Құжаттарды, мөртаңбаларды, мөрлерді ұрлау немесе бүлдіру (324-бап)
Қылмыстың тікелей объектісі-ресми құжаттардың айналым тәртібіне қол сұғу. Қылмыстың заты азаматтық төлқұжат, жеке басының куәлігі немесе жеке басының басқа маңызды құжаттары (әскери билет, білімі жөніндегі куәлік, зейнетақы куәлігі, қызметтік куәлік т.с.с. ресми құжаттар, мөртаңбалар, мөрлер. Қылмыстық Кодектің 324-бабының 1-тармағында азаматтың төлқұжатын, жеке басының куәлігін немесе жеке басының басқа маңызды құжаттарын ұрлағаны үшін жауаптылық көзделген. Қылмыс объективтік жағынан алғанда көрсетілген құжаттарды азаматтардан ұрлау арқылы жүзеге асырылады. Ұрлау деп көрсетілген құжаттарды кез келген құқыққа қайшы тәсілмен заңсыз алуды айтамыз. Қылмыс құрамы жөнінен формальдық құрамға жатады. Ол құжаттарды ұрланған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Қылмыстық Кодекстің 324-бабының 2-тармағында пайдакүнемдік мақсатта немесе өзге де жеке бастың мүддесі үшін ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру үшін жауаптылық белгіленген. Бұл жерде көрсетілген ресми құжаттарға мемлекеттік немесе мемлекеттік емес ұйымдардан, кәсіпорындардан, жеке тұлғалардан шыққан заңдылық мәні бар әр түрлі құжаттар жатады. Яғни Қылмыстық Кодекстің 324-бабының 2-тармағының затына кез келген ресми құжаттар жатады. Қылмыстың затына ресми құжаттармен қатар мөртаңба, мөр де жатады. Мөртаңба-мекеме, ұйым, кәсіпорынның, жеке тұлғалардың атауларын, тұрғылықты жерлерін немесе басқа да реквизиттерін көрсететін зат. Мөртаңба тікбұрышты, төртбұрышты, үшбұрышты болуы мүмкін. Мөртаңбаларда құжаттың берілу уақыты, номері көрсетіледі. Мөр-кәсіпорын, ұйым, мекеменің атауы және басқадай реквизиттер бейнеленген зат (Мысалы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасы), мөр әдетте дөңгелек күйде дайындалады және құжатты куәландыратын адамның қолының жанына басылады. Көрсетілген қылмыс құрамы объективтік жағынан мынандай әрекеттерді жасау арқылы жүзеге асырылады:
а) ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді ұрлау;
б) заттарды жою; в) оларды бүлдіру ; г) жасыру.
Көрсетілген заттарды ұрлау деп мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме, кәсіпорын, ұйымдардың игілігіндегі осындай заттарды кез келген құқыққа қарсы тәсілмен алу болып табылады. Осы заттарды жою деп оны жарамсыз етіп тастау немесе мүлдем жоқ қылып жіберуді айтамыз. Оның тәсілі әр түрлі болуы мүмкін: өрттеу, ұсақтап жыртып тастау, затқа ерітінді құйып жарамсыз ету ж.т.т. Көрсетілген заттарды бүлдіру деп оны ішін ара жарамсыз ету болып табылады. Мысалы жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы диломның бір шетін жыртып немесе мөрі бар жерін былғап, жазуын оқуды қиындату. Жасыру-деп кінәлы адамның мемлекеттік емес ұйымдардағы, кәсіпорын, мекемелердегі лауазымды адамдардан олардың иелігіндегі осы айтылған ресми құжаттарды, мөртаңбаларды немесе мөрлерді оларға көрсетпеу әрекеттері саналады. Қылмыстың объективтік жағының осы көрсетілген әрекеттерінің бірі жасалған жағдайда қылмыс аяққталған деп есептеледі. Қылмыс формальдық құрамға жатады. Қылмыс субъективтік жағынан алғанда тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Өйткені заңның өзінде көрсетілген заттарды ұрлау, жою, бүлдіру немесе жасыру пайдақорлықпен немесе басқа да өз басының мүддесін көздеп жасалады деп тікелей көрсетіліп отыр. Осыған байланысты кінәлы адам осы қылмысты қасақаналықпен істегенде белгілі бір мақсатты бетке ұстайды немесе соны басшылыққа алады. Мысалы айыпкер өзінің қылмысын әшкерелейтін құжатты жойып жіберу арқылы қылмысты жауаптылықтан құтылады немесе дипломды ұрлап алып, сол арқылы жоғары ақы төлейтін қызметке тұрады. Егер кінәлының қылмысты ниеті нақтыланбаған болса, онда жоғарыда көрсетілген іс-әрекеттерді істеген жағдайда ол қылмыстың жиынтығы бойынша бөтеннің мүлкін және ресми құжаттарды, мөрлерді немесе мөртаңбаларды ұрлағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Есі дұрыс, жасы 16-ға толған адам осы қылмыстың субъектісі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |