Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
С.Т. ИКСАТОВА
ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ
ЕРЕКШЕ БӨЛІМ
Оқу құралы
Павлодар
ӘОЖ 343.27
КБЖ 67.99(2)8
И 37
Баспаға С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми кеңесі ұсынған
Пікір жазғандар:
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің «Қылмыстық құқық және криминология» кафедрасының заң ғылымдарының докторы, профессор А.Н.Ағыбаев
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Х Олжабаев.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің мемлекет және құқық тарихы мен теориясы кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.Қ. Бастемиев.
И 37 Иксатова С.Т.
Қылмыстық құқық (ерекше бөлім): оқу құралы ─ Павлодар, 2011. ─ 334 б.
ӘОЖ 343.27
КБЖ 67.99 (2) 8
И 37
© Иксатова С.Т., 2008
© С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, 2011
Алғы сөз
Оқу-құралы Ерекше бөлімнің әрбір тарауы бойынша оларға жалпы сипаттама беріле отырып, сол тарауға кіретін жекелеген құрамдарға талдау жасалады, бұрынғы Қылмыстық кодексте болмаған жаңа құрамдардың мазмұнын ашуға ерекше мән беріледі.
Бланкеттік диспозицияға негізделген құрамдар үшін құқықтық-нормативтік актілердің атауы да көрсетілді.
Оқу-құралы құқықтану мамандығы бойынша оқитын жоғары оқу орындарының студенттеріне, аспиранттарға, анықтама, тергеу, пркуратура, сот органдары қызметкерлеріне арналған.
Бірінші тарау
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің түсінігі және оның маңызы
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімі қылмыстың жеке түрлеріне қылмыстық жауаптылық негіздерін және осы қылмыстардың құрамының белгілерін, сондай-ақ оған тағайындалатын тиісті жаза түрлерін белгілейтін нормалардың жиынтығы болып табылады.
Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінде қылмыс туралы ұғым, жаза түрлерінің тізбегі, қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың жалпы принциптері (қағидалары) сөз болса, ал Ерекше бөлімде нақты қандай қоғамға қауіпті іс-әрекеттің қауіпті қылмыс болатыны жасалған қылмысқа қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормаларымен белгіленген нақты бір жаза түрін тағайындау мәселелері қарастырылады.
Қылмыстық құқықтың Жалпы және Ерекше бөлімі өзара тығыз байланыста болады, осы екі бөлімнің жиынтығы Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығын құрайды.
Қылмыстық құқықтың өзін Жалпы және Ерекше бөлім деп бөлудің себебі, осы пәнді ғылыми-әдістемелік тұрғыдан терең оқытудың қажеттігінен туындап отыр. Өйткені Қылмыстық құқықтың Жалпы бөліміндегі теориялық мәселелерді Ерекше бөлімнің әрбір бабы бойынша тағы да қайталамау үшін, сондай-ақ Ерекше бөлімдегі жеке қылмыстардың құрамының белгілерін қайталап сипаттап жаттау үшін осы пән екі бөлімге бөлініп оқытылады. Негізінен алғанда Жалпы және Ерекше бөлім тұтастай бір қылмыстық құқық ғылым пәнін құрайды.
Жалпы және Ерекше бөлімнің бірлігі сот тәжірибесінде айқын көрінеді. Жалпы бөлімнің нормаларын басшылыққа алмайынша Ерекше бөлімнің нормаларын қолдану мүмкін емес, немесе Ерекше бөлім нормалары болмаса Жалпы бөлім нормаларының іске асырылуы мүмкін емес.
Қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген Қылмыстық құқықтың нақты белгілі бір бабы бойынша қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінде көрсетілген қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Жалпы бөлімде көрсетілген нормаларға соқпай өтуге болмайды. Мысалы, кінәнің нысандар және олардың мазмұны, қылмыстық жауаптылықты белгілейтін жас мөлшері, қылмысқа қатысудың ұғымы, қылмысқа қатысу нысандары және қатысушылардың түрлері, қылмысқа даярланғандық немесе оқталғандық сияқты түсініктер тек қана Жалпы бөлімде айқындалған. Істелген қылмысқа жаза тағайындағанда да Қылмыстық кодекстің Жалпы бөліміндегі нормаларды айналып өтуге болмайды. Өйткені жазаның ұғымы мен мақсаттары, жазаның түрлері, жаза тағайындаудың жалпы негіздері қылмыстық жауаптылықтан және жазалаудан босату тек қана Жалпы бөлімде көрсетілген.
Достарыңызбен бөлісу: |