Қорытынды
Қорыта айтқанда, термин шығармашылығында жасандылыққа, шарттылыққа бару кезінде сол шарттылықтың жүзеге асуына негіз болатын заңдылыққа табан тіреуге тура келеді. Басқаша айтқанда, шарттылықтың да өз заңдылығы бар. Ол заңдылық ұғымға тікелей қатысты. Кез келген арнаулы саладағы жаңы ұғымға ат қою кезінде сол ұғым бұрыннан белгілі ұғымдармен салыстырылады.
Ойша ойластырылып отырған ұғымдар арасындағы қандай да бір ұқсастық (форма, қызмет, түр, т,б,) бұрыннан белгілі ұғым атауының жаңа ұғымға алмасуына себеп болады. Бұрыннан белгілі ұғым атауы әр түрлі дәрежедегі өзгеріске ұшырауы да немесе бастапқы қалпын сақтауы да мүмкін. Бұрыннан белгілі ұғым атауының, яғни, лексеманың жаңа ұғымға еш өзгеріссіз көшуі – терминжасамның лексика – семантикалық жолымен жүзеге асырылса, жаңа лексеманың пайда болуы, тіркес құрамына енуі өзге тәсілдер арқылы іске асады.
Бүгінгі қазақ терминологиясының көптеген мәселелерін ғылыми тұрғыдан шешудің қажеттілігін уақыттың өзі алға тартып отыр. Өткен ғасырдың соңғы он жылының төңірегінде қоғамдық – саяси өмірімізде болған түбегейлі өзгерістер терминология саласын да айналып өтпеді. Кеңестік дәуірде қалыптасқан терминологияға да сол терминологиялық жүйені қалыптастыруда басшылыққа алынған теориялар мен принциптерге да жаңаша көзқарас кешегі Кеңес одағы тұсында үстемдік еткен тіл саясатына сәйкес жасалған қағидаттарға қайша келетін тың тұжырымдарды, тосын пікірлерді туғызды.
Бұл орайда соңғы жылдары қызу қарқын ала бастаған тың үрдістің табиғатын тануға бағышталған және мәселені дер кезінде көтерген зерттеулердің бастамасы ретінде 90-жылдардың басында жарық көрген академик Ә. Т. Қайдаровтың «Қазақ терминологиясына жаңаша көзқарас» атты шағын еңбегін атауға болады. Одан бергі уақытта терминологияда жаңа үрдіс жалғасын таба берді.
Бұған дейін орыс тілінің жазу ережесіне сәйкестендірілген қалпына шет тілдерден (негізінен батыс еуропа тілдерінен) қабылдаған терминдерді көбейту арқылы терминологиямыздың халықаралық сипатын арттыру бағытын ұстанып келсек, ендігі жерде ғылыми – техникалық терминологияны ұлт тілі негізінде қалыптастыру қажет, ал өзге тілдерден енген терминдер крген тілінің заңдылықтарына бағынуға тиіс пікірді қолдайтын тілші ғалымдар қатары көбейе түсті.
Соған сәйкес қазақ тіліндегі термин шығармашылығы біршама жанданды. Термин жасауда жетістіктермен бірге жауапсыздық пен кәсіби шеберліктің жетіспеуінен кемшшіліктерге жол берілді. Бұл құбылыс тілші ғалымдар тарапынан да әр түрлі бағалана бастады. Нәтижесінде қазақ терминологиясының тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңдегі даму үрдісі туралы тіл мамандарының пікірі екі арнаға жарылды.
Тілші ғалымдардың бір тобы бұрынғыша терминологияны халықаралықтандыру бағытын ұстанса, екінші тобы терминологияның ұлттық сипатын арттыру бағытын алға тартты. Ғалымдар бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмауына байланысты қоғамдық пікір де соған сәйкес қалыптасып отыр.
Сонымен, жаңа ұғымға ат қою кезінде міндетті түрде шарттылыққа жүгінуге тура келеді. Егер ондай шарттылықты мойындамасақ, онда жаңа термин жасау мүмкін болмаған болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |