Септік жалғауларын грамматикалық және көлемдік септіктерге бөлудің мәні Түркологияда септік жүйесін грамматикалық және көлемдік септіктер деп бөлу тәжірибесі бар. Оның неге сүйенетініне және ғылыми негізінің қандай екеніне назар аудармасқа болмайды.
Қазіргі қазақ тіліндегі септік жалғау жүйесі, жоғарыда көрсетілгендей, негізінен алғанда, бір жағынан, басқа да қазіргі түркі тілдеріндегі, екінші көне түркі тіліндегі септік жалғау жүйесімен бірсыдырғы сәйкес келетіндігі заңды құбылыс. Өйткені олардың төркіні, қалыптасу кезеңдері, сипаты көбіне ортақ болып келеді. Атап айтқанда, қазіргі түркі тілдерінің көпшілігінде атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс септік жалғауларының сыртқы тұлғалары да, білдіретін мағыналары мен қызметтері де негізінен ұқсас болып келеді. (ИСГТЯ, 45-50). Бұның өзі тіліміздегі септік жалғау жүйесі өте ерте кезде қалыптасып, оның сөз түрлендіру, парадигмалық сипаты, тұлғалық түрлері, әрқайсысының мағыналық шеңбері, сөйлемде атқаратын қызметі мен сөздер арасындағы грамматикалық қарым-қатынастары тұрақталып, кейін жекелеген түркі тілдерінде үлкен өзгеріске түспей енгендігін байқатады. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ тілінің өзіндік үлкен бір ерекшелігі көмектес септігі болып табылады, өйткені басқа түркі тілдерінде көмектес септік жалғаудың мағынасы көбіне септеулік шылау арқылы беріледі. Қазақ тіліндегі көмектес септік тұлғасы (-мен, -бен, -пен) да септеулік шылаудан қалыптасқан: бірлән, білән-бінән, мінән, бынан, мынан-менен, бенен, пенен-мен, бен, пен. Сыртқы тұлғасы жағынан бұл мен, бен, пен деген жалғаулық шылауға ұқсас болғанмен, одан жасалмаған. Бәлкім, жалғаулық шылау мен септеулік төркіндес болып, бір сөзден тарап, бөлек-бөлек қалыптасып, дамуы мүмкін. Сөйтіп, көмектес септік жалғауы кейін ғана қалыптасып, септік жалғау жүйесіне өте кеш енді. Оның бұл ерекшелігін көмектес септік жалғауының сырт тұлғасы да аңғартады: біріншіден, сингармонизм заңына бағынбайды, жалғаулардың жуан буынды нұсқасы жоқ, екіншіден, дыбыс үндестігіне қарай нұсқалануы да ерекше, басқа септік жалғаулар тұлғасы н, д, т (барыста р,к, шығыста тек д, т) дыбыстарынан басталатын қосымшалар болса, көмектес септік жалғауы ол жүйеден мүлде бөлек, м, б, п -мен, -бен, -пен дыбыстарынан басталатын нұсқалы қосымшалар. Көмектес септіктің осындай ерекшеліктері жіктеу, сілтеу есімдіктерінің септелуінен де көрінеді; көмектес септік жалғауы тікелей түбірге жалғанбайды: мен - мені-мен (менмен емес), сен - се-ні-мен (сенмен емес), ол - о-ны-мен (ол мен емес) т.б. Бұл жердегі түбір мен көмектес септік жалғауының арасындағы -ны, -ні тұлғасы ілік септік жалғауының қалдығы екені белгілі: Менімен -менің, мен-менің бәлән т.б. Бұның өзі септеулік шылау, кейін одан қалыптасқан көмектес септік жалғауы сөздің түбіріне ғана емес, ілік септік тұлғасына жалғанған болу керек деген тұжырым тудырады.
Септік жалғаулардың басқа да ерекшеліктерін аңғару үшін, олардың мына схемасына назар аударайық.