Сонда мен көп еліктің бірімін ғой,
Сүйгеннің аузындағы жырымын ғой
(С. Торайғыров)
Жапанда бір гүл едім жеке біткен,
Қызықты дүниеден өмір күткен
(С. Торайғыров)
Жылансың екі басты ел жалмаған,
Қоймаймын не қылсаң да, айтар сөзім
(Жаяу Мұса)
Хан емессің, қасқырсың, қас албасты басқырсың...
Хан емессің, ылаңсың, қара шұбар жылансың
Хан емессің, аярсың, Айыр құйрық шаянсың!
Мен келелі қара бұлтпын,
Келе жаумай ашылман.
Қарсыласқан дұшпанға
Найзағай мен жасылмын
(Махамбет)
Нұрысың сен дүниенің алып тұрған
Күйігің сенің мені зарықтырған
(„Дариға" халық әні)
Сен жаралы жолбарыс ең, мен киіктің лағы ем (Абай)
Кейде 1-2-жақ жіктік жалғаулары тіпті түсіп қалып та қолданылады:
Мен көмір де, сен темір, Еріткелі келгемін...
Сен қабылан да, мен арыстан, Алысқалы келгемін
(Қазбек шешен).
Сіз - бір сұңқар шаһбаз (А). Біз - қырғауыл,
Сіз - тұйғын, Тояттай бер кел де алып (А). Сіз - жалын шоқ, біз-бір май (А).
Ардақжан, сен ақ сұңқар бақшадағы, Біреудің мәпелеген ақ тамағы (Әсет ақын).
Сіз дария болғанда, мен қоңыр қаз, Баурым төсеп бетінде қалқымдым-ай ("Шилі өзен" әні.)
Бейіштің гүл жамылған сарайында Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл ("Қара торғай" әні.)
Сіз асыл тас, қалқатай, сағаттағы, Көңілімді сүйген жар табаттағы ("Ахау керім" әні). Ой, Ардақ, сен ақ қоян секеңдеген ("Ардақ") т.б.
Соңғы мысалдарда өлең сөздің ерекшелігіне байланысты, әр жолда буын санының сәйкестігіне, ұйқасқа қарай және стильдік экспрессиялық мақсатқа сәйкес 2-жақтың жіктік жалғаулары қолданылмаған, түсіп қалған, бірақ оның қай жақта тұрғандығы мәтінде қолданылған қимыл, іс-әрекеттің, заттың иесі субъектіні білдіріп тұрған 1-2-жақтағы жіктеу есімдіктерінен анық байқалады: мен көмір-мен көмір-мін, сен темір - сен темір-сің, сен қабылан -сен қабылан-сың, мен арыстан-мен арыстан-мын, сіз сұңқарсыз, біз қырғауылмыз, сіз тұйғынсыз, сіз шоқсыз, біз маймыз, сен ақ сұңқар және біреудің ақ тамағы - сен ақ сұңқар -сың және біреудің ақ тамағы-сың, мен қоңыр қаз- мен қоңыр қаз-бын, сен бір бұлбұл - сен бір бұлбұл-сың, сіз асыл тас - сіз асыл тас-сыз, сен ақ қоян - сен ақ қоян-сың. Ал зат есімнің көмекші етістікпен (көбіне е көмекші етістігі) тіркесіп жұмсалуы бұл сияқты қолданысқа шақтық мән (әсіресе өткен шақ) береді, жіктік жалғау әдеттегідей көмекші етістікке жалғанады: (мен) гүл едім, сен жолбарыс ең (едің), мен киіктің лағы ем (едім) т.б.
Бұл сияқты өлең сөзде, әсіресе ауыз әдебиеті дәстүріндегі поэзияда, ақындар айтысында айтушы (автор я кейіпкер) өзін және тыңдаушысын (қарсыласын) белгілі бір қасиеті я сапасы жағынан сай келетін я айтушы тұрғысынан сай болып саналатын жанды я жансыз (адамнан басқа) заттарға балау, сөйтіп, бір жағынан, оны субъектінің предикаты ету, екінші жағынан, сол арқылы әсем де әсерлі, бейнелі ой, экспрессиялық мән білдіру жиі кездесіп отырады. Мысалдағы (сүйгеннің аузындағы) жырымын ғой - мен өліп қалсам да, өзімнің іс-әрекетім, сезімім т.б. арқылы сүйгеннің қол созған арманы, әмән айтып жүретін, жырлап жүретін адамымын, (мен) жапанда жеке біткен бір гүл едім - өмірге құштар, жұрттан көмек күткен, қолдаушысы жоқ өте нәзік адам едім, (сен) екі басты жылансың жұртқа жақсылығы жоқ, обыр, озбыр, жауыз адамсың (Махамбеттегі қара шұбар жылансың деген де осыған жақын мәнде қолданылған), (сен) қасқырсың, ылаңсың деген де осыған жақын мәнде қолданылған), (сен) қасқырсың, ылаңсың, жылансың, аярсың, шаянсың дегендер де Жәңгірханның озбыр, адамдық қасиеттен ада, қатыгез, айлалы мінездерін көрсету үшін қолданылған; мен келелі қара бұлтпын - айбарлы, ашулы, кек алатын адаммын, мен найзағай (мын), жасылмын (жай түсу) - сол айбарлы, кекшіл мінезді, бір сәтте іске асыратын қуаты бар, мерт ететін жанмын (өте бір ерекше экспрессия) т.б. Әдетте айтушы өзі мен тыңдаушысын (қарсыласын) қарсы қойып, шендестіре суреттегенде, сол зат білдіретін ұғымның барлық қасиеті емес, жеке бір қасиеттерін ғана есепке алатын сияқты: сен бұзау терісі шөншіксің - әрі кіші, әрі жұқа, әрі осал, мен өгіз терісі талыспын - әрі үлкен, әрі қалың, әрі мықты: сен жаралы жолбарыс ең өмірден опық жеген яғни жаралы, айбарлы сойқан күші бар жансың, мен киіктің лағы ем -басында еркі жоқ, тағдыры жұрттың қолында, нәзік жаратылған жанмын; мен - көмір қызуы күшті, көрінгенді ерітіп жіберетін жанмын, сен темір - өте мықты, берік, бірақ көмір қызғанда балқып кететін жансың; сен қабылан - дүлей күштің иесі жансың, мен арыстан одан да асқан күші бар адаммын т.б.
Ал баяндауыш қызметіндегі сөз 3-жақта жұмсалғанда яғни жіктелудің 3-жағында тұрғанда, біріншіден, грамматикалық тұлға (форма) ретінде арнайы қосымша (жіктік жалғау болмайды, бұл - нөлдік форма деп аталады, яғни жіктік жалғаудың арнаулы көрсеткіші - тұлғасы болмаса да, 3-жақтық грамматикалық мағына бар) болмайды, екіншіден, предикат (баяндауыш) 1-2 -жақтардағы секілді міндетті түрде адамға байланысты сөз болмай, кез келген заттық (адамға байланысты болуы тіпті де міндетті емес) ұғымды немесе соның (заттық ұғымның) сандық, сан-мөлшерлік т.б. сипатын білдіретін сөз болып, оның иесі субъекті де, яғни ол, 1-2-жақтардағыдай (яғни мен, біз, сен, сіз, сендер, сіздер, тек адамға байланысты, өйткені сөйлеу, ой жеткізу, пікір айту және соларды тыңдау, тыңдату, соған қаратылу тек қана адамға қатысты, адамға байланысты сипат) тек адамға қатысты ғана емес, кез келген атауы, бөгде зат ұғымы болып та келеді. Сондықтан да субъектілік-предикаттық қатынаста 3-жақта жіктелу арқылы қолданылған сөз байланыстарының табиғаты ерекше. Өйткені ондай қолданыстағы яғни баяндауыш қызметін атқарып, 3-жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасында тұрған сөз әр уақытта 1-2-жақтарда яғни, жіктік жалғаудың 1-2-жақ грамматикалық көрсеткіштерін жалғап жұмсалмайды. Жіктік жалғау белгілі қызметтегі (баяндауыш қызметіндегі) сөздердің парадигмалық түрлену жүйесі болса да, адамнан басқа заттарға байланысты жоғарыда көрсетілген қолданыстардан басқа жағдайларда олардың семантикалық (мағыналық) сәйкестігіне қарай 1-2-жақтарда жіктелмейді. Бірнеше мысал: Екеуінің де көңіл түбіндегі бір жұбаныш - Кәлен. Және Қоңырат, Үшсай, Үйреніш - Кәленнің мұнан бұрын да талай болған, жалғыз жортқан жерлері (Ә.Нүрпейісов). Тәкен де алысты болжап отырған сияқты. Сонда теріс - кім? Талас неден шықты (Ғ.Мұстафин). Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы. Ғашықтың тілі-тілсіз тіл (Абай). Ар жазасы - бар жазадан ауыр жаза (М.Әуезов). Көп оқу - білім алудың негізгі шарты (С.Мұқанов). Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік (Абай). Жан болып өз тіршілігімде сүйгенім - ән (Ғ.Мүсірепов). Адасқанның алды-жөн, арты-соқпақ (Абай). Біздің алдымызда тұрған ең жауапты міндет - қысқы жемшөптің мол қорын жасау («СҚң газеті). Бақыт - өз еңбегінің жемісін өз көзімен көру (В.Катаев). Мысалдағы: бір жұбаныш - Кәлен, яғни ол - Кәлен, 1-2-жақтарда мен Кәленмін, сен Кәленсің, сіз Кәленсіз болып жіктеле алады, бұл сөз жіктік жалғаудың үш жағында да қолданыла алады, өйткені Кәлен деген сөз адамға байланысты сөз, адамның аты, ал Қоңырат, Үшсай, Үйреніш - Кәленнің ыстық жерлері яғни ол не олар Кәленнің жерлері, бірақ мен жерімін я жерлерімін, сен жерісің, я жерлерісің т.б. болып 1-2-жақтарда жіктелмейді және қолданылмайды, өйткені жер - жансыз зат, теріс-кім? яғни ол - кім? сондай-ақ Мен кіммін? Сен кімсің? Сіз кімсіз т.б. болып жұмсала алады. Патша сөзі адамға байланысты болғанмен, бұл жерде (сөздің патшасы) тақта отыратын ел билеуші адам емес, ең жоғарғы көрсеткіш, үтымды сөз мағынасында қолданылған, сондықтан да мен сөздің патшасымын, сен сөздің патшасысың және мен сөз сарасымын, сөз сарасысыз болып жұмсалмайды. Ғашықтың тілі яғни ол - тілсіз тіл, ар жазасы яғни ол -ауыр жаза, көп оқу яғни ол білім алудың негізгі шарты, баланың жақсысы яғни ол - қызық, жаманы - яғни ол күйік, сүйгенім яғни ол-ән, адасқанның алды яғни ол - жөн, арты яғни ол - соқпақ, бірақ мен тілмін де емес, тілсің де емес, мен жазамын да емес, сіз жазасыз да емес (әрине, жазу етістігі де емес), мен шарты да емес сен шарты да емес, мен әнмін де емес, сен әнсің де емес т.б. Сондықтан да болса керек, грамматикалар мен жеке зерттеулерде баяндауыш қызметіндегі зат есім жіктік жалғаудың 3-жағында (нөлдік формада) тұр делінбей, ол атау септік тұлғасында тұрған сөз деп уағыздалады.
Айта кету керек, жеке сөздің, зат атауының 3-жақты білдіруі бар да, оның үшінші жақ жалғауда тұруы бар, ол екеуі-екі бөлек нәрсе. Мысалы, кез келген зат есім грамматикалық мағынасы жағынан 3-жақты білдіреді: тау, адам, үй т.б. Сондықтан да бұл сөздердің орнына ол деген 3-жақ жіктік есімдігін қолдануға болады, ал баяндауыш қызметінде мынау- тау, ол - адам, алыстан көрінген - үй т.б. қолданыста бұлар жіктік жалғаудың 3-жақ тұлғасында жұмсалған, өйткені мен асқар таумын, сен адамсың т.б. болып мағыналық жағынан 3-жақты білдіретін сөздер 1-2-жақ жіктік жалғауында қолданыла береді. Зат есім, әсіресе сын есім мен сан есім тіпті қимыл есімі (тұйық етістік) баяндауыш қызметінде жұмсалғанда, еш уақытта атау септік тұлғасында (грамматикалық формада) тұрмайды. Жоғарыда септік категориясына байланысты талданғандай, атау септік тұлғалы сөз грамматикалық мағынасы жағынан субстанттық, иелік, грамматикалық қызметі жағынан сөйлемнің бастауышы (грамматикалық субъект) мәнінде қолданылатыны белгілі. Сондықтан да басқа сөз таптары атау септік тұлғасында яғни сөйлемде бастауыш қызметінде жұмсалғанда, көрініп тұрған, ешбір сыртқы формасы болмаса да (бұл жерде нөльдік форма) заттанып қолданылады: бітер істің басына жақсы келер қасына (Мақал), көрмес түйені де көрмес (Мақал) т.б. дегендерде жақсы, көрмес деген сөздер сын есім мен есімше атау септік тұлғасында тұру арқылы әрі бастауыш қызметінде, әрі заттанып субстантивтеніп жақсы адам,
Достарыңызбен бөлісу: |