Антикалық философияда философиялық категориялар Кеңістік пен уақыт категориялары бір-бірімен тығыз байланысты, олардың бірлігі ретіндегі уақыт-кеңістік кез келген жүйенің қозғалысы мен дамуынан көрініс табады. Ежелгі дәуір философиясы мен ғылымында Уақыт-кеңістік категорияларын жүйелеу принципі өзгешелеу болды.
Ежелгі дәуірдегі және ортағасырлық философияда уақыт адамның дүниені қабылдауының мағыналы өрісі түрінде ұғынылған. Грек философиясында уақыт проблемасы сократшыларға дейін-ақ қарастырылған: уақыттың оғаштықтары туралы алғашқы тұжырымдаманы айтқан элейлік Зенон. Ежелгі дәуірде уақыт ғарыш өмірімен байланыста қарастырылды, сондықтан кейде ол аспан күмбезінің қозғалысына ұқсастырылады.
Ежелгі грек ойшылдары (Платон, Аристотель) физ. нысандар мен құбылыстарға математикалық (геометриялық) сипаттама беру ықтималдығын жоққа шығарды. Платон уақыт ұғымына бүкіл бар болуды болмыс пен қалыптасуға ажырату тұрғысынан талдау жасайды. Алғашқысы мәңгі жасайды, екіншісі уақытша пайда болып жоғалады. Уақытты талдауға байланысты Платон үш нәрсені ажыратады, олар:
1) мәңгі жасайтын нәрсе, тумаған және жасалмаған нәрсе;
2) әрқашан да жасайтын нәрсе (жасалған, бірақ өлетіні расталмаған нәрсе);
3) уақытша жасайтын (пайда болатын және өлетін) нәрсе.
Алғашқысы – Жалғыз жаратушы; екіншісі – ғарыштың өзі; үшіншісі – өзгергіш, өткінші эмпирикалық құбылыс.
Аристотель ішінара Платон ізімен жүріп, ішінара одан алыстап, өзінің “Физикасында” уақыт ұғымына кең талдау жасайды. Ғарышты мәңгі деп есептегенімен, Аристотель уақытты мәңгілікке жатқызбайды. Алайда Платон сияқты Аристотель де уақытты ғарыштың санымен және тіршілігімен, жалпы физ. қозғалыспен, ал уақыт өлшемін аспан күмбезінің қозғалысымен байланыстырады. “Уақыт дегеніміз – әлдебір қозғалыс пен өзгеріс”, – дейді ол. Аристотельдің пікірінше, қозғалыс уақытпен, ал уақыт қозғалыспен өлшенеді.
Орта ғасыр философиясында Ортағасырлық схоластикада уақытты психологиялық талдауға, тарихилық сезімге жете мән берілмеді. Мұнда уақыт логикалық-онтологиялық тұрғыда қаралды.
Орта ғасырлар ойшылы Ф.Аквинский математикадағы кеңістік пен ақырғы нақты физикалық кеңістік (орын) арасындағы айырманы ажыратып қарады. Аквинскийдің пайымдауынша, ұзақтықтың пішіні уақыттан өзгеше түрде шексіз, алайда мәңгіліктен өзгеше түрде ол бөлінбейтін бірлік емес, әрқашан да ұзаққа созылады. Аквинский ойын жалғастырған Ф.Суарес (1548 – 1617) ішкі уақыт (ішкі ұзақтық) идеясын өрбітіп, оғаш тұжырымға келеді. Ол ішкі уақытты сыртқы уақыттан бөліп алады. Орта ғасырларда адамзат субъектілігінің жемісі ретінде түсіндірілген уақыттың салыстырмалылық сипаты жаңа дәуір философиясында одан әрі дамытылды.