативті эксперимент материалдарына тілдік анализ жасау индивидтің перцептивті-когнитивті-аффективті ақпараттар базасын құруға негіз болады. Сөздің психолингвистикалық теориясы әлеуметтік ортада өмір сүретін индивидтің білім жүйесі мен таным процесін өңдеудің жемісі ретінде бірыңғай функционалды динамикалық жүйе тән болып келеді. А.А.Залевская сөздің психолингвистикалық теориясы ретінде сөз мағынасын алады, бұл теорияға сәйкес сөз мағынасы социумның бақылауында болатын, адамның психикалық әрекеті заңдылықтары бойынша қалыптасатын, қарым-қатынас пен таным әрекетін индивидуалды түрде өңдеудің нәтижесі болып табылады.
Қорытынды
Сөйленер сөзге аудиторияның жас немесе өзге де ерекшеліктеріне қарамай, жалпылама қойылатын психологиялық талаптар тізбегі бар. Олар сөйленер сөздің бар түріне ортақ қағидаттар ретінде мәлім. Қандай да бір шаршы топ алдында сөйленер сөз - сөйлеушінің тыңдаушылар санасына мақсатты да бағдарлы ықпал етуі боп табылады. Бұл ретте психология мен психолингвистика ғылымдары тұрғысынан шешілуі тиіс мәселелер шоғыры төмендегідей: тыңдаушылар назарын қалай аударып, қалай оны үстемелеп отыру қажет, сөйлеуші мен аудитория арасындағы байланыс қалай орнатылады, ақпаратты жеткізу, оны қабылдау мен өңдеу үдерістері қалай жүреді, бұл үдерісті басқара аламыз ба, сөйлеуші тұлғасының психологиялық қасиеттері қандай болмақ, түрлі аудиториялардың әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері дегеніміз не және оны қалай дұрыс та сауатты ескеру қажет, аудиторияның сөйлеуші сөзін қабылдауының, оны ұғынуының, бағалауының психолингвистикалық қырлары қандай және т.б.
Психолингвистика мен лингвопрагматика сөйлеу өнерін тілдік ықпал ауқымында қарастыра келе, ең алдымен тілдік жағдаят құрылымына назар аударады. Тілдік жағдаяттың құрамдас элементтері - қарым-қатынасқа қатысушылар, қарым-қатынас мақсаттары мен шарты Сөйлеуші аудиторияның психологиялық қалпын әркез, сөзге даярлану мен оның нәтижесін сараптау сәтінде де назарда ұстауы тиіс. Себебі өзінің алдына қойған мақсаттарына жету жолында ол көптеген қиындықтарға кезігуі мүмкін: біріншіден, сөйлеуге дейінгі аудиторияның шешен ойындағы бейнесі шынайы аудиториямен сәйкеспеуі мүмкін, екіншіден, шешенге етене таныс аудиторияның өзі де жаңа жағдайларға байланысты, сөйлеушінің қателігінен немесе өзге де әлдебір факторлардың ықпалымен аяқ астынан қалып-күйін өзгертуі мүмкін.
Достарыңызбен бөлісу: |