2.2 С. Бақырғанидың қисса-дастандары – нәзира дәстүрінің қайнар
көзі
VІІІ ғасырдың аяғында Орта Азия халықтары ислам дінін қабылдады. Х
ғасырдан бастап түркі тектес халықтардың арасында ислам дінінің таралуына
байланысты түркі әдебиеті де ислам мәдениетімен тығыз байланыста дамыды.
Ислам мәдениеті өнердің әртүрлі салаларында өркениет деңгейіне көтерілді.
Қазақ жерінен шыққан ақындар мен ғалымдар: Әл-Фараби, Ахмет Ясауи,
Ахмет Жүйнеки, Сүлеймен Бақырғанилар мұсылман мәдениетіне өзіндік үлес
қосты.
Түркі халықтары әдебиеті тарихында Х-ХІІ ғасырлар, яғни ислам дәуірі
ерекше орын алады. “Ислам дәуірі әдебиеті” деген терминді алғаш рет өз
зерттеулерінде Ф. Көпрүлү, Н. Банарлы сияқты ғалымдар кеңінен қолданды.
М.Ж. Бұлұтай “Ата-баба діні? Түркілер неге мұсылман болды?” атты
еңбегінде мұсылмандық дәуірде жазылған Жүсіп Хас Хажибтің “Құтты білік”
(1069-70), Қашғарлық Махмұдтың “Түрік Лұғатының Диуаны”(1072-74), Әбіл
Қасым Махмұд Омарұлы Әз-Замахшаридің (1075-1144) “Мұқаддимат-ұл
әдеб”, Сүлеймен Бақырғанидың (1104-1186) “Бақырғани кітабы” (ХІІ ғ.),
Ахмед Йүгінекидің “һибат-ұл Хақайық” (ХІІ-ХІІІ ғ.ғ.), “Қорқыт Ата кітабы”
(ХІV-ХVІ ғ.ғ.), Ахмет Ясауидің “Хикмет Диуаны”, “Оғұзнама” (ХІV-ХV ғ.ғ.),
Насреддин Рабғұзидің “Қиссас-әл-Әнбия” (1310), Құтыб жазған “Хұсрау уә
Ширин” (1341-1342), Хорезми жазған “Мұхаббат-нама” (1370) нәсірі, Сәйфи
Сарайи (1320-1396) жазған “Гүлистан би-т-түрки” (аударма, 1391 ж.), Сәййід
Ахмедтің “Тағашшұқ-нама” (1435-1436) т.т. еңбектерді атай келе, “түрік
әдебиетінің алтын дәуірі Исламнан кейін ғана басталды” [41,298 б.] деген
тұжырым жасайды.
Х-ХІІ ғасырлар түрік халықтарының қоғамдық-мәдени дамуында
Оянушылық дәуірі болды. Ғылым, мәдениет, әдебиет саласындағы туындылар
жергілікті түрік халықтарының тілінде жазыла бастады. Х–ХІІ ғасырлардағы
ислам дәуіріндегі әдебиеттің негізгі тақырыптары: Құран сюжеттері, ислам
дінінің негізін салған Мұхаммед пайғамбар, оның сахабалары, әулие-
әнбиелер.
Шығыс әдебиетіне кеңінен тараған нәзира дәстүрінің алғашқы
бастаулары қазақ даласына ислам дінінің орнығуы кезінде кіре бастаған.
Нәзиралық әдіспен жазылған шығармалар “қисса” жанрында жазылды. Нәзира
дәстүрі бойынша түрік ақындары да араб-парсы тілінде жазылған
шығармаларды өз тілінде түсінікті етіп жырлауды мақсат етті.
М. Әуезов нәзира дәстүрі жайлы кең пікір айтып, төмендегідей анықтама
берген: “Көпке мәлім болған тарихи шындықтар бойынша, шығыста бір
классик жырлаған тақырыпты келесі буында тағы бір шығыс ақыны қайталап
әңгіме ететін, тың дастандар тудыратын дәстүр бар еді… Олар біреуінің
тақырыбын біреуі алуды заңды жол еткен. Тек алдыңғының өлеңін алмай және
көбінше алдыңғы айтқан оқиғалардың негізінде пайдаланса да, көп жерде өз
еркімен өзгертіп отырып, тыңнан жырлап шығатын болған. Бұлайша, әр
тақырыптың әр ақында қайталануы еш уақытта аударма деп танылуы керек
емес. Ол – өзінше бір қайта жырлау, тыңнан толғау немесе ақындық шабыт-
шалым сынасып, жырмен жарысу есепті бір салт еді. Шығыс поэзиясы бұл
салтты заңды деп біліп, осы дәуірде “нәзира”, “нәзирагөйлік” деп атау да
берген” [106,150 б.].
М. Мырзахметұлы “Абай және Шығыс” деген еңбегінде нәзира тәсілінің
ерекшеліктерін атап көрсетеді: “Нәзира сөзінің мағынасы арабша сұрақ-
жауап, жауап қайтару деген ұғымға келеді. Нәзира, нәзирагөйлік түркітілді
халықтардың жазба классикалық әдебиетінде орта ғасырларда-ақ көрініс
беріп, соңғы дәуірге дейін даму үстінде келе жатқан өміршең дәстүрлердің
бірінен саналады. Мұнда ақын өз жанына ұялап, қозғау салған асыл
мұраттарын, дәуір талабына орай беру жолында әдеби тәсіл ретінде
пайдалануға икемді, өтімді болуы себепті, шығыс поэзиясы тарихында ерекше
орын алған” [107,36-37 бб.].
