С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет43/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

алдырыңыз, мақтанба дегендер бұйрық рай формасы емес пе? Етістік түбірлері сөйле, ал, мақта екені белгілі. Сонда етістіктің болымсыз және етіс тұлғаларын да бұйрық райдың 2-жақ көрсеткіші демекпіз бе? Дұрысында, „етістік түбірі бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрімен сәйкес келеді" – деу керек.
2-жақ бұйрық рай мағынасы қазіргі тілімізде нөлдік форма болғанмен, бір кезде оның да өзіне тән грамматикалық тұлғасы болғанын салыстырма-тарихи фактілер көрсетеді. Қазіргі кейбір түркі тілдерінде (өзбек, ұйғыр т.б.) оның көрсеткіші бар: -иң, сен ал, кел дегендер ал -иң, кел-иң түрінде қолданылады. Қазақстанның оңтүстік-батыс аудандарында, Қарақалпақстанда тұратын қазақтар тілінде 2-жақ бұйрық райдың -ғын, -гін, немесе -ғыл, -гіл қосымшасы болуы (бар-барғын) кездейсоқ емес. Сондай-ақ бұйрық райдың басқа жақтарында (І. -айын, -ейін, -йін, -йын, ІІ. сыпайы -ыңыз, -іңіз, -ңыз, -ңіз, ІІІ. -сын, -сін) арнаулы райдың грамматикалық көрсеткіштердің болуы бір кезде тілімізде бұйрық райдың 2-жақ жекеше түрінің жалғауы болғанын дәлелдей түседі. Бұйрық райдың 2-жақ көпше түрінің тұлғасы -ыңдар, -іңдер, -ңдар, -ңдер. Демек, осындағы көптік, мағынаны білдіріп тұрған -дар, -дер жалғауы да, -ың, -ің, -ң – бұйрық райдың 2-жақ көрсеткіші, өйткені жіктік жалғаудың 2-жағында жекешеден бөлек көпше түрінің ерекше грамматикалық тұлғасы болмайды, ол мағына көптік жалғауы қосылуы арқылы ғана беріледі: оқушысың-оқушысыңдар, келдің-келдіңдер, т.б. Бұл 2-жақ сыпайы түрінде тіпті айқын көрінеді: сіз кел (2-жақ бұйрықтық) + іңіз (сыпайылық) дер (тек көптік мағына).
Осы кездегі жіктік жалғаудың үшінші жағында да бір кезде арнаулы грамматикалық көрсеткіш болғанын айқындауға болады. Жіктік жалғаудың 1,2-жақтарында және көсемше (-а, -е, -й, -ып, -іп,-п) формасынан кейін 3-жақтың өзінде де (-ды, -ді, -ті:) ол тұр етістігінен қалыптасқаны әлдеқашан дәлелденген) жалғаудың жұмсалуы бір кезде 3-жақта жіктік жалғау болғанын, ол кейін түсіп қалғанын көрсетеді. Бұл да ерекше тілдік қажеттіліктің көрсеткіші.
Демек, жалғамалы (агглютинативті) тілдердегі нөлдік тұлға сөйлеу процесінде сөздің формалық көрсеткіші түсіп қалып, ол тұлға білдіретін грамматикалық мағына сақталып қалуынан туған немесе сөздердің грамматикалық байланысынан қалыптасқан. Сөйлеу процесінде сөз алғашқы формалық көрсеткішіне лайық қызметте жұмсалғанда, грамматикалык, мағына формасыз тұрған, яғни түбір күйінде қолданылған сөз (бұйрық райдың 2-жағы) не басқа мағыналы сөз формасы (3-жақ жіктік жалғау формасы) арқылы беріледі.
Кейбір грамматикалық тұлғалар бірде нөлдік форма ретінде ешбір морфологиялық көрсеткішсіз, бірде нөлдік форма болмай, арнайы морфологиялық көрсеткіштері сөзге қосылып, жарыса қолданыла береді. Оған ілік, барыс, табыс, шығыс септіктері мен тәуелдік жалғауын жатқызуға болады. Әрине, бұлардың нөлдік тұлғада қолданылу мүмкіндігі мен ауқымы бірдей, біркелкі емес. Барыс, шығыс септіктерінің нөлдік тұлғалары өте сирек кездеседі: қала (ға) барды, ол (бел) ден асты, Кейбір тұрақты тіркес құрамында бұл септіктердің нөлдік тұлғалары кездеседі, бірақ онда грамматикалық мағына сақтала да бермеген, сондықтан әуелгі тұлғасын салыстырмалы-тарихи фактілер негізінде ғана айқындауға болады: бой (ға) жету, ер (ге) жету, ірбіт (ке) шабу, т.б. ілік пен табыс септік формаларының түсіп қалуы жиі кездеседі және бұлардың өзіндік ерекшелігі де жоқ емес. Әрине, бұл септік формаларының түсіп қалып-қалмай қолданылуының арасында айырмашылық та жоқ емес. Ол мәселе грамматикамызда біршама толық баяндалған. Тек мына бір жайтқа ғана назар аудара кетуді мақұл көрдік. Ол – ілік септік тұлғасы. Ілік септік тұлғасы өзі жалғанған сөзді тәуелдік жалғаулы сөзбен қайшы байланыстырып тұрады, басқаша айтқанда, ілік септікті сөз бен тәуелдік жалғаулы сөздің грамматикалық байланысы мейлі ілік септік жалғауы тұрсын, мейлі түсіп қалсын, берік болады. Ілік септік жалғауы түсіп қалғанда, ол екі сөздің мағыналық, синтаксистік қарым-қатынасында өзгеріс пайда болады – ол тіркес тұрақталып, номинациялық қасиетке бейімделеді. Соның арқасында бұл – жеке синтаксистік үлгі болып қалыптасып отыр. Мысалы, Арал теңізі, Абай көшесі, космос кеңістігі, почта қатынасы тәрізді тізбектер Аралдың теңізі, Абайдың көшесі, космостың кеңістігі, почтаның қатынасы деген тұлғада ешбір қолданылмайды.
Тәуелдік жалғауының түсіп қалуы қазіргі кезде ілік септік жалғаулы сөздің қандай сөз екеніне тікелей байланысты. Яғни ілік септікті сөз біздің, сіздің, өзіміздің деген жіктеу, сілтеу есімдігі болса ғана, екінші сөздегі тәуелдік жалғау түсіп қолданылуы мүмкін: біздің ауыл, сіздің үй, өзіміздің жігіттер. Бірақ тәуелдік жалғауының түсіп қолданылуы кейін ғана пайда болған құбылыс емес. Әр кезеңдерге жататын жазба нұсқалар тіліне көз жіберсек, ерте кезде тек бірінші (көпше), екінші (сыпайы) жақ тәуелдік жалғауы емес, бірінші (жекеше), үшінші жақ көрсеткіші де түсіріліп қолданыла берген. Ақын-жыраулар шығармалары мен қазақ эпостарының тілінде Қобыландың Тайбурыл, Базарбайдың Төлеген тәрізді, сондай-ақ „Құтадғу білік" (Юсуп Баласағұн) пен „Дивану лұғат-ит турк" (Махмуд Қашғари) атты XІ ғасыр жазба ескерткіштер тілінде мениң тилек, мениң йурек, кимиң тозар сияқты конструкциялардың кездесуі пікірімізді дәлелдей түседі.
Нөлдік тұлға сырт қарағанда түбір тұлғамен сәйкес келгенмен, сөз түбірінің барлығы жеке-жеке грамматикалық нөлдік форма бола алмайды, ол тек грамматикалық форма жасауға негіз болады. Грамматикалық нөлдік форма болу үшін ол тұлға түбір күйіндегідей өзгеше грамматикалық мағына беріліп, белгілі бір топтағы түрлену жүйесінің бір түрі болып саналып, сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты өзіне тән қызмет атқаруға тиісті. Сондықтан да кейбір грамматикаларымызда „зат есімнің жекеше түрі", „сын есімнің жай шырай түрі", „негізгі етіс" деген жеке грамматикалық тұлға ретінде беріліп жүрген атаулардың өзі дұрыс емес деген И.Е.Мамановтың тұжырымы өте орынды. Өйткені бұлар белгілі бір грамматикалық категорияның өзіне тән грамматикалық нөлдік формасы бар бір түрі бола алмайды. Грамматикалық формалар - сөйлеу кезінде сөздерді дәнекерлеп, оларға әр түрлі грамматикалық мән-мағына үстеп, бір-бірімен қатынасын көрсетіп тұратын, сөйлемде ғана қолданылатын сөйлеу „речь" элементтері. Сондықтан нөлдік тұлғаның мағыналық, қолданылуы, атқаратын қызметі жағынан алғанда белгілі ауқымы болады.
Осы тұрғыдан келсек, атау септіктің табиғаты бұлардан бүтіндей ерекше. Атау септіктің арнайы грамматикалық көрсеткіші болмағанмен, түбір тұлғалы сөзбен екеуі бір емес. Олардың айырмашылығы сөйлемдегі қолданылу ерекшеліктерінен, атқаратын қызметінен айқын көрінеді. Атау септік тұлғасы басқа септік формаларын жасауға негіз болып тұрмайды, атау септік – басқа септіктермен терезесі тең септік тұлғасы, бұл тұлғалы сөздің сөйлемде өзіне тән білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі болады: ол – қимылдың грамматикалық субъектісі, бастауышы болу, заттық-атауыштық мағына білдіру, баяндауыш формасымен өзінің мағынасы арқылы белгілі жақта қиысып тұру. Грамматикалық мағына білдірудің бірден-бір тәсілі тек қосымшалар жалғану ғана емес екені тағы белгілі. Мына сөйлемдерге назар аударайық. Бала кітап оқып отыр. Үйге бала жігіт кіріп келді. Әңгіме бала жөнінде болып отыр. Бұл – кешегі көрген бала. Осы берілген 4 сөйлемдегі бала сөздері грамматикаларымызда атау септік тұлғасы деп беріліп жүр. Бұл дұрыс емес. Тек бірінші сөйлемдегі бала сөзі атау септік тұлғада тұр, өзі 3-жақтағы сөз болған соң, баяндауышпен сол жақта қиысып қолданылады. Ал 2-сөйлемдегі бала атау септікте емес, түбір тұлғада келіп, анықтауыш қызметінде жұмсалған. 3-сөйлемде ілік септік түсіп қалып, жөнінде, шылауымен тіркесіп, толықтауыш қызметінде қолданылған, соңғы сөйлемде бала – үшінші жақ жіктік жалғаудың нөлдік формасында тұрып, баяндауыш қызметін атқарып тұр.
Атау септіктің ерекше қызметі зат есімнен басқа сөз таптарының осы тұлғада жұмсалуынан да анық байқалады. Септік жалғауы басқа сөз таптарьша жалғанғанда, оларды субстантивтендіріп, заттандырып, жібереді. Осы қасиет атау септікте де бар. Жақсы ісімен жақсы. Көрмес – түйені де көрмес дегенде жақсы, көрмес сөздері атау септік тұлғада тұрып, бастауыш қызметінде жұмсалғандықтан, бұл жерде сын есім, есімшеден гөрі зат есім мәнінде қолданылған. Міне сондықтан да грамматикаларда көрсетіліп жүрген: „кейбір септеулік шылаулар атау септікті сөзбен тіркеседі" деген пікір дәлелденбей жеңіл-желпі айта салынған, дұрыс емес. Олардың кейбірі бір кезде басқа септік формасында тұрған: үшін, жайында, жөнінде, т.б. көне кезде ілік септікті сөзбен тіркескен. Оны біріншіден, соңғы екі сөз құрамында тәуелдік жалғаудың 3-жақ көрсеткішінің сақталуы (жай-ы-нда, жөні-нде), екіншіден, көне жазбаларда, ауыз әдебиет нұсқаларында үшін шылауының есімдіктермен тіркескенде, ілік септікпен байланысып тұруы дәлелдей түседі: оның үшін, менің үшін, сенің үшін, т.б. Ал аркылы, туралы, сайын т.б. септеуліктер де белгілі формамен тіркескен болу керек, қазір оларды айқындау қиын. Сондықтан олар тіркескен сөздің тұлғасын атау септік демей, сөз түбірі деген дұрыс болады.
Демек, атау септіктің өз алдына дербес грамматикалық тұлғасы болса да, оның білдіретін түбір тұлғадан басқа грамматикалық мағынасы мен атқаратын қызметі бар. Сондықтан оны да атау септікті нөлдік тұлғаның ауқымында қарау керек.
Сөйтіп, нөлдік форма – парадигмалық түрлену жүйесінің бір түрі болып табылатын, сондықтан сол түрлену жүйесінің синтаксистік сөз байланыстырушысы
қызметін толық атқаратын форма, бірақ осы мәндер мен қызметті тікелей көрсететін арнайы формасы жоқ тұлға және осы қасиеттері арқылы бір грамматикалық категорияның басқа да формасы бар түрлеріне қарама-қайшы, әрі онымен бірлікте болып, бір бүтін құрайды. Белгілі бір белгілер жүйесінде бірдей белгінің болмауының өзі белгі болып есептеледі. Мысалы, 3 шар алып, оның біреуіне - І- белгісін, екіншісіне X белгісін салып, үшіншісіне ешбір белгі салмасақ, сол шарларды ажыратуда белгінің болмауының өзі белгі болып табылады.
Нөлдік форма парадигмалық сипаты бар грамматикалық түрлену жүйесінде, тұлғалары бар сөз байланыстырушы сипаттағы таза грамматикалық категория шеңберінде ғана болады. Нөлдік форманың ерекшеліктері де, басқа ұқсас тұлғалардан айырым белгісі де сол жүйенің аясында, сол парадигмалық жүйенің басқа түрлерімен, бір жағынан, қарама-қайшылықта, екінші жағынан, бірлікте тұруы арқылы айқындалады. Бұл – бір ерекшелігі. Екіншіден, нөлдік форма сөз байланыстырушы тұлғалар (жалғаулар) жүйесінде ғана болып, өмір сүре алады, өйткені нөлдік форманың шын мәнінде грамматикалық форма ретінде тілде өмір сүруі тек бір грамматикалық мағынаны білдірумен ғана емес, сонымеы бірге ол тұлғаның синтаксистік қызметімен, сөздерді байланыстыруынан айқындалып көрінеді. Грамматикалық мағынаның формасыз берілуі, бар болуы оның байланыс қызметінен көрініп отырады, яғни нөлдік форманы сақтайтын бірден-бір тілдік фактілер – оның сөз байланыстырушы қасиеті.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   39   40   41   42   43   44   45   46   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет