Рухани алмасу арналары



Pdf көрінісі
бет6/11
Дата03.03.2017
өлшемі0,62 Mb.
#6516
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
§3 ЖӘДИТШІЛДІК ЖАЙЫНДА
Жәдитшілдік   жайында   Татардың   энциклопедиялық 
сөздігінде   былай   деп   жазылған:   «Жәдитшілдік   (арабша 
«жәдит»-жаңа) –қоғам өмірінің түрлі жақтарын қайта құруға 
бағытталған   қоғамдық-саяси   ағым.   Алғаш   ХІХ   ғасырдың 
аяғында   татарлар   арасында   қалыптасып,   кейін   түркі 
халықтарының   арасына   кеңінен   тараған.   Жәдитшілдікті 
жақтаушылар әлеуметтік-экономикалық артта қалушылықты 
сынап, оның жаңаруын, ең бастысы уақыт талабына орай 
халық ағарту жүйесін қайта құруды талап етті» [1]. 
Шынында,   жәдитшілдікті   сөз   еткенде,   оны   ХІХ-ХХ 
ғасырлар   аралығындағы   татар   қоғамының   әлеуметтік-
экономикалық   және   мәдени-идеологиялық   өміріндегі 
өзгерістермен байланыстырамыз. Өйткені сол тұста ұлттың 
дамуына   қажетті   рухани   орнықты   құндылықтарды 
қарастыру   мен   жаңа   бағыт-бағдар   іздестіру   жүріп   жатты. 
Бұл   секілді   ұлт   сұранымын   қарастыру   үрдісінде   ауқымды 
қоғамдық   ағым   қалыптасты.   Сөйтіп   ол   арабша   «жәдит»-
жаңа   деген   ұғымды   білдіретін   «жәдитшілдік»   атауына   ие 
болды.
Әрине,   жәдитшілдің   өрістеуінде   үлес-салмақ 
татарларда,   атап   айтқанда,   ағартушы-ғалым   Исмаил 
Гаспринскиге   тиесілі   екені   рас.   Алайда,   осы   жаңа   оқу 
(усули-жәдит) үлгісі туралы идеяны ең алғаш ұсынған парсы 
ағартушысы-мырза Мәлкім хан екенін есте тұтқанымыз жөн. 
Бұған   шығыстанушы   ғалымдар   Е.Э.   Бертельс,   И. 
Брагинский,   Д.   Комиссаровтардың   еңбектеріндегі   [2] 
мәліметтер толық дәлел бола алады. 
Бұл   жөнінде   пікір   қозғаған   ғалым   А.М.   Шойтов   мұны 
нақтылай   түседі:   «Многие   годы   потратил   Мальком-хан   на 
осуществление   реформы   арабской   письменности,  в 
которой   он,   как   типичный   просветитель,   видел   источник 
будущего   прогресса   мусульманских   стран.   Эта 
просветительская идея во всей ясностью прослеживается в 
его произведениях «Истоки прогресса» и «Шейх и везир», 
написанных в форме беседы [3]». Сөйтіп, автор            Е.Э. 
82

Бертельс еңбегіне иек сүйеп, аталған автордың «Прогрестің 
қайнар көзі» шығармасынан  мысал келтіреді. Онда парсы 
ағартушысы   мұсылман   жұртшылығына   аса   қажетті   тез 
жазып   оқуға   үйрететін   жеңіл   алфавит   керектігін   айтады. 
Осы   идеяның   іске   асуы   арқасында   Шығыс   халықтарына 
ағартушылық   пен   прогреске   айқара   есік   ашылмақ.   Бірақ 
тағдыр М. Мәлкім хан мен М.Ф. Ахундовқа (әзірбайжанның 
ағартушы жазушысы-С.С.) араб жазуына реформа енгізуді 
жазбаған   екен.   Өйткені   Мырза   Мәлкім   хан   70-жылдардың 
басынан   өмірінің   соңына   дейін   туған   жерден   жырақта 
болды. Оның соны ой-пікірінен сезіктенген Мысыр елінің сол 
кездегі басшысы-Насреддин шах оны Ордадан алыстатып, 
ағылшын еліне елші етіп жібереді. 
М.Ф.   Ахундовтың   Мәлкім   ханға   жазған   бір   хатынан 
мынандай   жолдарды   кездестіреміз:   «Борясь   за   идею 
реформы   письменности   мы   выполнили   свой   долг   перед 
человечеством и сделали все, что было в наших силах для 
распространения просвещения (цивилизации). Наши имена 
навсегда   войдут   в   историю   и   будет   прославлены 
потомками» [4].
Әзірбайжан   әдебиетінің   негізін   қалаушы   қаламгері, 
ағартушы, ойшыл философы –Мырза Фаталидің былайша 
мақтанышпен жазуы әбден дұрыс! Олай дейтініміз, шығыс 
шамшырақтарының ел үшін сарп еткен саналы ғұмыры мен 
сындарлы жылдарын түріктің түлектері мәңгі ұмытпақ емес.
            Алайда  кешегі   сыңаржақ   идеология   үстемдік   құрған 
кезеңде әлем кеңістігіне шыға алмай, Одақ көлемінде ғана 
қалып   келдік.   Тіпті   Шығыс   елдерін   жете   білмек   түгіл, 
өзіміздің   шығыстан   шыққанымызды   ұмытуға   шақ   қалдық. 
Сондықтан   әдеби-тарихи   процеске   сәйкес   әр   кезеңнің 
өзіндік   көрінісі   айқындалып,   Шығыс-түрік   әдебиеттерінің 
соны   сипаттары   әлі   де   ашыла   түспек.   Оған   деген 
мүмкіндіктер енді туып, есік айқара енді ашылды. 
Қалай   десек   те,   жәдитшіл   ағымның   пайда   болып, 
өрістеуінде   Қырымнан   шыққан   қайраткер   Исмаил-бей 
Гаспралының (Гаспринский) орны ерекше. Ол бірінші болып 
Бақшасарайда   өзі   ашқан   «Қожа   Сабия»   мектебінде 
83

«Әліпби»   (букварь)   дайындап,   шәкірттерді   жаңа 
жеңілдетілген әдіспен оқыту үлгісін ұсынды және өмір бойы 
сол   идеяның   іске   асуы   жолында   шаршамай,   шалдықпай 
еңбек етті. Міне, осы жаңа дыбыстық жүйе әдісімен оқыту 
идеясы соны қоғамдық ағымды қалыптастырып, жадидизм 
немесе жәдитшілдік деп аталынды. 
Бірақ   жәдитшілдік   жасөспірімдерді   сауаттандыруға 
бағытталған   оқу   үлгісімен   ғана   шектеліп,   тар   шеңберде 
қалған   жоқ.   Бұл   ағым   елдегі   жалпы   жағдайдың   өзгеруіне 
және   әлеуметтік   теңсіздіктің   шиеленісуіне   байланысты 
қалыптасты десек те болады. Мектеп-медреселерде жаңа 
оқу   үлгісімен   қатар   уақыт   талабына   орай   оқытудың 
мазмұндылығы   мен   дүнияуи   (светские)   пәндерден   дәріс 
беру   идеясы   да   бірте-бірте   іске   аса   бастады.   Кейін 
жәдитшілдік   ағымдағылар   басқа   қоғамдық   салаларды   да 
реформалаудың   қажеттігін   түсіне   бастады.   Жаңа   идея 
патша   самодержавиесінің   түркі   халықтарына   жүргізген 
шовинистік саясатының ауыр жағдайында өрістеді.
     Сондай-ақ түркі тілді мектептердің жаңа бастамасы мен 
оқыту әдісі де патша әкімшілігі тарапынан қатты қарсылыққа 
кез болды. Осындай қиын жағдайға қарамастан жәдитшілдік 
бірте-бірте   орасан   зор   орта   қалыптастырды.   Сөйтіп,   ол 
идеялар   түрік-мұсылман   халықтарының   арасында   кеңінен 
жайылып,   қоғамдық   ой-пікірдің   дамуына   айрықша   ықпал 
етті.
         Жалпы, әлеуметтік негізі мен басты мақсатына қарай, 
жәдитшілдік   ағым   ағартушылық   сипатқа   ие.   Солай   бола 
тұра, оқу жүйесін қайта жаңғырту әлеуметтік-экономикалық, 
тұрмыстық   және   мәдени-идеологиялық   қатынастарды   да 
қамтыды.   Жәдитшілдер   халықтың   хал-ахуалын   жақсарту 
мақсатында   мәдени-ағарту   орындарын   көбейту,   баспасөз 
ісін дамыту сияқты мәселелерді жөнге қойып, әйел теңдігін, 
тіл,   дін   бостандығын   талап   етті.   Сонымен,   жаңашыл   топ 
өкілдерінің талап-тілектері түркі жұртының өркениет өрісіне 
жетуі, дәуірдің алдыңғы қатарлы ұлттары игерген мәдениет 
жетістіктерінің   күнделікті   тұрмысқа   енуі   сияқты   мақсат-
мұраттарға келіп сайды. 
84

     Жалпы, ағартушыларға тән болмыс-бітімде жәдитшілдер 
ой-пікір   еркіндігін   әспеттеп,   схоластика   мен   қасаң 
қағидалықтан   ада   болудың   қажеттігін   атап   көрсетті.   Олар 
көне   дүниеге   көз   жұмып   табынуға   қарсы   болды   және 
прогреске тежеу жасайтын теория мен практиканы сынады.
        Жәдитшілдердің   көзқарастары   демократиялық   негізде 
қалыптасты.   Жаңа   буржуазиялық   қатынастардың 
жақтаушылары ретінде олар буржуазия тобының мүддесін 
ғана   қорғаған   жоқ.   Олар   бүкіл   топтардың,   оның   ішінде 
прогресшіл ой-түсініктегі діндарлардың да сұраныстарымен 
үндестіктерін білдірді. Олардың бүкіл қызмет барысы түркі 
қоғамындағы әлеуметтік және мәдени артта қалушылықты 
жеңуге бағытталды.
          Түркі   халықтары   ғасырлар   бойы   Ресейдің   құлдық 
бұғауында     күн   кеше   жүріп,   әлеуметтік   теңсіздікпен   қатар 
ұлттық  езгі  мен  діни  кемсітуді   бастан   кешті.  Осы  тұрғыда 
патша   әкімшілігі   тарапынан   орыстандыру   мен   шоқындыру 
секілді   отарлау   саясаты   жүргізілді.   Сондықтан 
жәдитшілдердің іс-әрекеттерінде құлдық езгіден құтылу мен 
теңдік жағдайын қалыптастыру мақсаты болды.
        Олардың   мәдени-ағартушылық   саладағы   тынымсыз 
еңбектері   ұлттық   сананы   ояту   мен   құлдық   психологиядан 
ажырауды алға міндеттеді. 
            Жәдитшілдер   түркі  халықтарының   басқа  ұлттармен, 
атап айтқанда,  орыс халқымен саяси , экономикалық және 
құқықтық қатынастарда тең тұруын қалады. Сондай-ақ, шет 
аймақты   мекендеуші   ұлттардың   әлемдік   мәдениет 
жетістіктерін орыс халқымен бірдей тең тұрғыда тұтынуына 
жағдай жасалуын талап етті. «Өндіріс пен кәсіптегі , ғылым 
мен білімдегі прогресс- алдыңғы қатарлы ұлт өкілдерін бай, 
қуатты   болуға,   бүкіл   әлемге  билігі  мен   ықпалын   жүргізуге 
итермеледі. Біз осы ұлттардан үлгі алуға тиіспіз»[5].
            Сонымен   қатар   ,   жәдитшілдер   исламият   аясынан 
алшақтамай   іс-әрекет   қылды.   Олар   мұсылмандық 
құндылықтарды   қорғады   және   исламның   имани-этикалық 
қағидаларын   бұлжытпай   орындауды   қалады.   Жаңаруды 
жақтаушылар   ретінде   олар   құдайшыл   қасаңдық   пен   діни 
85

әдет-ғұрыпты сынады әрі уақыт талабына орай дін қызметін 
қайта қарауды, шариғат заңдарына жаңа тұрғыдан келуді , 
т.б. мәселелерді көтерді.
        Ғалымдардың   пайымдауынша,   жәдитшілдік   бар 
болмысында   ағартушылық     ағым   саналады.   Атап 
көрсеткеніміздей, ол ХІХ ғасырдың 80-жылдары қалыптаса 
бастады.   Оның   өкілдері     тарихи   аренадан   өздеріне   дейін 
басталған ағартушылық дәстүрді жалғастырушылар ретінде 
көрінді. Сондықтан ғалым Ғ.Ибраһимов жәдитшілдікті татар 
ағартушылығының   дамуындағы   жаңа   кезең   деп 
қарастырады.   Оның   ойынша,   жәдитшілдер   Ш.Маржани, 
К.Насыри, Х.Фаизхановтардың бастаған ісін жалғастырды 
  [6].   Ал   татар   қоғамындағы   бір   ағым   бүкіл   түркі 
жұртшылығының   рухани   даму   кезеңінің   бастауы   болды. 
Сөйтіп, Ресей түрік мұсылмандары ислам аясындағы жаңа 
ағартушылық   арнаның   көкжиегін   кеңейтіп,   әлемдік 
өркениетке ұмтылды.
     Сонымен,  жәдитшілдік-  ірі  қоғамдық  ағым  ретінде  өз 
маңына  зиялы  да  зайырлы  қауым  өкілдерін  топтастырды. 
Бұл   ретте,   татар   қоғамында   ірге   теуіп,   қоныс   жайған   бұл 
ағымның екі бағытта өрбігенін байқаймыз. 
             Бірінші топтағылар діни жаңару идеясына көп көңіл 
бөлді. Бұл—мұсылман реформаторлары ағымының өкілдері 
рухани құндылықтарды қайта қарап, заман талабына орай 
қоғамды қайта құрудың қажеттігін мойындады. Осы бағытта 
белсенді   қызмет   еткендер-   Г.Баруди,   М.Бигиев, 
Р.Ибрагимов,   К.Тарджимани,   З.   Қадыри   ,   Ж.Абызгильдин, 
Х.Габяши   сияқты   қайраткерлер   болды.   Кейін   олардың 
қатары   басқа   да   ұлт   өкілдерімен   толықты   [7].   Мәселен, 
өзіміздің қазақтың Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Мақыш, Ғұмар 
Қараш   секілді   зиялылары   да   оқу-ағарту   саласындағы 
жүйелеу   діни   таным-түсінікке   негізделуін   қажет   санады. 
Сөйтіп,   осы   іспетті   сөз   зергерлері   діни   тұтастықты 
шығармаларына арқау етті. 
                Ал,   жәдитшілдің  екінші   бағыты   таза  ағартушылық 
болды. Бұл бағыттың өкілдері ағартушылық пен мәдениет, 
тарих пен әдебиет мәселелеріне баса көңіл аударды. Олар 
86

алдыңғы   толқын   ағалардың   әдістемесіне   сәйкес   оқу-білім 
жүйесіне өзгерістер енгізуді мақсат етті. Олардың ішінде ең 
беделділері-   Р.   Фахрутдинов,   Ф.Карими,   Х.Максуди, 
Ш.Күлтәси,   Г.Буби,   З.Камали   болды  [8]   .   Сондай-ақ,   бұл 
бағыттағылар   мұсылман   реформаторлары   іспетті   исламға 
иек сүйеді. 
     Жалпы алғанда, жәдитшілдер екі бағытта болғанмен бір 
ғана ағартушылықты мақсат тұтты және ата-баба дәстүрін 
берік   сақтап,   ислам   құндылықтарын   ардақтап,   прогреске 
жету үшін халықты оятуды көздеді. Бірақ таза, ағартушылық 
бағыттағылардың   бір   артықшылығы   –   олар   дүнияуи 
(светские) мәселелерді бірінші кезекке қойды.
       Ал, татар қоғамында кең етек жайып, оқу орындарында 
жөнге   қойылған   жәдит-ағартушылығы   Ресей   мұсылман 
халықтарының   оянуына   түрткі   болды.   Татар,   башқұрт 
жеріндегі   мектеп-медреселердің   жаңаша   оқыту   әдісіне 
көшуі   бүкіл   түркі   жұртының   оқу-ағарту   жүйесіне   түбірлі 
өзгерістер әкелді. 
          Бұған   дәйек   болар   дерек   көздері,   мәліметтер   соңғы 
кездері   біршама   еңбектерде,   басылым   беттерінде   жарық 
көрді   де.   Осы   орайда,   жәдитшіл   ағым   негізіндегі   қазақ 
ағартушылық   кезеңі   туралы   жазылған   Д.Қамзабекұлының 
ғылыми   зерттеу   жұмысын   айрықша   атаған   жөн   [9]. 
Әлбетте, жәдитшілдіктің кең өріс алуы, оның халық тірлігіне 
бойлай   енуі   ұлттық   мәдениеттің   дамуында   ерекше   рөл 
атқарды.   Бұл   ретте,   жәдиттік   медреселер   –   «Ғалия»   , 
«Мұхаммедия»,   «Хусаиния»,   «Иж-Буби»   және   тағы 
басқалардың маңызы зор болды. Ол медресе түлектерінің 
арасынан   белгілі   ғалымдар,   әдебиет   және   өнер 
қайраткерлері   шықты.   Мектеп-медресе   мұғалімдері 
ортағасырлық   идеологияны   бұзып-жарып,   түркі   түлектерін 
жаңа   прогресшіл   идеялармен   таныстыруда,   мәдениеттің 
ұрығын   себуде   сүбелі   үлес   қосты.   Бұл   медреселерде   тек 
татар-башқұрт ұлттарының ұландары ғана емес, басқа түрік 
халықтарының ұл-қыздары да дәріс алып, тәрбиеленді. 
            Сөйтіп,   Қазан,   Үфі,   Тройцк,   Орынбор   секілді   үлкен 
шаһарларда   жаңа   оқу   үлгісіндегі   орындардың   көбеюі 
87

Ресейдің     шет   аймақтарын   мекендеген   халықтар   тірлігіне 
қозғау   салып,   жастардың   жан-жақты   хабардар,   білімді 
болуына   игі   әсерін   тигізді.   Жасыратыны   жоқ,   сол   тұста 
мәдениет,   саясат   майданынан   көрінген   қоғам   қайраткері 
мен көрнекті ақын-жазушылардың үлкен легі жоғарыда аты 
аталған медреселерде оқып, білім алды, саяси қаруланды.
       Жәдитшілдердің жанқиярлық еңбегінің арқасында түркі 
тілдерінде газет-журналдар, әдеби-ғылыми еңбектер жарық 
көрді.   Әсіресе,   шәкірттерге   ғана   емес,   жалпы   оқырман 
қауымға   арналған   дүнияуи   пәндер   оқулықтары   мен 
кітаптарының пайдасы өте зор еді. 
          Жәдитшілдік   ағым   арнасындағы   түркі   халықтарының 
интеллигенция   өкілдері   ұлттық   тіл   мен   әдебиеттің 
өркендеуіне   айтулы   үлес   қосты.   Бұл   үрдістің   әсері   тіл 
біліміндегі   ғылыми   еңбектерде,   оқулықтар   мен   әдеби-
көркем   шығармаларда   көрініс   тапты.   Әсіресе,   ХІХ   ғ.   аяғы 
мен   ХХ   ғасырдың     басындағы   кезеңде  түркі  тектес,  оның 
ішінде татар, башқұрт, өзбек, қазақ, қырғыз халықтарының 
әдеби   тілінің   қалыптасуында   айқын   сезілді.   Өйткені   бұл 
тұста   жәдитшілдік   идеясы   Ресей   түрік   мұсылмандарының 
арасында   кең   өріс   алғаны   мәлім.   Мәселен,   ғасыр 
басындағы қазақ баспасөзінің өркендеуі, оқу құралдарының 
жұртшылық   қолданысына   еніп,   айналымға   түсуі   халық 
сұранымының   өтемі   іспетті.   Сонымен   қатар,   жәдитшілдік 
түркі халықтарының рухани деңгейінің өсуіне айрықша әсер 
еткені   мәлім.   Өйткені   бұл   кезде   орыс   миссионерлері 
империя   аясындағы   мұсылмандар   арасында   кең   әрі 
ауқымды   жұмыс   жүргізді.   Осы   орайда   ата-баба   дәстүрін 
ардақтап,   ислам   құндылықтарын   насихаттауда 
жәдитшілдердің зайырлы қызметтері маңызды рөл атқарды. 
Алайда, бұл тұрғыда олар патша әкімшіліктерінен ғана 
емес, ескіліктің нышаны - діни фанатизмді жақтаушылардан 
да   қарсылық   көрді.   Әсіресе,   қадим   тілдер   (қадимшілдер 
-С.С.)   тарапынан   жасалған   қысым   едәуір     бөгет   болды. 
Олай   дейтініміз,   бұл   бағыт   ғасырлар   бойғы   қоғамдық 
қатынастар   мен   олардың   идеологиялық   формаларының 
мызғымас   беріктігін   сақтай   отырып,   түркі   халықтарының 
88

тарихи-   әлеуметтік   өмірінде   жетекші   рөл   атқарып   келді. 
Және   Ресей   патшалығы   түрік   мұсылман   жұртшылығын 
жаулап   алғаннан   кейін   етек   алған   ұлттық   езгі   мен   діни 
қудалаушылық   кезінде   халықтың   салт-дәстүрін,   тірлік-
болмысын,   өзіндік   ұлттық   нақышын   сақтауда   қорғаушы 
қызметін   де  атқарды.   Бірақ   жаңа   кезең-  өндірістің,  ғылым 
мен   техниканың   дамуы,   қоғамдық   қатынастар   маңындағы 
факторлар   халық   алдына   жаңа   мәселелерді   алға   тартты. 
Ал,   ортағасырлық   даму   өрісіндегі   қадимшілдік   идеология 
аясында бұл мәселелердің шешімін табу мүмкін емес еді. 
Сондықтан жәдитшілдер уақыт талабына орай өз ұлтының 
прогресс жолындағы жаңа бағыт- бағдарын межеледі.
     Екі жақты- патша әкімшілігі мен қадимшілдер тарапынан 
болған қарсы әрекеттерге қарамай жәдитшілдік ағым барған 
сайын   нығайды   әрі   кеңейді.   Оның   идеялары   халықтың 
санасын игеріп, ұлттық сезімнің оянуына тірек болды. 
        Сайып   келгенде,   екі   ғасыр   аралығындағы   қатты 
қарқынмен өрістеген жәдитшілдік ағымның ықпалымен түркі 
халықтары   өздерінің   ұлттық   мүддесін   түсініп,   өздерін   ұлт 
есебінде таныды. Әсіресе, ХХ ғасыр басындағы Ресейдегі 
төңкерісшіл   жағдай   бұл   ағым   маңындағылардың   саяси 
белсенділігін арттыруға және саяси-құқықтық көзқарастарын 
қалыптастыруға   итермеледі.   Мұның   нақты   дәлелі   ретінде 
Татарстанда   құрылған   «Иттифак   ал-   муслимин»   саяси 
партиясын  атар едік.  Бұл партияға  идеялық тұрғыда күш-
қуат   берушілер   –   жәдитшіл   ортадан   шыққан   Ф.Карими, 
Р.Ибрагимов,   Ю.Айчура,   С.Мансуди   және   т.   б.   болды. 
Партия   мүшелері   Ресей   мұсылман   халықтарының   ұлттық 
тәуелсіздік   идеясы   мен   мәдени-   идеологиялық   әрі 
әлеуметтік   –экономикалық   міндеттеріне   қатысты 
мәселелерді талқылады. Және бұл мәселелердің шешімін 
талап етіп, мерзімді баспасөз беттерінде жазып, жиналыс, 
митингтерде, тіпті Мемлекеттік Дума трибунасынан сөйледі. 
          Жалпы   бұл   кезең   өзіндік   ұлттық   идеологияның 
қалыптасуымен   әрі   азаттық   қозғалыс   пен   мәдениеттің 
дамуымен   ерекшеленеді.   Ал,   жәдитшілдік   татардың   ғана 
емес,  бүкіл Ресей   түрік  мұсылмандарының  ұлттық, саяси-
89

