С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет68/97
Дата27.09.2023
өлшемі1,93 Mb.
#110901
түріОқулық
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   97
Байланысты:
Исаев учеб

Пысықтау үшін сұрақтар
1.Етістіктің лексика-грамматикалық сипаты қандай?
2.Етістік түбірдің қандай түрлері бар?
3.Етістік түбіріне тән белгілер қандай?
4.Көмекші етістіктер, олардың түрлері.
5.Күрделі етістіктер мен аналитикалық етістіктердің айырмашылығы неде?
6.Қалып етістіктерінің ерекшелігі неде?
Әдебиеттер:

  1. Қазақ тілінің грамматикасы. І.Морфология. А.,1967. 124-164- беттер.

  2. А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. А.,1974. 233-252-беттер.

  3. Исследования по сравнительной грамматике тюркских

языков, морфология. М.,1956.

  1. Ы. Маманов. Қазіргі қазақ тілі. А.,1966. 3-79-б.

  2. С. Исаев. Қазақ тіліндегі етістік түбірдің ерекшеліктері. //Қазақстан мектебі. 1987, 10

  3. Н. Оралбаева. Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары. А.,1975. 136-б.

  4. А. Хасенова. Қазақ тіліндегі етістіктің лексика-грамматикалық атауы. А.,1971. 11-76-б.

  5. М. Оразов. Қазақ тіліндегі қалып етістіктері. А.,1980. 176-б.

  6. Н. Оралбаева. Етістіктердің жіктелуі. Қазақстан мектебі. 1963. №2.



ХХ. Етістіктің лексика-грамматикалық категориялары


  1. Етістік категорияларының ерекшеліктері.

  2. Салт етістік пен сабақты етістік. Салт етістіктің сабақтыға, сабақты етістіктің салтқа айналуы.

  3. Етіс категориясы, мағыналық және тұлғалық сипаты.

а)негізгі етіс проблемасы.
ә)етіс түрлерінің мағыналық ерекшеліктері
мен жасалуы: өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз
етіс, ортақ етіс.
4. Болымсыз етістік.


Сабақтың мақсаты
Етістік категорияларының (тек білдіретін мағыналарына қарай ғана емес, тұлғалық, түрлену ерекшеліктеріне де қарай) ерекшеліктерін меңгере отырып, онын лексика-грамматикалық категориялары мен түрлерін (салт-сабақты, етіс, болымсыз етістік), әрқайсысының өзіне тән грамматикалық сипатын талдап, ажырата білу.

Етістік, жоғарыда көрсетілгендей, семантикалық мәні айқын болса да, грамматикалық сипаты сан салалы, түрлену тұлғалары әр алуан сөз табы. Басқа сөз таптарындағыдай морфологиялық құрамына қарай түбір (мейлі негізгі, мейлі туынды я күрделі түбір түрлерінде) және әр түрлі грамматикалық түр-тұлғаларға бөліну етістікке де тән. Бірақ етістік түбір тұлғада сөздің лексикалық мағынасын және лексикалық мағынаның жалпыланып, абстракциялануы нәтижесінде қалыптасып, туады, жалпы грамматикалық мағынаны білдіргенмен, сол күйінде сөйлеу процесінде басқа сөздермен тікелей синтаксистік қарым-қатынасқа түсе алмайды, сондықтан да етістік сөйлемде түбір күйінде қолданылмайды (М. -ҚҚТ, 8, 65).


Айталық, сын есім, сан есім, есімдік, үстеу көбіне сөйлемде түрленбей-ақ, ешбір грамматикалық тұлғалар үстемей-ақ түбір күйінде қолданылып отырады. Тіпті зат есім де түбір тұлғада екінші бір зат есіммен тіркесіп, анықтауыштық қатынаста (темір күрек, қабырға сағат т.б.) немесе кейбір шылаулармен ғана (мысалы, радио арқылы тыңдады, бала туралы әңгіме болды, қала сайын үй салынды т.б. тәрізді) тіркесіп, әр түрлі синтаксистік қатынаста жұмсала алады. Әрине, зат есімнің атау тұлғада сөйлемнің бастауыш қызметінде және 3-жақта баяндауыш қызметінде немесе ілік, табыс септіктердің түсіп қалып, сыртқы түрі жағынан, жоғарыда көрсетілгендей, түбірге ұқсас тұлғада қолданылуының сыры бүтіндей өзгеше (Қара: И. ЕИП, 33-43; О.Б.-ТАС, В.Г. -ОНП, 36-40). Ал, тыңда, дала, Жамбылды тәрізді сөйлемдегі тыңда деген етістіктің (туынды) түбірі тыңда екені белгілі, бірақ бұл екі тыңда (сөйлемдегі тыңда мен оның түбірі тыңда) бір емес. Бұл сөйлемде етістік түбір тұлғасында емес, бұйрық райдың жекеше, анайы, 2-жақ тұлғасында (сен тыңда) жұмсалған. Ал етістіктің түбіріне тән, бірінші лексикалық мағына – нақтылы тыңдау қимылы, екінші, соның негізінде қалыптасқан абстракциялануы, жалпылануы негізінде пайда болған жалпы грамматикалық мағынасы – жалпы қимылды білдіру мағынасы сөздің лексикалық мағынасы өзгеріп кетпей, яғни басқа бір жаңа сөз жасалмай, сол сөзге неше түрлі грамматикалық тұлғалар жалғанып, соның нәтижесінде оларға сәйкес грамматикалық мағыналар үстелсе де, сақталып отырады.
Мысалы, тыңдасам, тыңдатқызбайды, т.б. сөз бен сөз тұлғаларында жалпы тыңдау қимылы сақталған да, керісінше бұйрықтық, екінші жақтық, анайылық мағына жоқ. Сондай-ақ тыңда деген түбірге бұйрықтық, 2-жақтық мағына тән десек (Қазақ тілінің грамматикалары мен кейбір зерттеулерде де, жоғарыда көрсетілгендей, етістіктің түбір тұлғасы осылай қате анықталып жүр. (Қара: ҚТГ, 127, 129; Х.А -ЕЛГС, 35,88 т.б.) онда тыңда-т-қыз-ба, тыңда-ң қыра-ма тәрізділерді де етістіктің түбір тұлғасы деп тануға мәжбүр боламыз, өйткені бұлар да осы қолданысындағы мағынасы жағынан етістіктің бұйрықтық, 2-жақтық, жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді, сен тыңдат-қызба, сен тыңдаңқырама. Ал бұлардың түбір емес екендігі өзінен өзі – түсінікті (И. -ЕТЕ).
Сөйтіп, қазақ тіліндегі сөз таптарының бірі болып танылатын етістік өзіне тән белгілі мағына білдіре алатын, бірақ қазіргі кезде сол күйінде қолданылмайтын түбір тұлға және неше түрлі грамматикалық мағынаның тұлғалық көрсеткіштері болып табылатын формалардың түрлену жүйесінің бірлігінен тұрады. Етістік түбірдің грамматикалық сипатын айқындауда кездесетін пікір ала-құлалығы немесе тіпті кейде оның мәніне түсінбеушілік етістік категорияларының ерекшеліктерін анықтап, оларды жіктеуден де байқалып жүр. Әдетте етістіктің түбірден өзге формаларының жүйесі мынадай грамматикалық категориялар ыңғайында қаралады: 1) қимыл атауы категориясы; 2) салттылық және сабақтылық категориясы; 3) етіс категориясы; 4) болымдылық және болымсыздық категориясы; 5) амалдың өту сипаты категориясы; 6) есімшелер категориясы; 7) көсемшелер категориясы; 8) рай категориясы; 9) шақ категориясы; 10) жіктік, көптік жалғауларының шаққа қатысы (ЫА -ҚҚТ, 286-287). Кейбір терминдік айырмашылықтарды есептемегенде, бұл қазақ тілі оқулықтары мен етістік жайында жазылған еңбектерге тән болып келеді.
Етістік тұлғаларының жүйесін, оның грамматикалық сипаттарын түсіну үшін, етістіктің сөйлемде (сөйлеу процесінде) қолданылу ерекшеліктеріне назар аударайық. Ең алдымен, жоғарыда көрсетілгендей, етістік түбір тұлғасында тұрып қолданылмайды. Етістіктің бұйрық рай (2-жақ анайы) сырттай қалып етістіктерінің 3-жақта (ол отыр, тұр, жүр тәрізді) қолданылуын түбір тұлғамен барабар деп түсіну қате екені тағы да жоғарыда ескертілді, оны естен шығаруға болмайды. Екіншіден, етістік тек жіктеліп барып немесе кейде тұлғалы тұйық етістік (қимыл атауы), анықтауыштық қатынаста есімше, адвербиалдық мәнде көсемше түрлерінде ғана қолданыла алады: оқу үшін келді, оқыған бала, айтар сөз, беретін жауап, дауыстап оқыды, жүре сөйлесті, оқығалы келді т.б. Үшіншіден, етістік түбірлері отыр, тұр, жатыр, қалып етістіктері мен бұйрық рай тұлғасын есептемегенде тікелей жіктелмейді. Оның үстіне етістіктің түбір тұлғасына үстелетін грамматикалық формаларының бәрі де, жоғарыда көрсетілгендей, бірдей жіктеле бермейді, яғни -ыңқыра, -іңкіре, -ңқыра, -ңкіре тұлғалы күшейтпелі етістік (кей еңбекте сыпат тұлғасы деп аталады), етіс тұлғалары, болымсыз етістік түрлері тікелей жіктелмейді, оларға түбір тұлға сияқты есімше, көсемше, рай, шақ тұлғаларының бірі үстелгенде ғана, жіктік жалғау жалғана алады. Төртіншіден, етістік формаларының белгілі жалғану тәртібі бар: түбірге тікелей жақын етіс тұлғалары, одан кейін күшейтпелі етістік, одан соң ғана болымсыз етістік формасы жалғанып, бұлардан кейін ғана рай, шақ, есімше, көсемше тұлғаларының бірі қосылып барып етістік жіктеледі: жүргіз-іңкіре-ме-се-к, сөйле-т-кіз-бей-міз, айт-ыл-ыңқыра-ма-йтын т.б. Әрине, рай шақ, есімше, көсемше тұлғалары етістік түбірге тікелей де жалғана алады: кел-ген, кел-се-к, кел-е-мін, кел-іп-ті, кел-ер т.б. Сондай-ақ етіс, күшейтпелі етістік, болымсыз етістік тұлғалары бірінің үстіне екіншісі қосыла берсе, рай, шақ, есімше, көсемше, тұлғалары олай бірінен соң екіншісі қосылмай, етістікке олардың біреуі ғана жалғанады: сөйле-т-кіз-бе-й-мін немесе сөйле-т-кіз-бе-п-пін, немесе сөйле-т-кіз-бе-ген-мін немесе сөйле-т-кіз-бе-се-м т.б. Бұның өзі етістіктің басқа тұлғаларына қарағанда, рай, шақ, есімше, көсемше, тұлғалары грамматикалық сипаты жағынан қатарлас, реттес, мәндес, қызметтері жақын, ыңғайлас екендігін көрсетеді. Бұл сияқты ерекшеліктер етістік формаларының білдіретін мағыналық сипатынан да байқалады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   64   65   66   67   68   69   70   71   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет