Пысықтау үшін сұрақтар 1.Грамматикалық категория деген не?
2.Грамматикалық категорияның қандай түрлері бар?
3.Қай сөз таптарының грамматикалық категориялары бар?
4.Лексика-грамматикалық категориялардың таза грамматикалық категориялардан айырмашылығы неде?
5.Таза грамматикалық категориялар қайсы?
6.Лексика-грамматикалық категориялар қайсы?
Әдебиеттер: К. Аханов. Грамматика теориясының негіздері. А.,1972. 133-151-беттер.
А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974.
19-24 -беттер.
С. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар. А.,1992. 48-58-беттер.
С.М. Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты. А.,1998. 53-64-беттер.
А.Ысқақов. Грамматикалық категория туралы.// Қазақстан мектебі. 1961. 39-41-б.
К. Аханов. Тіл білімінің негіздері. А.,1993. 338-358.
7. Н.М. Курманбаев. Происхождение грамматических категорий.А.,1981.12-52-б.
Y. Сөздің морфологиялық құрамы
Морфема туралы түсінік және сөздің морфемаға бөлінуі.
Морфеманың түрлері.
Түбір морфема. Түбірдің морфема болу мәні.
Қосымша морфема, оның түрлері.
Сабақтың мақсаты: Сөздің өзі морфологиялық жақтан грамматикалық мәні бар бөлшектерден тұратынын және ол бөлшектерді ң (морфемалардың) өзіндік семантикалық-грамматикалық сипаты болатынын, оған сәйкес жіктелетінін білу және сөзді морфологиялық құрамына қарай талдай алу.
Сөздің морфемалық құрамы Қандай да сөз болмасын негізінен белгілі бір дыбыстардың жиынтығынан тұратыны белгілі. Сөздің сыртқы қабыршағы - дыбыстар. Демек, сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек (единица) дыбыстар екен. Бірақ дыбыстар сөзді құрайтын ең кіші бөлшек бола тұра өздері жеке тұрып ешбір мағына, мән (лексикалық та, грамматикалық та) бере алмайды. Сондықтан дыбыстар, олардың жасалуы, қолданылу ерекшеліктері, сипаты т.б. соған байланысты толып жатқан зандылықтары фонетикада қаралады. Ал морфологияның объектісі болу үшін тілдік единица жоғарыда көрсетілгендей белгілі бір грамматикалық мағына білдіріп, сөйлеу процесінде (контексте) белгілі бір қызмет атқарып тұруы керек.
Сөздің қолдану негізінде қалыптасқан көбіне бір ғана лексикалық мағынасы болғанмен, сөйлеу процесінде сөз бір я бірнеше грамматикалық мағына білдіруі мүмкін. Олай болу сөздің сөйлеу процесінде қандай мәнде жұмсалуымен, басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу дәрежесімен, соның нәтижесінде көтеріп тұрған семантикалық – стильдік жүгімен және түрлі тұлғада жұмсалуымен байланысты. Мысалы:
Сүй-е-мін ту-ған тіл-ді ана-м тіл-і-н,
Бесік-те жат-қан-ым-да-ақ бер-ген біл-ім, (С.Т.) дегенді көрсетілген бөлшектерге бөлуге болады, өйткені олардың әрқайсысының контексте білдіретін грамматикалық мағыналары бар, сол жердегі тұрғысына байланысты белгілі қызмет атқарып тұр. Сүйемін деген сөзде бір лексикалық мағына бар, ол – нақтылы сүю қимылы, оны білдіріп тұрған сөздің сүй бөлшегі, ол – тілдің сөздік құрамына енетін жеке сөз, сөйлеу процесіне түсудің арқасында (лексикалық мағынаның жалпылануы арқасында) бұл сөзде қимылды білдіру сияқты жалпы яғни грамматикалық мағына қалыптасқан. Сөздің бұл бөлшегінде басқа да грамматикалық мағына бар, ол – сабақтылық мағына яғни бұл қимылдың тура объектіні талап етуі. Бұл мағынамен бірге осы сөздің басқа бөлшектері (сүй дегенге үстелген тұлғалар) сөзге түрлі грамматикалық мағына үстеп отыр: -е – қимылдың белгілі мезгілде болуын яғни шақтық (ауыспалы осы шақ және сөйлемнің модальдылық сипатын белгілеп тұр), - мін - қимылдың қандай субъект арқылы іске асуын яғни жақтық (1 жақ, жекеше) мағыналы білдіріп, өзі сол жалғанған сөзін (сүйе) предикаттық қатынаста, мен деген сөзбен байланыста жұмсалуға дәнекер болып тұр. Тілін деген сөзде де бір лексикалық мағына, нақтылы зат атауы бар, оны білдіріп тұрған - сөздің тіл деген негізгі бөлшегі, сөйтіп, грамматикалық тұрғыдан жалпы зат атауын білдіру мағынасы бар, Сонымен бірге бұл бөлшекке -і деген қосымша бөлшек қосылу арқылы тәуелдік мағына (жақтық мағына тағы бар) үстелген. Сөйтіп, барып бұл сөз осы -і бөлшегі арқылы анам сөзімен (ілік септіктің жасырын түрінің қатысуы арқылы: анам/ның/ тілі: байланысқа түсіп тұр. Ал -н бөлшегі сөзге тура объектілік мағына үстеп, оны сүйемін деген сөзбен байланыстырады және бұл сөздің (тілін) сөйлемде толықтауыш қызметін атқаруына негіз болады...
Сондай-ақ сүйемін, тілін... деген сөздер тілімізде осы түрлерінде ғана қолданылып қоймайды, олардың сүйікті, сүйкімді, сүйгіш, сүймей, сүйіп, тілге, тілші, тілдес... т.б. тәріздес әрі ортақ, әрі бөлек-бөлек тұлғалары бар. Сонымен бірге ортақ бөлшек арқылы білдіретін ортақ мағыналарымен қоса бөлек-бөлек бөлшектер үстейтін өзгеше де мағыналары бар.