С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет67/97
Дата27.09.2023
өлшемі1,93 Mb.
#110901
түріОқулық
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   97
Байланысты:
Исаев учеб

Н.Оралбаева аналитикалық етістікті немесе етістіктің аналитикалық форманттарын зерттей келе, апалитика-
лық етістікке көсемше, есімше, шартты райлы негізгі етістік пен тек грамматикалық мән білдіретін көмекші етістіктен құралған единицаларды жатқызыды да, күрделі етістік деп күрделі сөздің баламасы ретінде түсініп, екі етістіктің де өзінің лексикалық мағынасын сақтап, сырттай етістіктің аналитикалық формантына (көсемше, есімше тұлғалы негізгі етістік пен көмекші етістіктен тұратын) ұқсас болғанмен бірінші сыңары көсемше формалы негізгі етістікпен екінші сыңары көмекші етістік болмайтын лексикалық мағынасын сақтайтын сөзден тұратын күрделі тілдік единицаны күрделі етістік деп таниды: „Күрделі етістіктің жасалуына оның жеке сыңарлары бірдей қатысады. Бұлардың да қүрамындағы сыңарлары-толық мағыналы етістіктер. Күрделі етістіктер оның құрамындағы жеке сыңарларының мағынасының жиынтығынан жасалған бір күрделі қимылды білдіреді. Күрделі етістіктің құрамындағы жеке сыңарлары күрделі қимылдың белгілі бөлімін білдіреді деуге болады. Әдетте күрделі етістіктің бірінші сыңары күрделі қимылдың алғашқы бөлімін, екінші сыңары оның соңғы бөлімін білдіреді. Мысалы, барып кел күрделі бір қимылды білдірсе, ол қимыл екі бөлімнен тұрады, яғни алдымен бару қимылы жасалады, іле-шала келу қимылы жасалады, бұл – бір кеңістікте екі бағытта жасалатын бір қимылдың кесінділері" (О. -ҚҚАФ, 56-57).
Сонымен бірге автордың етістіктің аналитикалық форманттарының қатарына негізгі етістік жоқ құрамды (дұрысында есімшенің -ған, -ген -қаи, -кен және жоқ құрамды болу керек (-И.С.) тіркесте енгізіледі. Осы топтағы жоқ сөзі есім негізді. Бірақ қазір жоқ формантында есім мағынасы жоқ. Жоқ форманты қимылдың жасалмағанын білдіреді. Бұл мағына етістіктің негізгі мағыналарына жатады. Одан жоқ формантында жоқ сөзінің мағынасы өзгергені (?) көрінеді, ол мағынасының өзгеруі ғана оған етістік көрсеткішін қосып тұр", деген пікірмен (О.ҚТАФ, 23) келісу қиын-ақ. Себебі, біріншіден, жоқ сөзі модаль сөз (шартты түрде есім негізді деген етістік емес деген мәнде болар) заттың, қимыл, іс-әрекеттің т.б. жоқ екенін білдіреді. Бұл – оның (жоқ сөзінің) кейінгі ауыс мағынасы емес, негізгі білдіретін мәні. Екіншіден, бұл жерде, яғни жоқ тіркесінде, жоқ сөзінің мағынасы өзгерген дегенді дәлелдеу қажет. Тіпті есім (еліктеуіш) сөз бен көмекші етістіктің тіркесі арқылы жасалған туындылар бұл топқа енбей отыр ғой. Сонда етістіктің аналитикалық форман-
тына көсемше (-ғалы, -гелі, -қалы, -келі тұлғасынан басқа) есімше, шартты рай, -ға тұлғасы қалау рай формалы негізгі етістіктерге және қалып етістіктеріне белгілі көмекші етістіктер тіркесі жатады және етістіктің әр түрлі грамматикалық категориясының көрсеткіштері болып саналады да, оның жетпістен аса үлгісі мен түрі беріледі (О. -ҚҚАФ, 30).
Біздің байқауымызша, И.Мамановтың пікірі күрделі етістіктің табиғатын дұрысырақ ашатын сияқты. Кейде әңгіме атауында болғанымен, тілдік құбылыстың атауы мәніне сай келгені абзал. Күрделі етістік деген ұғым бірден күрделі сөз немесе күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім, күрделі үстеу т.б. деген сияқты бірнеше сөзден (көп компонентті) туатын сөз табы тәрізді ұғым білдірсе де, етістіктің ерекше сөз табы екенін ескеріп, ерекше мәндегі термин, грамматикалық қана мәндегі термин ретінде қолдануға болады. Өйткені етістіктің аналитикалық форманты деген термин жалпы кең мағынада емес, етістіктің ерекше бір түрі, категориялық сипаты бар түрі, деген ұғымды бере алмайтын сияқты. Ол жоғарыда көрсетілген етістіктің ерекше грамматикалық формалары (тұйық етістік, есімше, көсемше) сияқты шеңберде қалып қояды, ал бұлардың (етістіктің аналитикалық форманттары деп аталатын түрінің) категориялық сипаты, жүйелік қасиеті, өз ішінен бірнеше және әр түрлі грамматикалық категорияларға бөліну мүмкіндігі аты аталған зерттеушілердің еңбектерінде анық көрсетіліп отырған. Сөз жоқ, есім (модаль) сөз бен көмекші етістік, тұрақты, идиомдық тіркестен жасалған етістіктердің табиғаты өзгеше, құранды етістік десе де, тіркесті түбір етістік десе де келе береді. Ал модаль мәнді тіркескен түбір етістіктердің (әр түрлі тұлғада негізгі етістікпен болар, болмайды, көрінеді, жарайды, ұқсайды, білем, шығар, тиіс, мүмкін, керек, қажет, жоқ, сияқты, тәрізді, секілді т.б. модаль сөздерден құралған) жөні бұлардан да бөлек.
Сондықтан да етістік құрамындағы бұндай тілдік единицаны күрделі етістік деген атаумен қалдыруды жөн көрдік. Н.Оралбаева етістіктің аналитикалық форманттары, яғни бізше күрделі етістіктер қимылдың өту сипаты категориясының, модаль мағыналы етістіктердің, рай категориясының ашық райдың, бұйрық райдың, қалау райдың, шартты райдың, болымсыздық категориясының грамматикалық көрсеткіштері болатынын талдап көрсетеді (О. -ҚҚАФ 71-136). „Сөздің аналитикалық формасын жасаушы аналитикалық форманттар – етістіктің грамматикалық көрсеткіші. Олар арқылы жасалған аналитикалық формалы етістіктер де сол категорияның парадигмасына енеді" (О. -ҚҚАФ 16). Ал И.Маманов күрделі етістіктерді құрамындағы негізгі етістіктердің мағынасына қарай І) кесімді күрделі етістік, 2) босаң күрделі етістік, 3) бейімдік күрделі етістік, 4) қалау мәнді күрделі етістік деп төртке бөледі де, күрделі етістіктің өз ішінен сипат категориясын оның сипат грамматикалық категориясының созылыңқы және аяқталған сипат түрлерін бөліп береді. Және күрделі етістік деген ұғымның ішіне Н.Оралбаеваның етістіктің аналитикалық форманттары түгел енбей, негізгі етістіктің көсемшелі тұлғасы мен көмекші етістік тіркесінен құралған етістіктер мен көмекші етістік қызметіндегі етістіктің лексикалық мағынасынан айрылып қалмаған, яғни -ып, -іп, -п, -а, -е, -й көсемше тұлғасы етістік пен лексикалық мағынасын сақтап қалған етістік тіркесінен құралған етістіктер, Н.Оралбаеваның көрсетуінше, күрделі етістіктерге (қуып кетті, алып шықты, сұрап алды, барып кел, сөйлей отыр, біле жүр т.б.) жатады да есімше тұлғасы етістікке кейбір көмекші етістік пен модаль сөздер, әсіресе жоқ, тіркескен лексемалар күрделі етістікке жатпайды деп көрсетеді (М.И. -ҚҚТ, 61-62, 63-78; ҚҚТ, 155-162).
Сөйтіп, күрделі етістік деген ұғымға негізгі етістік пен көмекші (лексикалық мағынасынан айрылған) етістіктің тіркесі және етістіктің белгілі грамматикалық категориясының көрсеткіші бола алатын түрі ғана жатады деп білеміз. Негізгі етістік көбіне көсемше, есімше және рай (шартты, қалау) тұлғаларында болып, көмекші етістік етістіктің таза грамматикалық категориясының бірінде (рай, шақ) тұрып қолданылады да, негізгі етістікке әр түрлі грамматикалық мағына үстейді.
Күрделі етістіктерді құрауда көмекші етістіктердің маңызы ерекше. Көмекші етістік деп лексикалық мағынасынан айрылып (кейде бүтіндей, кейде жартылай), негізгі етістікке әр түрлі грамматикалық мағына үстеп, негізгі етістікпен қосылып оның грамматикалық сипатын (мәнін, қызметін, түрленуін) білдіретін етістікті айтамыз. Демек, ең алдымен, көмекші етістік лексикалық мағынасынан айрылған, екіншіден, негізгі етістікпен тіркесіп (қосылып) бір мәнде, сөз ретінде қолданылатын, үшіншіден, негізгі етістікке қосымша мән үстеп, оның грамматикалық сипатын айқындайтын етістік екен.
Қазақ тілінде етістіктің көпшілігі, бір жағынан, нақтылы бір қимыл, іс-әрекетті білдіріп, яғни лексикалық мағынасы болып, негізгі етістік мәнінде, екінші жағынан, басқа бір негізгі етістіктің жетегінде келіп, лексикалық мағынасынан айрылып, көмекші етістік мәнінде қолданыла береді. Мысалы, отырып қалды, бастап қойды, жатып алды, сайрай жөнелді, бере қойды, және қалыл қойды, қайтып ала бастады, келіп жатты, айтып берді, жөнеліп жатты т.б. отырып (қалды.) бастап (қойды), жатып (алды), сайрай (жөнелді) дегендер негізгі етістіктер, негізгі қимылды осы тіркестердің семантикасы білдіріп тұр да, жақша ішінде берілген қолды, алды, жөнелді дегендер – лексикалық мағынасынан айырылған көмекші етістіктер, негізгі етістіктің грамматикалық сипатын білдіріп тұр; екінші бөлегіндегі қалып (қойды), айтып (қойды), ала (бастады), келіп (жатты), айтып (берді); жөнеліп (жатты) дегендер негізгі етістіктер де жақша ішіндегілер (қойды, қалды, бастады, жатты, берді, жатты) – көмекші етістіктер. Осыдан анық көрінетіндей (отыру, қалу, бастау, қою, жату, алу, жөнелу, беру, қайту т.б.) бірде негізгі етістік, бірде көмекші етістік мәнінде қолданылған.
Тілімізде төрт етістік е, ет, де, жазда тек қана көмекшілік мәнде, лексикалық мағынасы болмай қолданылады, сондықтан мәнсіз көмекші етістік деп бөлінеді де, қалғандары әрі негізгі етістік мағынасы сақталып) әрі көмекші етістік (лексикалық мағынасынан айрылған) мәнінде қолданылғандықтан, олар мәнді көмекші етістік деп бөлінеді (ҚҚТ, 155-156, М.И. - ҚҚІ 56-58) Ал А.Ысқақовтың жіктеуі бөлектеу. Әрі негізгі етістік (лексикалық мағынасын сақтап), әрі көмекші етістік (лексикалық мағынасынан айрылған) мәнінде қолданыла алатын көмекші етістіктерді толымды көмекші етістік деп, лексикалық мағынасынан бүтіндей айрылған, түбір күйінде еш мән бермейтін, тек еді, екен, емес тұлғаларында қолданылатын көмекші етістігін толымсыз көмекші етістік деп атайды. Ал ет көмекші етістігін бол, қыл, көмекші етістіктерімен бір қарайды. Бұл үш етістік әрі жетекші (?), әрі көмекші болып қызмет атқарады" ,,... бол, ет, қыл (істе) етістіктерінің көмекшілік қызметі өзге көмекші етістіктерден басқаша, демек, бұлардың ең негізгі және басты қызметі – есімдерден құрамды етістіктер тудыру. Олардың бұл "мамандығын" өзге көмекшілер атқара алмайды. „Бол", „ет", „қыл" етістіктерінің жәрдемімен жасалған құранды етістіктердің соңғы компоненті түрленіп, саралама, суреттеме етістіктер жасалумен қатар (қызмет ете көріңіз, қызмет көрсетсе екен т.б.) лексикаланған идиомаланған тұрақты етістіктер боп қалыптасқан. „Сондай-ақ жазда көмекші етістігінің айрықша ерекшелігі бар екенін көрсетеді "Жазда етістігі – қазіргі кезде лексикалық мағынасы толық емес, шалағай сөз. Жазда етістігі мағына жағынан толымсыз е (еді, екен) көмекші етістігіне ұқсас, бірақ түрленуі, функциясы жақтарынан оған ұқсамайды. Өйткені бұл көмекші өзге етістіктерге жалғанатын парадигмалық формалардың бәрін де қабылдай береді және көсемшенің -й (-а, -е,) формасымен тіркесіп, аналитикалық формант жазда құрайды. Бұл сипаттары жағынан жазда толымды көмекші етістіктерге ұқсас және қызметі жөнінен де олардың бірде-біреуінен кем түспейді". Сондай-ақ де етістігінің де өзіндік ерекшеліктері көрсетіледі |ЫА -ҚҚТ, 262-264, 277-284). Ал бұлардың үстіне модаль мәнді болып келетін тіркесті түбір етістіктер, әсіресе негізгі етістіктер мен көмекшілік мәндегі модаль сөздер (болмайды, болар, білем, шығар, көрінеді, жарайды, ұқсайды, тиіс, тиісті, мүмкін,. керек, қажет, жоқ, сияқты, тәрізді т.б.) тіркесінен құралған тілдік единицалардың табиғаты, лексика-грамматикалық сипаты ашылды деуге болмайды: айтуға болмайды, айтып болмайды, айтушы болма, айтқан болды, айтатын шығар, айтқан шығар, айтпақ шығар, айтқан білем, айтпақ білем, айтқан көрінеді, айтатын көрінеді, айтуға жарамайды, айтуға тиіс, айтуы тиіс (керек, мүмкін, қажет), айтуға тиістімін, келген (келетін) сияқты (тәрізді), айтуға (айтатынға) ұқсайды т.б.
Демек, күрделі етістік, етістіктердің аналитикалық форманттары арнайы зерттелгенмен, бұл салада даулы мәселе жоқ емес екенін көреміз.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет