І тарау. Жалпы ережелер 1-бап. Негізгі ұғымдар. Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады: диаспора - өзінің тарихи шығу тегінен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бір бөлігі (этникалық қауымдастық); ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі; орфография – дұрыс жазу ережесі, сөйленген сөзді (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсілдерінің бірізділігін белгілейтін ережелер жүйесі; топономика – ономастиканың географиялық объектілердің атауларын, олардың пайда болу, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтін бөлімі; транслитерация – бір графикалық жүйедегі мәтіндер мен жекелеген сөздерді басқа графикалық жүйенің құралдарымен әріппе-әріп арқылы беру. 2-бап. Осы Заңның реттейтін мәселесі. Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтін мәселе болып табылады. Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейді. 3-бап. Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тілдерді қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады. Тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады. 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекетік тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы. Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті. 5-бап. Орыс тілін қолдану Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-зі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. 6-бап. Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды. Ұлттық топтар жинақы тұратын жерлерде іс-шаралар өткізілген кезде олардың тілдері пайдаланылуы мүмкін. 7-бап. Тілдердің қолданылуына кедергі келтіруге жол бермеу Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді. Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптықа әкеп соқтырады.