Ерте жастағы оқушылар метатануға қабілетті ме? Ерте жастағы оқушыларда метатанымдық қабілеттердің бар екендігі жуық арада ғана белгілі
болды. Флейвелл ерте жастағы оқушылардың метатану мүмкіндігі шектеулі екендігін айтады,
олар әр уақытта өз жадыларын басқаруға, проблемаларды шешуге және шешім қабылдауға
қабілетті емес. Алайда, жадының аспектілерін зерттеу бойынша жүргізілген бұдан кейінгі
жұмыстар 3–4 жастағы балалардың өздері көп суреттерге қарағанда, саны азырақ суреттерді
есте сақтау жеңілірек екендігін сезіне алатындығын анықтады (Flavell et al, 1995). Бронсон
мектеп жасына дейінгі балалар мен балабақшадағы балалардың танымдық дамуын зерттей
отырып, олардың көпшілігі ерікті түрде іштей өзін өзі реттеуге қабілетті деген шешімге келді.
Зерттеуші олар да «қалай оқу керектігін үйренеді» деген болжам жасаған. Осыған қарамастан,
олар шешімді қалай қабылдағандарын немесе қандай тәсілді қолданғанын үнемі түсіндіріп
бере алмайды, бұл жастағы балалар танымдық әрекет кезінде «өздік басқару» қызметін пай-
даланады. Өсе келе, олар өз деңгейлеріне сәйкес келетін тапсырманың түрін таңдауға, оларды
тиімді пайдалануға, өздерінің әрекетін түзетуге немесе қажет болған жағдайда көмек сұрауға,
сондай-ақ іс-әрекет аяқталғанша немесе мақсатқа жеткенше «үдерісті» тоқтатпауға қабілетті
бола бастайды (Bronson, 2000).
Өздігінен реттелетін оқуды мұғалімдер қалай ынталандыра алады? Негізгі алғышарт мұғалімдердің қолданған әдіс-тәсілдерінің оқушылардың метатанымдық
немесе өздігінен реттелетін оқуын дамытуға ықпал ететіндігі болып табылады. Оқудың
әлеуметтік-мәдени теориясын дамыту барысында Выготский оқушының өз бетімен қол
жеткізе алмайтын оқу деңгейін ересек немесе «маңызды» (ықпалды) адамның көмегімен
қамтамасыз етудегі рөлі туралы жазады; мұндай оқудың әлеуеттік көлемі «Жақын арадағы даму аймағы» – ЖАДА ретінде анықталды (Vygotsky, 1978). Қолдау көрсететін ересек адам
«рефлексиялаушы агент» ретінде жұмыс істей отырып, оқушының әрекетіне жауап береді
және оның оқуының дамуын қамтамасыз етеді. Оқудың дамуы барысында жетекшінің қолдау
көрсетуінің түрі мен деңгейі өзгеріп отырады, сонымен бірге түрткі болу, бағытталушылық,
дамудың тұжырымдамалық негіздерінің тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында түрленеді.
Бұл үдерісті Жером Брунер «көпіршелер тұрғызу» деп тауып айтқан. «Көпіршелер тұрғызу»
ұғымының метафоралық түрде қолданылуы астарында жетекшінің оқушыларды біртіндеп тап-
сырманы аяқтауға «итермелеуінде» көрініс беретін, үнемі ұлғайып артып отыратын қолдауы
деген түсінік жатыр. Жетекшінің оқушы жетістігіне деген реакциясы да қолдау ретінде
қарастырылады. Оқудың дамуы барысында оқушыға жол көрсету біртіндеп азайтылуы қажет,
себебі оқу үдерісін дамыту арқылы оның мәні де айқындала бастайды: оқу тәуелсіз сипат алып,
өздігінен реттелетін болады.