Кіріспе
Тарихи романдағы әйел-аналар образы
Зерттеу жұмысының өзектілігі. Мәңгілік тақырыптардың бірі – әйел мәселесі қоғамдық ғылымдардың ішінде, негізінен, қазақ әдебиеттануында көркем шығармалардағы әйел бейнесіне қатысты зерттеулерде кездеседі. Шын мәнінде, қазақ тарихы мен мәдениетін зерделесек, сан ғасырлар бойғы күресте елдігін ерен еңбегімен, асқан парасатымен, шексіз шыдамдылығымен және сүйіспеншілігімен сақтай білген, ұлттық рухты ұрпағының бойына ақ сүті арқылы, бесік жыры мен туған тілі арқылы сіңіре білген әйел-аналар аз емес. Осымен байланысты ұлттың болмыс-бітімі, дүниеге көзқарасы мен рухани-мәдени құндылықтарына сәйкес әйелдің өзіндік табиғатын, қоғамдағы, отбасындағы әлеуметтік қызметімен сабақтас анықтау мәселесін ұлттық таным қорында тіл арқылы жинақталған әйел бейнесі арқылы дәлелдеудің мәні ерекше. Оның өміршеңдік сипатына сәйкес қазіргі қазақ қоғамындағы «қазақ әйелі» бейнесінің даму динамикасын, жаңару үрдісін анықтау зерттеу жұмысының негізгі ұстанымы болып табылады, әрі оның өзектілігін де айқындайды.
ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті әйел образын жаңа қырынан суреттеген шығармаларға өте бай. Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал», Бейімбет Майлинның «Шұғаның белгісі», Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі» т.б. көптеген туындыларда әйел психологиясы мен оның нәзік болмысы суреттелген.
Роман жанрының алғаш қалыптасқан кезеңінде нәзік жандылардың тағдыры шығарманың негізгі арқауына айналып, қазақ қаламгерлерінің шеберлігі мен көркем ойлау жүйесі әлемдік деңгейдегі үздік романшылардың деңгейінен еш кем емес екендігін дәлелдеді. Әлем әдебиетінде ХVIII ғасырда қалыптасқан сентиментализм бағыты Батыс Еуропа жазушыларының әйел психологиясын зерделеп, олардың жаны мен ішкі болмысын бейнелейтін шығармаларының жарыққа шығуына ықпал етті. Мәселен, француз әдебиетінде Жан Жак Руссо, Гюстав Флобер, Ги де Мопассан прозасында әйел образының үздік галереясы жасалған болатын. Ал орыс әдебиетінде алғаш рет Н.М.Карамзин әйелдің ішкі жан дүниесін Еуропа классиктерінің үлгісімен суреттеп жазған. Бұл авторлар тудырған образдардың ойы шынайы, жүрегі нәзік, жаны мөлдір, көңілі пәк еді.
Әйел тағдыры – қай заманда да өзекті мәселелердің бірі. Әдебиет пен адамзат қоғамы бір-бірімен тығыз байланыста болғандықтан, ақын-жазушылар адами құндылықтарды жазудан бас тарта алмайды. Онсыз шығармашылық тұлғаның дамуы да болмайды. Бұл ретте қазақтың көрнекті қаламгерлері де адам факторын басты нысан етіп алған. Мәселен, дәстүрлі қазақ қоғамындағы өзгерістер әйелдің халімен өлшенген. «Отаршылдық», «құндылықтардың жойылуы», «ғылымның дамуы», «қала мәдениетінің қалыптасуы» – бұлар ХХ ғасырдағы қазақ тұрмысын сипаттайтын басты белгілер. Міне, жаңа ғасыр әкелген ұлы өзгерістердің барлығы әдебиетте көрініс тапқан. Осы орайда ұлттың анасы, ұрпақтың тәрбиешісі, әулеттің аяулысы болған қазақ қызының тағдыры айрықша назарға ілікті. Себебі қоғам алдымен әйелдің болмыс-бітімін өзгертті. Қазақ әйелі де оқуға барды, ерлермен бірге қызмет істеді, киім кию үлгісі өзгерді, өмір салты қалалық өркениетпен байланысты. Бұның өзі тұрмыс-тіршіліктің оң өзгерісімен қатар кемшіліктерін айғақтады. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Адамдық негізі – әйел» мақаласында әйелдің рөлі мен хал-жағдайы туралы былай дейді: «Қай уақытта қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін дөңгелек солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес. Бұлай болғанда алғашқы сөзімді қайта айтамын. Адам баласы тағы болып, еркегі хайуандық дәрежесінде жүргенде әйелден бала туып, ол балалардың бәрі де жастық, қорғансыздықтан анасының айналасына үйіріліп үй ішінің бірлігін, одан туысқандық ұйымын кіргізген – әйел.
Қазақ әдебиетінде әйел тақырыбын өзек еткен алғашқы прозалық шығармалар жоғарыда аталған Еуропа қаламгерлерінің туындыларынан дараланып тұрады. Себебі әр шығармада әр ұлттың өз танымы мен түсінігі берілген. Мәселен, қыз баланы ерекше қастерлеп-қадірлеген қазақ халқы тәрбие мәселесінде қызға қырық үйден тыйым жасағаны белгілі. Шығармаларда қазақ қызының образы ұлттың салт-дәстүрімен, құндылықтарымен сабақтаса суреттеледі. Алайда отаршылдық әкелген дала өміріндегі өзгерістер алдымен қазақ әйелін бұзғаны анық аңғарылады. Материалдық жағынан азып-тозып қана қоймай, рухы әлсіреген халықтың аянышты халі қаламгерлердің шығармаларына арқау болады.
Достарыңызбен бөлісу: |