Қалау рай – сөйлеушінің қимыл іс-әрекетті орындауға я орындамауға қалау, тілек, ниет, ынтасын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын рай категориясының бір түрі. Қалау рай бірнеше жолмен жасалады, негізгі етістіктерге -ғы, -гі, -қы, -кі қосымшалары жалғанып тәуелденіп барып (тәуелдік жалғауы арқылы жіктеліп, яғни жақтық, жекешелік-көптік мән үстеліп), оған кел (келді, келеді) көмекші етістігі тіркесіп жасалады. Жіктелуі:
Менің оқы-ғы-м келді (келеді) біздің оқы-ғы-мыз келді (келеді)
Сенің оқы-ғы-ң келді (келеді) сендердің оқы-ғы-ла-рың келді (келеді)
Сіздің оқы-ғы-ңыз келді (келеді) сіздердің оқы-ғы-ла-рыңыз келді (келеді)
Оның оқы-ғы-сы келді (келеді) олардың оқы-ғы-сы келді (келеді)
Сөйтіп, бұл тұлғалы қалау рай етістік синтаксистік сипаты жағынан жақсыз сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады.
Кейде сөйлемде қалау рай конструкциялы тіркестің ілік септігіндегі сөздің септік жалғауы түсіп қалып та жұмсалады, бірақ ілік септік тұлғасындағы сөз логикалық субъекті болғанмен, грамматикалық субъект болып таныла алмайды. Бұл – ауызекі сөйлеу тілдің әсері болу керек.
Сондай-ақ етістік түбіріне -ғай, -гей, -қай, -кей қосымшаларының үстелуі арқылы және осы тұлғаға еді көмекші етістігі тіркесу арқылы немесе шартты рай тұлғалы етістікке игі, екен сөздерінің тіркесуі арқылы да тілек мәнді қалау рай жасалады. Жіктелуі:
Мен бар-ғай-мын, бар-ғай едім, барса игі едім, көрсем екен, біз бар-ғай-мыз, бар-ғай едік, бар-са игі едік, көрсе-к екен.
Сен бар-ғай-сың, бар-ғай едің, барса игі едің, көрсең екен, сендер бар-ғай-сыңдар, бар-ғай едіңдер, көрсең-дер екен.
Сіз бар-ғай-сыз, бар-ғай едіңіз, барса игі едіңіз, көрсе-ңіз екен, сіздер бар-ғай-сыздар, бар-ғай едіңіздер, барса игі едіңіздер, көрсе-ңіздер екен.
Ол бар-ғай, бар-ғай еді, барса игі еді, көрсе екен Олар бар-ғай, бар-ғай еді, барса игі еді, көрсе екен.
Шақ категориясы Қимыл, іс-әрекеттің сөйлеп тұрған сәтпен байланысты болып өткендігін, немесе болып жатқанын, не әлі болмағанын, бірақ болатынын білдіріп, белгілі жолдармен жасалатын етістіктің грамматикалық категориясы шақ категориясы деп аталады. Жоғарыда көрсетілгендей, шақ категориясы (оның түрлері) рай категориясының бір түрі ашық райды құрайтыны белгілі. Бірақ бұл жерде мына мәселені ұмытпау керек: ашық рай қимыл, іс-әрекеттің болу-болмауы сөйлеуші тұрғысынан объективті шындыққа қатысын білдіріп, модальдылық мәні көрініп тұрса, шақ категориясы сөйлеп тұрған сәтпен байланысты ол қимылдың грамматикалық өту мерзімін, кезін білдіреді, бірақ ол мерзімдік мән жеке сөздер арқылы емес, грамматикалық жолдармен көрінеді.
Шақтың үш түрі бар: өткен шақ, келер шақ, осы шақ.