ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ лексикасының терминденуі.
ХХ ғасырдың бас кезі қазақ терминологиясының қалыптасуындағы айрықша кезең болып табылады. Бұл кезең 1910 жылдар мен 1930 жылдардың бас жағына дейінгі аралықты қамтиды. Өйткені дәл осы мерзім ішінде қазақтың білікті ұлттық кадрлары қалыптасып, білім бері мен ғылымды ұлт тілінде дамытудың негізі берік қаланған еді.
Ғылымның көптеген салалары бойынша қазақ тіліндегі төл оқулықтардың жазылуы және өзге тілдерден аударылуы салалық терминологияның қалыптасуына жол ашты. Сол кезеңге дейін термин жасаудың белгілі бір орныққан дәстүрі, басшылыққа алатын, тұрақты принциптері болмағандықтан, ондай күрделі міндеттерді атқару ісі – қазақ оқымыстыларының өздеріне жүктелді.
Ғылымы ертерек дамыған елдердің жетістіктеріне сүйене отырып, ана тілінде оқулықтар жазу барысында сол салалардағы арнаулы ұғымдарды қазақша атау қажеттілігі туындады. Сол кезге дейін тіліміздің ғылыми – техникалық прогреске икемделіп, терминжасам тәжірибесі қалыптаса қомағанын ескерсек, бұл қажеттілікті өтеудің оңай жұмыс болмағандығын пайымдау қиындық тудырмаса керек. Дәлірек айтқанда, қазақ зиялыларының алдына термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, қазақ терминологиясын қалыптастырудың бағыт – бағдарын айқындау міндеті тұрды.
Термин шығармашылығынң сөз болып отырған тәсілін пайдалану арқылы жасаған терминдерді ғасыр басында оқулықтар мен оқу құралдарын жасаған авторлардың барлығының еңбектерінен кездестіруге болады. Мысалы, Сұлтанбек Қожанұлының 1924 жылы Ташкентте басылған «Есептану құралында» дәреже (разряд), түбір (корень), сыр (свойство), дүркін (период) сияқты терминдер болса, Елдес Омарұлының 1928 жылы Қызыолрдада басылған «Пішіндеме» (геометрия) оқулығында түйін (теорема), қар (катет), пішін (фигура), қия (диагональ), өріс (радиус), өре (диаметр), саты (таблица) тәрізді терминдер, ал 1923 жылы Ташкентте жарық көрген М. Жұмабаевтың «Педагогика» оқулығында абай, әсер, елес, әдет, ес, жан, хиял, қайрат, құлық сияқты терминдер кездеседі.
Жалпы ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастыруда осы кезеңде жарық көрген оқулықтардың орны айрықша болғанын айтқан жөн. Өйткені ғылым мен техниканың басқа да арнаулы салаларындағы ұғымдар атауларын қазақ тілінің ішкі байлығы мен сөзжасам тәсілдерін пайдалану арқылы жасау ісі жаппай жанданып, салалық терминологиялық лексиканың сараланып, тілдің терминологиялық жүйесінің қалыптаса бастауы осы кезеңнің еншісіне тиеді. Жалпы қазақ тілінің ғылым саласындағы функционалдық стильдік қызметін атқаруға бейімдеу мен тілді термин жасау ісіне қосу, яғни термин шығармашылығында пайдалану арқылы ұлттық ғылыми терминологияны қалыптастыруда отызыншы жылдарға дейін жарық көрген оқулықтардың орны айрықша болғанын атап айтпасқа болмайды.
ХХ ғасырдың бас кезінен бастап 30-жылдарға дейінгі аралықтағы ғылым тілінің ғылыми терминологияның дамуы мен қалыптасуына байланысты осы кезеңді арнайы зерттеген Исаев С. М., Айтбаев Ө., Жанпейісов Е., Барлыбаев Р. Сияқты ғалымдардың еңбектеріне мол мәлімет алуға болады. Осы кезде жарық көрген басылымдардың материалдары негізінде бірнеше кандидаттық дисертациялар қорғалды. Осының бәрі сөз болып отырған кезеңнің тілші ғалымдар назарынан тыс қалмағандығын көрсетеді.
Сөйтіп, өткен ғасырдың 10-жылдарынан бастап, ғылымның түрлі салалары бойынша қазақ тілінде оқулықтар жазылып, қазақ баспасөзінің ел арасына ғылым – білімді кеңінен насихаттауы ғылыми терминологияның қалыптасуына негіз болды. Бұл кезеңдегі терминжасам ісінде айрықша көзге түсетін тұлға – А. Байтұрсынұлы.
Достарыңызбен бөлісу: |