құқықтық   тұрғыда   оянуына   қозғау   салушы   және   қоғамдық 
ой-пікірлердің   дамуындағы   жаңа   кезеңді   қалыптастырушы 
болды. Сондықтан бұл ағымның бүкіл түркі халықтарының 
рухани бірігу, тұтасу кезінде атқарған рөлі өте зор.
§ 4 ДІНИ ТҰТАСТЫҚ
      Орта Азия өңірін мекендеген түркі халықтарының бірігу, 
тұтасу кезеңдерінде ислам діні ерекше рөл атқарғандығын 
байқаймыз.     Шынында,   Байкалдан   Балқанға   дейін 
(Р.Бердібайдың   атауы   –С.С.)   көсілген   ұлан-байтақ   өлкені 
иемденуші   жұртшылықтың   дені   ислам   дінін   тұтып,   оның 
құндылықтарынан нәр алып өсті және әлі де өсіп келеді.
        Бұл   ретте,   ислам   шығыс   елдерін   жақындастыратын 
басты   факторлардың   бірі   әрі   рухани   алмасулар   негізі 
ретінде қарастырылады. Өйткені, адамдардың діни бірлігі- 
олардың өзара байланысы мен қарым-қатынас жасауының 
бастау   көзі   саналады.   Сол   себепті   ислам   Шығыс   өңірі 
елдерінің   салт-дәстүр   мен   мәдениетінің   негізіне   айналу 
арқылы ортақ руханият ошағы болып берік орнықты.
        Шығыс   халықтарының,   оның   ішінде   түркіліктердің 
исламды   қабылдауы-   исламияттың   ең   тура   әрі   таза   жол 
болғанын   және   кіршіксіз   Хақтың  діні  екендігін   дәлелдейді. 
Ислам хақ дін болғандықтан жұртшылық оны еш зорлықсыз 
тауып,   оған   шын   берілді.   Ислам   әкелген   әділ   жүйе- 
моралдық-этикалық   қағидалар   халықтың   тұрмыс-тіршілігі, 
таным-түсінігімен   астасып,   өзектесіп   жатты.   Нақтылай 
айтқанда, иманның берік негіздері , адам құқының үстемдігі, 
ғылымның   артықтығы,   еңбектің   ақтығы,   тазалықтың 
қажеттігі   уағыздалып,   шын   мұсылманға   Отанды   сүю,   ата-
ананы   сыйлау,   адал   еңбек   ету,   қайырымдылық   жасау 
керектігі айтылса, соның бәрі көшпенділер этикасына сай, 
сана-сезіміне   сәйкес   келді.   Сондықтан   түркілер   исламға 
иланып, Хақ-тағалаға шын берілді.
          Ислам   түркі   халықтарының   әдет-ғұрып,   салт-
дәстүрлеріне   сіңісіп   қана   қоймай,   олардың   тұтастығын 
сақтап,   бір   орталыққа   бірігуінде   жетекші   рөл   атқарды. 
90

Сөйтіп,   түркіліктердің   шығысқа   тән   ұлттық   санасының 
қалыптасуына   айрықша   әсер   етті.   Әсіресе,   бұл   түркі 
жұртының отаршылдық езгіге ұшырап, құлдырауы тұсында 
айқын   аңғарылды.   Бұған   дәйек   болар   дерек   көздері 
жеткілікті.   Мысалы,   түркі   ғана   емес,   бүкіл   шығыс   өңірін 
билеп-төстеуші   Шыңғыс   хан,   Ақсақ   Темір   секілді 
императорлар   ислам   дініне   шектеу   қоймай,   қайта 
өркендеуіне   жағдай   жасады.   Осы   игілікті   іс,   жаңғырған 
дәстүр бұдан кейін билік құрған хан-сұлтандар дәуірінде де 
өз жалғасын тапты.
 Бұл үрдіс түркі жұртының отаршылдық езгіге ұшырап, 
құлдырау   тұсында   күйреуге   ұшырамай,   қайта   олардың 
бірлігін,   тұтастығын   сақтау   тұрғысында   ерекше   реңкке   ие 
болды.   Бұл   ретте   түркілік   түлектердің-   халқының   халіне 
қамығып,   ұлтын   өрге   сүйреген   ел   ерлерінің   қажырлы 
қайраты мен ерен еңбегін мақтанышпен атаған жөн.
        Бажайлап   қарасақ,   ХХ   ғасыр   басындағы   әлеуметтік-
экономикалық   өзгерістер   түркі   халықтарының   саяси 
санасының өрістеуін тездетті және оларда ұлттық сезімнің 
қалыптасуымен демократиялық принциптердің сақталуы әрі 
нығаюына   зор   мүмкіндік   әкелді.   Жалпы   түркі   дүниесінде 
қалыптаса   бастаған   ой-пікірлер   ұлттық   мәдени   мұра   мен 
дәстүрге,   сондай-ақ   басқа   да   құндылықтарға   қатынасы 
негізінде туды. Сол тұстағы қоғамдық пікірлер тоғысы өзінің 
түрлі   және   қайшылықты   идеялар   бірлігімен   сипатталады. 
Өйткені,   ол   идеялар   қоғамның   дін   ықпалынан   ажырау 
процесін тездетіп, оның (қоғамның-С.С.) жаңару жолындағы 
сатыларын   бейнеледі.   Сөйтіп,   діннің   қоғамдық   санаға 
ықпалының кемігендігі байқалды. 
Ғасыр   басындағы   қоғамдық   ой-пікірлер   әртүрлі   ағым 
мен   бағытта   болғанымен   ортақ   бір   ғана   тенденцияға- 
ұлттық   идеологияны   қалыптастырып,   ұлт-азаттық 
қозғалыстың негізгі идеяларын айқындауға бағытталды. Бұл 
кезең   саяси   аренаға   ағартушылық,   діни   реформаторлық 
және   басқа   да   идеологияларды   қалыптастырушы   салаға 
түбірлі   өзгеріс   енгізген,   қоғамдық   пікірлердің   негізгі 
бағыттарын   белгілеген   жаңа   күштердің   келуімен 
91

ерекшеленеді.   Ал   түркі   қоғамындағы   бұл   күштер   халықты 
прогреске жетелеген өз тарихын жасауға ынталандыратын 
ұлттық қозғалыстардың теориялық негіздерін жасады. Нақ 
осы кезде дәстүрлі дүниетанымның негізі бұзылып, қоғамды 
дін   ықпалынан   ажыратудың   теориялық   ой-пікір   негізі 
қаланды.   Бұл   тенденция,   әсіресе,   1905-1907   жылдардағы 
революциядан   кейін   айқын   көріне   бастады.   Өйткені,   осы 
төңкерістен   соң   түркі,   мұсылман   халықтарының   арасында 
мерзімді басылымдар таралып, жан-жақты әрі терең білім 
беру   жөнге   қойылды.   Бұл   Ресей   империясындағы   шығыс 
елдерінің   ғылым   мен   техника   жетістіктерін   білуге   деген 
ынта-ықыластарын   арттырды,   саяси   партиялардың 
құрылуына мүмкіндік туғызды және өз саяси көзқарастарын 
білдіруші ағымдардың бірігуіне итермеледі.
Ресей  құрамындағы  түркі қоғамында көптеген  теория 
мен идеяларды игеруде баспасөз ісі үлкен рөл атқарды. Сөз 
жоқ,   бұл   істе   түркі   халықтарының   ішінде   татарлар   өз 
текстерінен   әлдеқайда   жоғары   тұрды.   Тек   1905-1907 
жылдарында татар тілінде 33 газет, журнал шыққан [1]. Ал, 
1908   жылдан   бастап   Ресейде   2   мыңға   жуық   кітап   шықты 
десек, оның көбі татар баспаларында басылғаны мәлім [2].
    Бұл   сандық   қана   көрсеткішті   білдіріп   қоймай,   татар 
тіліндегі басылымдардың жалпы тенденциясын да байқатса 
керек. Өйткені ғалым А.Г. Каримуллиннің айтуынша,        ХХ 
ғасыр басындағы татар әдебиетіндегі жаңа бағыттар бүкіл 
Ресей   түрік-мұсылмандарына   қозғау   салып,   олардың 
тіршілік-тынысына   өзгеріс   енгізді.   Шынында,   сол   тұстағы 
татар   газет-журналдары   оқырмандарды   шығыс   пен 
батыстың әлеуметтік, философиялық жаңа ағымдары және 
әдеби   өмірімен   таныстырды.   Сөйтіп,   баспасөз 
жұртшылықты   ескі   мен   жаңа   арасындағы   күрестің   қиын-
қыстау   кезеңдерінен   хабардар   етіп,   қоғамдық   сапаны 
қалыптастырудың күшті құралына айналды. 
Сондай-ақ,   жаңа   кезеңге   сәйкес   оқу   орындарының 
көбісі де түркі жұртының түлеуіне ерекше әсер етті. Халық 
ағарту ісі қоғамдық қозғаушы күшінің басты мақсаты болуы 
кездейсоқтық   емес,   өйткені   оны   жөнге   қоймай   тұрып, 
92

қоғамның   прогресске   ұмтылу   мүмкіндігін   айтудың   қажеті 
шамалы.   Сондықтан   сол   тұста   Ресейде   мұсылманша 
оқытатын   мектеп-медресе   шәкірттеріне   жарқын   болашақ 
үшін күрестің қақ ортасында жүруге тура келді. Алайда, бұл 
салада   да,   белгілі   бір   айқындалған   тенденциялар   бары 
байқалды. Мәселен, 1910 ж. сол мектеп-медреселердің 90 
пайызға  жуығы   дыбыстық   жүйе   әдісіне   көшіп,   ағарту   ісіне 
айтулы   өзгерістер   енгізіп   қана   қоймай,   ұлттың   жаңару 
идеологиясын қалыптастырды. 
ХХ ғ. басындағы рухани мәдениетте халық санасының 
өсуі айқын аңғарылды. Бұл кезеңде жұртшылықтың   ынта-
ықыласы   өткен   асыл   мұраларға,   ұлттық   тамырластыққа, 
рухани   және   діни-   эстетикалық   дәстүрлерге   ауа   бастады. 
Осыған   байланысты   осындай   негізге   құрылған   баспасөз 
материалдары   мен   еңбектер   көптеп   көрінді.   Әсіресе, 
түркілік тұтастыққа негізделген, тіл, дін бірлігіне уағыздаған 
танымдық тағылымы мол туындылардың рөлі ерекше еді. 
Олай   дейтініміз,   империя   талауына   түсіп,   бас 
бостандығынан   айрылған,   ежелден   тамырлас,   тарихы 
тағдырлас   түркі   халықтарының   тілдік   тұтастығын   сақтап 
қалуда көркем  шығармалардың, мерзімді басылымдардың 
айрықша ықпал еткені сөзсіз.
Бұл   ретте,   эстетикалық   ләззат   алар,   танымдық 
тағылымы мол діни еңбектерді алдымен ауызға алу лазым. 
Сонымен   қатар,   ислами   дүние   құндылықтары   мұсылман 
жұртшылығының   тұтастығын   сақтап,   бірлігін   нығайту   үшін 
аса қажет еді.
Бұл   бағыттағы   басылымдар,   ең   алдымен   татар 
баспасөзінің беттерінде жарық көре бастады. Олай болуы 
заңды   да   еді.   Себебі,   біріншіден,   татар   халқы   Ресей 
патшалығының   езгісін   сонау   16   ғасырдан   бастап   сезінді. 
Орыс империясының бұғауында жүрсе де, мойымай, қайта 
ширыға   түскен   татарлар   түркі   халықтарының   ішінде 
алғашқылардың бірі болып, өркениетке ұмтылды. Мәселен, 
татардан   шыққан   ағартушы   ғалымдар   Ә.Курсави   мен   Ш. 
Маржанилер   ескі   схоластика   қарсы   шығып,   дінді 
реформалауды ұсынды. Сөйтіп, ислам іліміне қатысты жаңа 
93

ой-пікірлер тұжырымдамасын алға тартып, соны концепция 
қалыптастырды.   Осы   концепция   «жәдитшілдік»   деп 
аталатын ағымның негізгі бағдарламасы танылды. Бұл ағым 
уақыт   талабына   орай   әрі   саяси,   әрі   діни-   ағартушылық 
идеяларды   құрайтын   Ресей   құрамындағы   бүкіл   мұсылман 
қауымының   қозғалысына   ұласты.   Бұл   концепцияның 
бағдарламасын   жасап,   мұсылман   жұртшылығының 
талқысына ұсынған Н.Гаспринский болғандықтан, қозғалыс 
басында да ол тұрды десек те болады. 
Жалпы,   Н.Гаспринский   идеясы   «Тілде,   істе,   пікірде- 
бірлік» концепсиясына негізделген десек, оның бүкіл түркі- 
мұсылман   халықтарының   тіл,   дін   бірлігіне   бастап, 
тұтастықты   көздегені   рас.   Ал,   жәдит   ағымы   іштей   екіге 
бөлінді   десе,   бірі-   таза   ағартушылық   бағыт   ұстанды   да, 
екіншісі-   діни   жаңару   идеясына   ерекше   ықылас   аударуды 
ұсынды [3]. Бұл - олардың алдағы мақсаттарында азғантай 
өзгерістер   болғанмен,   түпкі   ой-пікірлері   ортақ   дегенге 
саяды.   Екінші   бағытты   жақтаушылар   ретінде   татарлар 
арасынан-
 
Г.Беруди,
 
М.Бигиев,
 
Р.Ибрагимов, 
К.Тарджимани,   З.Қадыри   т.б.   оқығандар   шықса,   олардың 
әдеби-   эстетикалық   әрі   ғылыми   танымдық   еңбектерін 
ыждаһатпен   оқып,   түсіну   барысында   басқа   да   түркі 
халықтарының   өкілдері   қоғамдық-   саяси   аренадан   көріне 
бастады. Мәселен, сол тұстағы қазақ зиялы шоғырының бір 
топ өкілі- Шәкәрім,  Шәді, Мәшһүр Жүсіп, Мақыш, Ғ.Қараш 
діни   реформаны   қуаттап,   танымдық   тағылымы   мол 
туындылар   берді.   Олар   жазған   шығармалардың   ішкі 
мазмұны   мен   идеясында   жәдитті   жақтаушылармен   ортақ 
үндестік барын байқау қиын емес. Тіпті, бүгінгі күнге дейін, 
социал-демократиялық   бағыттағы   деп   келген   татардың 
ақыны   Ғ.Тоқайдың   өзі   дін   реформаторы   әл-Маржаниге 
арнап өлең шығарғаны мәлім. Міне, егер оның Шиһабетдин 
хазірет хақындағы шығармасын сөз қылсақ:
Кирәк булса, әйтеп бирем: ул шәп хәзрет,
Тулган ай кукте балкып чыккан Шиһаб хәзрет.
  
Мәгарифкә әувәл башлап адым салган ,
Милләт өчен бәһа житмәс кыйбат хәзрәт-
94

(Керек болса, айтып берем: ол  көрнекті хазірет,
Толған айдай көкте балқып шыққан Шиһаб хазрет
 Ағартуға алғаш бастап қадым салған.,-
Ұлт үшін баға жетпес қымбат хазірет [4]- деп кезінде 
бүкіл   мұсылман   қауымын   аузына   қаратып,   ескі   қадим 
оқуындағы     мектеп-медреселер   методикасына   өзгеріс 
енгізіп, дүниеуи пәндерді оқытуды негіздеген әл- Маржаниге 
айрықша ықылас білдіреді. Бұл тақылеттес өлең жолдарын 
қазақ   ақыны,   қоғам   қайраткері   М.Дулатұылының   «һүнерін 
халық файдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға» атты 
шығармасынан кездестіреміз:
 
Өлсең шаһид, ғазысың тірі болсаң,
Қызметке берер ажар құдірет кәрім.
Қазақты төрге сүйреп бір жеткізуші,
Дін, дүние жемісі боп табыстарың [5].
Өршіл   рухты   шығармаларында,   «халықты   оятуды 
мақсаттаған,«Оян, қазақ!»- деп ұрандаған ақын қазақты өрге 
сүйремек боп, ұлты үшін «шаһид» болуға даяр ер ерлерінің 
еңбегін   мақтан   етеді.   Сондай-ақ,   олардың   халық   тіршілігі 
мен   тіл,   дін   мәселелері   жөнінде   қылып   жүрген   қам-
қаракеттеріне «жемісті табыстар» тілейді. 
Әрине,   түркі   ұлдарын   толғандырып,   шығармаларына 
арқау   болған   бұл   мәселелер   сол   тұстағы   империя 
аясындағы   мұсылман   жұртшылығының   басына   түскен 
бәріне   ортақ   қиыншылық,   қайғы-қасірет   екені   анық.   Бұл 
үндестіктен   түп,   дін,   тіл   тұтастығына   үгіттеген   үйлесімді 
табу қиын емес. Осы іспеттес жыр жауһарын белгілі ақын 
Мәшһүр  Жүсіп  шығармашылығынан  да кездестіреміз.   Сол 
тұстағы   қазақ   қоғамының   саяси-әлеуметтік   жағдайындағы 
өзекті де өткір мәселелерді көтеріп, әсіресе, дін төңірегінде 
толғақты тұжырымдар жасаған сопы ақын:
Сарыарқа, өсіп-өнген жерлерім-ай!
           
Дін үшін қылған қайрат шерлерім-ай!
Хақ жолға жанын қиып, басын берген,
Шайтанға ерлік қылған ерлерім-ай! [6]- дейді.
       Сөйтіп, «Хақ жолында» шаһид жандардың ерлігін паш 
етіп, ислам әлемі аясының кеңеюін қалайды.
95

        Жалпы,   ғасыр   басындағы   түркі   қоғамындағы   саяси-
әлеуметтік жағдайға байланысты дін тақырыбы нағыз өзекті 
болып табылды. Оған себеп, біріншіден- түркі ұлттарының 
тіл, дін, пікір бірлігі болса, екіншіден-қоғамда белең алған 
келеңсіз   қылықтар,   империя   тарапынан   жасалып   жатқан 
миссионерлік іс-әрекеттер, т.т. еді.
Шынында,   тарих   беттерін   парақтасақ,   сол   кезеңде 
Ресейге қарасты шығыс халықтары аса қиын жағдайда өмір 
сүріп,   әлеуметтік   теңсіздікті   бастан   кешті.   Тіпті   тіл,   дін 
мәселелеріне   қатысты   шектеулер   халықтың   рухани 
жұтаңдауына   әкеп   соқтырды.   Империя   мүддесінен 
туындаған,   қаны   тамған   шындықтың   дерек   көзі   боларлық 
жазбаларды   кездестіруге   болады.   Бұл   шындықтың   дәйегі 
ретінде   сол   миссионерлердің   өздері   жазып   қалдырған 
хаттамаларды   мысалға   келтірсек   те   жеткілікті.   Мәселен, 
Симон   деген   есіммен   атышулы   миссионер: 
«Мұсылмандардың   бірлігі   олардың   мақсаттарына   жетуіне 
және   Батысқа   тәуелсіз   болмауына   алып   келеді. 
Миссионерлік   әрекет   осы   білікті   бұзуда   маңызды   рөл 
атқарады. Сондықтан біз олардың бірігуіне сол арқылы жол 
бермеуіміз  керек»,-   деп өз  іс-әрекеттерінің  түпкі  мақсатын 
еш   шімірікпестен   ашық   айтады.     Әрине,   бұл   –империя 
қолдауына сүйенген түсінік пен пікір екені даусыз.
        Осыған   орай   түркі   түлектері   де   түленіп,   ұлттың   ұлы 
мақсаттарын   мұрат   тұтқан   тұжырымдар   ұсынып,   ел 
мүддесін   айқындар   әдеби-көркем   топтамалар   берді.   Бұл 
ретте, Абай дәстүрін жалғастырушы, Шығыс пен Батыстың 
мәдениетінен   қатар   сусындаған   Шәкәрім   қажының   Құран-
Кәрімге   иек   сүйеген   ,   бүкіл   адамзаттың   сұранысын 
қанағаттандырар   мән-мазмұнға   ие   шығармасынан   мысал 
келтірсек те болады:
Әлемдегі діндердің түп мақсаты,
Үш нәрсеге бұлжымай құшақтасар:
Құдай бар, ұждан дұрыс, қиямет шын,
Еш діннің мақсаты жоқ мұнан асар [7].
Бұл   өлең   жолдарының   негізгі   тұжырымы   Құранның 
«Шура»   сүресіндегі   мына   аятқа   негізделініп   айтылғанын 
96

байқаймыз:   «Аллах   Нұхқа   нұсқау   берген   нәрселерді   және 
соған   уәхи   еткенімізді,   сондай-ақ,   Ыбырайым,   Мұса   және 
Исаға   нұсқау   берген   нәрселерімізді   сендерге   діни   жол 
қылды.   Дінді   мықты   орындаңдар   да   дінге   бөлінбеңдер 
(«Шура» 42;13). Алайда, бұл- қандай дінді тұтсаң да , бәрі 
бір   деген   түсінікті   білдірмесе   керек.   Өйткені,   Ислам- 
адамзат баласының тура жолмен жүруі, үшін Хақ-тағаланың 
көрсеткен   шынайы   әрі   ақиқат   жолы.   Оған   дәлел   ретінде 
Құранның   «Әли   Имран»   сүресінің   19   аятындағы   жазуды 
келтірейік:   «Аллаһтың   алдында   шынайы   дін-   Ислам». 
Жалпы,   Ислам   діні   адамды   қайырымдылыққа, 
қанағатшылдыққа,   төзімділікке   үйретумен   қатар, 
отаншылдыққа   баулиды,   бірлікке   шақырады   десек,   ХХ 
ғасыр   басындағы   түркі   жұртын   тұтастыруда   Хақ   жолы 
таңдалып,   шариғат   қағидаларына   сүйену   басым     болды. 
Азаттық пен әділетке жету үшін де бір Алланың қолдауына 
сүйеніп, рақымына қол созды. 
Түркі   жұртының   мақтанышы,   қазақ   поэзиясының   шоқ 
жұлдызы   Мағжан   Жұмабаев   «алты   алаштың»   алдағысын 
ойлап, Тәңіріне жалбарынады:
Кеш, Тәңірім, сорлы құлға қаһар етпе,
Рахым қыл, біз сорлыны шетке теппе.
Сөз шықты жан ашумен, әділ Тәңірім,
Тиген соң ащы таяқ тұщы етке! [8].
    Бұл   –«сорлы   қазақтың»   мүшкіл   халін   ойлап,   қамыққан, 
келешегін  ойлап кейіген ақынның жүрек сөзі, жан айқайы! 
Әттең, шіркін, ұлты үшін ұлтан, халқы үшін қалқан болуға 
дайын   дарынның   дауысын   бүкіл   қазақ   естіді   ме   екен?! 
Естісе, елесе сондай күй кешпес еді-ау?! 
      Ғасыр басындағы татар әдебиетінің көрнекті өкілі Сағит 
Рәмиевтің «Тәсәлла» шығармасында да, діни мотивтер мол 
кездеседі:
Очрымсың бәлаләргә, башым, очра!
Шөбһә юк, бер чыгарсыңбарып очна...
Жәнаб Алла вәчьдә биргән Коръенендә:
«Ин мәгаль гөсри йосра, ин мәгаль гөсри йосра».
                   («Тәсәлла»).
97

«Ұшырастың балаларға басым кездейсоқ сонда
Құттықтау жоқ, берген шығарсың барып сонда.
Жауапты Алла, бірде берген Құранында
Ең бағалы жасты асыра, ең бағалы жасты асыра».
Мұнда   татар   ақыны   Құрандағы   «Мен   жақындамын, 
сұраңыз   жауап   беремін»,   «Ауырлықтардан   соң 
жеңілдіктер», - деген Алла сөзін келтіреді. Көрнекті ғалым 
Ғ.Халиттың   жазуында   С.Рәмиевтің   көп   шығармалары 
Құранға сүйеніп жазылған. 
Бажайлап қарасақ, жоғарыда келтірілген мысалдардан 
түркілік таланттардың мүдде ортақтастығын, пікір үндестігін, 
тіпті   шығармаларының   мазмұн   бірлігін   де   байқаймыз. 
Алайда, ол туындылардың ортақ желісі сезінгенмен, әр ұлт 
өкілінің өзіндік нақыш-өрнегі мен қолтума айшығын да аңдау 
қиын   емес.   Сонымен   қатар,   олардың   сөз   қолданысынан, 
жалпы   түркі   өлеңіне   тән   айшықтарды   да   кездестіреміз. 
Мысалы,   «толған   айдай   көкте   балқып»,   «баға   жетпес 
қымбат»-   деген   сөз   тіркестері-   қазақ   сөз   өнерінде   жиі 
кездесетін көркемдегіш құралдар. 
Сайып   келгенде,   діни   тұтастық   түркі   халықтарын 
біріктіріп қана қоймай, ортақ тақырыпта озық шығармалар 
жазуға итермеледі. Нақтырақ айтқанда, Құран мен Хадиске 
сүйенген,   діни   дүниетанымға   негізделген   көптеген   көркем 
сөз   туындылары   жарық   көргені   көпке   мәлім.   Ал,   ол 
туындылардың   алмағайып,   қым-қиғаш   кезеңде   халық 
санасын   сергітіп,   таным   баспалдағына   нық   тірек   болғаны 
және   рас.   Ендеше,   бүгінге   дейін   құндақтаулы   жатқан 
құндылықтардың   бағасын   белгілеп,   мән-мағынасын   ашып 
көрсету   арқылы   келер   ұрпақ   кәдесіне   жаратарымыз   хақ. 
Сондай-ақ,   дін-исламда   өзектес   өміршең   дүниелер   түркі 
халықтарының   рухани   алмасу   арналарын   ашты   дей 
аламыз. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет