«Сейфуллин оқулары – 12: Ғылым жолындағы жастар-болашақтың инновациялық әлеуеті» атты
Республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары = Материалы Республиканской
научно-теоретической конференции «Сейфуллинские чтения-12: Молодежь в науке -
инновационный потенциал будущего" . – 2016. – Т.1, ч.3 – Б.175-178
ЖЕКЕ ТҰЛҒАНЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ ПӘНІНІҢ
МАҢЫЗЫ
Ахметова А.А.
Қазақ тілі бүгінгі күні қоғамдық өміріміздің барлық саласына еніп,
өзінің функциясын толық атқаруда. Елбасы жыл сайынғы Қазақстан халқына
арнайтын дәстүрлі жолдауларында да тіл саясатына, оның ішінде қоғамдағы
мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесіне тоқталмай өткен емес.
Қазақстан мемлекетінің мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық
біртектілікті сақтаудан басталады. Оның басты құндылықтары-ана тілімен,
ұлттық рухымен тығыз байланысты.
Қазақ тілі пәні-білім беру жүйесінде өзіндік орны бөлек жетекші
пән, өйткені ана тілі жас ұрпақтың дүниені тануының басты көзі болып
табылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, мемлекеттік тілдің
мәртебесін асқақтатып, оның қолданылу аясын кеңейтуге, дамытуға ат
салысу білім ордаларынан бастау алуы тиіс. Жоғары оқу орындары
ақпараттық қоғам жағдайының өзгерісіне сай, бәсекега қабілетті, қазақ тілін
еркін меңгерген маманды тәрбиелеуі қажет.
Қазақ тілінің пәндік функциясы тек білім беу стандарттары мен типтік
бағдарлама шеңберінде ғана қалмауы тиіс. Қазіргі замандағы тілдік білім
беру құндылыққа айналып, өзінің үш аксиологиялық блогын қарастыруды
алға тартып отыр. Олар:
-тілдік білім беру мемлекеттік құндылық;
-тілдік білім беру қоғамдық құндылық;
-тілдік білім беру тұлғалық құндылық [1,34].
Бұл құндылықтардың өзара байланыста қарастырылуы тілді игерту
үдерісінде жаңа оқыту жүйелерінің пайда болуына әкеледі.
Н.Ж.Құрманның пікірі бойынша, қазақ тілін оқытуда білім алушының
қазақ синтасистік сызбасы негізінде ойлауын дамыту-қазақ тілінен тек
теориялық білім беру дегенді білдірмейді. Қазақ тілінде сөйлеушінің әр
сөздің сыртқы формасымен ішкі мазмұның қолданыстағы бірлігін сақтай
сөйлеуі ғана дұрыс берілген теориялық білім мен практикалық дағдының
бірліктегі болмысын танытады. Сондықтан оның мынадай әдіснамалық
ұстанымдары болуы керек:
-қазақ тілін оқыту арқылы білім алушылардың қазақша ойлауы мен қазақша
тілін дамыту (яғни өзге тілді ұлттар мен қазақ тілін меңгермеген тұлғалар
үшін) үдерісі өзіндік ерекшелігі мол ішкі құрылымға ие жүйе;
- қазақ тілін оқыту арқылы қазақша ойлауы мен тілін дамыту-қазақ тілі
жүйесіндегі тілдік құбылыстарды меңгерту жолында білім беру мен тәрбие
үдерісінің тұтасқан көрінісі. Осының негізінде тілдің философиялық
табиғаты, білім алу мен оқытудың философиялық негіздемелері міндетті
түрде оқытудың әдіснамалық бастау көздері болып табылады. Қазақ тілін
оқыту арқылы білім алушыларды тәрбиелеуге бағытталған оқу үдерісін тану
үшін адамгершілік ұстанымдары негізі етіп алынуы тиіс [2, 9]. Аталған
тұжырымдарды қазақ тілін жоғары оқу орнында оқытуда басшылыққа алу
қажет.
Жаңа кезеңнің талабына сай білім берудің негізгі сатысында «қазақ
тілі» пәнін оқытудың мақсаты-ана тілінің қоғамдық-әлеуметтік мәнін
түсінген, тілдің қызметін жүйелі меңгерген, коммуникативтік құзыреттілігі,
қарым-қатынас жасау біліктілігі дамыған дара тұлға даярлауға мүмкіндік
туғызу болып табылады. Бұл кез келген грамматикалық ереже тек білім қоры
қалпында қалмай, студенттің өмірлік танымының, айналамен тіл
табысуының басты базасына айналуы қажет екендігін көрсетеді.
Тілдің ғылыми негізін меңгеру оның қоғамдық-әлеуметтік мәнімен,
рухани құндылығымен қоса берілгенде ғана жастар бойында пәнге деген
шынайы құрмет сезімін тәрбиелеуге болатыны бағымдалған. Қазіргі уақытта
бүкіл тарихи, мәдени адамгершілік, рухани құндылықтарымыз жаңа заман
тұрғысынан қайта бағаланып отыр.
Қазіргі таңда кәсіби қазақ тілін оқыту, көптілді топтарда қазақ тілін
үйрету
мәселелері,
ақпараттық
технологиялар
жүйесімен
оқыту,
компьютерлік оқыту жүйелері, интерактивті-мультимедиялық оқыту
жүйелері т.с.с мәселелер кеңінен қарастырылып жатыр. Сондай-ақ ұлттық
мәдениетімізді дамытатын, мәдени мұраларымыздың мәнін түсінетін жоғары
оқу орындарындағы студент тұлғасын қалыптастыру, олардың кәсіби маман
ретінде көрінісін білдіретін құзыреттілігін мәдени тұрғыда қалыптастыру
бүгінгі жаһандану дәуірінде маңызды мәселе болу қажет.
Ғалым-педагог С.Қалиев: «Ұшы-қиырсыз жазира дала тұрғындары
өздерінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін
жинақтап, өзіндік салт-санаға, әдет-ғұрып, дәстүр-рәсімдерін туғызды. Бұлар
халық бұқарасының жөн-жобаларының, іс-әрекеттерінің қоғамдық ортада
қалыптасқан нормаларымен принциптерінің көріністері еді. Дала тұрғындары
өздері өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайына,
мәдениетімен тарихына орайлас жас буынға тәлім-тәрбие берудің басқа
жұртта қайталанбайтын талап-тілектерін дүниеге әкелді» [3,17]. Ғалым
халқымыздың ғасырлар бойы жинаған тәлім-тәрбиелік әдет-ғұрыптарын,
салт-саналық дәстүрлерін, асыл құндылықтарын жас ұрпаққа үйрету, ұлттық
тәрбиені меңгерту қажет екендігін айтады.
Тұлғаның тілдік, мәдени және коммуникативті компетенцияларын
дамытуда оқу барысында орынды қоданылған мәтіндер және оларға ұтымды
келістірілген тапсырмалар маңызды рөл атқарады. Мәтіндегі ұлттық
ерекшеліктері бар мәдени компоненттер үйреніп жатқан тілді қолданатын
ұлттың өзіндік әлемін, яғни ұлттық мінез-құлқын, менталитетін одан да терең
түсініп білуге көмектесуі тиіс. Қазақ тілін үйретуде көркем әдеби
шығармалардың мәтіні, халық ауыз әдебиеті үлгілері мен қазақ халқының
ұлттық ерекшеліктерін көрсететін мәтіндер таңдалып, кеңінен қолданылуы
қажет.
Қазақ тілі сабақтарында көркем әдеби шығармалардың мәтіні
оқытушыны игеріліп жатқан тілдің тек грамматикалық, морфологиялық және
тағы да басқа тілдік формалармен таныстырып қоймай, сол ұлттың
мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, тұрмыстық мәдениетімен де
таныстырады. Көркем шығармаларда патриоттық сезімді ардақтап,
батырлық, ерлікке мадақталып, ақылдылық, парасаттылық, достық тәрізді
адамгершілік игі қасиеттер дәріптеледі.
Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің кез келген жанрын қазақ тілін оқыту
үдерісінде пайдалану студенттердің тілін дамытудың, дүниетанымын
қалыптастырудың, оларға ұлттық тәрбие берудің бірден-бір жолы болып
табылады. Соның ішінде жастарға өнер-білім, тіл үйретуде мақал-мәтелдің
мәні аса зор. Мақал-мәтелдер-әр халықтың өз даму тарихында басынан
кешкен алуан түрлі оқиғалары, өзі аңғарған табиғат құбылыстары, қоғам
мүшелерінің өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы, психологиясы жөніндегі
жасалған қорытынды, тұжырымдардың түйіні, өмір тәжірибесінен
жинақталған философиялық ойлардың ұтқыр да ұтымды, жатық та көркем
көрінісі, фразеологиялық оралымдардың өңделіп, сырланып, әбден қалыпқа
түскен тұрақты түрлері [4]. Студенттерге әр түрлі тақырыпта қазақ мақал-
мәтелдерін жаттатып, оның орыс тіліндегі ұқсас нұсқасын тапқызып үйрету,
олардың тіл байлығының қалыптасуына өз ықпалын тигізеді.
Қазақ халқының мінез-құлқын, ұлттық мәдениетін келесі мақал-
мәтелдерден көруге болады:
«Қызды асырай алмаған күн етеді, ұлды асырай алмаған құл етеді»,
«Қызға қырық үйден тыйым», «Қыз-мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деген
мақал-мәтелдердің мәнісі-жас ұрпақты жақсылыққа баулу болмақ. «Ел іші-
алтын бесік», «Туған жердің тауы да ыстық», «Еліңе қарап, ертеңіне қамдан»
және т.б. осы тақырыптағы мақалдар, ең алдымен кімге болса да, туған жер,
өсіп-өнген ел-отан аса қасиетті, қадірлі қымбат, ыстық деп көрсетеді.
«Ананың сүті-бал, баланың тілі-бал», «Ананың құшағы жылы, күннің
шуағы жылы», «Ағайын-алтау, ана-біреу», «Әке-асқар тау» сияқты мақал-
мәтелдер ата-анаға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді көздеген.
«Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кісі елі-күміс, өз елің-
алтын», «Өз елің-алтын бесігің», «Жат елдің қаршығасынан, өз еліңнің
қарғасы артық» т.б. мақалдар туған елді, жерді басқа елдермен салыстырып,
әркімге өз елінен артық ел жоқ екенін аңғартатын мақалдар. «Ер жігіт елі
үшін туады, елі үшін өледі», «Елін сүйген ер болар», «Ұранды ердің-ұрпағы
қайсар» өз елін жаудан қорғау үшін қасықтай қаны қалғанша, ақтық демі
біткенше алысу, сөйтіп дұшпаннан елін, отанын қорғап қалу халқын сүйген
әрбір азаматтың міндеті болатындығын көрсеткен.
Сабақтың тәрбиелік бағыттылығын дамытуда ауыз әдебиетінің тағы бір
үлгісі жыраулардың рөлі үлкен. Жыраулардың бай мұраларын қазіргі
жастардың пайдаланатын тәлімдік құралы етіп, оларды елін, жерін сүюге,
құрметтеуге баулып, адамгершілік қағидаларының басты ұстанымы екендігін
жастар санасына сіңіру қажет.
Тілді оқыту барысында елдің мәдениетімен, ұлттық ерекшеліктерімен
таныстыра отыра оқыту керек. Қазақ тіліндегі көркем әдебиеттерді оқу, ауыз
әдебиеті үлгілерін, қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттау, жыраулар
поэзиясымен танысу, ғылыми еңбектермен танысу, жазба жұмыстарын
жүргізу, күнделікті оқу, үйрену арқылы ғана орындалады.
Тілді үйрету барысында басты мақсат-сөйлей білуге, өз ойын айта
білуге, жаза білуге үйрету, сондықтан да коммуникативтік қарым-қатынас
бірінші орында тұрады. Қазақ тілін орыс тілді студенттерге игертуге
коммуникативтік қарым-қатынас бірінші орында тұрғандықтан, жоғарыда
айтылған ұлттық мұраларды пайдалана отыра, тіл дамыту жұмыстарына
қатысты берілетін тапсырмалардың міндеттері төмендегідей болуы қажет:
-студенттердің оқу дағдыларын арттыру;
-сөйлеу және жазба тілдерін жетілдіру;
-шығарманың мәнін түсінуін қамтамасыз етіп, шығармашылық
қабілеттерін дамыту;
-халық ауыз әдебиетінде ерлікті дәріптеген, ел қорғаған батырларды
бейнелеген аулан түрлі жырлар, толғаулар, жыраулар, мақал-мәтелдер,
шешендік сөздер арқылы студенттерді ерлікке және елжандылыққа
тәрбиелеу;
-ұлттық құндылықтарды сақтау.
Бүгінгі күнде жас ұрпақтың санасында туған халқына деген құрмет пен
мақтаныш сезімін ұялатып, ұлттық рухты сіңіру, сондай-ақ ана тілі мен
әдебиетін, тарихы мен өнерін қастерлеп, халықтық салт-дәстүрді аялай,
ардақтай білуге тәрбиелеу-басты міндеттердің бірі. Жеке тұлғаның бойында
патриоттық сезімді қалыптастырудың негізі ретінде оқыту-тәрбиелеу
аясында қазақ тілі пәнінің рөлі, атқаратын қызметінің маңызы зор.
Әдебиеттер тізімі
1. Гершунский Б.С. Философия образования ХХI века (в поисках практико-
ориентированных образовательных концепций).-Москва, 1997.
2. Құрман Н.Ж. Қазақ тілін оқытудың әдіснамалық негіздері. Монография.-
Астана, 2008.
3. Қалиев С. Қазіргі оқу-тәрбие жүйесін этнопедагогикаландырудың
теориялық негіздері.-Ұлт тағылымы, №1, 2001-17 б.
4.
Абай. Энциклопедия.-Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас
редакциясы, «Атамұра» баспасы.- 1995.
5. A.E.Zhusupov, A.Sh.Albekova, G.K.Rezuanova, G.T.Omarova, Sh.Kabieva
European Journal of Scientific Research No.1. (11), January-June, Volume III,
Paris University Press, 2015. 292-296 p.
Достарыңызбен бөлісу: |