Сабақтың мақсаты Грамматика ұғымының мәнін түсіне отырып, оның басты объектісін анықтау, тілдің грамматикалық құрылысында тілдік единица ретінде сөздің орнын, сөздің грамматиканың объектісі бола алатынын игере отырып, сөздің дыбыстық комплекс жағы мен мағынасы арасындағы табиғи емес, бірақ дәстүрлі байланыстың мәнін түсініп аша білу.
Грамматиканың объектісі – сөз Тіл – қоғамдағы адамдар арасындағы аса маңызды қатынас құралы. Осы себептен де, ол бір жағынан, ойлаумен, екінші жағынан, сол арқылы санамен тікелей байланысты және қоғамдық өмірде белгілі бір қызметтер (коммуникативтік, эстетикалық-экспрессивтік т.б.) атқарады. Тіл, ең алдымен, ойды жарыққа шығарып, жетілдірудің құралы болу арқылы ойлаумен тікелей байланысты. Сондықтан тілдің негізгі единицалары ойлаудың басты категорияларымен сәйкес келіп жатады. Мысалы, сөз ұғымды білдіріп, соның тілдік көрсеткіші болса, ойды білдірудің бірден-бір тілдік көрінісі сөйлем болып табылады. Сондай-ақ тілдік единицалардың бұдан басқа да өзіндік мәндері, атқаратын қызметтері бар. Міне, осы қасиеттері арқылы тіл айналадағы дүние, объективтік шындық туралы адамның санасын қалыптастырады, оларды есте сақтауға негіз болады. Осы жағынан келгенде де тіл бірденені үйренудің, білудің, шындықты бейнелеудің, тіпті абстракты түрде ойлаудың құралы да болып табылады. К. Маркстің „Тіл де сана сияқты өте көне құбылыс" - деуі осыдан болса керек.
Ойды білдірудің ең кіші тілдік единицасы - сөйлем. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар (сөз, сөз тіркесі т.б.) ойды білдіре алмайды. Ал сөйлем сөздерден, сөздер жиынтығынан немесе сөздер тіркесінен тұратыны белгілі. Сөйлемнен кіші тілдік единицалар ойды білдірмейді, ойды құрайтын жекелеген немесе күрделі ұғымды білдіреді. Сол ұғымдар жүйеленіп барып сөздердің бір-бірімен грамматикалық байланысқа түсуі арқылы ой білдіріп, сөйлем құрайды. Ең кіші мағыналы тілдік бөлшек - сөз. Дыбыстарды былай қойғанда, морфемалардың өзі жеке тұрып мағына білдіре бермейді, ал сөз тіркесі - сөзден әлдеқайда үлкен единица. Бұл - бір. Екіншіден, осы қасиеті арқасында сөз тіл білімінің барлық саласына (фонетика, лексика, сөзжасам, морфология, синтаксис) қатысты болып келеді.
Сөйтіп, тілдік единицалардың ішінен, мысалы, дыбыс не фонема, морфема немесе әр түрлі тұлғалар, сөз тіркесі, сөйлем сияқты тілдік элементтерден сөздің ерекше қасиеті бар құбылыс екенін аңғаруға болады. Сөз белгілі бір ұғымның атауы болғандықтан да, соған сәйкес ол белгілі бір нақты лексикалық мағынаны білдіреді. Осы қасиетінің арқасында сөз санамызда жеке тұрып өмір сүре алады. Әр түрлі сөздіктерде сөз жеке реестр (лексика) ретінде беріледі. Сонымен бірге сол лексикалық мағынасына сәйкес ұғымның жалпы атаулық қасиетіне орай грамматикалық мағына пайда болып, ол енді жекелеген сөздерді емес, белгілі бір грамматикалық топтағы сөздердің ортақ жалпы мәніне айналып, әр түрлі қосымша тұлғалар арқылы түрленеді, басқа сөздермен байланысқа түседі, сөйлем құрайды.
Тіл білімінің қай саласын алсақ та, оның зерттеу объектісі я тікелей, я жанама түрде сөзге келіп тіреледі. Өйткені сөзде фонетикалық қасиет (дыбыстық кешен) те, лексика-семантикалық қасиет (ішкі мағына) те, сөзжасам қасиеті (жаңа сөз я жаңа мағына) де, грамматикалық қасиет (морфологиялық құрамы мен құрылысы, сөздердің түрленуі, сол арқылы бір-бірімен байланысқа түсіп, алуан түрлі грамматикалық мағыналар білдіріп, сөйлем құрауы) те бір-бірімен қабысып, қабаттасып келіп отырады.
Демек, сөз – ең алдымен лексикологияның тікелей және басты объектісі. Өйткені тілдегі сөздік құрам, оның баюы, дамуы, сөз мағыналарының түрленуі мен өзгеруі сияқты сөздің тікелей өзіне тән қасиеттері лексикология саласында қаралып, шешімін табады. Сондай-ақ сөз сөзжасам саласының да тікелей объектісі. Әр түрлі тәсілдермен жаңа сөз жасау, сөз мағынасының өзгеруі арқылы жаңа сөздің пайда болуы, сөйтіп, тілдің сөздік құрамын байыту процесі де сөзге тікелей қатысты қасиеттер болып табылады.
Ал, грамматика (гректің grammatіke – оқи алу, әріп жаза білу деген сөзінен қалыптасқан) болса, ол сөздердің түрлену жүйесі мен грамматикалық мағыналарын, олардың арасындағы байланыс пен қарым-қатынастарды, сөйтіп, сөздердің тұлғалану ерекшеліктерін, сөздердің бір-бірімен тіркеске түсіп, сөйлем құрау сияқты қасиеттерін қарастырады. Грамматиканың бір саласы морфологияның (гректің morрһе - форма, тұлға және logos - сөз, ілім деген сөздерінен құралған) да зерттейтін басты объектісі - сөз. Әрине, морфология лексикология сияқты жеке сөздердің нақты мағыналарын, олардың қайдан шығып, қалай қалыптасқанын, функционалдық-стильдік сипаттарын емес, сөздердің жалпы қасиеттерін, ортақ қасиеттері арқылы сөздердің белгілі топ құрай алуы мен түрлену, тұлғалану жүйесін, соның нәтижесінде пайда болатын жалпы мән-мағыналарды топтап, категориялық ерекшеліктерін зерттеп, сипаттайды. Сөйтіп, морфология сөздердің грамматикалық сипаттарын зерттеп айқындайды (СРЯ, 87, 135). Морфология сияқты синтаксис (гректің Sіntaxіs – құрылыс, тізбек, тіркес, тәртіп деген сөзінен қалыптасқан) те грамматиканың бір саласы. Егер морфология сөздің жалпы сипатын, атап айтқанда, сөздің грамматикалық мағыналарын, олардың берілу жолдарын, түрлену жүйесі мен парадигмалық (гректің paradeіgmа - үлгі, мысал, рет сөзінен алынған, яғни белгілі бір тәртіппен түрлену, өзгеру қатарының тұрақты жиынтығы, үлгісі; мысалы, септелу, тәуелдену, жіктелу үлгілері т.б) қасиетін, сөз формаларының ерекшеліктерін, соның нәтижесінде пайда болатын грамматикалық мағыналар жүйесін жеке-жеке емес, жалпы түрде қарау арқылы, ортақ белгілері негізінде, яғни сөздердің грамматикалық сипаттары негізінде грамматикалық топтарға, олардың категорияларға жіктелуін қарастырса, синтаксис сол түрлену тұлғаларының басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсу ерекшеліктерін, сөйлемде сөздердің сол тұлғаларында атқаратын қызметтерін, сөйтіп, сөйлем құрау, олардың құрамдық, құрылыстық түрлері мен типтерінің ерекшеліктерін қарастырады. Сөйтіп, морфология мен синтаксистің ортақ тұстары көп-ақ. Мысалы, Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін ... (Абай) деген сөйлемді талдап көрейік. Мен – І жақ жекеше жіктеу есімдігі, атау тұлғада тұр, жазбаймын – сабақты етістік, болымсыз тұлғада (-ба), -й -көсемше тұлғасы арқылы ауыспалы осы – келер шақты білдіріп тұр, - мын – І жақ жекеше жіктік жалғау, өлеңді – жалпы зат есім, - ді табыс септік арқылы тура объекті мағынасын білдіріп тұр, ермек – жалпы зат есім, түбір тұлға, үшін – септеулік шылау. Бұл – морфологиялық талдау. Синтаксистік жағынан: мен - бастауыш, атау септікте, жазбаймын - баяндауыш, жіктік жалғау арқылы бастауышпен 1-жақта жекеше қиыса байланысып тұр, өлеңді (нені жазбаймын?) тура объектіні (табыс септік) білдіретіндіктен тура толықтауыш болады, өлеңді жазбаймын – табыс септік жалғауы арқылы байланысқан етістікті меңгеру (сөз тіркесі), ермек сөзі үшін шылауымен тіркесіп келіп мақсат пысықтауыш (не үшін, не мақсатпен жазбаймын?) қызметін атқарып тұр, сол ушін шылауы арқылы ермек сөзі жазбаймын дегенге меңгеріле байланысып, етістікті сөз тіркесін құрап тұр. Жалпы бұл - жай, жайылма, жақты, толымды, хабарлы сөйлем.
Міне, осы талдаудан грамматиканың екі саласы морфология мен синтаксистің ортақ, жақын қасиеттері және бір-бірінен айырма ерекшеліктері анық көрінеді.
Фонетиканың негізгі зерттеу объектісі дыбыстар, олардың жүйелілігі мен қолданылу ерекшеліктері, заңдылықтары болса, дыбыстардың қыр-сыры, жасалу, артикуляциялық ерекшеліктері мен қолданылу заңдылықтары сөзге тікелей байланысты, сөз арқылы, сөздер құрамында ғана олар толық көріне алады. Жеке дыбысты айтқаннан оның барлық сипаты толық айқындала бермейді. Сөздің бар сипаты оның қолданысында, сөйлем ішінде айқындалатыны сияқты, дыбыстардың да бар қасиеті сөз құрамында қолданылуы арқылы айқындалады. Сондықтан да сөз фонетикаға да қатысты. Міне, осы қасиеттері негізінде сөзді өте күрделі тілдік единица деп түсінеміз. Сөз - сөйлемнен кейінгі ерекше тілдік единица, өйткені ол – тілдің мәнді, мағыналы бөлшегі және сөйлем құрауға негіз болатын тілдік единица.