Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адам өлтірудің негізгі құрамы мен ауырлататын жағдайында адам өлтірудің құрамы бір бапқа біріктірілген.
Негізгі құрам- бұл осы қылмыстың ауырлататын түріне (96-баптың 2-тармағы) жатпайтын құрам.
Негізгі құрамға (96-баптың 1-тармағы) мынандай адам өлтіру түрлері жатады: қызғаныштан, төбелес кезінде немесе ұрыс-керіс үстінде (бұзақылық себептер болмағанда), жәбірленушінің заңсыз әрекеттеріне байланысты, жеке қарым-қатынас негізінде туындаған кек алумен байланысты болған адам өлтіру оқиғалары.
Ауырлататын жағдайлардағы адам өлтіру-Қылмыстық кодекстің 96-бабының 2-тармағында көзделген. Қылмыстық құқық теориясында бұл жағдайларды топтарға бөлу қалыптасқан. Мұндай жағдайда бөлу өлшемі әр түрлі. Топқа бөлу үшін көбінесе қылмыс құрамының элементтері пайдаланылады. Сондықтан адам өлтірудің ауырлататын жағдайлары Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 96-бабында қалай орналастырылған болса, сол бойынша қарастырылады.
а) екі немесе одан көп адамды өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «а» тармақшасы) Адам өлтірудің бұл түрі кінәлы екі немесе одан көп адамды өмірінен айырған жағдайда болады. Мұндайда кінәлының екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығы, яғни бірыңғай қасақана ниетінің болғандығын анықтау керек. Дұрысында жәбірленушілердің өлуі бір мезгілде болады. Мынандай жағдайдың да болуы мүмкін: кінәлы әуелі бір адамды өлтіреді, содан соң біршама уақыт өткеннен кейін, әдетте көп кешікпей, басқа адамды өлтіреді. Оның бір адамды емес, екі немесе одан көп адамды өлтіру ниетінің болғандығын дәлелдеудің маңызы бар. Мұндайда әр адамды өлтіру себептері бірдей болмауы мүмкін.
Біреуін, ол мысал үшін-кек алу мақсатында, ал екіншісін бірінші кісі өлтіруді жасыру мақсатында өлтіреді.
Сонымен бірге-екінші адамды өлтіру ниеті бірінші кісі өлтіруден кейін емес, оған дейін пайда болды. Осы жағдайларда кінәлының әрекеті осы «а» тармақшасымен сараланады. Егер екі немесе одан көп адамды өлтіру ниеті бола тұра бір адам өлтірілсе және екіншісінің өміріне қастандық жасалған болса, мұнда екі немесе одан көп адамды өлтіру аяқталмағандықтан, кінәлының әрекеті ҚК-тің 24-бабының 3-тармағы және 96-бабының 2-тармағының «а» тармақшасы бойынша саралануы тиіс.
б) адамның қызметтік іс-әрекетін жүзеге асыруына не кәсіби немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты адамды немесе оның жақындарын өлтіру (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «б»тармақшасы). Мұндай адам өлтіру кінәлының жәбірленушіні немесе оның жақын туыстарын олардың қызметтік немесе қоғамдық борышын орындауына кедергі келтіру мақсаттарында немесе олардан осындай әрекеттері үшін кек алу мақсатында жүзеге асырылады. Адам өлтірудің осы түрі бойынша жәбірленушілер болып қызметтік немесе қоғамдық функция атқарған адамның өзі немесе олардың жақын туыстары болуы мүмкін. Егер қызметтік немесе қоғамдық борышын орындаумен байланысты олардың өзін немесе жақын туыстарын өлтіргені үшін заңда арнаулы бап көзделген болса, онда кінәлының әрекеті осы арнаулы норма бойынша саралануға жатады (ҚК-тің 96-бабы, 2-тармағының «в» тармақшасы).