Бұрыннан белгілі сюжеттерді жаңғырту, қайта жырлау дәстүрі біздің
дәуірімізге дейінгі екі мыңыншы жылдарда Ассирия-Вавилон әдебиетінде
болған көрінеді. Шумерлердің “Гильгамеш” жыры қайтадан жазу дәстүрінің
негізінде кейінгі ұрпақтарға жеткен екен. Нәзира дәстүрі – түркі топырағында
Құран сюжеттерінің кең таралуы арқылы көрініс тапқан.
А. Қыраубайқызы: “Шындығына келсек, нәзирагөйліктің алғашқы
бастаулары қазақ даласына исламның орнығу кезінде кіре бастады. Жалпы
исламдық мәдениет аясында кең тараған Құран сюжеттері, араб-парсы
поэзиясының түрі мен мазмұны ХІІІ-ХІV ғасырлардан бұрын да әдебиетімізде
көрінді. Бұл әсіресе Ясауи шәкірті Сүлеймен Бақырғани қиссаларынан көрініс
тапқан болатын (“Смағұл қиссасы”, “Ибраһим және оның шәһит ұлы”,
“Ғазіреті Ғали” т.б.), – [108,119 б.] деп зерделеді.
“Қисса”, “қисса-дастан” жанрының пайда болып дамуына Сүлеймен
Бақырғани шығармалары да ықпал етті. “Қисса” – сөзі араб тілінде әңгіме,
әңгімелесу деген мағына береді.
Зерттеушілер қазақ қисса-дастандарын түрліше жүйелеп жүр. Б.У.
Әзібаева қазақ дастандарын:
- ислам дінін уағыздайтын дастандар;
- ертегілік-аңыздық және ғашықтық дастандар;
-
шығыс
сюжетіне
жырланғанмен,
қазақтың
төл
туындыларындай болып кеткен дастандар [109,255 б.] деп үш топқа жүйелесе,
Ө.Күмісбаев:
- дидактикалық-лирикалық қисса-дастандар;
- діни бағыттағы дастандар;
- қиял-ғажайып, фантастикалық шығармалар;
- батырлықты, ерлікті жырлайтын дастандар [110,290 б.] деп
бөледі. А. Қыраубайқызы қазақ қисса-дастандарының мазмұнын:
- “Мың бір түн”, “Тотынама” желілері;
- діни сюжеттер желісі;
- “Шахнама” желілері;
- Орта Азиялық желілер [111,3 б.] деп топтайды.
Қазан қаласында 1901 жылы жарық көрген “Бақырғани кітабында” тоғыз
көлемді сюжетті дастан бар. Оның екеуі “Расул Миғражы”, “Исмайыл
қиссасы” Сүлеймен Бақырғанидікі делінген. “Жарты алма хикаясының”
авторы көрсетілмеген. Шәмсідиннің Мұхаммед пайғамбардың дүниеден өтуі,
қызы Фатиманың өмірмен қоштасар сәті, пайғамбар мен жетім бала туралы
және дүниенің өткінші екендігі жайлы төрт дастаны берілген. Үбайдулланың
пайғамбардың баласы Ибраһимнің Расулдың үмбеттері үшін өз жанын пида
еткендігі жайындағы дастаны да осында. Жинақ Хытаи сақы деген автордың
“Ахтым қиссасымен” аяқталады.
Бұл шығармалар Құран сюжеттері желілеріне құрылған. Кейіпкерлері –
Мұхаммед пайғамбар, Ибраһим пайғамбар, оның ұлы Исмайыл, Мұхаммед
пайғамбардың халифтері, сахабалары, әйелі Айша, қызы Фатима, күйеу
баласы Әзірет Әлі, жиендері Хасен, Хұсайын т.б.
Сүлеймен Бақырғанидың “Расул Миғражы” қиссасы Мұхаммед
пайғамбардың арабша ережеп айының 27-кешінде Алланың әмірімен көкке
көтерілген сапарына арналған. Бұл оқиға Құран-кәрімнің 17-Ісра сүресінде
айтылған. Мұхаммед пайғамбардың өмірі жайлы кітаптарда Миғраж сапары
үнемі баяндалады. Көптеген ақындар осы тақырыпта қисса-дастандар жазған.
С. Бақырғанидың ұстазы, Түркістанның пірі, Әзірет сұлтан Қожа Ахмет
Ясауидің хикметтерінің арасында “Миғраж хикаяты” енгізілген [112,105-110
бб.]. Аудармашы-ақын Әбдіраш Жәмішұлы бұл хикметті Өзбекстанның Ғафур
Ғулям атындағы Әдебиет және өнер баспасынан 1991 жылы шыққан нұсқадан
алып аударған. Хикметте Мұхаммедтің Алланың ықыласымен Жебірейіл
әкелген пыраққа мініп, көкке көтеріліп, Алла тағаладан үмбеттеріне қырық,
елу, алпыс, соңында жетпіс жасты қалағандығын баяндайды [113,208-211 бб.].
Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің қазақ тіліне аударылған басқа нұсқаларынан
бұл шығарманы кездестірмедік.
Сүлеймен Бақырғанидың көлемі он жеті шумақтан тұратын “Расул
Миғражы” атты қисса-дастанының басында Мұхаммедтің туысы болғанмен,
оған қарсы шыққан Әбужаһилдың ғайбат сөздері Расулдың көңілін
түсіргендігі айтылады. Кеште Хақ пәрменімен Жебірейіл періште ұжмақтан
пырақ әкеліп, Мұстафаны оятады. Пайғамбар пыраққа мінейін десе, тізгінін
алып қашады. Жебірейіл пыраққа әдепсіздік жасап күнәһар болмауын
ескертеді. Пырақ арасат күнінде де өзіне пайғамбардың мінуін өтініш етті.
Расул екеуі уағдаласты. Мұхаммед періштелердің қоршауымен көкке
көтеріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |