С. М. Исаев Қазіргі қазақ тілі морфология



бет37/97
Дата02.02.2023
өлшемі1,93 Mb.
#64523
түріОқулық
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   97
Байланысты:
ЛЕКЦИЯға

Пысықтау үшін сұрақтар
1.Атау септік басқа септіктерге негіз бола ала ма?
2.Ілік септігінің мағынасы мен қызметі қандай?
3.Ілік септігі қандай жағдайда нөлдік формада қолданылады?
4.Барыс септігінің мағынасы мен қызметі қандай?
5.Табыс септігінің мағынасы мен қызметі қандай?
6.Табыс септігінің түсіп қалып жұмсалу ерекшілігі неде?
7Жатыс септігінің мағынасы мен қызметі қандай?
7.Шығыс септігінің мағынасы мен қызметі қандай?
8.Көмектес септігінің мағынасы мен қызметі қандай? Оның басқа септік түрлерінен ерекшелігі неде?
9.Септіктерді грамматикалық және көлемдік деп бөлуде неге сүйенеміз?
Әдебиеттер:

  1. А. Аблақов. Қазақ тіліндегі табыс жалғаулы сөз тіркестері. А.,1986.

  2. А. Аблақов. Қазақ тіліндегі барыс жалғаулы сөз тіркестері. А.,1973.

  3. Исследования по сравнительной грамматике тюркских языков. Морфология. М.,1956.

  4. Исаев С. Некоторые особенности употребления конструкции с родительным падежом в языке периодической печати. Известия АНКазССР, серия общ.наук, 1973. № 4 с.41-47.

  5. Исаев С. Еще раз об именительном падеже (атау септік) в казахском языке. Известия АН КазССР, серия филологии и общ. 1979, № 4

  6. Ф. Мұсабекова. Қазақ тіліндегі септік жалғауларының беретін мағыналары. Труды научной конференции, посвященный 40-летию КазПИ им. Абая. А.,1968.

  7. Н. Оралбаева, Ж. Балтабаева. Түркологиядағы атау (негізгі) септік проблемасы. ҚазССР ҒА Хабарлары, филология сериясы, 1982.№ 3.

  8. Қазақ тілі. Энциклопедия. А.,1998. 342-344-б.

ХІІ. Жіктік жалғау


  1. Жіктік жалғаудың жақ көрсеткіші екендігі.

  2. Жіктік жалғаудың предикаттық мәні.

  3. Есім сөздер мен етістіктердің жіктелу ерекшеліктері.

  4. Сөзге жалғаулардың жалғану реті.



Сабақтың мақсаты
Жіктік жалғаудың жақтық сипаты мен предикаттық (баяндауыштық) мәнін, қазақ тілінде сөздердің жіктелу жүйесін меңгеру.
Жіктік жалғаудың қызметі ойды білдіретін негізгі қимыл, іс-әрекетті оны іске асырушымен (грамматикалық субъектімен) байланыстырып, сол арқылы мағыналық жағынан қимылдың кім арқылы, қай жақ арқылы жүзеге асуын білдіреді. Сондықтан да жіктік жалғау кейде баяндауыштық, предикаттық жалғау деп те аталады.
Әрине, жақ пен жіктелу ұғымы бір-біріне толық балама емес. Әдетте мектеп оқулықтары мен грамматикаларда жақ ұғымы таза морфологиялық қана тұрғыдан жіктік жалғау я жіктелу деген парадигмалық жүйенің шеңберінде көрсетіліп келді. Бірақ одан жіктік жалғаудың табиғаты толық ашыла алмайды, әсіресе оның жақтық сипаты мен сөйлеу процесіндегі қызметі айқындалмай қалады.
Рас, оқулықтар мен грамматикаларда беріліп жүрген жіктік жалғау жүйесінде оған жақтық сипат та берілген. Морфологиялық көрсеткіш ретіндегі жіктік жалғау үш жақтың әр жағында бөлек-бөлек болып түрленіп, сол арқылы, бір жағынан, тұтас біртектес грамматикалық (жіктік) мағынаны білдіріп, екінші жағынан, әр жақты (жекеше-көпше де) әр түрлі грамматикалық формалар арқылы бір-біріне қайшы грамматикалық мағына білдіріп, морфологиялық түрлену жүйесінің яғни парадигмалық жүйенің жиынтығын құрау арқылы грамматикалық (морфологиялық) категория болып танылады.
Сөздердің жіктелу жүйесі, бір жағынан, морфологиялық түрлену тұлғаларының жүйесі, екінші жағынан, сол арқылы берілетін грамматикалық мағыналар жиынтығы арқылы грамматикалық категория болып танылатыны рас. Сонымен бірге осыған негіз болып отырған жіктік жалғаулардың синтаксистік қызметі мен сөйлем құраудағы сипаты ерекше екенін естен шығаруға болмайды. Әрине, барлық жалғаулардың да (септік, тәуелдік, жіктік,) кейде көптік жалғаудың сөз байланыстырудағы қызметі ерекше екені белгілі. Сондықтан да олар басқа қосымша түрлерінен бөлініп, жалғау деп аталады. Ал жіктік жалғаудың сонымен бірге сөйлем құрауға сөйлемді тиянақтап, ой білдіруге тікелей қатысы бар, өйткені сөйлемнің діңгегі, ойдың көрінісі, негізі болып есептелетін сөйлемнің баяндауышы жіктік жалғау арқылы, бір жағынан ойдың қазығы, қимыл, іс-әрекеттің иесі бастауышпен (субъектімен) қиыса байланысып тұрса, екінші жағынан, ойды тұжырымдап, тиянақтап, сөйлемді аяқтап тұрады. Сондықтан да түркологияда жіктік жалғауын баяндауыш (предикат) қосымшасы немесе баяндауыш категориясының тұлғасы (ИСГТЯ, 5-19) деп атайды. Н.К.Дмитриевтің көрсетуінше, сөзге қосымшалар (аффикстер) жалғану негізінде болатын грамматикалық категория әдетте морфологиялық категория деп саналатын болса да, өзінің мәні жағынан баяндауыштық категория (категория сказуемости) яғни жіктелу таза синтаксистік қызмет атқарады. Түркі тілдерінің ерекшелігінің өзі осында (ИС-ГТЯ, 5) Өйткені, Э.В. Севортянның көрсеткеніндей, баяндауыштық сипат (сказуемость) дегеніміз екі түрлі грамматикалық категорияның қатысы: оның бірі, баяндауыш деп аталатыны, белгілі бір қасиетті (іс-әрекет) білдіре отырып, екінші бірі сол қасиеттің іс-әрекеттің иесімен немесе оның жағын білдіретін бастауышпен қосылып кетеді. Баяндауыштық сипат ойлау актісінің сөйлеу арқылы берілуі болып табылады да, сөйлемнің негізін құрайды (ИСГТЯ, 16).
Қазақ тіл білімінде жіктелуді, жіктік жалғауды бірде тек жақтық мағынамен байланысты қарап, оны жақтық мағынаны, предикативті мәнмен барабар деп түсінушілік те бар. „Жіктік жалғауы өзінің жалғанған сөзіне тек қана жақтық мағына үстейді, яғни предикативтік реңк береді" (М.И. ҚҚТ, 85). Бірақ сол арқылы грамматикалық жүйе ретінде жіктік жалғау тек жақтық мағынамен ғана шектеліп қалмайды, онда жіктік жалғаудың тәуелдік жалғаудан бөлек грамматикалық категория боларлықтай ерекшеліктері, айырмашылықтары болмас та еді. Жақтық мән жіктік жалғауда да, тәуелдік жалғауда да бар. Оның үстіне жақтық мағынаны тек предикативтік реңк деп түсінуге де болмайды. Бұлар, жақтық мағына, предикативтік реңк (дұрысында қатынас я қызмет), бір жағынан, бір-бірімен қанша байланысты, жақын болса да бір-бірінен бөлек, екінші жағынан, әр тілдік қабаттың жүйесінен шығатын әр түрлі ұғымдар, сөйтіп, олар бірінің орнына екіншісі жүрмейді, бір тілдік құбылыстың шеңберінде бір-бірін әр жақтан (бірі морфологиялық, сөздің бір құрамды бөлшегі және оның білдіретін грамматикалық мағынасы ретінде, екіншісі басқа бір сөзбен қатынасы негізінде) толықтырып оты-рады.
Әрине, жақ ұғымы қимыл, іс-әрекеттің қай жақ арқылы (сөйлеуші ме, тыңдаушы ма, бөгде ме) іске асатынын немесе белгілі қасиеттің қай жаққа қатысты екенін я қасиеттің иесі қай жақ болып тұрғанын білдіру болып табылады да, оның мәні екі сөздің, субъекті мен предикаттың арасындағы семантикалық және грамматикалық қатынас пен қызметтен көрініп, айқындалады. Бұл тұрғыдан келгенде жақ ұғымы тілдің грамматикалық құрылысы синтаксистік сипаттың көрінісі ретінде өмір сүреді. Бірақ жақ ұғымының (жіктелудің) морфологиялық сипатын ескермеуге болмайды, өйткені жіктік жалғау – үш жақта (және жекеше-көпше болып), әрқайсысына (сол жаққа, бұл – грамматикалық мағына) тән арнайы грамматикалық тұлғалары бар парадигмалық түрлену жүйесі болып табылады. Сондықтан да жақ (жіктік) категориясы немесе жіктелу оның түрлену тұлғасы (жіктік) жалғау, баяндауыштық қосымша деп аталса да, синтаксистік сипаты мол болса да, морфологиялық категория болып саналады. Өйткені біріншіден, жіктелудің мәні, ең алдымен, грамматикалық тұлғалар (жіктік жалғау формалары) мен солар білдіретін грамматикалық мағыналар сәйкестігі арқылы анықталады, екіншіден, сөз түрлендіру тұлғалары жиынтығынан құралатын грамматикалық категориялардың синтаксистік қызмет атқару қасиеті, мысалы, тәуелдік жалғауының ілік септік жалғаулы сөзбен анықтауыштық қатынаста матаса байланысуы, септік жалғауларының объектілік, мезгілдік, мекендік қатынастарда екінші сөзбен меңгеріле байланысуы – заңды құбылыс. Сондықтан да жақ (жіктік) категориясын, жіктелу жүйесін бір ғана
қырынан түсіну, сөйтіп, категориялық сипатын синтаксистік қана қызметінен айқындау, морфологиялық түрлену (парадигмалық) жүйесін, соған сәйкес бір тектес өз ішінде қарама-қайшы мәнді грамматикалық мағыналар жиынтығын ескермеу бұл тілдік құбылыстың (жіктік жалғаудың) мәнін толық ашпайды, грамматикалық сипатын терең айқындай алмайды. Өйткені жақ категориясының, жіктелу жүйесінің грамматикалық сипатын анықтайтын ерекшелік оның синтаксистік қатынасы мен қызметінде емес, жіктік жалғау яғни морфологиялық түрлену жүйесінде жатыр да, көрсетілген синтаксистік қатынас жіктік жалғаудың сөйлеу процесіндегі атқаратын қызметінен туындап отыр. Яғни бұл жерде тілдік құбылыстың морфологиялық түрлену жүйесі мен мағыналық сипаты және олардың сөйлеу процесінде синтаксистік қатынасқа түсіп, белгілі тұрақты қызмет атқаруы диахрондық аспектіде, тарихи тұрғыда (яғни қайсысынан қайсысы пайда болды деген ыңғайда) тұжырымдалып отырған жоқ, синхрондық аспектіде, статикалық тұрғыда (яғни белгілі бір форма, формалар жүйесі белгілі бір грамматикалық мағыналарды білдіріп сөйлеу процесінде белгілі бір тұрақты қызмет атқарады) көрсетіліп отыр. Сондықтан да „жіктік жалғау - баяндауышқа ғана тән жалғау" екенін мойындай отырып, жіктік жалғау тек қана синтаксистік қызмет атқарады, өйткені жіктік жалғаулы сөз сөйлемде әрдайым баяндауыш қана болады" (ЬІА. - ҚҚТ, 67) – деген тұжырымның бір жақты екенін көрсету қажет. Осы ізбен яғни ілік септік жалғауын ол тұлғадағы сөз тек анықтауыш қызметін, табыс септік жалғауын ол тұлғадағы сөз тек тура толықтауыш қызметін атқаратыны үшін және ілік септік жалғауы тәуелдік жалғаумен, табыс септік жалғауы сабақты етістікпен байланысып қана қолданылуына қарап, оларды басқа септік жалғауларынан, тіпті жалғаулар деп аталатын қосымшалар тобынан бөліп алып, тек синтаксистік қызмет атқаратын тілдік единица деу қаншалықты қисынды болар еді? Сөйтіп, жіктік жалғау - сөйлем құрайтын негізгі діңгек сөздерді (бастауыш пен баяндауышты) байланыстыратын предикаттық мәндегі морфологиялық тұлға.
Төрт жалғаудың үшеуі (көптік, тәуелдік, септік жалғаулар) әдетте сөз табы жағынан зат есімге тән, зат есімнің түрлену жүйесі деп анықталады да, жіктік жалғау көбіне етістікпен байланысты сипатталады. Бірақ жіктелетін тек етістік қана емес. Әдетте жіктік жалғауы етістіктің түбіріне тікелей жалғанбайды, белгілі бір формаларының үстіне ғана жалғанады, соған байланысты жіктік жалғаулардың тұлғалары да біркелкі болып келмейді, ал есім сөздерге жіктік жалғау тікелей түбірге және бір қалыппен жалғана береді. Бұның сыры неде? Ең алдымен, бұл-жіктік жалғаудың ауқымы өте кең екенін көрсетеді. Екіншіден, ол жіктік жалғаудың тек семантикалық мәнінен ғана емес, функциялық сипатының, синтаксистік қызметінің ерекшелігінен туындаса керек. Яғни жіктік жалғаудың предикаттық мәні мен сөйлемді тиянақтап, аяқтап түру қасиетінде жатса керек. Ал предикат қызметін тек етістіктер ғана емес, есімдер де атқара алады.
Рас, қазақ тілінде адамға байланысты есім сөздер тікелей жіктеледі де, жіктік жалғау тікелей сол түбірге жалғана алады. Ал етістік түбіріне тікелей жіктік жалғау жалғана алмайды. Тек „функциялық етістік" деп аталатын ерекше грамматикалық формалары ғана (М.Ы. - ҚҚТ, 83-85) жіктеле алады, яғни осы формалардың үстіне ғана жіктік жалғаулар үстеле алады. Бұл – бір. Екіншіден, қазақ тілінде қалып етістігі деп аталып жүрген отыр, тұр, жатыр, жүр деген 4 етістік те тікелей жіктеледі. Бұның өзі бүл төрт етістік түбір емес екендігін, етістіктің белгілі бір грамматикалық тұлғасы екендігін анғартады. Үшіншіден, етістіктің жіктелетін тұлғаларының өзіне жіктік жалғаулары біркелкі жалғанбайды. Әрине, бұлай болуы тегін емес. Бір жағынан, жеке сөз табы ретінде етістіктің өзі сан салалы, күрделі екенін көрсетсе, екінші жағынан, жіктік жалғаудың грамматикалық мағынасы, әр жаққа байланысты түрлену жүйесі, сөйлемде атқаратын қызметі, синтаксистік қатынасты білдіруі бір кезде, бір түрлі, бір ыңғайда қалыптаса қоймағанын көрсетеді. Жіктік жалғаудың осындай әр жақтылық сипатының себебін бір сөзбен дәлелді түсіндіру өте қиын. Етістіктің қай түрін (тіпті есімдерді де) жіктесек те, яғни жіктелу үлгісінің қай түрін сөз етсек те, жіктік жалғауының сөзге жалғануы жағынан да, сыртқы түр-тұлғасы жағынан да, басқа сөзбен (предикаттық субъектімен) байланысы жағынан да, бірінші және екінші жақ бір түрлі, ал үшінші жақ өзінше бөлек екені байқалып тұрады. Бұл – тек 1,2-жақтың сөйлеуші мен тыңдаушы, ал 3-жақтың бөгде болуымен ғана емес, сонымен бірге шығу, қалыптасу тарихымен, қолданылу ерекшеліктерімен де байланысты. Айталық, 1-2-жақ жіктік жалғаулары жіктеу есімдіктерінен (-мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін тұлғалары мен дегеннен, -сың, -сің, сен дегеннен, -сыз, сіз сіз дегеннен, сондай-ақ біз сөзінен -мыз, -міз, -быз, -біз, -пыз, -піз, сендер дегеннен -сыңдар, -сіңдер, -сіздер дегеннен -сыздар, -сіздер жасалып, қалыптасқаны белгілі. Бұнымен бірге 1-2-жақ жіктік жалғаулары 1-2-жақта кейбір дыбыстық өзгерістерге түсіп, түрін өзгертіп, 1-жақта -м, мысалы, келді-м барса- м, бара-мын дегеннің сөйлеу тілде бара-м болуы сияқты дамудың салдары болу керек, 2-жақта -ң, мысалы, келді-ң, барса-ң немесе сыпайы -ңыз, -ңіз: келді-ңіз, барса-ңыз болуын көрсете кеткен жөн. Осындай өзгеріс үстінде жіктеу есімдіктері, бәлкім, жіктік жалғаулары арқылы 1-2-жақ тәуелдік жалғауларын да -ым, -ім, -м және -ың, -ің, -ң -ыңыз -іңіз, -ңыз қалыптастырған. Ал қазақ тілінде -а, -е, -й, -ып, -іп, -п көсемше тұлғалы етістік жіктелгенде ғана кездесетін 3-жақ жалғауы -ды, -ді, -ты, -ті тарихи жағынан түр көмекші етістігінен кейінірек жасалып қалыптасқан. Көпшілік жағдайда 3-жақтың арнайы қосымшасы болмайды да, ол мағына көбіне нөлдік форма арқылы беріледі. Н.К. Дмитриевтің көрсетуінше, қазіргі 3-жақ баяндауыш қосымшасы (аффикс сказуемости) тұр көмекші етістігіне саяды да, қосымша қатарына кеш келген. Кейбір түркі тілдерінде 3-жақтағы баяндауыш ешбір қосымша арқылы берілмейді. Сөйтіп, 3-жақ баяндауыш қосымшасының шығу төркіні 1 және 2-жақ жіктік жалғаулардан өзгеше. Тіпті түр етістігінің болу мәнінде жұмсалуы тек түркі тілдеріне ғана тән емес, басқа да тілдерден байқалып отырады.
Көптеген түркі тілдерінде тұр-ұр-тұр-ыр -ол тұр -ол тұрар -ол тұрып тұр (осы шақ - келер шақ) деген алғашқы тұлғасы әр түрлі дыбыстық өзгерістерге түсті. Түбірдегі дауысты дыбыстың өзгерісін былай қойғанда (тұр-тор), сөз басындағы қатаң дыбыстың ұяңдануы (тұр// дур -, тыр// дыр-) немесе сөздің -ыр// -ұр деген екінші буыны түсіп қалып, соның салдарынан сөз мүжіліп барып, тұр-ур // дур-ур -тұр//дур тұр // дүр тыр-ыр // дыр-ыр - тыр // дыр -тыр // дыр (қазақша, өзбекше -ды, -ди, қырғызша болып қосымшаға айналған (ИСГТЯ, 5).
Бұның үстіне есім сөз таптарының 3-жақта, дұрысында, 1 және 2-жақта жұмсалуында да белгілі бір ерекшелік бар. Әдетте адамға қатысты зат есім, сын есімдер ғана жіктеле алады.
Мен бала-мын, жігіт-пін, жалғыз-бын, үлкен-мін, екінші-мін.
Біз бала-мыз, жігіт-піз, жалғыз-быз, үлкен-біз, екеу-міз
Сен бала-сың, жігіт-сің, жалғыз-сың, үлкен-сің, екін-ші-сің.
Сендер бала-сыңдар, жігіт-сіңдер, жалғыз-сыңдар, үлкен-сің-дер, екеу-сіңдер.
Сіз бала-сыз, жігіт-сіз, жалғыз-сыз, үлкен-сіз, екеу-сіз.
Сіздер бала-сыздар, жігіт-сіздер, жалғыз-сыздар, үлкен-сіздер, екеу-сіздер.
Ол бала – 0, жігіт – 0, жалғыз – 0, үлкен – 0, екеу – 0.
(Олар) бала-лар- 0, жігіт-тер- 0.
Ал, адамға байланысты емес (айналадағы жанды-жансыз) заттарға, сол заттардың әр түрлі сындық, сандық сипатына байланысты сөздер бірінші айтушы я екінші (тыңдаушы) жақ бола алмайды, яғни мен-үй-мін, сен-тау-сың деп айтуға болмайды, тек кейде жанды-жансыз заттар адам мағынасында түсініліп, әсіресе поэзияда экспрессиялық мәнде ғана қолданылуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   97




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет