Шығыс септігінің басты мағынасы - қимыл, іс-әрекеттің неден, қайдан шыққанын, басталғанын білдіру, сөйтіп, барыс септігінің мағынасына қарама-қайшы болып келеді. Сондай-ақ шығыс септігі қимылдың қандай обьект төңірегінде болғанын (бетінен сүйді, басынан сипады,) себебін (айғайдан шошып кетті), не арқылы, неден өткенін (аяқтан аттады, таудан асты), сапалық, сындық сипаттағы сөздердің салыстырма мәнін (бетегеден биік, адамнан ақылды), істің, заттың тегін (атадан алтау, анадан төртеу), кейбір өлшем, мөлшер, мезгіл мәнін (бес жасынан қасына ерді, былтырғы жаздан қасынан қалмайды, жанама объект {досынан түңілді, жақсыдан шарапат), бөліктің бірлік, тұтастығын (топтан бөлініп, жұбынан жазбай) сияқты да мағыналарды білдіреді. Шығыс септікті сөз сөйлемде пысықтауыш (ауылдан келді, жаздан бері жұмыс істеп жүр), толықтауыш (жақсыдан көмек күт, менен сұра) қызметінен басқа жіктеліп келіп баяндауыш (біз ауыл-дан-быз, олар қала-дан) немесе бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы қызметін атқарады: ол барғаннан сон, жол түзелді. Шығыс септікті сөзге соң, кейін, бері сияқты септеуліктер тіркеседі. Шығыс септікті кейбір сөздер адвербиалданып, үстеуге айналып кеткен: алдан, аяқ астынан, баяғыдан, келтесінен, кенеттен. Шығыс септік жалғауы өте сирек жағдайда түсіп қолданылады: Тескен тау (-дан) өт, бел (-ден) асты т.б.
Көмектес септігі - қазақ тіліндегі септік жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі, өйткені басқа түркі тілдерінде бұл септік түрі жоқ. Жоғарыда көрсетілгендей, көмектес септігінің қосымшасы да тұлғалық жағынан ерекше: буын үндестігі заңына бағынбайды, тарихи жағынан бірлән-білән-мынан-менен септеулік шылауынан қалыптасқан. Негізгі мағынасы – істің, қимылдың немен, қандай құралмен (құралдық) істелгенін (балтамен шабу, таяқпен түсіру), қимылға ортақтық, қатысқан затты (жолдасымен хат жазысып тұрады), қимылдың амалын, қалай істеуін (бар зейінімен тыңдау,) еңбегімен күн көру), іс-әрекеттің, қимылдың мақсатын (бір оймен келді) қимылдың мекенін, мезгілін (жолмен жүрді, күнімен отырды), қимылдың себебін (сөйлеумен естімей қалды) т.б. білдіру. Сондай-ақ қарсылықты мағынаны білдіріп, бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы да болады: мен барған-мен, ол келмейді. Көмектес септік жалғауын оған ұқсас, омонимдес жалғаулық шылаудан (-мен, -бен, -пен) ажырата білу керек: байланысты сөздер мен, бен, пен тұлғасынсыз айтылмаса, ол - көмектес септік жалғауы, онсыз айтыла алса немесе мен, бен, пен дегеннің орнына және да, де, та, те дегеннің бірімен алмастыруға болса, онда ол - жалғаулық шылау: Қасыммен бірге келдік (бұл жерде мен дегенді алып тастауға я өзгертуге болмайды) және Қасым мен баласы келді дегенді Қасым және баласы (немесе Қасым да, баласы да) келді деп өзгертіп айтуға болады.
Көмектес септік жалғауы есімдіктерге тікелей жалғанбай, о баста ілік септік тұлғасының үстіне жалғанған болу керек, қазіргі кезде соның қалдығы сақталған: менімен-меніңмен-мениң білән, бұнымен-буниңмен-буның билән т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |